Ұлу жылының ұлы өркениеттердегі тарихы

Шумердің көп ие түсінігінде соғыстың ұраны саналған ұлы пірдің екі түрлі атау Бабылдың саз балшыққа ойылған ең ескі әдебиеттерінде сынын бұзбай жайнап тұр. Латын әрпімен жазатын болсақ, Орта Азиядан барған Месопотамиялық Скифтердің (Сақтардың) тудырған Шумер деп аталатын өркениетінде бұл пірдің екі түрлі атауы: Gir-Unu-Gal және Nergal. Бұл екі атауды біз тапжылмай отырып, ықыласпен түсіндіреміз. Әуелі, осы пірлердің сипатымен әбден тоғыстырылған Лугал деген пір атауымен танысайық. Бұл біздің ұлу деп жүрген жылымыздың атауын шешуге таптырмас құрал.
Лугал – лу және гал деген екі сөзден тұратын. Түрік қағандарының есімінде кездесетін ұлы, алып деген сөзді құлы деп айту бар. Кейін келе, қ дыбысы қатардан қалып, ұлы сөзі оңаша шыққан екен. Шумерлік гал мен біздің көне түрік тіліміздегі хул (құл) сөзінің ұқсастығы айқындалды.

Қызбен қарама-қарсы жыныстағы баланы ұл деуіміз, есейгенде ер деуіміз бен бөріге байланысты туындаған өр, бөрі, ұлыма, ұлу сөздеріміздің туыстығы бір деңгейде. Мұндай жайт түрік тілінің топанына көмілген орыс сөздерінде де кездеседі. Олардың ұлы сөзін велик деуі мен бөріні волк деуі де осыған саяды. Ұлы сөзінің орнына қолданылатын ұлық сөзіміз де осы волк сөзімен қабысуда. Қырғыздардың ұлу жылын балық деп алуы да осы волк сөзінің балық сөзі болып айтылуынан келген. Өйткені, қырғыздың түбі генетикалық тұрғыда Кавказ, Кубань жазықтарынан шығады, сөйлеу тілінде де ң сөзін н деп алатыны содан.

Лугал атауын ғалымдар жіктеп, оның мәнін ұлы адам, ұлық адам, яғни билік иесі болған адам деп түсіндіруі де ұлық деген сөзіміздің бөрілік сипатына бас изетіп, нүкте қойдырады. Біздің заманымызға дейінгі 3 мың жылдықта Лугал есімі Месопотамияның жазулы қабырғаларында жарқырайды. Ғалымдар Месопотамиядағы көптеген ұсақ қалалар  билеушілерінің Ensi, яғни енші сөзіне жуық мәнге ие болғанын атайды да, Лугал сөзі олардың бәрінің үстінен қарайтын ұлы билеушіге берілетін атау болды деп меңзейді. Лугалдық әкеден ұлға мирас болып отырған. Лагаш қаласының енсісі, яғни билеушісі қалаға қамқоршы киесін «біздің Лугалымыз» деп сипаттайды екен. Лагаш, Урук, Ур қалаларында осы енсі, лугал лауазымдарынан тыс, En деген лауазым да қолданыста болған екен. Торкилд Джейкобсен Лугалды елдің ішкі істерін шешетін басшы болғанымен, ол әу баста соғыс көсемі болған деп көрсетеді. Соғыста оның көсемі болып қол бастаса, бейбіт күндерде елді тыныштандырып, дау-шарын шешіп, билік ететін Лугалдың бейнесі бөрілі байрақ көтеріп, қол бастаған, жай күнде ел ішін берекеге шақырған көне Ғұн, Түрік билеушілерін еске түсіреді.

Месопотамиядағы елдер Мысыр перғауындарына және басқа елдер  басшыларының қарауына өткенде жергілікті көсемдер өздерінің оларға жазған хатында Лугал сөзін қолданады. Яғни, бұл Месопотамиядағы елдердің жүрегінде билігі зор билеушілерге арнап қолданатын сөздері болып қала берген.

Бабылдықтар теректің, құрманың да иесі Лугал деп білген. Құрма ағаштарының иесі деген сөзді Лугал-Гисимар және Лугал-Зулумма деп айтса, теректердің иесі дегенді Лугал-Асал деп айтқан. Лу – адам және ер, өр, Гал-ұлы болса, бұны барынша түркілендірсек Өр – Ұлы, Өр – Ер, бұдан біздің Өрел, Берел деген Алтайдағы ең ескі қорымдарымыздың, ежелгі билеушілер орнының не үшін мұндай атауға ие болғаны оңай шешіледі екен.

Нергал (бұл атау жайында төменде түсіндіреміз) Кур деп аталған жер асты әлемінің иесі болумен қатар, билеушілерге жорықтарда еріп жүретін, қорқынышты сұсымен тыныштыққа кепілдік беретін соғыс ұраны болды. Осыған байланысты Лугал-Силимма, яғни бейбітшіліктің Лугалы деген атау орныққан. Оны өлімге әкелетін кие ретінде атап, ауру иесі Эрраның қызметін оған тән деп сипаттағанына қарап, ауру, ару, арық сөзімен өр, ер, ерек деген бөрілік танымдарға зер салуымызға болады.

Эррамен атау жағынан жақын Эрракал немесе Эррагал деген өртеуші пірдің аты бар. Мұндағы гал, кал сөздері ұлы сөзі болып тұрса, Эрра сөзі өрт, өртеу сөзін білдіреді. Бұл біздің қазақ тіліндегі өр, үрлеу, өрт сөздерімен де дыбыстық әрі мағыналық жақтан өте жақын. Эрра біздің заманымызға дейінгі ХІ-VІІІ ғасырлардағы апатты кезеңдерде аты шыққан пір деп қабылданады. Ниневадағы ол туралы табылған ең ескі жазба заманымызға дейінгі VІІ ғасырға жатады екен. Нергалдың жорыққа еруі өзінің адамдар алдындағы ұлан-ғайыр құрметін қайта оралту, қатып қалған ғаламдық тәртіптерді жою, басқа киелердің өзін еске алдыруға есеп бергізу үшін екені көне мәтіндерде айтылады. Ол ілескен құдіретті жорықта әлем бұрын-соңды болмаған аласапыран күйге түсіп отырған. Нергал жорыққа кіріссе, оны ешбір күш соғысудан бас тартқыза алмаған. Оны тек қарсы соғысып, бірігіп қаһарланған өзге киелердің күші тоқтата алған. Егер, Нергал жорық бағытынан тоқтамаса әлем құриды деп сендіріледі.

Ассириялықтар өзінің жорық сапарларында жоғарыда біз атаған Соғыс ұранын қатты бағалаған. Оғыз қағанның қолына киелі көк бөрінің еріп жүретіні де, кейінгі қазақ дүние танымында Ер Жәнібекке қос бөрінің еріп жүріп, жекпе-жектерде сәттілік әперетіні, бөрі еміп өскен Үйсін билеушісі Құлушаны (Қалшаны) жазалауға жіберген Ғұн қолының үнемі жеңіле бергені, ақыры Ғұнның оған қол бастатып Юэчжилерге қарсы салғанында да осы Лугалдық сипаттың иісі бұрқырайды.

Месопотамиядағы Киш қаласы табынған Лугуша деген пірдің атындағы лу сөзі адамды білдірсе, гуша сөзі құса, ашу-ыза мағынасын берген. Олар осы пірге соғыстың ұраны ретінде табынған. Киш өркениетіне жататын Эбла деген ескі қала болған. Қала әктасты төбеге салынғандықтан, Эбла сөзі ақ деген мағына береді. Бұл біздің алғыс сөзіміздегі ал сөзінің ала, ақ деген мағыналарын айшықтайды. Абылай есімінің ең ескі түбірі де осы Эбладан бастау алады.

Месопотамиядағы Лугал пірдің сипатын өзіне сіңіріп әкеткен Нергал атауына келсек, оның соғыс ұраны сипатынан тыс, өлім мен аурудың да иесі екені айтылады. Оны Кур деп аталатын, қара жер деген мағына беретін жерасты әлеміне билік жүргізді деп айтады. Біздің түрік ағайындар бөріні құрт десе, парсы тектес халықтар жаппай гург деседі. Мұның бәрі қара жер ұғымымен туысып жатса, біздің қасқыр деген сөзіміз хуас және хур деген сөзден құралған болса, қара жердің құсы деген мағына шығады екен. Қасқырды ит-құс деп атайтынымыз да осындай мағынаға саяды. Бұл пірдің атынан бірден бөрінің сипаттарын іздеп кеткен себебіміз аталған пірдің сақталған суреттері мен ойма мүсіндері себеп болды. Біздің заманымыздан бұрынғы ХІІ ғасырдағы Бабыл патшасы Мелешпактың ескерткішінен табылған ойма суретте аяқ жағы қанатты бөрі, белі – адам, екі қолы – арыстан басты айдаһарға айналған, басы – адам пішінді пірдің бейнесі табылса, Бағдад мұражайына қойылған Ларса қаласынан табылған оймада оның үш басты аса таяқ көтергені, оның екі басының бөрі басты болып келетіні көрсетілген.

Ниппурдан табылған күйдірілген саз тақтадағы аталған пірдің бейнесінде екі қолы айдаһардың мойнындай иіліп, қолының екі басы екі түрлі жыртқыштың басынан тұратын, доп-домалақ басы адамдікі, оның төбесінде тостаған тектес тәжі бар, кішкентай кеудесі бар, бірақ қос аяғы жоқ, екі аяғы, белі айдаһарша жіңішке, біріктірілген, қатпарлы өрнекке ие екен. Оның үстіне, осы өркениетті аймаққа жақын қоныстанған Армяндар бөріні гайл десе, Gir-Unu-Gal және Nergal деген оның екі түрлі атауындағы гал сөзінің осы бөрі сөзімен мағыналық тұрғыда бір тұңғиықта шомылатынын байқаймыз. Грузиндер бөріні Мегл (Мегал) десе, мұның Нергал сөзінің мәнін аша түсетінін білеміз. Бөрі сипатты осы пір шумерлер қаласының ішінде тәу етілген қаласының аты – Кут делінеді. Түрік ағайындарымыздың, Башқұрттың бөріні құрт деп атайтыны мен біздегі эпостық Құртқа сұлудың атын да бөрі бейнесімен ұштастыра түсіндіру бар екенін еске алсақ, бұл ежелгі қаланың аты да бізді қызықтыра түседі. Өзі Курда тұрса, Кутқа келіп адамдар табынса, аяқ жақ денесі қанатты бөрі болса, ауру мен өлімнің иесі, соғыстың пірі болса, оның бөрі сипатының көк бөріні кие тұтқан бабалардың ұрпағына жылдам ашылғанын байқаймыз. Нергал сөзінің этимологиясын түсіндіргенде, ғалымдар бұл сөздің әмір және қала деген екі сөзден тұратынын, яғни қала әмірі деген сипаттамаға ие екенін жазады. Гал сөзінің мәнін аша түсу үшін Нергалдың мекені болған Кур, қаласының аты Кут сөздері қаланы білдірсе, Түркі-Моңғол тіліне ортақ күре, қала сөздері мен Моңғолдың қалаға арналған Хот сөзу сөзі, орыстардың Город деуі, Грузиндердің Калакеби сөзінің байланысын реттеп, енді оның есіміндегі Нер сөзінің әмір мағынасын беретініне қарап, Араб-Парсы, Түркі әлеміне кең тараған әмір сөзінің әу бастағы тудырушылары шумерлер екенін білеміз. Қыпшақ даласындағы мір, мырза және мырзалар киетін мұрақ бас киімі, өзін жоғары ұстаған адамның өр делінетіні, өр сөзінің бөрі сөзінен шыққаны, аталған бірнеше халықтың бөріні гург, құрт деуі де осы сөздердің түпкі тоғысуға ие екенін көрсетеді. Оның ұлу қызметі, ұлитыны, ұлуына байланысты ту сонау Атланд жағалауындағы ағылшындардың да волф дейтіні, француздардың лоуп дейтіні, поляктардың вилк дегені мен біздің ұлық, ұлы деп айтатын сөзіміз, 12 мүшел жылымыздағы ұлудың жұмбақ атауы….

Ағылшындар, поляктар волф, вилк десе, француздардың лоуп дейтініндей, қазақтар ұлу десе, қытайлар лунг дейді бұл жылдың атын. Қытайдың лунг әрпінің артында ұлық, орысшадағыдай, волк сөзі жасырынып жатқанын аңғару қиын емес. Қыпшақ қағанатында билік ұстаған рудың Бөрілі аталуы мен оғыздардағы Көроғлы аңызы, Еуропа әлеміндегі король атауы да бөрі ұлы деген мағынадан өз тарауын алғаны жіңішкелеп қараған жанға белгілі болады. Қыпшақтардың половец делінуі, одан кейін Беріш, Барлас руларының өрбіп шығуы да осыған жетелейді. Қазақ кішкентай жәндікті неге ұлу деп атады? Себебі, айдаһар секілді ирелеңдеп, дөңгеленіп, басын ішіне алып жатқан бейне жасаған соң. Ер, өр, бөрі сөздеріміздің бәрі бөрінің түрліше дыбыс ағынында жаңғырған нұсқасы екенін көрсетсе, осы Нергалдың сипатымен тоғысқан Шумер-Аккадтың көп ие танымында тілге алынатын Эрр (Эрра) деген тағы бір атауы бар. Мұны әу баста Нергалдан бөлек пір болып, кейін Нергалдың сипатымен тоғысып кетті деушілер де немесе Нергалдың ескілікті нұсқасы осы еді дейтін екі түрлі көзқарас бар. Эрр сөзін бастабында ыстыққа еру, күйіп құру деген мағына береді деп түсіндіріп келсе, соңғы кездері оның атын ардақтап аулару көзқарасы пайда болып, бұл сөзді өр, құрметті, құдіретті деген мағына береді деушілер бар. Эрра атауы ауру сөзімен де үндеседі. Эрраның қызметі ауруға жауапты болу, індет пірі болған делінеді.

Кейін бұл қызмет Нергалдың құзырына өткен.
Нергал есімінің қасқырлық сипатын растайтын У-Гур деген есімі Бабылдың орта кезеңінен бері кең қолданыста болған. Оны Нергалдың бұйрығын атқаратын қылышының иесі болған қызметші кіші кие деп түсіндіретін ғылыми жолдар да бар. Бұл жоғарыда біз атаған гург, құрт деген қасқыр атауларымен төбесі берік бір мағынада. Франс Виггерман және Джулия Крул сияқты зерттеушілер аккад тілінде бөрі сипатты Нергалдың Палиль деп оқылуы да болғанын алға тартады. Бұл бөрі деген сөзге өте жақын. Бұл тура Бөріші деген сөзді орыстардың Половец деп алғанындай. Енді бір қызығы, құртқа, құрт деген бөрінің түркілік атауларын аша түсетін жаңалық Нергалдың Игиду (Гиду) деген тағы бір атауының табылғаны болып отыр. Бұл атаудың мәнін ғалымдар егіздер деген сөз деп түсінген. Рим фольклорындағы бөрі емізген егіздер тарихының Кіші Азия жерінен басталатынын ескерсек, Шумер-Аккад дүние танымының гректердің сана-сезіміне барып қоныстанғанын ескерсек, қазақтың шежірелерінде Ұрым-Қырым деген егіз тармақтардың жиі ұшырайтынын ойға алсақ бұл да түсінікті жайтқа айнала бастайды. Оның үстіне, Хан империясы мен ғұндардың ең үлкен талас түйініне айналған Коро-Рұм қаласы екенін, бұл қаланың орнынан табылған неше мың жылдың мумиялар мен қала үйлерінің Рим үйлерінің салыну тәсілімен ұқсастығы Рим өркениетінің шығыстан, әлде батыстан басталғанын жұмбақ күйге түсіреді. Шыңғыс ханның мұрагері Оқтайдың жаңа астана салып, оны Қара-Қорым атауы да осы қала мәдениетінің аңыздық жалғасы болып табылады. Бұл үш қаланың атауы да қала-Бөрі, Бөрі-қала деген атауға саяды. Кейбір ғалымдар осы Егіз деген ұғымға ие Игиду (Гиду) атауы ауру иесі болған Эрра пір мен билік иесі болған пір Лугалды бірге айтудан пайда болған ұғым деп қарайды.

ХХ ғасырдың басында, ғалым Эмиль Краэлинг Нергалдың күн иесі болған деп есептеген зерттеуін жарыққа шығарады. Мұнда ол күннің бату сәтіндегі алауының иесі, сол шақтардың үстемдік иесі деп қаралады. Бұл біздің ұлу атауымыздың алау сөзімен де барыс-келісі бар ұғым екенін айшықтай түседі. Жалау – бұл соғыс байрағы, ту. Жалау сөзі де соғыста алау көтеруден барлыққа келген. Бөрілі байрақ көтеріп жауға атойлайтын ғұн, түрік сарбаздарының бұл әрекетінің мәнін ғалым Эмиль Краэлингтің танымы аша түседі. Бөрі киенің негізінен ғұн-түрік әлемі үшін соғыстың пірі болып, олардың отарлауындағы Қытай сияқты елдердің бөрі киесін ұстанбағаны, оған деген іштей жек көрушілігі, керісінше, айдаһар киесін ұстанғаны сияқты, Шумер өркениетінен кейін бұл өңірді жаулаған елдердің ықпалымен Нергалдың орны төмендеп, оның орны Мардук пірі мен Набу пірден кейінгі орындарға түскен еді. Ең бір қызығы, заманымызға дейінгі 2300~1000 жылдар арасында Сирия жерінде өркендеген Хуррлар елі осы Шумер-Аккадтық киелердің ішінде Нергалдың есімін ең алдымен қабылдап кие тұтқа, оған арнап ғибадатхана салған. «Ғибадатхананы кім бұзса, оны Нергалдың жоюын» тілеген қарғыс сөздері де жазылған. Бұл мемлекеттің атауының өзі қасқырдың сол өңірдегі гург деген сипатымен мәндес. Өздерін қасқыр атуымен атаған елдің аяқ жағы қанатты бөрі, қолдары айдаһар болып келетін кие Нергалды қабыллауы түсінікті. Бұл мемлекетті осы Шумер өркениетінің алқабынан шыққан бөрі киесін ұстанған оғландардың сол жақта құрған болулары да ықтимал. Қазіргі зерттеулерде олар қабылдаған Нергалдың сипатын пан-Хурриан, яғни Хурриан уаңы, ханы деп алуы да өздерінің иесін, билеушісін Нергал ұғымымен байланыстырған Хуррлардың қасқыр жүректі, айтулы ұстанымдарын айшықтайды. Осы Хурр еліндегі қасқыр сипатты пірге табынудың орталығы болған аймақтың атауы бүгінгі күнге дейін Киркук деген атаумен есен-аман жетті. Бұл күрд, парсы тілдеріне ұялаған гург, оғыздағы құрт деген қасқыр сөзінің және Нергалдың Кур деген билік ететін жер асты аумағы атауының баламасы. Ассириялық толық сақталмаған бір көне мәтінде Нергалдың теңізде туған құбыжық айдаһармен шайқасы жырланады. Бұдан Нергал сипатының толықтай айдаһар сипатқа ие емес екенін аршып аламыз. Нергалдың осы мақалада жіліктелген-жіктелген бейнелерін қорытындылай келе, оның аяқ жағының қанатты бөрі бейнесінде болғаны мен қолдарының арыстан басты, айдаһар есімді болып келгені, енді бір мүсінде аяқтарының айдаһарлық сипат алғанына, көтерген асасының айдаһар пішінінде болғаны және оның үш басының екі жағы жыртқыш жануардың басынан тұрғаны, аталған бөрілік сипаттамалар бойынша, оны күнтізбедегі 12 жылдың атауына кіргізген кезде бір халық оның бөрі сипаттарын басым деп қарап, оны ұлу (лаң) деп алғанда бөрі деген мәнмен алғаны, ал енді бір халықтың оның осы сипаттамаларынан айдаһар сипатын басым көріп лунг (лұң) деген айдаһар мәнімен алғаны белгілі болды. Қазақ ұлу деп атаған бұл жылды моңғолдар лу деп Нергалдың Лугал деген сипаттамасына сай алса, қытайлар лұң деп, жапондар тацу деп алған. Кузнецк маңындағы телеуіттерден 1927 жылы табылып, деректанушы Л.Э.Коруновская ғылыми айналымға енгізген 12 мүшел жылдың бейнесінде ұлу тауыс тектес құс болып бейнеленген. Этнограф А.Г.Данилин 1928 жылы алтайлықтардың арасынан тапқан 12 мүшел жылдың бейнесінде ұлу тәжілі бөрі бейнесінде көрсетілген. Нергалдың Шумер оймаларында үнемі төбесіне тәж, телпек сияқты төбелдірік киіп бейнеленгені мен осы нұсқадағы тәжді бөрінің сипаты да осыны ұқтырады. Алтай нұсқасындағы тәжілі бөрінің телеуіттер арасындағы тауысқа ұқсатылған жаңсақ бейнесінің болуы тәжілі бөрі құйрығының төмен түсіріліп, ұзын қанат тектес болып бұрмаланып сызылуынан пайда болса керек.

Бөлісу: