Қолөнер – ежелден келе жатқан кәсіп. Ол халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Халқымыз өнер туындыларының иесін шебер деп атаған. Қолөнер шеберлері табиғаттың әсем көріністерін қолөнер бұйымдарында жиі қолданған. Қолөнер дүние жүзінің әр бір халқында сақталған.
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мұрасының бір бөлігі – ұлттық қолөнер. Жас ұрпаққа халық өнерінің тарихи жолдарынан білім беру, өнер жолдарымен таныстыру, шығармашылық бағыттар мен шеберлік тәсілдерін түсіндіру, ертеде өткен дарын иелерінің сіңірген еңбектері мен шығармаларын, олар жасаған шеберлік дәстүрдің үлгісін бүгінгі күннің кәдесіне жарату ұлттық өнердің тарихи саласын айрықша өркендетеді.
Халқымыз көшпенді ел бола тұра, жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп, үнемі ат үстінде жүрген. Міне осындай қолөнердің бірі – қоржын деп аталатын бұйым. Қоржын — жүннен иірілген жіптен тоқылған қолөнер туындысы.
Қоржынның көптеген түрлері бар. Қоржынның түкті кілем, тақыр кілем, алаша тоқу әдісімен тоқылған түрлері және мал баққанда жолға алып шығатын жазда суды суық сақтайтын, қыста тамақты суытпайтын қалың киізден тігілген түрлері болады. Түйенің өркешіне, аттың екі қапталына асып алуға ыңғайлы болғандықтан, қоржынды өз қажеттеріне қарай, әр түрлі заттар алып жүруге пайдаланған.
Осындай құндылықтарды дәріптеу мақсатында және музей қоры негізінде «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» тақырыбында уақытша көрме қойылған. Көрмеде қазақ халқының тоқыма бұйымдарының тіршілік қамы қызметін, сонымен қатар олардың жасалу материалдары мен әдістерін, қолданыс аясын, шаруашылық, тұрмыстық және қызметін ашу көзделген. Оның үстіне, дәстүрлі тоқу мәдениетінің алуан түрлілігін баяндауды мақсат тұтқан.
Көрмеде 17-ге жуық қоржындар мен кермелер қойылған. Солардың бірі 1999 жылы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратқа көшу салтанатына орай, Астана қаласының бұрынғы әкімі Иманғали Нұрғалиұлының сыйға берген қоржыны орын алған. Қоржын жүннен жасалып, түксіз етіп тоқылған төртбұрышты пішінді, қызыл-қоңыр түсті, беті өрнектелген және етегі шашақталған.
Сонымен қатар, түкті кілем тоқу әдісімен тоқылған қоржынды Атырау қаласы Қосшағыл кентінің тұрғыны зейнеткер-қолөнер шебері Жаңылсын Тағанова өз қолымен жасаған. Қоржынды 1978 жылы музей қорына тапсырған. Қоржынның беті түкті, иірілген жүннен тоқылған қызыл түсті және ромбик тәрізді өрнектері бар. Төсегі қоңыр түсті, өрнектеріне ақ, көк, сары, қызыл түстер пайдаланылған. Қорымызда сақталған бұл қоржын ат қоржынның түріне жатады. Атадан қалған осы асыл бұйымды халқымыз үй бұйымы ретінде бертінге дейін қолданып келсе, ал ауылдық жерлерде әлі де күнделікті қолданыста жүргенін байқауға болады.
Мұндай дүниелер қорымыздағы құнды жәдігерлердің ортасынан ойып орын алары анық.
Көрмеге қойылған қоржынның тағы бір түрі – бұл құда қоржын деп аталатын, қолөнер шебері Әзима Жаманбаева 1990 жылы жүз теру тәсілімен бетіне қызыл, жасыл, көк, сары жіптерден жүз теру өрнегімен тоқыған, екі қалталы, ортасынан байлайтын жібі бар қоржын. Ол 2007 жылы музей қорын этнографиялық жәдігерлерге толықтыру мақсатында алынған. Жалпы, құда қоржын – екі қалташасы бар аспалы сөмке. Бұл бізге ескіліктен жеткен. Қос қалташасын сан алуан сыйлыққа толтырып, қызға құда түсуге барған құдалар жағы, қыздың туыстары, үй ішіне арналған түрлі сыйлықтарын алып келеді. Заманында қоржын матадан немесе жануар терісінен тігілген болса, бүгінде барқыт матадан тігіліп, түрлі тастармен безендіріледі. Құда қоржын – бізге жеткен, үлгі-өнегесі мол дәстүрлердің бірі. Заманның өзгеріп, ұрпақтың алмасуына, сананың өзгеруіне байланысты дәстүрлерде де өзгерістер болады. Бұл бір жағынан, өкінішті болса, екінші жағынан – орынды. Жаңғырған салт-дәстүрлеріміздің халқымыз үшін дағдыға айналып, мұраға қалғанын және орындалып жатқанын ескермей кетуге болмас. Ең бастысы, келесі толқынның мұны санасына сіңіріп, жалғастыруға деген ниетінің болуы.
Сонымен қатар, музей қорында кездесетін 1940-1950 жылдары тоқылған түкті қоржын да сақталған. Бұл қоржынды 1931 жылғы ашаршылық кезінде Қарақалпақстанға жер аударылып кеткен қазақтың қолөнер шебері Балкүнше Құрманқызының туындысы. Кейін 1971 жылы Балкүнше Құрманқызы Қарақалпақстандағы Сұлтан-Баба қойылымына жерленген. Бұл бұйымды күні бүгінге дейін немересі Құлмышев Сәндібай әжесінің тоқыған бұйымын ұзақ жылдар сақтап келген. Бұл көненің көзін 2017 жылы музей қорына тапсырды.
Қазақ қолөнерінің тағы бір түрі – керме. Керме – үйдің жанындағы діңгек ағаштардың арасына керіп байланған арқан; оған қонақтар мініп келген көліктерін байлайды, таң асатын, суитын аттарды басын жоғары қаратып байлап ұстайды. Көбінесе, кісілер көп жиналатын той-томалақта, ас берілетін кезде қолданылады. Жуылған кірді, тері-терсекті, жас етті кептіру үшін де пайдаланады. Осындай әдемі қолөнер туындысы да көрмеге қойылды.
Кермені Атырау қаласының тұрғыны Нақов Ақылберді 1990 жылы Түркіменстан, Ауғанстан, Монғолия елдерінен көшіп келген қазақ халықтарының және Маңғыстаулықтардан топтама ретінде жинақтап сақтап келген. Керме түкті кілем тоқу тәсілімен және тықырлау әдісін пайдалана отырып, тоқылып, тігілген. Беті қызыл, қара қоңыр, сарғыш түсті жіппен тоқылып, астары ақшыл жүн жіппен әсемделген. Керме 2019 жылы музей қорына тапсырылған.
Атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық қолөнерімізді дәріптеп, қастерлеп келе жатқан ұлттық өнерінің асыл тарихын рухани көне керуеніне ілестіріп отыру арқылы бүгінгі және болашақ ұрпақ қамын қамдау, өскелең өмір талабы болып отыр. Бабамыздың рухани мұраларын жоғалтып алу тіпті қиын емес. Ал оны жандандыру, жаңаша құрастыру көп жағдайда қолдан келе бермейді.
Венера Шапикова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Жалпы тарих және этнография» бөлімінің маманы