Қазіргі заманғы кітапханалардың қоғамда алатын орны Білім беру саласымен тең. Өйткені кітапханалар ОҚУ, БІЛІМ АЛУ, БОС УАҚЫТЫН ПАЙДАЛЫ өткізудің бірден-бір орталығы. Кітапхана жас ұрпақты адамгершілікке, рухани кемелділікке тәрбиелейтін орта. Бірақ, кітапхананың осындай құндылықтарын қоғам да, билік те, кітапхана мамандарының өзі де әлі түсінбей келеді. Сол өкінішті! Қазіргі заман кітапханалары қоғамның, әр оқырманның қажетіне қарай қызмет көрсетіп, әр адамның өмірін жақсартуға көмектесуі керек деген ойдамыз.
Біз өзіміздің халқымыздың ұлттық ерекшелігін, ұлттық бірегейлігін кітапхана ісінде де ескеруге тиіспіз. Атам қазақтан ұлтты ұйыстыруға, ұлттық бірегейлікке, елдікке үндейтін «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген керемет мағыналы сөз қалған. Ұлттық бірегейліктің /идентичность/ түп негізі де осында жатыр.
Қазір Өскемен шаһарындағы Оралхан Бөкей атындағы кітапхана ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақтың жүрегіне жеткізу орнына айналды. Соның бір жарқын мысалы – елімізде алғаш рет көнені жаңғыртқан «Тақия той» қолөнер байқауының ұйымдастырылуы. Өйткені, ұлттық киімдеріміздің ішіндегі ең елеулісінің бірі – тақия. Әріден алсақ, қазақ ежелден бас киімді қастерлеп, «басыңнан бақ таймасын» деп ырымдап, тақия мен тымағын төріне ілген. Бас киім адамның жасына қарай бөлінген және әр оюы мен тасына терең мағынаны астарлап жасырған. Ұлттық тақия – ұлдардың оюлы тақиясы, қыздардың моншақты тақиясы, ақсақалдар тақиясы деп бөлінеді.
Тақия тойдың беташары Абайдың әкесі Құнанбай қажы киген тақияның тарихымен таныстырудан басталды. «Ұлылар киген ұлттық тақия» көрмесіне Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Қажымұқан, Мұстафа Шоқай, Сәкен, Міржақып, Шәмші тәрізді қазақ зиялылары, қазақтың батырлары мен билері, ақындары мен жазушыларының тақия киіп түскен суреттері қойылып, телеарналарда хабарлар жүргізілді.
Қадірлі өнерді бағалай білген ісмерлеріміз күні бүгінге дейін бір қасиетті өнердің бұйдасын үзбей келеді екен. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірнен 34 тақия қатысты және жеңімпаздар қомақты сый-сияпатпен марапатталды. Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин «Тақия тойы» біздің жаңа Қазақстанға жасаған алғашқы қадамымыз. Әр істеген дүниеміздің астарында ұлттық қадір-қасиетті ұрпақ санасына сіңіру, ұлттық дәстүрімізді дәріптеу мақсаты жатуы керек» – деді.
Қазіргі жастарды жаңа цифрлық технология жетістіктері ерекше қызықтырады. Бұл ретте айта кеткеніміз жөн, жастардың көпшілігіне заманауи қазақи киімдер ұнайды. Соны ескеріп, жастарды цифрлық технологияның көмегімен цифрлық ұлттық киімдерді үлгілеуге үйретудеміз. Олар ХVІІІ – ХІХ ғасырдағы қазақ киімдерімен танысып, ұлттық киімдердің кейбір элементтерін өзгертіп, заманауи түрге ендіруде. Ол бүгінгі күннің шындығына айналды.
Жетелі ұрпақтың жеті атасын білуіне, шыққан тегінің тарихын зерделеуіне арналған «Ата-тек» жобасының да маңыздылығы зор. Кітапхана балаларға осы бағыттағы құнды мәліметтер мен ақпараттарды шежіре кітаптар мен ғаламтордан, еліміздің әр аймағындағы кітапханалар мен мұрағаттардан іздеп-табу әдістерін үйретудеміз.
Кітапханада ғұлама әл-Фараби, данышпан Абай, ғалым Шоқан бабаларымыз сүйіп ойнаған «Тоғызқұмалақ» үйірмесі бар. Сондықтан ұлттық ойынды ойнап үйреніп, зердесін дамытуды көздеген жеткіншектер қатары өсіп отыр. Ал, ұлттық мазмұнға бай «Оюлар сөйлейді» көрмесінде көздің жауын алар сан түрлі оюлар бабалар тарихынан сыр шертеді… Жастар ұлттық оюларды тамашалаумен бірге, көрсетілген QR-кодтар арқылы ақпарат алуда.
Өскемен қаласы көшелеріндегі аялдамалар да ұлттық бейнеге енді. Автобус күтіп тұрған жолаушылар қазақ халқының ақын-жазушылары, тарихи тұлғалары туралы мағлұмат алып, кітаптар мен ақпараттарды QR-код арқылы оқи алады. Қаламызда әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, М. Әуезов, Қабанбай батыр, Барақ батыр, І. Есенберлин, О. Бөкей тағы басқа да аялдамалар жасалған.
Жас оқырмандар үшін әсіресе онлайн кездесулер қызықты. Жастар Қостанай облысының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы әдеби мұражайымен бірлескен онлайн экскурсияда Алаш қайраткері туралы тағылымды ақпараттар алды. Қазақстан 2022 жылы ТМД-ға төрағалық эстафетасын қабылдады. ҚР Президенті Қ.- Ж.Тоқаев 2022 жылды ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халық шығармашылығы және мәдени мұра жылы деп жариялады. Осыған орай, «Рухани достық көпірі» кітапханалық акциясы аясында Улан-Удэ қаласының кітапханасымен бірлесіп өткен «Туған тілдің онкүндігі және Ақ Ай мерекесі» онлайн-кездесу жастарға ерекше тартымды болды (zoom — https://youtu.be/jKBse5p4K70)
Кітапхана жастарды ғылымға баулу орталығы. Өскеменнің ежелгі атауы «Кеңгір Тұра» деген зерттеуімен елді елең еткізген тарихшы, Гумбольд сыйлығының иегері, ғалым, профессор, Гарвард университетінің «Fairbank» зерттеу орталығының қызметкері Нұрлан Кенжеахметов жастарға сонау сақ заманынан бастап, қазақ хандығы дәуіріне дейінгі 5-6 дәуірді қамтыған картаны таныстырды. АҚШ-та Орталық Азия бойынша 13 мыңнан астам карта сақталған, – дейді Кенжеахметов тағылымды кездесудегі әңгімесінде. Өлкеміздің ел-жерінің атауларының тарихы, топонимика бойынша жобаны ғалым Б. Бияров жүргізеді. Топонимика – халқымыздың бірегей тарихи мұрасы. Жер, өзен-көл, тау-тас, орман, ауылдар мен көшелер, саябақтар мен алаңдардың тарихы әр замана кезеңдеріндегі ұрпақтың ұлттық құндылықтары. Бүгінгі таңда Тәуелсіз Еліміз бен жас ұрпақ ауылдар мен қалалардың, көшелердің жаңаша атауларына куә болуда. Ендігі кезекте, өткен мен бүгіннің өзгерістерін саралап, сабақтастыра білу – бүгінгі жас буынның борышы. Осыған байланысты, оқушылар арасында ғылыми-зерттеу жұмыстарының байқаулары ұйымдастырылуда. Мақсаты – география, тарих және тіл білімін бір арнаға тоғыстыратын топонимика ғылымы арқылы жастарды туған өлкенің тарихи-мәдени және әдеби мұрасын білуге ынталандыру.
Оралханның рухани шаңырағында облысымыздың белгілі ақыны, республикалық ақындар айтысының бірнеше мәрте жүлдегері Серік Қуанған жас ақындарды айтыс өнеріне баулуда. Жастардың «Мұзтау» клубы Оралханның шығармашылығын зерттеп, насихаттаумен айналысады. «Кел, сөйлесейік» қазақ тілі клубы өзге ұлт өкілдерін қазақ тілін емін-еркін сөйлесуге үйретуде. «Курстың ерекшелігі – грамматикасыз еркін сөйлеу», – дейді клуб жетекшісі, қазақ тілінің маманы Надежда Шушаникова. Ал, кітапханада ашылған «Дефектолог» клубы сөйлеу тілінде кемістігі бар балалармен қазақ тілінде қызмет істеп, қоғамның қажеттілігін өтеуде.
Шығыс өңіріндегі қазақ жазушысы Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қазақ қоғамында саналы ұрпақ тәрбиелеуге лайықты үн қосуда. Оралхан кітапханасының мәдениет саласынан алатын орны – осындай маңызды жұмыстарымен ерекшеленуде.
Бұған қосымша айтсақ, еліміздің кітапханаларының түйткілді мәселелері де аз емес. Мәселен, ауыл кітапханалары кеңестік замандағы қалпында қалды, оны өзгерту үшін кітапханашылардың жаңа буынын дайындау керек.
Типтік штат ескі. ХХ ғасырдағы штат өзгермеген. Жаңа стандарт керек. Кітапханашы-педагог, кітапханашы-журналист, кітапханашы-программист мамандары қажет. Кітапхана басшыларына қосымша қаражат таба білуді, жаңаша ізденістер мен шығармашыл жобалар жасауды үйреніп, алға қарай ұмтылу абзал.
Қазақстанда басқа елдердегідей, заманауи кітапханалар салынуы керек. Мысалы, Қытайдың «Ухань» қаласында керемет заманауи кітапхана салынды. – https://www.interior.ru/architecture/14824-mvrdv-tsentralinaya-biblioteka-v-uhane.html MVRDV: центральная библиотека в Ухане. Онда әр түрлі қызметтер – оқуға, демалуға, әр түрлі іспен шұғылдануға арналған әр түрлі кеңістіктер біріктірілген. Неге? Өйткені олар білімді ұрпақ дайындау керек екенін, білімді қоғамның қажеттілігін есте сақтайды.
Қорыта айтқанда, қазіргі қоғамға, әсіресе, жас ұрпаққа қолайлы жағдайлары, жаңа технологияның ең соңғы сапалы құралдарымен жабдықталған заманауи кітапханалар қажет. Онсыз «Жаңа Қазақстан», «Цифрлы Қазақстан» қоғамын қалай құра аламыз?
Шекер Нұрғалымқызы, Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қызметкері, Қазақстанның құрметті кітапханашысы