Ұлттық ойындар ұмытылмайды

Өскемендегі О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада ұлттық ойындар челленджі өтті.  Осы арқылы жастардың қызығушылығын арттыру үшін көнеден келе жатқан ойындарымызды заманауи технологиямен қалай үйлестіру керектігі паш етілді.

«Асығың алшысынан түссін!»

Дала заңымен өмір сүрген қазақ халқы рухани мәдениетке қашан да ерекше мән берген. Кең-байтақ жердің төсін мекендеген көшпенділердің күнделікті өмір салтында ұлттық ойындардың рөлі өте зор. Бұл ойындар еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қызықты болған.  Мысалы, Абай атамыз құмарта ойнаған «Тоғызқұмалақтың» тарихы тереңде жатыр. Әуесқойлардың қатарында Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Мұхтар Әуезов те болды.

Кеңес дәуірінде тоғызқұмалақ ерекше бағаланған. Тіпті сол туралы ресейлік ғалым Н.Пантусов ең алғаш мақала жазған. Кейін қазақтың әйгілі лингвист ғалымы Сәрсен Аманжолов «Тоғызқұмалақ» ойыны туралы тұңғыш кітап шығарды. Ойынның танымал болғаны соншама, Түркия, Чехия, Ресей, Франция, Швейцария, Ұлыбритания елдерінде оны мыңдаған адам құмартып ойнады.

«Тоғызқұмалақты» қойшылар ойыны немесе «қойшылар алгебрасы» деп те атайды. Таңнан кешке дейін мал баққан қойшылар зерігіп кетпес үшін жерден шұңқыр қазып, пішін жасап ойнаған екен. Бір көзі қойда болса, екінші назары құмалақты жиып отыратын болған. Қойларды даланың төсіне қалдырып, ойын-сауықпен уақыт өткізген қойшылардың сүйікті ермегі болғандықтан, «қойшылар ойыны» деп аталса керек. Дәл осындай ойын Африка құрлығында да табылыпты. Алайда ойын тақтасы да, ережелері де өзгеше.

Қазақ халқы төрт түлік малдың етін, жүнін, терісін күнделікті тұрмыста пайдаланып, сүйектерін де керектеріне жаратқан. Қойдың, ешкінің жілігінде болатын асықтар мен ірі малдың сақалары әрбір мерейтойдың таптырмас құралы болды. Әжелер үлкен қазанға жүн бояп жатқанда балалар асыққа ден қоятын. «Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт» дескен қарттарымыз балалық шақтың лебін еске алып жататын.

Дүркіреп өтетін тойларда үлкендерден «Асығың алшысынан түссін» деген тілекті көбіміз естідік. Асықты лақтырғанда тұрса – алшы, тәйке, омпы болады, жатса – не бүк, не шік. Асық омпы тұрса жолы болады деп ырымдаған екен. Себебі, сақаны омпысынан түсіру қиын.

Жердің топырағын бұрқыратып ойнаған едік, бұл ойынды.

Қазіргі заманның ойыншығына ұялы телефон айналды. Біреу оны мақтаса, біреу уәжін айтады. Дегенмен, қалтафонның қызығына қанықсақ та, рухани құндылықтарымызды ұмытпай, керісінше, жаңғыртатын әдістер көп. Оның бірі – заманауи технологиямен үйлестіру. Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана балаларды ұлттық құндылықтарға баулып қана қоймай, оларға жаңа инновациялық мүмкіндіктер ұсынды. VR-көзілдірік, 3D принтер, телефон және компьютерлік қолданбалар арқылы қазақтың ойындары бір серпілді.

«Тоғызқұмалақ», «Бес тас», «Асық» сияқты ойындар жаңа компьютерлік жүйеге енді. Оларды жаңадан танып келе жатқан жастар бірден қағып, қызыққа батты.

Бұл челлендж Димаш шырқаған әнұранмен басталды. Өздері сүйіп тыңдайтын әншінің дауысын оқушылар бірден танып, қосылып әуелете шырқады. Асық ойнайтын жасыл кілемге ұлдардың көзі бірден түсті. Кітапхананың төрінде балалар топ жарып, асық атса, киіз үйдің ішінде VR дулыға арқылы ойша, қияли әлемнің кейіпкері болды. Қазақтың ою-өрнегімен кескінделген көрпешелер мен жастықтар кітапхана төрінде әдемі үйлесім тапқан. Оның үстіне жайғасқан балалар «Бес тас» ойынын ойнады.

Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы төрт түліктің етін, жүнін, терісін пайдаланып қана қоймай, асықтарын дорбаға салып, жинап отырған. Бала кезімізде барлығымыз қойдың, ешкінің құлжасын алып, жердің топырағын бұрқыратып ойнаған едік. Жастар ұялы телефондарын тастап, «Бес тас», «Тоғызқұмалақ», «Асық» сияқты ойындарды ойнаса қуанып қалатынымыз хақ.  Қазіргі кезде ұсақ моториканы әр түрлі құрастырғыш ойыншықтар дамытса, сол заманда табиғи қорлар баланың даму қабілетінің негізі болған. Көздің жауын алатын әр түрлі ойыншықтар шетелден келгендіктен олардың неден жасалатыны, қалай істелетінін біле бермейміз. Ал біз ұсынып отырған материалдардың барлығы табиғи өнімдер, – дейді кітапхана қызметкері Айдариға Әшірап.

Оның айтуынша, мұндай ойындар мектептің оқу жүйесіне енгізіліп, дене шынықтыру пәнінде ойнатылуы керек. Себебі бұл ойындармен ойнап өскен балалар белсенділік танытып, оқуда да, спортта да шымыр болмақ.

 

Валентина СЕЙІТҚАНОВА

 

Бөлісу: