Ата-бабам, мені аялап өсірген асыл əжелерім, ардақты әкем, аяулы анам, аға-апаларым, үш жұртым да түп-түгел Түркістанның топырағында жатыр. Сондықтан ба екен, қаршадайымнан қасиетті Құранның сүрелері санама, сүйегіме біржолата сіңіп кеткен. Қарияларым күңірентіп, мұңды мақаммен оқыған Құранды əрбір тыңдаған сайын мына жарық дүниенің уақытша қонағы екендігімді еріксіз есіме салатын.
Перзенттік парыз бен қарызды қалай өтеуге болады деп қаншама кітаптарға үңілдім. Ата-бабам жүріп өткен жолдан айнымадым. Лә иләһә иллааллаһ, Мұхаммәд расул Аллаһ! – Алладан басқа жаратушы жоқ, Мұхаммед Алланың елшісі. Құдай – бір, пайғамбар – хақ.
Иə, анамыздан қазақ болып жарық дүниеге келдік, қазақ болып, уақытша аманатқа берген жанын жаратушымызға абыроймен тапсыру – парызымыз екендігін ес жиып, етек жапқалы бір сəт те есімнен шығарған емеспін.
Халқымыздың озық ойлы перзенттерін өзіме ұстаз тұттым. Сондықтан болар қабырағамыз қатпай жатып, күңіреніп өлең жаздық. Салт-дәстүрлермен сусындап өстік.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, әдет-ғұрыптарды білместікпен шатастыру, дарақылық пен даңғазалық, дәстүрдің өзгеруін – трансформациясын елемеу, жергілікті дәстүрлерді ұлттық дәстүрге айналдыруға тырысушылық сияқты қайшылықтар бүгінгі күннің ащы шындығына айналып отыр.
Ұлттық құндылықтар – ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы.
Этнографиялық әдебиеттерде айтылатын көптеген дәстүрлер көнеріп, уақыт сұранысынан қалып қойды. Ал, бірқатары әлі күнге қолданыста. “Қарғыбау” сияқты дәстүр бүгінде жоқ. Оның орнына “Үкі тағу” немесе “Сырға тағу” сияқты дәстүрлер енді. Мұндай өзгерістер алдағы уақытта да бола беретін тәрізді. Дегенмен, қыз ұзатып, келін түсіру сияқты отбасылық өмірдің аса маңызды сәттеріндегі қазақы дәстүрлерді бір ізге түсіретін, қаймана қазаққа ортақ құндылықтарға айналдыратын кез жетті.
Қыз ұзату, келін түсіру дәстүрі кеше ғана пайда болған жоқ. Ол кемінде 10-12 мыңжылдық тарихы бар құбылыс. Осы дәстүрге әр мыңжылдықтардың қалдырған өзіндік қолтаңбалары бар.
Әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміз бір күнде пайда болған жоқ, олар уақыттың екшеуінен өткен асыл жауһарларымыз.
Иә, бүгінгі жаһандану дәуірінің ғаламат ақпараттық ағынында адамзат қоғамында үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Томаға-тұйық оқшауланудың заманы кетіп, өркениеттілік деңгейінде ашықтық, икемділік таныта білген субъектілер ғана өмір сүре алатын дәуір келді.
Қазақ қоғамы да әлемдік тұтас қауымдастықтың құрамдас бөлігі, мүшесі ретінде өркениетті қоғамға ашық та икемді үн қату жасап, дамуды көздейді. Дегенмен мұның өзі қазіргі жаһандану дәуірінде оңайға соқпай отырғаны жасырын емес. Батыс пен Шығыстың, АҚШ-тың, т.б. субмәдениеттердің алуан түрлі ықпалы тұрғысында мынау дұрыс жол деп бір бағытты таңдап алдудың өзі оңай емес.
Ал, ұлттың, мемлекеттің тарихы мен дәстүрі, мәдениеті, экономикасы, қысқасы, қоғам өмірінің барлық саласы өзгеріске түсуге тиіс. Бұл – ешқандай қашып құтыла алатын үрдіс екені де белгілі.
Шоқан Уәлиханов өзінің «Жоңғария очерктері» атты еңбегінде Орта Азия елдерінің ислам дінін қабалдамай тұрған кезінде Шығыстағы ең мәдениетті, ең бай ел болғанын, ол бүгінде діни соқыр сезім ен жайлағандықтан, сопылық пен тағылық үстемдік құрғандығын, соның салдарынан бір кездегі бүкіл әлемге әйгілі сәулет өнерінің, көне ескерткіштердің тозып, мүжілгенін, кітапханалардың жойылып кетуін қынжыла жазады.
Шоқан қазақтардың наным-сенімінің кең жайылу сыры діншілдікпен байланысты екенін айтады. Мысалы, жақсы баласы, жүйрік аты, тазысы өлсе, қыран бүркіті ұшып кетсе, мылтығы бұзылса, осының бәрі біреулердің сұқтануынан, тілкөз тиюінен деп қарайтынын, ал одан сақтанудың жолы бойтұмар тағып жүру, садақа беру, әулиелерге жалбарыну деп қараған дейді. Бұл Шоқанның айтып отырғаны ғасырдан астам уақыттағы ұлттық құндылықтардың құлдырауы еді.
Бүгін мемлекет басшымыз Ұлттық құндылықтарды өз дәрежесінде дәріптеуге шақыруы дер кез. Өйткені Шоқан, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтар көтерген ұлттық дәстүрлеріміз бен намы-сенімдерімізге қатысты мәселелердің бүгінгі күні әбден шиеленісе түскен шағы болып отыр.
Салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды қайта жаңғыртуға үлесімді қосып, кеңінен насихаттауға арналған «Дәстүр» ұлттық-этнографиялық журналын үзбей шығарып келе жатқанымызға, міне, биыл – 15 жыл. Әрине, қандай істі болсын, бастау қиын болатыны белгілі. Жан аямай еңбек еттік. Іздендік, зерттедік. Өмірлік тәжірибемізді, оқып-білгенімізді, көргенімізді, жиған-тергенімізді, көкейге түйгенімізді, түсінгенімізді кәдемізге жараттық. Білмегенімізді кәсіби мамандардан сұрадық, білгенімізді оқырманмен бөлістік. Сол арқылы өзіміз де осы салаға бейімделе-мамандана бастадық. Бұл жылдар мен үшін жемісті, табысты болды. Осы уақыт ішінде халыққа керек кейбір жақсы істердің жаршысы, игі шаралардың бастамашысы болдық. Адамзат пен табиғаттың арасын байланыстырып, ұлтты ғасырлар қойнауынан аман-есен алып шығып, нұрлы болашаққа бастар құдіретті күш – салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызда жатқанын айтып, хал-қадірімізше халыққа түсіндіріп келеміз.
2017 жылы журналымызда жиі көтерілетін көкейкесті мәселелер мен редакциямызға үздіксіз келіп түсетін оқырмандар хаттарын екшеп, саралай келе, қазақы болмысымыздың қайнар көзі – дәстүрімізді сақтап, болашаққа аманаттауды ұстын етіп ұстанатын – «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты ғылыми-көпшілік жобаны қолға алып, жоба аттас төрт томдық кітапты өз қаржыммен шығардым. Ол әрине, аз таралыммен шықты. Бұл төрт томдыққа 88 ғұлама-этнографтарымыздың оқырмандар сұрақтарына менің сұқбаттасуым арқылы берген жауаптары енген.
ХХ ғасыр – индустрияландыру ғасыры болды. Ал, ХХІ ғасыр – ақпараттандыру ғасыры болып қалыптаса бастады. Индустрияландыру дәуірінде өндірілген өнім басты нәтиже болып саналса, ХХІ ғасырда өндірілетін өнімнен гөрі ақпараттың маңыздылығы арта түсті. Демек, ақпаратты дамытып, оны ел игілігіне жұмсай білген, өз халқын мүмкін болатын алуан түрлі ақпараттық шабуылдардан қорғай алатын қабілетке ие мемлекеттер ғана болашаққа сенімді қадам жасайды.
Сондықтан да «жаңа дегеніміз – тоны айналдыра өзгертілген ескі» деген қағидаға негіздей отырып, халқымыздың бүгінге дейін қолданып келген дәстүрлі құндылықтарын замануи сандық-ақпараттық жүйе арқылы лайықты трансформациялауды, яғни өзгерісті – жүргізуіміз қажет.
Қазіргі жаһандану заманында қазақ жастарының алуан түрлі тақырыптағы ақпараттық сұраныстарын ұлттық тіл арқылы жасалған сапалы өнімдермен қамтамасыз ете алмасақ, туған топырағының үстінде өмір сүргенімен, жат идеологияның жетегіндегі мәңгүрттенген ұрпақты тәрбиелеуіміз мүмкін.
Біздің қазақ қоғамының алдында мыналарға төтеп беру немесе солардың ықпалына біржола ұшырап кету қаупі тұр. Олар: жалпы жаһандандыру, одан өзге америкаландыру, орыстандыру, арабтандыру, қытайландыру, т.б. психологиялық-идеологиялық қысымдардың барлығы немесе таяу мерзімде мүмкін болатындығын мойындамасқа шарамыз жоқ. Осылардың бәріне қарсы тұратын күш – ол қайта қазақтану немесе дәстүрге беріктік десек, бұған біздің қоғамымыздың күш-дәрмені жете ме?
Біздің бүгінгі тақырыбымызды Ыбырай Алтынсарин сонау 1884 жылы «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты кітабында мәселе етіп көтергенін білеміз. Онда: «…біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін. Екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алмауына жол бермеу үшін мен соңғы кезде Мұхаммед (с.ғ.с.) шариғатын үйрене бастап…осы оқу құралын құрастыруға кірістім» деп жазады.
Тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жылдан астам уақыт ішінде қалыптасқан салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық қазыналарымыздың қайсысы өзгеріп, нендей өзгерістерге ұшырағанына жауап беру – бүгінгі күннің басты ауыртар сұрақтары.
Қазіргі күні ғаламтор жүйесі ғаламат дамып отыр. Кешегі жаңалық бүгін ескіріп қалып жатыр. Бүгінгі жаңалықтың орнын ертең бұдан да қолайлы қызмет баспақ. Кеше ғана 2D, 3D форматтары үлкен жаңалық болған болса, қазіргі күні 5 D форматы трендке айналды. Ал, болашақта сандық форматтағы жетістіктің қарыштап дамитындығы сондай, оған тіпті қиялдың өзі жетпейтін деңгейге шығып отырмыз. Жасанды интеллект айналымға енгізілді.
Қазақ қоғамының, яғни қазақ әлемінің өзге туыстас түркі халықтарынан немесе ислам әлемінен, болмаса ғасырлар бойы көрші болып келе жатқан славян, қытай халықтарынан өзгешелігі – туыстық қарым-қатынас, отбасы, қарашаңырақ, жеті ата, рулық шежіре, туу, өмір сүру, өмірден өту үштігінде атқарылар салт-жоралғылар болып табылады.
Абайдың жиырма төртінші қара сөзінде «… Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды…», – дегенін жақсы мағынада тілге тиек етсек, осы жақсы қасиеттерді заманауи ақпарат құралдары арқылы өзгертіп, ұсына білуіміз қажет деп білемін.
Осы тұрғыда қазіргі күні қазақ ғаламторы айдынында ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған сайттар мен порталдардың жұмыс атқарып жатқанын жақсы білемін. Олардың ішінде «Дәстүркб» сайты да ұлтқа қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Қазақтың кейбір салт-дәстүрлері, ұлттық қазынамыз ұмыт бола бастады. Ұмыт болу мен өзгеріс үдерісі тоқтаусыз жүріп жатыр деуімізге әбден болады. Бұл арада ең басты назар аударатын дүние – шартты ұғымдар. Оларға арнайы тоқталу қажет болады. Мысал үшін, солардың бірі шаңырақ ғұрпына – культіне тоқталайық.
Қазақ қоғамында шаңырақ ұғымының орны ерекше. Шаңырақ – қазақ үшін ежелден киелі ұғым болып келді. Шаңырақ – бір әкеден, атадан, әулеттен, рудан таралған ұрпақтардың бірлік нышаны. «Қара шаңырақ» ұғымы сонау патриархалдық феодализм дәуірінде қалыптасқан. Ұлан-ғайыр даланың әр қырында жүрген бауырластар үшін қара шаңырақ – ат айналар қазық ретінде танылған. Қара шаңыраққа міндетті түрде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, кенже ұл отыруға тиіс болса да, көптеген факторларға байланысты, өзге ұлдар да, тіпті асырап алған балалары мен жиендері ие болатын жағдайлар да орын алып келеді. Күні бүгінге дейін, қазіргі ақпараттық ағын заманында да қара шаңырақты кие тұтып, әспеттеу сақталғанымен, жылдар өткен сайын бұл қастерлі ұғым өзінің маңызын жоғалта бастаған сияқты. Оның себебі мынада деп білемін: қазақ қоғамындағы қалаландырудың – урбанизацияның қарқынды әсерінен, бұрын халқымыздың басым бөлігі ауылдық жерлерде топтаса өмір сүрсе, қазіргі кезеңде көптеген әулеттер бірыңғай қалада тіршілік етіп, қалалық өмір салтымен өмір сүруге бейімделе бастады. Қала мен қала типтес елді мекендерде ғылым мен техниканың дамуы мен көрсетілетін түрлі қызметтердің кәсібилендірілуіне байланысты туысқандар мен ауылдастардың бірлесе атқаратын ұжымдық, науқандық шаруасына деген қажеттілік мүлде дерлік жойылып бара жатқаны анық. Мысал үшін, шөп шабу, үй салу, құдық қазу, мал бағу, т.б. бір адамның қолынан келе бермейтін шаруаларды қазіргі күні уақытында әрі сапалы атқаратын арнайы мамандар пайда болды.
Сондай-ақ табыс тауып, отбасын асырау – тек ер адамның ғана емес, әйелдің де қолынан келетіндігі – үйреншікті жағдайға айналды. Сол себепті де біздің қазақ қоғамында ер азаматтың биік те мызғымас тұлғасына, беделіне деген көзқарасқа да селкеу түсті. Қазіргі күні кез келген балабақшадағы тәрбиеленушілердің жартысына жуығы әкесіз өсіп жатқан сәбилер екендігі осының айғағы.
Сонымен қатар, қазақ қоғамында да азаматтық неке үрдісі белең ала бастады. Мұның өзі қазіргі қазақ қоғамындағы отбасылық қатынастардың өзгеруінің жағымсыз көріністері. Ал, бұларды болдырмаудың алдын алу – қоғамдық институттардың қарастыратын мәселесі десек, олардың көзі мен құлағы – ақпараттық құралдар. Ақпаратты тарататын мына біз бен сіздерсіздер.
Қазіргі күні бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде ғаламтор арқылы насихатталып, халықтың барынша қызығушылығын тудырып отырған төл дәстүріміз – ұлттық шежіре.
Жоғарыдағы мысалға қарап, қазақ қоғамындағы ізгі құндылықтар толықтай жойылып немесе күйреп кетеді немесе күйреді деуге болмайды. Біреулері өміршеңдік танытып, жаңа заманға бейімделіп жаңғырып жатса, енді бірі біртіндеп ұмытыла бастайды.
Дәстүрлердің трансформациясы, яғни өзгеруі – ұрпақтар сабақтастығы арқылы көрініс табатыны шындық. Ал, егер бұл үрдіс сақталмаған немесе табиғи қалпынан күштеп әсер етіп, басқа арнаға бұрған жағдайда – құлдырауға жол ашылмақ.
Кезінде «түрі ұлттық мазмұны социалистік» деген ұран көтерген коммунистер қазақ халқының көптеген салттары мен дәстүрлерінің түпкі негізін мүлде өзгертіп жіберді. Немесе басқа арнаға бұрылып кетті. Еліміздің құндылықтар жүйесі дәл сол ХХ ғасырда айтарлықтай өзгерді жəне оның құндылықтық қырлары қазіргі таңда да айқын көрініс беріп отыр.
Біздің халқымыз неге көршілес, туыстас кейбір халықтарға қарағанда орыстануға немесе еуропалануға бейім тұрады деген сұрақтың жауабы – ұлтымыздың ауқымды жерге иелігі, қазақ халқын құрамдаушы ядроның арғы негізінде көптеген ежелгі империя құрған халықтардың енуі, т.б. жағдайлар жатыр және ұлттық дәстүрлерді өзгертуді ақпараттық құралдары да жүзеге асыруда, бұлар да ескерілуі керек деп ойлаймын.
Жалпы, өзінің өткенін жаппай сынау, өзгені, болашақты мұрат тұту, алғашқы құндылықтық мәндерді алмастыру – басқыншылықты, жиіркенушілікті тудыратыны белгілі. Бұл кейінгі кезеңдегі қазақ қоғамында байқалған жағымсыз үрдістердің бірі. Яғни, қазақ қоғамында посткоммунистік дәуірде материалдық, прагматикалық, өзімшілдік сипаттағы құндылықтар басымдыққа ие бола бастады.
Зерттеулерге қарағанда, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тұрғындардың 2/3 бөлігі материалдық игіліктерден гөрі бостандық құндылықтарына басымдылық берген болса, бұдан кейін елдің жартысынан астамы бостандық құндылығынан материалдық иігіліктерді анағұрлым маңызды санауға көшкендігін көреміз.
Сондықтан да қазіргі күні ұлтының тілінен, ділінен, дінінен безген немесе оларды тұтынуды, қолдануды өзіне ар санайтын жат ұрпақтың қарасы мол. Міне осы жағдайда әлеуметтік бейімделудің инновациялық тәсілі қажет және ол – компьютерлік-ғаламторлық ақпарат әлемі болып табылады. Біз оның осы мүмкіндігін ұлттық дәстүрлерді оңтайлы өзгертіп, қолжетімді ақпарттық танымдық орта қалыптастыруға жұмылдыра алсақ, көп жағдайда ұтарымыз анық. Себебі, «өзгенікі таңсық, өзіміздікі қаңсық» деген ұғыммен ғасырлар бойы қалыптастырған халқымыздың озық салт-дәстүрлерін мансұқ етіп, батыстық өмір сүру салттарын мұрат тұтатын болсақ, мемлекетіміздің болашағына көлеңке түсіргендік болып табылады.
Демек, қазақ қоғамы үшін барымызды базарлап, оны бүгінгі күннің сұранысына сай қолданысқа енгізіп, ақпараттық қажеттілік шыққанда қолжетімді болдыру – біздің азаматтық қоғамның міндеті болуға тиіс. Осы арқылы ұмыт болған ұлттық қазынамызды қайтарып, мәдени жаңғыру үдерісіне ие боламыз. Абай айтқан жағымсыз ғадеттерден аулақ болып, жағымды істерге құштар болу, оларды тиімді форматта ұсыну – отандық ұлтымызға жанашыр массмедиалар жұмысының басым бағыты болуы тиіс.
«Тілашар» өзінің аты айтып тұрғанындай, баланың тілі шығуы кешеуілдеген кезде, тілі тез шығуы үшін жасалғаны дұрыс. Ал, енді мектепке баратын, тіпті оған дейін де біраз әріптермен танысып, оқи білетін балаға «Тілашар» жасау қисынға қайшы. Бірақ мектепке баратын балаға арналған қуанышты шара солай аталып кетті. Бажайлап қарасақ, бұрынғы «тілашардың» уақыт ыңғайымен өзгеруі бүгінгі «Тілашарды» туғызып отыр екен. Осылай уақыт жетілдірген дәстүрлер ұлттық қайнарларға қайшы келмейтін болса, оны жатырқаудың қажеті жоқ.
Әдет-ғұрып – ұлттың рухани тамыры, нәр алар бастау-бұлағы. «Уықты – басқұр, ұлтты – дәстүр сақтайды» деп тегін айтпаса керек бұрынғылар. Ал, дәстүрді кім сақтайды? Әрине, ұлт сақтайды. Міне, ендеше ұмыт болған ұлттық қазынамызды қайтару жолында атқарар шаруалар шаш етектен.
Елді – ел, ұлтты – ұлт ететін де, бойына қан жүгіртіп, өзегіне нәр беретін де сол ұлттың өзіне ғана тән салт-сана, әдет-ғұрыптары. Дәстүрі ұмытылған, тарихы бұрмаланған, тілі шұбарланған ұлттың ғұмыры қысқа болары анық. Ендеше, осы бағытта біз тындырар істер өте көп.
***
Даламызға шапағатын шашты кім,
Кімдер келіп, жасамады қастығын.
Айтыңдаршы,
ағайындар, күні ертең,
Сақталмаса, не боламыз Дəстүрің.
Диқандарым уайымдайды астығын,
Мансапқорлар аңдиды тек бастығын.
Уа, халқым-ау,
ойланайық, бүгін біз,
Сақталмаса, кім боламыз Дəстүрің.
Қашты кімдер, жаңалықтар ашты кім?
Жаңа заман, алға қадам бас гүлім.
Тіл мен ділің,
дін мен рух түп-түгел,
Жоғалады сақталмаса Дəстүрің.
Шексіз сүйдім олпы-солпы халқымды,
Қаршадайдан шығарсам деп даңқыңды.
Туған елім сақтайықшы ежелгі,
Ырым-тыйым, əдет-ғұрып, салтыңды.
Аталғанмен тәуелсіз ел, егемен,
Уайым-қайғы шеге берем неге мен?
Текеметім қайшылармен қиылып,
Сарайларға шығарылды Кебежем.
Ырымдарым – əжелер ғой аяулы,
Тыйымдарым – тəрбием ғой бояулы.
Қазанымнан қақпақ кетіп бұл күнде,
Көңіл шіркін қаяулы ғой, қаяулы.
Жаңа ғасыр бəрін үнсіз жалмады,
Етек жайды түрлі діндер тармағы.
Ғұрыптарым ұмытылып біртіндеп,
Салттарымның кетті азайып салмағы.
Салт-дəстүрім тықсырылып бұрышқа,
Қайран тілім туралғандай қылышқа.
Немерең мен шөбереңнің күні ертең,
Бөтен жолмен кеткені айтшы, дұрыс па?
Анталаған дұшпандарды байқашы,
Бүлдірмесін арамызды жайтасы.
Неге кірді басқа дінге бозбала,
Иманды мен имансыздың айқасы.
Жәдігер боп қалмасын Күбің де,
Барлық салмақ түсіп тұр ғой Бүгінге!
Қазағым-ау жойылса егер Дəстүрің,
Жойылады Тіл мен Дінің түбінде.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Нуржанов Б. Постмодернизм и новые медиа (компьютер и интернет). // Тамыр. – 2012, №2 (32)
- Алтынсарин Ыбырай. «Мұсылманшылықтың тұтқасы»
- Кирабаев Н. Философия и культура в контексте кризиса современности. Материалы І Казахстанского философского Конгресса (Алматы, 27–28 сентября 2013 г.). – Алматы: Институт философии, политологии и религиоведения КН МОН РК, 2013. – С. 43-55.
- Тоқашбаев М., Каршалова Раушан, «Бақыттың кілті». – Алматы: Дәстүр, 2017.
- Қалиев С., Базилов Ж. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері және демократ ағартушылары»
- Бегманов Қ. «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең». – Алматы: Дәстүр, 2017.
Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары.
Фото интернеттен алынды.