Биылғы жылы қазақ халқының тарихында айтулы мереке! Қазақтың ән әлемінде, халқымыздың маңдайына біткен әнші қызы, тума талант иесі, атақты Роза Тәжібайқызы Бағланованың туғанына 100 жыл толып отыр. Осы айтулы мереке ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмекші.  «Қазақ деген халықтың еркесімін» деп өзі айтқандай, қайталанбас, ғажап дауыс иесі, аты аңызға айналған дара тұлғаның мерейтойына байланысты түрлі іс-шаралар республика көлемінде аталып өтуде.

Осы мақсатта, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің  Twitter желісінде «2022 жылдың 1 қаңтарында қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады. Ол – Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы. Майдан даласында ән салған Роза Бағланова қазіргі күнге дейін еліміздегі және шетелдегі ән сүйер қауым арасында кеңінен танымал. Оның есімін мәңгі сақтау үшін тиісті  шаралар қабылдауды тапсырдым».

Ұлттың үні – тірегі «Әнші Роза Бағланованың батырлығы туралы», – деп жазғанындай, бұл бір жағынан ұлы әншіге құрмет, тағзым ету болса, екіншіден, кейінгі ұрпаққа ой салу. Сыңғырлаған әсем әуенімен Роза Тәжібайқызы салған әндердің  халықтың құрметіне бөленуі, олардың  рухын жігерлендіруі, оның  «әнімен  өрілген» репертуарларымен сабақтасып жатыр.

Қазақтың қайталанбас жезтаңдай әншісі Роза Тәжібайқызының 100 жылдық мерейтойы қарсаңындағы  Р.Т.Бағланованың  өзі туралы жазған «Айналайын халқымнан еркелеткен» атты өмірбаяндық кітабын оқудың маңызы зор. Роза апамыз жайында айтылмаған, жазылмаған ештеңе қалмағандай. Қазақ даласында, қиын-қыстау кезеңде дүниеге келген, жастайынан ән айтуға бейім болған, көмекейіне бұлбұл құс ұя салғандай, ерекше дауыс иесінің өмір жолы, майдан даласында жүріп салған әндері, ел мен жерді аралап, қазақ деген елді әлемге танытуы – қазақтың өнер әлеміне қосылған таусылмас қазына, шетсіз-шексіз байлық болып табылады. Мұндай байлықтың ертеңгі атар таң үшін маңызы зор болмақ!

Розаның әкесі Тәжібай Кіші жүздің Жағалбайлы руынан шыққан, сол заманның бақуатты адамы болған. Әуелі татар қызы Мәриямға үйленген. Кейін Күндей деген шешесі ер адамға ізін жалғастыратын ұрпақ керек деп, екінші рет Ақкүріш деген қазақ қызын алып береді. Тәжібайдың екі әйелі қатар босанып, Мәриямнан Ыдырыс деген ұл, Ақкүріштен Роза деген қыз дүниеге келеді. Аумалы-төкпелі кезеңде Тәжібайдың отбасы Ташкентке қоныс аударады. Роза Бағланова тетелес бауыры Ыдырыстың әскерге алынғанын ғана біледі. Содан ол хабарсыз кеткен.

Роза Бағланова әке-шешесі жайында былай дейді: «Менің әкем екі әйел алған адам. Менің ұлты  неміс тәрбиеші, күтушім болды. Аналарым мен тәрбиешім сол заманның сауатты адамдары, әрі текті әйелдер еді», – деп еске алады.

1922 жылы Қызылорда облысының Қазалы өңірінде дүниеге келген Роза жастайынан қағілез, өнерге жақын боп өседі. Әжесі де, шешесі де әнші болған адамдар, бірақ арнайы білімдері болмаған. Олар кішкентай Розаға халық әндерін жаттатып, үнемі айтқызып отырады.  Әжесінен үйренген «Жайдарман», «Айнамкөз», «Қараторғай», «Екі жирен» сияқты халық әндері өмір бойы оның репертуарынан түспеген. 1929 жылы Қазалыдағы №67, қазіргі №420 мектепте оқыған.  Содан дауысы қалып алған жас Роза мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қазақ әндерін нақышына  келтіріп, құйқылжыта орындай бастайды. Мектеп бітірген соң 1939 жылы Роза Қызылорда педагогикалық  институтына түседі. Бірақ кенеттен әкесі қайтыс болып, туыстарын жағалап, тұрмыстық жағдайға байланысты сол жылы Ташкент тоқыма институтына ауысады. Әншінің бойжеткен шағы ашаршылық пен аласапыран жылдарға дөп келеді. Ташкентте жүргенде оның ерекше дауысы бірден көзге түседі. «Үйдің тіршілігін жасай жүріп, ән салатын әдетім бар еді. Әлі есімде, есіктің алдын сыпырып жүріп әндеткен қыздың даусын естіп, өзбек филармониясының директоры «Ән айтқан кім?» деп іздеп келеді. Менің әншілік өмір жолымды, бағымды ашқан сол Кари  Якупов әка еді. Осылайша оның өнердегі еңбек жолы Өзбекстан филармониясының сахнасында басталады. Филармонияның үлкен залында әртістер өзара күбірлесіп отырғанда, сахнаға өзбек әртісі Кари Якубов шығып: «Қазір сіздерге қазақтың керемет қызы ән салып береді» деп Розаны таныстырады.  Роза сахнаға қымсына шығып, ән орындайды. Ән біте бергенде, жан-жақтан «Жарайсың, қызым! Тамаша! Мынау қайдан келген періште» деп шуылдаса жөнеледі. Розаның сахнадағы тағдыры осылай басталады. Өзбекстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хаитшысы Осман Юсупов әншінің даусына тәнті болған.  Жас қызға Ташкент шаһарының орталығынан бесқабатты үй беріп,  Мәскеудегі консерваторияға жолдама ұстатады.  Содан Кари әканың көмегімен Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші болады. Одан соң, 1941 жылы Мәскеу консерваториясына жолдама алғанында соғыс басталып кетеді.

1941 жылы 22 маусымда ойда-жоқта басталған сұм соғыс  өнер әлеміне енді ғана қадам басқан  Розаның үмітін үзгендей болады. Әнші Ташкент вокзалынан жөнелтіліп жатқан вагон-вагон  пойыздарды, зарлаған ана, жылаған елді күнде көріп, қатты қиналады. «Жақсы ән – жан азығы» дегенді терең ұққан Роза көп ұзамай, филармония әртістерімен бірге майдан шептеріндегі жауынгерлерге өнер көрсетуді ойлайды. Ел басына күн туған осындай ауыр кезде, әрбір азамат ел қорғауға аттанып жатқанда, қыз-келіншектер, яғни өнер адамдары да қарап қалған жоқ.  Роза да солардың бірі болды, яғни 1941 жылдың қыркүйек айында Ташкент филармониясының қыз-келіншектерінен құрылған  ансамбльдің майдан шептерінде әскерге өнер көрсету үшін аттанғаны, оның құрамында бас солист Роза Бағланованың болғаны тарихтан белгілі.  Жас Роза сол  ансамбль мүшелерімен бірге  майдан даласын аралап,  өнер көрсетеді. Сонау сұрапыл жылдары  кеңес жауынгерлеріне ерлік пен елдіктің туын көтеріп, оқ пен оттың ортасында шырқаған  Роза Бағланованың патриоттық әндері бүгінгі тәуелсіз Қазақ Армиясының сарбаздарының  рухын жігерлендіретін  патриоттық әндерімен жалғасып жатты. Жас әнші Розаның құйқылжыған әсем даусымен талай майдангерлер жігерленіп, жауға аттанған, жауды жеңген. Жауынгерлердің көз алдына әдемі әндері арқылы, анаға деген сағынышын, жарға деген ғашық жүректің лүпілін, туған ауылының келбетін, жерінің сұлулығы мен байлығын  елестету арқылы рух-жігер беріп отырған. Варшаваны азат ету  жолындағы болған соғыста ауыр және көп жараланған  әскерлердің алдында «Темная ночь» өлеңін айта бастағанда, фашистердің бірнеше ұшағы бомба тастап, олар жатқан ескі үйдің төбесі ортасына түседі.  Соғыс зардабы әншіні де айналып өтпеген. Жалғыз бауыры майданда мерт болып, өзінің көзіне минометтің жарықшағы түсіп, жарық күн түнекке айналған кездері де болды. Сөйтіп жүріп, жеңіс жарияланған 9 мамырда  Берлиндегі  салтанатты жеңіс концертіне де қатысады.

Розаның  әсем әндері қазақ даласына тарап, танымалдылығы  арта түседі. Бірақ ол барлық концертте Өзбекстан атынан шығып жүреді. Бір күні Өзбекстандағы керемет әнші қазақ қызы туралы Жұбан Молдағалиев естиді. 1943 жылы Жұбан Молдағалиев Москвада жоғары партия мектебінде оқып жүрген кезінде оның концертіне қатысады. Қаракөз қарындасына «елге қайт» деп қолқа салады. Бірақ әнші өзбектердің жасаған жақсылығы мен Өзбекстанның бірінші хатшысы Осман Юсуповтың әкелік қамқорлығынан аттап кете алмады. Арада жылдар өтіп, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов 1949 жылы арнайы адам жіберіп, қазақтың бұлбұл әншісін елге қайтарады. Сөйтіп, Роза Бағланованың Отанына оралуына тікелей себепші болған  ақын Жұбан Молдағалиев еді.          1949 жылы  Роза Бағланова  елге оралады. Елге келгесін бағы жанады.  Одан кейін де әкесіндей боп, қызға қамқорлық танытып отырған Жұбан Молдағалиев  Венгрияның астанасы Будапештте өткен «Әлем жастарының дүниежүзілік фестиваліне» Розаны ілестіруге  тікелей атсалысып, қатыстырады. Онда 80 мемлекеттің тарландары сайысқа түседі. Сол үлкен сахнада Роза Ілияс Есенберлиннің сөзіне жазылған  Евгений Брусиловскийдің «Қыз арманы» әнін айтады. Келесі кезекте «Екі жирен», «Қараторғай», Б.Байқадамовтың  «Домбыра», орыстың «Ах, Самара, городок»  әнін орындады. Осы сапарында «Дүниежүзі жастары Будапешт фестивалінің лауреаты» атағымен қатар, бірінші дәрежелі  диплом алып қайтты. Содан кейін ол басқа өнерпаздармен бірге Мергерт аралында концерт береді. Ол жақта да бәрі керемет өтті. Майя Плисецкая Сенсанстың «Ажал құшқан аққуына» билесе, Роза Бағланова әдеттегідей концерттік бағдарламаны аяқтады.  Жалпы Будапешт қаласы Розаның өнердегі жолын ашты. Сол фестивальдан соң, әлемнің 49 елін аралауға мүмкіндік алды. «Огонек» журналы 1949 жылғы қараша айындағы санында «Осынау көрікті, жас, қазақ қызының мөлдіреген таза, айқын да ашық, сұлу, сазды үні ғажайып күйге бөлейді. Роза Бағланова қай елдің, қандай әнін айтса да, өзінің талантымен тыңдаушыларын баурап алады» деп айрықша атап өтсе, шетелде шығатын «За честь» газеті  «Ах, Самара, городок» әнін орындаушы әншілер көп. Бірақ олардың бір де біреуі дәл Бағлановадай әсерлі шығара алмап еді. Ол ел аузында жүрген, еш ерекшеленбейтін әннің бірі болатын. Алайда бұл әнді Роза орындағаннан кейін оны жұрттың барлығы тыңдайтын болды. Әнші әнге жан бітірді. Тыңдарманымен қайта қауыштырды» – деп жазды.

Роза Бағланова  1946 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық  эстрада әншілерінің  ІІ конкурсының дипломанты,  1949 жылы Бухаресте өткен Жастар мен студенттердің ІІ Бүкілдүниежүзілік фестивалінің лауреаты атанды. Осы кезеңде КСРО елінің атағын асырып, «Ах Самара, городок» әнін айтып, бас бәйгені жеңіп алады.  Осы сапардан оралғанда өзін Сталин шақырып жатқанын естиді. Жалпы ол кісінің қабылдауында әнші үш рет болыпты: «Үш ретінде де сол бір кительде, қарапайым қалыпта болды. Үйінде үш ретте де байлық көрген жоқпын. Жиһаздары да жұпынылау болатын. Ол кісі мені ресми қабылдады. Қос бұрымыма мақтау айтты. «Қыз балаға қос бұрым жарасады. Грузин қыздары да шашын қос бұрым етіп өріп қояды, саған жарасқандай, олар да сондай ажарлы көрінеді. Қазақтың сән-салтанатын паш еткен үстімдегі ұлттық киіміме қарап, «грузин қыздары да ұлттық киімде соншалықты әдемі көрінеді» деді. Мен темірдей қатал, жарты әлемді аузына қаратқан құдіретті адамның көзінен ұлтының қыздарына, халқына деген шынайы сағынышын байқадым» деп еске алыпты Роза апамыз сол кезді.

1947-1949 жылдары  Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының, 1949-1960 жылдары  Жамбыл атындағы республикалық  қазақ филармониясының солисі болды. 1960 жылдан бастап «Қазақконцерттің» әнші-солисі, жетекші сахна шебері болып қызмет етті. Расында да, Роза Бағланованың әншілігі мен сұлулығына еліткен бір Хрущев емес, олардың қатарында шетелдің мемлекет басшылары, маршалдар, генералдар, хатшылар, колхоз председательдері, совхоз директорлары, шахтерлер, қарапайым азаматтар да болған.  «Әскери атақты қолбасшыларды майдан даласында көрдім.  Маршалдар Жуков, Малиновский… Бәрі де әніме, үстімдегі қынама бел,қызылды-жасылды, жарасымды ұлттық киіміме қызықты, дала қызғалдағына ғашық болдық деді олар естіртіп. Айтылды, өтті, кетті», – деп еске алған әнші. 1944 жылы жауынгерлерге концерт қойып жүргенінде, майдан даласында бетін снарядтың жарықшағы жанап өтіп, көзіне зақым келеді. Сол жөнінде кейін өзі былай дейді: 1979 жылы екі көзім бірдей көрмей қалды. Сол жылы Павлодар қаласындағы жоспарлы концертімнен де қалмадым. Сахнаға жетектеп шыққан адамдар куә. Алдымен Жаратқанның, содан соң дәрігерлердің құдіретімен жанарымды сақтап қалдым. Көпшілікке топырақ шаша алмайсың, көзін әдемілеймін деп пластикалық ота жасатып, соқыр бола жаздапты деп жұрт гуілдепті». Сөйтіп, ел кезіп, майдан даласын аралап, жауынгерлермен сұхбаттасып, халқымыздың қаршадай қызы еліміздің  ұлттық ән өнерін дамытуға өзіндік мол үлесін қосады. Абыройы бұрынғыдан да арта түседі, «Жауынгерлік ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталады.

Соғыстан кейін сахнаға оралған  Роза Бағланова  КСРО-да танымалдылыққа ие болған алғашқы қазақ әншісі болды.  Оның репертуарында әлемдік опера өнерінің туындылары, түрлі елдердің халық әндері мен заманауи композиторлардың әндері бар. Сондықтан да болар, ол гастрольдік сапармен шетелдерді көп аралаған.  Қазақтың халық әндерін, шетел халықтарының (украин, чех, венгр, швед, корей, әзірбайжан, грузин, тәжік, өзбек, қырғыз т.б) әндерін нақышына келтіріп орындаулан алдына жан салмаған. Роза Бағланова – сол дәуірдің ұлттық символы. Ол А.Вертинский, Г.Уланова, М.Плисецкая, И.Ильинский, А.Райкин, С.Рихтер, Д.Шафранмен бір сахнада қатар тұрып, өнер көрсеткен тұлға. Әнші гастрольдық сапармен Польша, ГДР, Мажарстан, Аустрия, Чехословакия, Қытай, Корея, Үндістан, Бирма, Канада, Швеция, Бельгия т.б елдерді аралаған. Сондай-ақ, Роза Бағланова Сталин, Ким Ир Сен, Мао Цзе Дун, Чойболсан, Неру, Индира Ганди, Хрущев, Брежнев сынды көптеген мемлекет басшылары мен жоғары лауазымды адамдардың алдында өнер көрсетті.  Корея Халық Республикасында болған кезінде Үкімет делегациясының қатарында жүрген Роза Бағлановаға Ким Ир Сен өзінің ұшағын беріп, ол 10 күн бойы гастрольдық сапармен ел аралаған. Үндістанда Джавахарлал Нерудің қабылдауында боглып, Индира мен Раджив Гандимен кездесті. Оның салған әндері қазақтың кең даласымен қатар, әлемге жайылып жатты. Тіпті Елизавета патшайымның алдында ән шырқаған. Елизавета патшайым қазақтың ұлттық киіміне тәнті болған. Гастрольдеп барған орыс қыздарын көзге ілмепті, бірден тікесінен Бағлановаға қарай тартыпты. Қасына келгенде: «Қазақ әйелдерінің киген киіміне қарап-ақ олардығ қандай халық болғанын тануға болады. Бұл киім байлық пен талғамды аңғартады», – деген.

Сахнадағы сұлу қыздың ерекше дауысы мен үстіндегі ұлттық киімі елдің жүрегін баураған. Иә, ол өз таңдауымен қазақтың ұлттық киімдерін арнайы тіктіріп киіп отырған. Ол жөнінде: «1957 жылы Америка сахнасында ән айттым. Кеңес елінен келген әншілердің құрметіне дастарқан жайылды. Мен қонақасы кешіне қазақтың ұлттық киімін киіп, кіріп барғанымда мені көре салып 100 шақты музыкант «Ах, Самара, городокты» құйқылжыта тарта жөнелді. Оркестрге қосылып,  әнді орысша, ағылшынша, французша  орындап шықтым. Американың зиялы қауымы таң қалып, айрықша ілтипат көрсетті», – дейді Роза Бағланова.

«Ол сүйкімді, көрікті, қуыршақтай әдемі. Оның үстіне, ол Будапешттің тыңдармандарын жаулап алды. Олар «Ах, Самара, городокты» бұрын білмейтін. Десе де олар қабылдап қана қоймай, сүйіп тыңдайтын болды.  Міне, өнер қалай орындалды дегенде, осы Розаның өнерін айтуға болады. Ол өз өнерімен әнді қалай орындағанның маңызды екенін дәлелдеп берген әнші. Біз бұрын сіздердің елдеріңіз туралы көп білмейтінбіз. Роза арқылы сіздердің елдеріңізді білдік, таныдық», – деді КСРО Халық әртісі Майя Плисецкая. Оның айтқан әндері кеңістікті кернеп жатты. Керемет әншілігімен қатар, адамға жаны ашығыштығы, жомарттығы көп болатын. Ол жөнінде өзінің замандасы, атақты Бибігүл Төлегенова былай дейді: «50-жылдардың аяқ кезі болатын. Мен филармонияға жеке әнші боп бардым. Филармония әншілеріне жалақы беруге банкте ақша жоқ екен. Сол кезде Роза Тәжібайқызы кезекті гастрольдік сапардан келген екен. Сонда филармонияның бір айлық бүкіл жалақысын Роза апайдың өз қалтасынан бергені әлі есімде. Бұл ол кісінің кеңпейілдігін, дарқандығын білдірсе керек. Киім киісі, өзін ұстау мәнері, бекзаттығы, сән-салтанаты сол кездің өзінде жоғары болатын. Одан кейін, бәріміз концертке қатысамыз ғой. Сонда Роза Тәжібайқызы әнді микрофонсыз айтатын. Бұған да жүрек керек, шынайы дауыс керек. Қазіргі әншілер микрофоннан бір елі айрылмайды ғой.  Роза Тәжібайқызы өзінің шығармашылық еңбегімен  халықтың көңілін көтерді, жан-жүрегін жадыратты, елге қуаныш сыйлады».

Соның нәтижесінде, 1946 жылы 24 жастағы Роза  Бағланова  Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілері конкурсының дипломанты, 1949 жылы Бухаресте өткен бүкіл дүниежүзілік  Жастар мен студенттердің 2-фестивалінің лауреаты атанды. Осы жылы әнші «Әлем жастығы» кеңестік-венгрлік деректі фильміне түсті. 2006 жылы Алматы қаласында «Ах, Самара, городок»  деректі кинофльмінің тұсаукесері өтті. 2021 жылы «Хабар» телеарнасы әншінің өмірі мен шығармашылығы туралы «Бұлбұл» библиографиялық көркем телесериалын шығарды. 2007 жылы Роза Бағланованың «Айналайын халқымнан еркелеткен» атты өмірбаяндық кітабы жарық көрді. Роза Бағланова туралы көптеген кітаптар жарық көріп, поэтикалық шығармалар жинақталған. Оның есімі Маргарет Тэтчер, Элизабет Тейлор және т.б сияқты ұлы әйелдермен бірге англо-американдық «Кімнің кім екені» энциклопедиясына енген.  Еңбегі жоғары бағаланып, екі рет  Ленин орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі»  ордендерімен, «Шапағат» медалімен марапатталады. Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы атанды.

Роза Тәжібайқызы Аягөз қаласының Құрметті азаматы. Әнші апамыз жайында 1989 жылы «Первая Роза» атты, 2006 жылы «Ах, Самара, городок» атты деректі фильмдер түсірілген.

1996 жылы  «Алтын сақа» деп аталатын қайырымдылық қоры құрылған. Қордың мақсаты – жетім балаларға, мүгедектерге қайырымдылық көрсетумен айналысады. Қордың Президенті келіні – Марал, заңгер ұлы – Тәжен.

Қазалы қаласындағы өзі оқыған мектеп қазірде Роза Бағланованың есімімен аталады. Сонымен қатар, Қазалыда Роза Бағланова атындағы мұражай, Роза Бағланова атындағы көше бар. Әйтеке би кентіндегі орталық көшеге және мәдениет орталығына Роза Бағланованың есімі берілген. 2015 жылы 30 мамырда Роза Бағланованың туған жері Қазалы ауданында әншінің ескерткіш бюсті ашылды. Мүсіннің авторы – Қазақстан Республикасының халық мүсіншісі, өнер қайраткері Бақытжан Әлімбайұлы Әбішев.

Роза Бағланова екі рет тұрмыста болған. Бірінші күйеуі Кеңес Одағының Батыры Садық Әбжапбаровпен жеті жыл отасқан. Екінші жұбайы Сатыбалды Жатбаевпен он жылға жуық тұрған. Роза Бағланова 47 жасында ұлды болып, есімін Тәжен деп қояды. Келіні – Марал, немерелері – Ақерке, Тәжібай, Үрбибі.

Роза Бағланова  республикамыздың А.Жұбанов, Л.Хамиди, Б.Байқадамов, Н.Тілендиев, Ә.Еспаев, Ш.Қалдаяқов, Б.Жамақаев сынды композиторларымен шығармашылық байланыс жасап, өз репертуарын үнемі байытып отырған. Жалпы, сахна әлемі жөнінде: «Мен барлық сахнаны бірдей көремін. Бұл колхоздың клубы деп салғырт дайындала салмаймын. Халық алдына шығуды қасиетті деп санаймын. Сол себептен де мен сахнаға шығарда тыңғылықты дайындаламын. Кейбір атақ-даңқы зор әртістер сахна таңдап, салғырт дайындалады. Соларға таңғаламын. Сахнаның үлкен-кішісі болмайды. Мен халық алдында бар өнерімді салам. Кейбіреулер бұл әнді халық тыңдамайды, ұнатпайды деп жатады. Олай деуге болмайды. Мәселе әнді халыққа жеткізе білуде. Мәселен, мен неміс, швед әнін орындап шықтым. Халық керемет қабылдады. Ән – халықтың жүрегі! Әнді орындай, халықтың жүрегіне жеткізе білу керек», – деген қағиданы берік ұстанатын қазақтың бұлбұлы Роза Бағланова.

Әлемнің талай сахналарында ән салған Роза Бағланова өз халқының да кереметтей зәулім, кең сахнасы мен концерт залдары болғанын армандады. Олар атақты Шәкен Айманов екеуі көрші тұрған. Бірде екеуі Д.Қонаевқа барады. Ол кісі қуана қабылдайды. Шәкен Айманов өзінің киностудия ашу мәселесін шешіп алады да, «Роза концерттік зал салғысы келеді» дейді. Оған Қонаев таңғалады, бірақ қарсы болмайды. Роза сол кездің өзінде ұлттық өнерді дамыту мәселесін ойлайды. Халқымен бірге өмір сүрген Роза Бағлановадай «Ән падишасының патшайымы» туралы өте көп айта беруге болады. ҚР Халық әртісі Ғафиз Есімов: «Самара қаласында Роза Бағлановаға арнап неге ескерткіш қоймасқа. Бір орыс айта алмаған «Ах, Самара, городокты» Роза Бағланова жалғыз өзі өмір бойы айтып шықты. Ол кезде Самара деп айтуға қорыққан. Себебі, Совет өкіметі кезінде қаланың аты Куйбышев болатын», – дейді. Несі бар, өте орынды пікір. Басқасын айтпағанда, Роза апамыздың осы әні үшін-ақ қалай бағаласа да жарасады.

Халқына өлшеусіз еңбек еткен майдангер әнші 1986 жылғы желтоқсанда қазақ жастарының рухани тілекшісі бола білді. 1996 жылы  «Халық қаһарманы» атағына ие болды. Бар ғұмырын әні мен халқына арнаған Роза Бағланова 2011 жылдың 8 қаңтарында 90 жасқа қараған шағында мәңгілік сапарға аттанды. Аты аңызға айналған әнші қызының дүниеден өтуі қазақ қалқы үшін ауыр қайғы болды. Өзін өнерімен, даралығымен бар елге, әлемге танытқан, даңқы жер жарған әнші қызымен қоштасу халқына ауыр болды. Халқы барда қазақ ән әлемінің падишасы – Роза Тәжібайқызы Бағланованың есімі ешқашан ұмытылмақ емес.

 Балтагүл Оспанова,    ф.ғ.к., доцент

Дереккөз:

Stan kz cайты

Уикипедия

https//kk.wikipedia.org>wiki

https// sputnikkz>жаңалықтар

 

 

Бөлісу: