Мектеп  бітіргенімізге биыл 45 жыл болыпты. Өткен өмірге көз жүгіртсек, бәрі кеше ғана сияқты. Ол кезде Қаракемер ауылы Ойыл совхозы бойынша ең үлкен ауыл еді. Ойыл совхозының 1-фермасы Добыр ауылында және 3-фермасы Ақшатау ауылдарында 4 кластық мектеп болды да, ол жақтың балалары 5-кластан бастап Қаракемерге келіп оқитын. Мектептің жанында 50 орындық интернат болатын. Қаракемер ауылы Ойыл өзенінің бойында орналасқан өте керемет жер. Қаракемер ауылының сайында тал көп өскен, жылда мектеп директоры ауыл адамдарын, мұғалімдерді және оқушылырды ұйымдастырып тал егетін. Қаракемер ауылының екі жағында да үлкен тоғай бар, бірі Данил, екіншісі Қипы деп аталады. Көбіне сол тоғай жаққа балаларды ұстаздар демалуға алып баратын. Қипының ар жағында Санаторий (Қызыл мектеп) деген тарихи ғимараттары бар шағын ауыл болатын. Санаторийде жазды күні Ойыл ауданының балалары лагерьге демалуға келетін. Қаракемердің балалары кезекпен сол лагерьде демалып, Ойыл ауданы бойынша балалармен жақсы араласып, дос болып кетті.

Қаракемер ауылында Ойыл өзені көктемде 9-10 күндей тасиды, сай-сала, жыра-жылғалармен өзенге қарай су сарқырып ағып жататын. Өзен тасырдың алдында Добыр және Ақшатау ауылының балаларын ауылдарына жіберетін. Өзен тасып болғанша моторлы қайықпен су мамандары тексеріп жүретін, арасында тікұшақпен бақылап, келіп тұратын. Қаракемер ауылының тұсындағы Ойыл өзенінде екі өткел бар, олар Зағипа және Мария өткелдері деп аталады. Бұл өткелдерден жеңіл автокөліктер шілде айының ортасына дейін өте алмайтын. Өзен өте терең болатын, арнайы суға түсетін жерлерге ғана суға түсуге баратынбыз, көбіне сол өткелдерге барып суға түсетінбіз.

Қаракемер ауылындағы 8 жылдық мектепте бізге керемет білімді, білікті, жан-жақты білгір мұғалімдер сабақ берді.

Ұстаздан қуат алған барлық ғалам,

Біз үшін Ұстаз деген алтын адам!

Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенімен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы –  қиыншылығы мен рақаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздар Қаракемерде жетерлік. Солардың бірегейі – Мұханбетқали Қосанов, Ораз Алтыбаев, Сәрсенғали Әнесов, Ынта Қараманова, Жолдай Серғалиева, Раиса Меңгереева, Сайын Жайлыбаев, Тәжіғұл Үмбешов, Жұмабек Ермағанбетов, Асылбек Қосанов, Бақтығали Бектұрғанов, Ғалия Бекешова, Құндыз Бектұрғанова, Жаңыл Байнекешова, Әділхан Мерғалиев, Ғалия Уталиева, Аманорман Алтыбаев, Тілектес Қалниязова, Қуаныш-Шара Бисалиевтер, Еламан Жолыбаев, Зейнеп Тоғызбаева т.б. бізге сабақ берген ұстаздар жайында ерекше ілтипатпен  айтуға болады. Батыр да, басшы да, ақын да ұстаздан үлгі алған. Олар – ұлағатты ұстаздар. Себебі ғибратты ғұмырының қымбат  шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнады. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген ұстаздың өмірі –  болашақ үшін  үлкен өнеге. Содан бері біраз уақыт өтті.  Жүйткіген уақыт ешкімге  жеткізер емес. Ұстаздың қарапайымдылығы мен  ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден оны  ерекшелендіреді.  Ұстаздардың қайсар мінезі, қазақи ақжарқындығы мен  қызметіне деген адалдығы біз үшін үлгі болды.  Қазақтың әйгілі жазушысы Ғ.Мүсірепов «Оқушылардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай, ашық айтатын адамы – мұғалім»  демекші, шәкірттеріне оң бағытқа жол сілтер ақылшысы, кез келген сәтте көмек қолын соза білетін қамқор ұстаздарға алғысымыз шексіз. Сол кездегі ұстаздар сонымен қатар мектептің талапты да талантты шәкірттерінен құралған «Театр», «Еңбек», «Денешынықтыру» т.б. үйірмелерінің көркемдік  жетекшісі болып, үлгі көрсете білді. Мұның өзі тәжірибелі ұстаздардың тағы бір қырын айқындай түскендей. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, қаншама дарынды жастардың өнер айдынына еркін қанат қағып, самғау биігіне көтерілуіне дем беріп, ақыл-кеңестерін берді. Аталмыш үйірме арқылы бізді тылсым сырға толы өмір әлемімен таныстырып, адамгершілік, қазақ мәдениетін меңгеру арқылы санамызды оятып, армандарымызға, мақсаттарымызға, мұраттарымызға жетуге жол сілтеп, жемісті жұмыс жасады деп айтуға болады. Мұғалім ағайлар мен апайлар нағыз ұстаз  ғана емес, Қаракемер ауылының мәуелі бәйтерегі бола білді.

Біз үшін мектептің әр қабырғасы, есігі, тіпті оның тұтқасына дейін ыстық. Биология, химия, математика, физика, қазақ тілі т.б. кластарды, мектеп қоңырауы мен қара тақтаны көргенде балалық, балғын шағың еске түседі. Білім ошағын бітіргеннен кейін 45 жыл өтсе де, оқу жылдарынан қалған естеліктер ұмытылған емес.  Кластастар бір-бірімізді іздеп, ватсап арқылы топ құрдық.  Кластастар деген бала кезімізде құлын-тайдай тебісіп бірге ойнаған ең шынайы достар. Кейбірін дауысынан танып жатасың. Бет-әлпеті, түрі өзгерсе де, дауысы баяғыша қалған. Кластастар биыл асқаралы 60 жасқа толып жатыр.  Бірге оқыған кластастар Андрей және Люба Сисенғалиевтер, Айгүл Есбосынова, Амандық Шамишев, Амантай Дұзбағамбетов, Алмаш Халидуллина, Ақкенже Жолдыбаева, Әбілхан Әжниязов, Әлия Рахметуллина, Әзімтай Жакин, Әсима Ысымғалиева, Есенгүл Құттыбаева, Жаңыл Мұқанбетова, Жаңабай Әлипов, Идош Тасанова, Кәмел Жаманов, Лайық Дәулетова, Мұса Абдрахманов,  Нұрғайша Қатығарина, Сайлау Айдаров, Света Сисенғалиева, Тарғын Қозбақов, Үйтолған Тасанова, Шадияр Сламғалиев.

Сол кездегі бойжеткендер мен бозбалалар өз жолдарын тауып, мұғалім, дәрігер, мал дәрігері, тренер, жүргізуші, тракторшы, шаруа, жұмысшы сынды түрлі мамандық иелері атанды. Осыдан 45 жыл бұрын мектеп бітірген түлектердің біразы арман қуып, еліміздің түкпір-түкпірлеріне орналасып, шаңырақ көтерді. Балалы-шағалы болды. Енді бірқатары туған жерден табан аудармай, ауылдың берекелі тірлігіне үлес қосып жүр. Қазір қарап отырсақ, сыртта жүргендерден гөрі, ауылда, аудан орталығында және жақын елді мекендерде тұрып жатқандардың саны басым екен.

Иә, қырық бес жыл деген аз уақыт емес. Жол түскенде, ауыл жаққа барғанда кездесіп қалатын бірен-саран кластастар болмаса, бір-бірімен көптен жүздеспеген достар алда болатын қырық бес жылдық кездесуден үлкен әсер аларымыз сөзсіз. Әсіресе кездесу жайын алдымен айтып: «Бір себеппен туған жердің топырағына табан тіреп, сағыныштарыңды басып қайтыңдар», – деп жатқан ауылдағы кластастарға қалай риза болмассың?!

Бір партада отырып, қоңырау кезінде дәлізде бірге жүгірген кластастар мен жылдар бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздардың бірқатары өмірден өтіп кетті. Бірақ, олардың бәрі де ұмыт қалмайды, еске алып, Құран бағыштап тұрамыз.

Қазақ халқының ертеден келе жатқан ең үлкен дәстүрі – қайтыс болғандарды еске алу, Құран бағыштау. Бұл дүниеден өткен досыңды, жақын адамдардың жылы толғанда, одан кейінгі жылдары туған және қайтыс болған күндерінде оған жасалатын садақа, зор құрмет, ұлы жиын, басқосу, еске алу және еске алып, Құран бағыштау. Құран бағыштау, жақын адамдардың, ұйымшыл елдің ғана қолынан келген. «Ей, адамдар, құлақ сал өлілерге, есептесер күн туар сенімен де» және  «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп те айтады. Бүгінгі жазып отырған мақаламыз имандылықтың бастауы, өмірден өткендерді еске алу тірілерге парыз. Марқұм болған жақындарын ардақтай білгендер ғана тірілерді қадірлей алады!

Қайтыс болғандарды еске алу дәстүрі қазір де жалғастырылып жатқанын айта кету керек. Жақындарымызды еске алу қазынасы мол халықтық дәстүрлердің тәрбиелік, ұлттық, рухани байлығымыздың қайта оралғанының айқын көрінісі екенін тағы да дәлелдеп берді. Марқұмның көзі тірісінде атқарған ісі мен қазақ қоғамындағы салмағы қаншалық болса, оның еске алу сән-салтанаты да соған сай болуы тиіс деп саналған.

Ендеше, біз сөз етіп отырған ұстаздар мен кластастар кімдер еді?  Өмірде таланттың түрі көп. Бірі – бүгінгі талант, екіншісі – болашақтың таланты. Бұл екеуінің арасы жер мен көктей. Бүгінгі күннің талантының аты өз заманында ғана шығады. Ал келешектің талантының ғұмыры мәңгілік жасайды. Қазақта талантының шамшырағы мәңгі жанатын дарабоздар бір жағынан қарағанда онша көп те емес. Десек те, жұлдызы биік сондай көп таланттардың базбірінің кейде атақ даңқы әмбе жұртқа бірдей тарай бермейді. Соған қарамастан, ондайлардың бірнеше жылдық өмірінің өзі көпшіліктің көңілінен шыққаны соншалық, есімі алысқа тараған үлкен болыс, би, батыр аталарымызбен қатар жұрттың көкейінде жүреді. Солардың бірегейі – біздің ұстаздарымыз, бала кезімізде бірге ойнаған достарымыз, кластастарымыз деп білеміз.

Ұстаздар және кластастар біз үшін жақсы дос, жора-жолдас, құрбы-құрдас болды! Ұстаздардың және кластастардың жаман әдеттерін, ренжігенін көрмеппіз, кілең таза, ұстамды, көңілді жүретіні есте қалыпты.

Бір ғана Тәңір бар ол Алла тағала, Мұхаммед пайғамбар оның елшісі, Құран шын деген Әбу Ханафи мәсһабын ұстанатын мұсылман халықпыз. Ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі бойынша тірісінде құрметтеу, қайтыс болғасын әруағын сыйлау парыз. Бізді оқытқан ұстаздар мен бірге оқыған бала кездегі достарына құрмет көрсету ретінде Құран бағыштау, дұға ету, еске алу тірілердің парызы. Мұндай еске алу мақала тек әруақтардың риза болып, желеп-жебеп жатуы үшін емес, тірілердің жолынан жаңылмауы, ата-баба жолынан адаспауы үшін керек және болашақ ұрпаққа үлгі болуы тиіс.

Барлық  марқұм болған ұстаздардың және кластастардың жақындарына, туыстарына, отбасына зор денсаулық,  бақ-дәулет, береке-бірлік, амандық, қуаныш, тыныштық, жақсылықтар тілейміз.

Халқымыз «ер топырағына тартады» деп бекер айтпаған. Бұл – қай уақытта да, қай кезде де өз мәнін жоймайтын даналық сөз.   Сондықтан араға жылдар салып, сағынып жүздескенде, айтар әңгіме де, бөлісер жаңалық та көп болады.

Сәтін салып, 45 жылдық кездесуде сол сезімнен арылмай, бәріңді де бір кісідей құшақтап: «Құрметті асыл ұстаздарым, достарым, кластастарым, қатарларымыз сиремесін, әрқашан қуанышпен қауышайық!», – дегім келеді.  Ләйім солай болғай!

Нұрлан  ЕСЕНҒАЗЫ, Халықаралық «Қазақ тілі» Ақтөбе қоғамдық бірлестігінің басқарма кеңесшісі, ұстаз, дәрігер.

Бөлісу: