Әженің сөзі – тәрбиенің көзі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты жолдауында «Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Адам капиталына, білім саласына қо­йылатын талаптар мүлдем өзгеше. Са­палы білім қарқынды дамудың бас­ты шартына айналды. Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқа­шан жақсылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс», – деген еді. Осы орайда жас ұрпақты жастайынан ашу-ызаға тізгін бермей, көңілге көлеңке түсірмей, ешкімге іштей кек сақтамай, жүректің жылуын өшіріп алмай, өзгелер туралы жаман ойға бармай, мына жарық дүниеге ұдайы мейірлене қарап, өмір сүру керек екенін түсіндіретін – «Әженің сөзі – тәрбиенің көзі» атты ұлттық тәрбие сағатын өткізген едік.

 Ұлттық тәрбие сағатының мақсаты: Әжелердің өнегелі өмірін үлгі ете отырып, балаларды қазақтың ұлттық салт-дәстүріне баулу, туған жерін, елін, дәстүрін құрметтеуге, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.

Міндеті:

  • Халықтың ауыз әдебиеті үлгілерін қолдану арқылы рухани-мәдени қасиеттерге тәрбиелеу;
  • Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттай отырып, баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру;
  • Қолөнер бұйымдарын көрсету арқылы көрген-білгендерін естеріне сақтап, ұлттық дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу;
  • Отбасына деген қамқорлық пен сүйіспеншілікті, үлкенге ізет, кішіге құрмет сезімдеріне тәрбиелеу:

 І. Тренинг (Жансая Бейбітқызы)

ІІ. Әжелер мектебіның жұмыс жоспарымен таныстыру (Зәуреш Ержанқызы)

ІІІ. Бесік той

  1. Бесік туралы ырым-тыйымдар
  2. Бесіктің жабдықтары
  3. Аластау
  4. Бесікке салу (Тышты ма дәстүрі)
  5. Бесік жыры

Жүргізуші:

– Қайырлы күн, құрметті ақ жаулықты асыл әжелер. Әженің өнегесі – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы құндылық, тәрбиенің қайнар көзі. Баланың бойындағы асыл қасиеттерді отбасында ата-әжесі қалыптастырған. Сонымен қатар, ұлттық тәрбиенің, ізгіліктің дәнін әжелер сепкен.

Жүргізуші:

Мектебіміздегі Даналық мектебінің жобасы аясында «Ғибрат» әжелер мектебі жұмыс істеуде. Әжелер мектебінің мақсаты әжелердің өнегелі өмірін үлгі ете отырып, балаларды қазақтың ұлттық салт-дәстүрлеріне баулу, туған жерін, елін, дәстүрлерін құрметтеуге, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.

Жүргізуші:

Ендеше, «Ғибрат» әжелер мектебінің жұмыс жоспарымен таныс болыңыздар.

Жүргізуші:

Енді Көптілеу әжеміздің үйіндегі бесік тойға барып қайтайық.

Амандасу, құтты болсын айтады.

1 әже: Біздің қазақ халқы ырымшыл келеді. Соның ішінде, бесікке қатысты ырым-тыйымдарды сіздерге айтып берейін.

  • Бос бесікті тербетпейді.
  • Бос бесікті еш уақытта жабусыз қалдырмау керек. Үстіне ақ мата жауып, ең болмағанда ұршығына орамал байлап қою қажет.
  • Бесіктің теріс жағына отырмайды.
  • Бесікті саудаламайды. Айтқан бағасына сатып алу керек.
  • Бесік жасайтын шеберлер нысапты болуы тиіс. Киелі дүниенің бағасын аспандатпауы керек.

Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған.

2-әже: Жас нәрестені бесікке бөлеу үшін төмендегідей жасау-жабдықтар қажет.

Ши. Бесік шабақтарының үстіне төселетін шиден тоқылған төсеніш. Түбектің бекітілген тұсында ойығы болады.

Жөргек. Жұқа, талдырып басылған киіз төсеніш. Осыны кейде қаузау деп те атайды (қаузау киіз).

Құс төсек. Жөргектің үстіне төселетін, арасына құс жүні салынып, қабылған жұмсақ төсеніш. Оның да түбек түсетін тұсында ойығы болады.

Жастық. Бесіктің енімен сәйкес келетін, арасына құс жүні толтырылған кішкене жастық.

Көрпе. Жай матадан әзірленген көрпені жаздыгүні, ал арасына мақта салып қабылған көрпені – қыстыгүні қолданады.

Кепіл. Нәрестенің жамбасы тұсына, тізесіне кепіл ретінде арнайы тігілген бірнеше кішкене жастықшалар қойылады. Ол жастықшалар түбек орналасқан ойықтың төңірегіне төселеді.

Тартпа бау. Тартпа бауларды кейде таңғыш деп те атай береді, олар құр тәрізді биязы жіптен тоқылады. Немесе екі-үш қабат матаны сырып, бауларды ызып әзірлейді. Тартпаның біреуі бөленген, құндақталған нәрестенің көкірек тұсынан, екіншісі – тізенің үстінен түседі. Тартпа баудың ұштары бесіктің екі жағындағы сабау ағаштарға таңылады.

Түбек. Түбек қыштан, көңнен, күйдірілген саз балшықтан немесе мыс, жез қаңылтырдан әзірленеді. Қыстыгүні сыртына киіз, қайыс немесе былғарыдан тігілген қап кигізіп қояды. Түбектің түбіне сәл күл сеуіп қолданады.

Шүмек. Шүмекті ағаштан да, сүйектен де жасауға болады. Ұл баланың шүмегін асықты жіліктің асық тұрған басынан ойық ойып жасайды. Екінші қарама-қарсы басын шорт кесіп тастап, қырларын егеп, жұмырлап қояды. Қыз баланың шүмегін ескі, көп ұсталып майсіңді болған уықтың қарынан (иінінен) жасайды, ойығын ұлдікіне қарағанда сәл сопақтау етіп ойған жөн. Шүмек баланың денесіне батпау үшін қырларын тегістеп жылтыратып, зәрді сорып алмауы үшін майға қайнатып алған соң пайдалана беруге болады.

Жабу. Бесіктің көлеміне сай, жұқа матадан тігілген, кестеленген арнаулы жабуы болады. Ол бесікке бөленген жас нәрестені маса-шыбыннан, желден, шаң-тозаңнан, күннің көзінен, суықтан қорғайды.

3-әже: Аластау. Баланы бесікке бөлер кезде əрдайым ең алдымен бесікті міндетті түрде аластайды. Бесікті көбінде аршаның бүрі-шырпысын тамызып, ол болмаса, шам, шақпақ, сіріңке талы секілді жарық шығаратын заттардың бірін пайдаланып, бесіктің бас-аяғын тегіс айналдыра:

– Алас, алас, алас! Əр пəлеңнен қалас!

Көзі жаманның көзінен алас! Тілі жаманның тілінен алас! Уы жаманның уынан алас!

Алас, алас, алас!

Қыла гөр Алла мың пəлеңнен қалас! – деп бесікті аластап шығып, онан соң баланы бөлеуге кіріседі.

Бесік аластаудың да өзіндік ғылыми негізі бар:

  1. Аршаның микроб өлтіретін қасиеті бар. Сондықтан бұл бала- ның дені сау болып өсуіне септігін тигізеді.
  2. Оттың жарығымен бесікті аластау зиянды жəндіктерден сақтан- дыру үшін қажет. Баланы бесіктен шешіп алған соң, түбек-шүмегін жуып, көрпе-жастығы мен жөргегін күнге жайып отырады.

4-әже: Бесікке салу (тышты ма)

Баланы бесікке бөлерден бұрын тышты ма ырымы жасалады. Бесіктің түбек тесігі арқылы бауырсақ, кәмпит және басқа тәтті дәмдер жапа тармағай астына тосылған алақандарға тасталады. Басқарушы әйел «тышты ма» деп сұрағанда, қасындағы әйелдер іле-шала «тышты-тышты» деп шу ете түседі. Әрбір жақсылықты үнемі шашу шашумен қарсы алатын халқымыздың бұл дәстүрі «балаға бесік құт дарытсын» деген ниетпен туған рәсім.

5-әже: Ал ендеше, мен бесік жырын айтып берейін.

Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
Сөзіңді жұрт мақұлдап,
Шешен болар ма екенсің?

Тағы бір нұсқасы:

Әлди-әлди ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Байқұтанның құйрығын,
Жіпке тағып берейін.

Жүргізуші: Әженің тәрбиесі арқылы бала жақсы мен жаманды ажыратып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйренеді. Әдетте әже тәрбиесін алған баланы жұрт «тәрбиелі бала», «көргенді бала» деп баға беріп жатады. Өйткені әженің мейіріміне бөленіп, тәрбиесін алып өскен бала үй шаруасына бейім болады, өзі мейірімді, адал болып өседі.

Жүргізуші: Асыл әжем өлеңі Рақым Үмітжан

Жүргізуші: Алтын уақыттарыңызды бөліп осындай тәрбие бай іс-шарамызға қатысқандарыңызға рақмет! Сау болыңыздар!

 

Толқынай Албергенова, Әйгерім Қайып, Зәуреш Арыстаналиева, Қарағанды облысы білім басқармасының Балқаш қаласы білім бөлімінің «№5 жалпы білім беретін мектебі» КММ-нің бастауыш сынып ұстаздары

 

 

 

Бөлісу: