Ұлы есім — мептеп мұражайында

 Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Астана қаласындағы көптеген білім ордаларына дәстүр бойынша көрнекті саяси қайраткерлердің есімдері берілді. Ал біздің 51-мектеп-гимназиясы да бұл қуаныштан тыс қалған жоқ, мектеп осыдан былай қазақтың көрнекті қоғам және саяси қайраткері Мұстафа Шоқайдың есімімен аталады. Түркі халықтарының ұлт-азаттық қозғалысының танымал көшбасшысы Мұстафа Шоқай ең алдымен Түркістан мемлекеттілігін қалпына келтірудің алғашқы тәжірибесі болған Қоқан (Түркістан) автономиясының басшысы ретінде мәлім саналды. Бүгінгі таңда Мұстафа Шоқайдың саяси қызметі мен шығармашылығына деген қызығушылық өте жоғары, өйткені оның есімі халқымыздың тарихымен тығыз байланысты. Тарихи тұлғаның саяси мәдениетінің биіктігі, ойының кең ауқымдылығы, білімі, еуропалық және түркі тілдерін білуі оны түркі халықтарының ұлттық революциялық қозғалысының ірі идеологтары қатарына қосты. Мұстафа және оның мол мұрасы, шығармалары бүгінгі таңда өзекті құндылықтарға айналды.

           2021 жылдың 25 желтоқсанында мектеп басшысы Данара Мейрамбекқызының бастамасымен қоғам және саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың туған күніне орай көрнекті тұлғаның өмірі мен шығармашылық қызметін, еңбектерін қамтитын музей салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатына Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Парламент Мәжілісінің депутаттары Жұлдыз Сүлейменова, Қазыбек Иса, «Егемен Қазақстан» АҚ басқармасының төрағасы, ғалым, публицист, қоғам қайраткері Дархан Қыдырәлі, Астана қалалық Тіл басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп, қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір, сонымен қатар, білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

Музейдің ашылуына көп еңбек сіңірген, оны зерттеп, зерделеуге қажетті материалдармен қамтамасыз етіп, оларды музейдің экспозициясына орналастыруға Әбдіжәлел Бәкірдің еңбегі зор болғанын айта кеткен жөн. Мұражайдың ашылуына Мұстафа Шоқайдың ұрпақтары мен Мұстафа Шоқай атындағы қоғамдық қордың өкілдері де қатысты. Қор Алматы, Қызылорда, Астана сияқты қалаларда жұмыс істейді. Оның құрамында мектепке жәдігерлер іздеуге де, материалдық жағынан да көмек көрсеткен жоғары білімді және қамқорлығын білдірген жандар болды. Мектеп ұжымы да осындай бастамадан шет қалмай, экспозицияға түрлі қызықты материалдарды жинауға белсене ат салысты.

Музейдің қорына 400-ден астам жәдігер жинақталып қойылды. Оның ішінде, Мұстафа Шоқайдың әр жылдардағы құжаттарының көшірмелері, көрнекті қайраткердің өмірінен алынған деректер және жұбайы Мария Яковлевнаның өз қолымен Сорбона университетінің кітапхана қорына берілген құнды жәдігерлер бар. Мұстафа Шоқайдың әр жылдардағы мұрағат мұрасынан алынған құжаттарының көшірмелерін бізге Астана қаласының мемлекеттік мұрағатының ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Исахан Ғазиза Тұрмағанбетқызы тапсырды. Осы жерде Исахан Ғазизаның 2001 жылы Қазақстан Республикасының бұрынғы Премьер Министрі Иманғали Тасмағамбетовтың тікелей қатысуымен және қолдауымен Париж қаласына барып, Мұстафа Шоқайдың музейдегі құжаттар көшірмесінің бірқатарын елге әкелгенін (ақылы түрде) атап айтқанымыз жөн.

Сонымен қатар, музейде түрлі дереккөздерден, тіпті бұрын жарияланбаған отбасылық альбомнан алынған Мұстафа Шоқайдың фотосуреттері бар шағын фотогалерея бар. Кейбір фотосуреттерге QR кодтарды енгіздік. Сол арқылы танымдық орынға келген қонақтар штрих код арқылы Мұстафа Шоқайдың түркі халықтарына арнап радиодағы сөйлеген сөзінің жазбасын, сондай-ақ Мария Шоқайдың орындауындағы опералық әнді тыңдауға мүмкіндік алады. Музейге келушілер көбіне осы QR кодтарды пайдаланғанды ұнатады.

Музейге кірген бетте «Мұстафа. Отанға деген сағыныш» атты қабырға композициясы көзге оттай басылады. Суретте Мұстафа армандаған қазақтың кең даласы, өзінің туған жері – Қызылорданың табиғатын тамашалап жүрген Мұстафа бейнеленсе, жоғарғы бөлігінде тұлғаның өмір сүрген кезеңдеріндегі маңызды өлкелер картаға түсірілген. Карта бізге музейді тамашалату  барысында келушілерді бағдарлауға көмектеседі.

Музейдің ең қымбат әрі құнды жәдігері – Мұстафа Шоқайдың ұзақ жылдар бойы мақалаларын басып шығарған «Remington Portable» портативті жазу машинкасы. 1920 жылдарға тиесілі бұл винтаждық машинка әдемі ағаш корпуспен әсемделген. Дәл осындай машинканы негізінен журналистер мен жазушылар пайдаланған. Себебі бұл олар үшін өте ыңғайлы құралдардың бірі еді, сондықтан Мұстафа Шоқай дәл осы машинканы таңдаған. Қайраткердің бұл мұрасын музейімізге саясаттану ғылымдарының докторы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, дипломат, журналист Садықова Бақыт Исаинқызы сыйға тартты. Жазу машинкасын Мұстафа Шоқайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеуші Бақыт Садықова 26 жыл бойы көзінің қарашығындай сақтап, ешкімге ұстатпаған. Оған себеп болған Мұстафа үшін жеке музей ашылады деген сенім болатын. Жазу машинкасы мен Шоқайдың жеке мұрағатындағы хаттарды табыстау Алматы қаласында өтті. Ол жерде маған журналист, режиссер, продюсер Гүлбаршын Зайырова көмектесіп, қолдау білдірді. Бірі білсе, бірі білмес, Гүлбаршын Ғабитқызы – Мұстафа Шоқайдың ұрпағы. Ол бүгінде атасының есімін жаңғырту үшін  тынымсыз еңбек етіп, бізге де өз тарапынан көмектесуде. Сол кездесулерде Бақыт Исаинқызы Мұстафаны зерттеу жолындағы тарихы мен өзінің бастан кешкен оқиғаларын баяндап берді. Шыны керек, бұл тақырыпты қызыға зерттеп жүрген мен үшін бұл ешкім естімеген құнды ақпараттар еді.

Бұл туралы өз сөзінде Бақыт Садықова былайша еске алады: «…бұл жазу машинкасын маған 1996 жылы Әлім Алмат (Ғалымжан Төремұрат) деген түрік мырзасы сыйға тартты». Кезінде бұл жазу құралын оған Мұстафа Шоқайдың жары Мария Яковлевна ханым берген екен. Ал Әлім Алмат Шоқай әулетімен таныс болып, соғыстан кейін екі жылдай Францияда Мария Яковлевнаның жанында тұрады. Париж консерваториясынан білім алған Әлім Алмат кейін Мария Яковлевнаның қолдауымен түрік азаматтығын алып, Стамбулға орналасып, сонда отбасын құрады. Анасындай жылылық көрсеткен Мария Яковлевнамен байланысын үзбей, отбасымен араласып тұрады. Мұстафаның ұлы мұрасын Мария Алматқа ұсынған кезде: «…Сен әлі жарқын күндердің куәгері боласың, мен оған сенемін. Саған айтарым, елі үшін, біртұтас Түркістан үшін жанын қиған Мұстафа туралы туған жеріне айтып, жеткіз», –  деп аманат тілегін айтқан екен. Осы аманат тілегін, сонымен қатар, Мұстафаға тиесілі құнды деректерді Бақыт Садықоваға жеткізген Әлім Алматтың мұраларына біздің де қолымыз жетті. Сонымен қатар, әлі күнге дейін еш жерде жарияланбаған суреттердің мол қорын Бақыт Садықова бізге табыстады. Тағы бір ауыз толтырып айтарлықтай жәдігер – Мария Шоқайдың концерттік бағдарламасы. Оның шетел сахналарындағы талай рет ән шырқаған опера әншісі екені белгілі. 1926 жылы Париж сахнасында концертмейстер Теодор Якименкомен қойылған концерттік бағдарлама – осының дәлелі.

Жеке отбасының мұрағатындағы заттар мен құжаттар Мұстафа Шоқай мұражайының ең құнды жәдігерлері болып табылады.

Мектепте мұражай ашылғалы бері Мұстафа Шоқайдың өмірі мен шығармашылығына арналған «Мұстафа Шоқайдың қазақ тарихында алатын орны» жобасы, «Сөнбейтін жұлдыздар» іс-әрекет шарасы, «Ұлты үшін туған ұлы тұлға – Мұстафа» тақырыбында Түркиядағы Мимар Синан Өнер университеті Тарих кафедрасының профессоры, ғалым Әбдіуақап Қарамен кездесу, Франциядағы «Әлем» ассоциациясының вица-президенті, Франция елшілігінің консулдық бөлімінің консультанты Искакова  Майра Сұңғатұқызымен кездесу, «Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік  конференция сынды бірқатар шаралар өткізілді. Төменгі сыныптарға арналған «Мұстафа Шоқайдың мұражайына саяхат» танымдық экскурсия, «Біздің мұражай» интерактивті экскурсия, «Мұстафа Шоқай – біртұтас Түркістан идеяларының күрескері», «Алаш қайраткерлерінің арманы – Тәуелсіздік» атты дөңгелек үстелдер, «Музейдегі 45 минут» тақырыбындағы сынып сағаты, «Мұстафа Шоқай – әлемге танылған тұлға» атты профессор Бәкір Әбдіжәлелмен кездесулер өткізіліп, танымдық жұмыстар іске асырылуда.

Маусым айында Алматы қаласында М. Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрында қойылған Қ. Бегмановтың «Менің Мұстафам» пьесасының премьерасында көрсетілген көшпелі музейге біздің мұражайдан Мұстафаның портативті машинкасы мен Марияның концерттік бағдарламасы жәдігер ретінде ұсынылып, қойылды.

Бүгінгі таңда білім ордамызда Мұстафа Шоқайдың өмірі мен шығармашылығына қызығушылардың қатары көбеюде. Соған орай, біз жас ғалымдардың басын біріктіріп, зерттеу тобын құрдық. Мұндағы оқушылар Мұстафаның мұрасын зерттеп қана қоймай, оны ғылыми негізде де насихаттайтын болады. Әрбір жәдігерді құнды тарих деп қарастыратын болсақ, оқушылар да өз кезегінде сол жәдігерлер туралы кітапханадағы еңбектерді ақтарып, ізденуде. Олар үшін Отан үшін от кешкен бабалары туралы білу – зор мақтаныш!

Мектебімізде мектеп мұражайының қызметін насихаттау және оны танымал ету аясында, сондай-ақ тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстанның басқа да мұражайларымен ынтымақтастық орнату жұмыстары жүргізілуде. Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейімен, Семейдегі Абайдың әдеби-мемориалдық музейімен, Семей қаласындағы «Ертіс өңірі» өлкетану қоғамымен, Қызылорда қаласындағы «Мұстафа Шоқай» ғылыми-зерттеу орталығымен және Мұстафа Шоқай атындағы қайырымдылық қорымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

2022 жылдың қорытындысы бойынша біздің мектеп музейі Ұлттық музей ұйымдастырған байқауда республикалық мектеп музейлерінің ішіндегі үздігі деп танылып, «Үздік мектеп музейі – 2022» деген марапатқа ие болды. Сонымен қатар, «10 үздік мектеп музейінің» қатарына ену – зор мақтаныш! Міне, осылайша ұлтымыздың болашағы үшін күрескен ұлы тұлғаны зерттеудің бастамасы бізді осындай жетістіктерге жеткізді. Біз де алға қарай осылармен тоқтап қалмай, жәдігерлер қатарын толықтырып, тәуелсіздік деп жанын қиған  Мұстафа Шоқайдың есімін жаңғырта бермекпіз.

    Салтанат    Сексембаева,     Мұстафа Шоқай атындағы №51-мектеп-гимназиясы, мектеп музейінің жетекшісі

Бөлісу: