ӘСЕТ НАЙМАНБАЙ МЕН ШЫЛБЫ КӨБЕКҰЛЫНЫҢ ЖАЗЫСҚАН ӨЛЕҢ-ХАТТАРЫ ЖӨНІНДЕ

32

 Қазақ халқының ардақты өнерпаз ұлдарының бірі – Әсет Найманбайдың өмірі жолы мен шығармашылығы хақында жазылған деректер баршылық. Ақын, сазгердің таңдамалы топтамалары мен толық жинағы сан рет жарық көрді. Қазақстанда ғана емес, көршілес Қытай жеріндегі қазақ бауырларымыз да оқшау тағдырлы ұлы тұлға жөнінде көптеген зерттеулер жариялады. Соларды ой мен көз елебірқатар өлеңдердің әлі назардан тыс қалып қойғанын байқадым. Бұл жолы сондай ұмыт қалған бір өлең-хаттың жазылу себебін айтып, мәтінін толық жариялауды жөн көрдім.

Әсет Найманбай 1876 ж. қазіргі Жезқазған өңіріндегі Ақтоғай ауданында (бұрынғы Қарқаралы уезі Темірші болысынының 6-ауылында) дүниеге келіп, 1923 ж. қазіргі Қытайға қарасты Іле қазақ облысының Көкқамыр жайлауында қапыда қаза болып, сол жайлаудың Ыламбура текшесіндегі Тасжота бейітіне жерленген. 1986 ж. тамызда Құлжа аудандық мәдениет мекемесі бас боп ұйымдастырған ақындар айтысына қатысқан ақындардың бастамасымен, Әсет Найманбайдың басына сәулетті кесене тұрғызылып, игілікті іс тындырылды.

Әсет Найманбай өз өмірінің ең мағыналы да жемісті жылдарын Тарбағатай, Іле өңірінде өткізіп, әйгілі әндері мен өлең-толғауларын осы өңірді жайлаған «төрт Қызай, төрт Сама» ортасында шығарып, елге таратқан. Олардың басым көпшілігі баспа бетін көрді де. Біз сөз еткелі отырған «өлең-хаттың» тағдыры, тіпті өзгеше. Ол туралы айтпас бұрын, Үш Жүзге аты мәлім Әсеттей өнер иесімен бой теңестіре хат жазысып, сұхбаттас болған Шылбы Көбекұлы жөнінде қазақстандық оқырмандардың онша біле бермейтінін ескеріп, кеңірек мағлұмат бере кетуді дұрыс деп санадым.

Шылбы Көбекұлы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Қытай қазағы, көрнекті ағартушы, діни ғұлама ақын, күйші-сазгер. Ол – сол елдегі қазақтар арасында ән-күйді діни шариғат насихаты мен ағартушылық ісіне қызмет еткізген, ғылым мен өнерді, дін мен ағартушылықты шебер ұштастырған жан. Сондықтан да, Іле мен Бұратала өңірін мекендеген қазақтардың «төрт қызай, төрт сама»1 аталығымен ілелік тараншы, дүнген, тіпті моңғол, сібелер арасында «Шылбы ағлам», «Шылбы ахұн» деген атақпен танымал болса керек.

Шылбы Көбекұлы 1860 ж. қазіргі Бұратала-Моңғол Автономиялық облысының Құсемшек деген жерінде туылған және азан шақырып қойылған аты – Әбілжан. Әкесі Көбек шағын ауқатты, шала сауатты, момын шаруа болса, анасы Әлиман оқыған, көзі ашық, өнер-білімге құштар адам болған екен. Өйткені, әжеміздің әкесі Жансейіт молда өз заманындағы белгілі діни ғұлама, әрі ақындығымен жұртқа танылған адам екен. Жансейіттің әкесі Бердіқұл – Орта жүзге танымал күйші. Әйгілі күйші Әшім Дүңшіұлы тартатын «Бердіқұлдың сыбызғысы» деген күй, әне сол Бердіқұлдан бізге жеткен  күйдің бірі болатын. Көзі ашық, көкірегі ояу Бердіқұл күйші зерделі баласы Жансейітті 13 жасында Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесіне беріп, төрт жыл оқытады. Сол заманда едәуір білімдар болып оралған Жансейіт ел ішінде мектеп ашып, бірыңғай ағартушылық қызметпен айналысады. Келе-келе, емшілікпен айналысып, сол замандағы апатты дерттің бірі – жабайы шешекті емдеу жолын тауып, көптеген сәбилерді ажал аузынан алып қалады. Жансейіт молданың мына бір өлеңінен оның  өмір жолынан хабар алуға болады.

Он үшімде оқыдым, сабақ алып,

Он төртімде түрікті алдым танып.

«Бір қалаға баламды жіберсем» деп,

Жүреді екен әкеміз ойына алып.

 

Сол ниетпен жіберді Семей жаққа,

Әкенің жақсылығын сен ұмытпа!

Мұндай жолға әкеміз бастамаса,

Табар едім бұл жолды қай уақытта?!

 

«Төрт қызайға» келдім де, болдым молда,

Құдай-ау, әр ісімді өзің оңда!

Иә, Мұхаммед Мұстафа, үмбетіңмін,

Жеңіл ғып әр жолымды, өзің қолда!

Шылбы жеті жастан осындай оқымысты нағашы атасы Жансейіттен дәріс ала бастайды. Нағашы атасы жиенінің зеректігі мен алғырлығына дән риза болып, ықылас батасын берген. Бірақ, өнер-білімге қанша құмартса да, жас Шылбы әкесінен асып, шырқап оқуға шарасы болмайды. Ағасы Әлжаннан ұсталық, теміршілік пен зергерлік өнерді үйреніп, оны жақсы меңгеріп алады. Өзінің шеберлігіне әбден сенген бозбала Іленің сол замандағы әскери-әкімшілік орталығы болған Күре қалашығына келіп, дүкенін құрып, жұрттың тапсырысы бойынша ер-тоқым, күміс әбзелдер, зергерлік әшекей бұйымдар жасап, аты мәлім бола бастайды.

Ұғымтал, зерек Шылбы осы сапарында ұйғыр, қытай, маньчжур, моңғол тілдерін үйреніп, сауатын ашады. Уақыт өте келе, Күредегі ұлыққа шағымдана келген қарапайым шаруалардың талап-тілектерін жеткізуші, аудармашы, екі жақты келістіруші ретінде де аты белгілі бастайды. Біреуге есесі кеткен момын қазақтар, ұйғырлар, моңғол Шылбыны жағалайды, сөйтіп ел ішіндегі абырой-атағы арта береді. Әйтсе де, осы істері Шылбыны қанағаттандыра қоймайды. Жасынан нағашы атасы Жансейіт молда жүрегіне ұялатып кеткен исламға қызмет ету, Құдай жолын, шариғат өкімін ұстануға аңсары ауа береді. Ұйғыр, дүнген ғұламаларынан ислам негіздерін тереңдей үйрене жүріп, білімін жетілдіре береді. Талай-талай шаршы топтарда шариғат айтысып, пікір таласты-рып, өзіне ғана тән шешен тілімен термелеп, өлеңдетсе, Құл Қожа Ахмет Яссауи «хикметтеріне» еліктеп, хикметтер айтса, жұртты өзіне баурап әкетеді.

1898 ж. Құлжадағы діни ғұламалардың сынағына түсіп, Байтолла мешітіндегі жұма намазының соңындағы шаршы топта Шылбыға «Ағлам ахұн» деген атақ беріледі. Содан бастап, қолына асатаяқ алып, ақ шапан киіп, ақ сәлдесін орап, ақбоз ат мініп, «төрт қызай мен төрт саманы» аралап, әмір мағұрып (діни үгіт-насихат) айтып, дін жолына түседі.

Әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздік жайлаған бодан халықтың көзін ашып, оларды өнер-білім мен мәдениетке үндеу Шылбы Әлімахұнның басты мақсаты болып қалады. Ол бір өлеңінде былай деп ой толғайды.

 

Шешендер қапияда жол тапқандай,

Болады ғылым деген шам жаққандай.

Белгісі ақымақ адам – қарыздарлық,

Үстіне көріп тұрып боқ жаққандай.

Шылбы Әлімахұн – дін мен әділеттілік үшін күресті қатар алып жүрген, өз заманының батыл күрескері. Ол Шынжаң қазақтары жазба әдебиетінің негізін қалаушы ардагер ақындардың қатарында құрметпен аталады. Оның артында қалған әдеби-музыкалық бай мұрасы мерзімді баспасөздерде үздіксіз жарияланып, талай ғалымдардың зерттеу мақалаларына арқау болды. Қазақ мектептерінің 11-сыныптарына арналған әдебиет оқулығына «Жігіттік», «Өмір сыры» сияқты өлең-толғаулар топтамасы енгізілген.

Шылбы Көбекұлы ақынның шығармаларын мынадай үш бағытқа бөліп қарастыруға болады:

  1. Өмірдегі ұнамсыз, кертартпа құбылыстар мен надан, озбыр билеушілерді әшкерелейтін мазақ-әжуа өлеңдері мен толғаулары.
  2. Адамгершілік пен ізгілікті дәріптейтін насихат-ғакиялық, үлгілік толғаулары мен термелері.
  3. Діни уағызға құрылған иман, ахирет, мұсылмандық қарыз-парыздарды мазмұн еткен толғаулары, дастандары.

Осынау сан алуан түрлі мазмұндағы өлең-жырлары мен толғауларының алтын діңгегіндей «Арман» толғауынан үзінді келтіріп көрелік:

Жазайын заманымның қылықтарын,

Амал не, көріп тұрмын былыққанын.

Пұл берсең, мансап беріп, сөзің сөйлер

Қазіргі бастап тұрған ұлықтарың…

 

…Елімнің надандығын есіме алдым,

Шамамша мектеп ашып, мешіт салдым.

Қазаққа ғылым, өнер үйретем деп,

Көп жолдас, ел-жұртымнан серік алдым.

Айтысып елу жылдай ғылым үшін,

Жетпістің үшеуіне келіп қалдым…

Осы өлең жолдарындағы «көп жолдас, ел-жұртымнан серік алдым» деген сөздерін қалай түсінеміз?» деп әкемнен сұрағанымда, мынадай қызық естелікті айтып берген болатын.

Шылбы «Ағлам ахұн» атанып, ел аралап жүргенінде, қызайлардың Сұлтанкелді руынан шыққан от ауызды, орақ тілді Әубәкір молда бастаған елу-алпыстай өнерпаз, сал-сері ерте жүретін болған. Осынша аттыны төрт қатарлы сапқа тұрғызған Әубәкір молда, оларды топ алдында исламның ақ туын ұстап келе жатқан Шылбы Ағлам ахұнның соңынан марш екпінімен әндетіп жүргізеді. Өзі әні мен сөзін жазған «Ислам әскерінің маршын» орындап келе жатқандарға өзі дирижерлік жасап, тау даланы былай жаңғыртады екен:

Бір марш бастасақ

Сиынып Құдайға,

Қиылып қызайға,

Исламға ұнай ма?!

 

Шылбы Әлімахұның –

Нәсілі жақының!

Зейін сап қарасаң

Өтірік жылай ма,

Ояншы, қызай-ау?!

 

Қазіргі тастының

Көрдің ғой қастығын,

Жемтікке жиналған

Бәрі де құмай-ау.

 

Қазіргі байларым,

Мың-мыңнан айдадың!

Кеттің ғой байғұстар,

Соңынан пайданың.

 

Бірлікпен жүрмедің,

Ғылымды білмедің.

Бастаған халфемнің,

Соңынан ермедің…

Бұл өлең жолдарынан Шылбы Ағламахұнның елдегі абырой-атағы, ықпал-аясы қандай екенін аңғаруға болады. Ол өз өлеңдерін «бәйіт» деп, жаңадан өлең туарда: «Жамағат бәйіт келіп қалды, тыңдаңдар!» деп құлақтандырып алып барып, толғайды екен. Бәйіттің әуендерін де өзі шығарып айтқан. Әкем Дәулетхан өз өлең-толғауларын оның төрт-бес мақамымен айтып отыртын. Шылбының «Әттең дүние», «Арман», «Күй басы», т.б. ондаған шертпе күйлері болған.

Мен Шылбы Ағламахұнның бел баласы Дәулетханның ұлымын. Жастайымнан Шылбы атам мен Әсет ақынның жазысқан өлең-хаттары жөнінде көп естідім. Сондықтан, ол хаттардың мәтіндері маған таныс. Әкемнің айтуынша, атам қанша талпынса да, Әсет ақынмен жүздесіп, сұхбаттаса алмағанын өкінішпен еске алып, ылғи да ақынның рухына дұға бағыштап отырыпты. Әсет қайтыс боларынан жарты жыл бұрын, Құлжадан 165 шақырым шалғай тұратын Шылбы Әлімхұнға 1923 ж. мына хатын жіберіпті.

Атына хамду Сана жалғыз хақтың,

Күпуан теңдесі жоқ заты пәктің.

Исламның панарына жарық жаққан,

Көп дүрүт рухына Ахметтің!

Сен сыйла және төртеу мұсылманға,

Ішінде әсілі мағлұм неше Баптың.

Төрт түрлі дін пухаға жол шығарған

Боламыз сол жолында Мазһаптың.

Үмбетпіз ақырзаман Мұстафаға,

Сөндірме дін шырағын әл-Хазреттің.

Төлегетай – төрт Қызай, бабаң Меңіс,

Тәңірберді, Құдайназар, Есенкелді

Кененбай, Шағырай, Көлбай – дін басшысы,

Асылзат адамысыз мұндай таптың!

Марқұм Көбекұғлы Шылбы-ағзам,

Шақырып шариғатқа дабыл қақтың!

Қазақтың қатты көңіл көнбестерін,

Шариғат қанжарымен тура шаптың.

Бұл күнде жұрт халфесі атаныпсыз,

Иншалла, құтты болсын бақты-тақтың!

Бірнеше кірлі тәннің татын қырып,

Бәйітпен нәжістерге жұпар жақтың.

Қыла бер Әмір Мағрұп жалықпастан,

Халыбы2 қайыл болсын ақымақтың.

Мұсылман тайпасының ғұламасы,

Мағызлы-тәтті жеміс бау-шарбақтың.

Адамы ақырзаман көрмей таныс,

Мөлшері болып еді сол уақтың.

Мұхтарам Шылбы халфем, дұғай сәлем,

Сынарсыз қалыбынан жазған хаттың.

Аз сөзден көп мағына абайласып,

Жаршысы сәлем жазды бұл милләттің.

 

Ардақты Милләт басы Шылбы ғалым,

Ғұлама тақуадан алдың тағылым.

Баласын фәни адам аздырмаққа,

Жол алған қан тамырдан шайтан залым.

Арабта дін басшысын Маһди дейді,

Қыла жүр, Әмір мағрұп келсе халің.

Фәниге келген адам қайтуы анық,

Болса да басқа жалған, осы мағлұм.

 

«Жас жігіт, қайыл болсын – сәби бала,

Іздеу сізден болғанда, беру бізден» деп.

Айтып тұр аятында Хақ тағала.

«Уахырраби зетниялһан» демеп пе еді,

Құранда хабар берген сөзі жана.

 

Сарып қыл қалған жасты ғылым іздеп,

Жіберген ібілісті «жолдан бұз» деп.

Әр адам оқу үшін аянбаса,

Аямай жаббар Алла береді көп.

Бұл аят оның үшін һазір болған:

«Омай отұл хикмета фаһади

утяХайран-Қасиран» деп.

 

Жаға бер жан шыққанша дін шырағын,

Әл-хазірет үмбетінің жеген қамын.

Тахтына тарихаттың лайық келіп,

Жасыңнан тақуаның іштің жәмін.

Ғауамды бәйітпенен сөйле жайлап,

Өзіңді Алла жөндер рахым айлап.

Жұмғада құтпа оқыған хош әуезің,

Шаһдінің бұлбұлындай тұрған сайрап.

Ғибадат, шындық ниет қабыл болмақ,

Дәлел бар бұл туралы айтқан байлап.

Ерінбей софы Алдиар соқпақ тапқан,

Атады «Ағламахұн» жұртың сайлап!

Күнеске мен де биыл бармақшы едім,

Дәміммен көтерілсе ризық айдап.

 

Мен келсем, Көкқамырдан көшіп кетіп,

Жүруші ем бір көруге әуес етіп.

Иншалла, нәсіп болғай, жолығармыз,

Қалмаса тағдыр жетіп, өмір өтіп!

 

Уа лекин айтар жауап толып жатыр,

Байқатып көрсетейін сөз өлшетіп.

Ахұным, хош аман бол жолыққанша,

Тұрамын өзіңізден қағаз күтіп.

 

Тілден сөз, бір күн қалар қолдан қалам,

Жолыққай жол ашылып азмас әлем.

Уақыт тар, камал жауап жаза алмадым,

Ахұным, Шылбы халфем, хош аман бол!

 

Бүліктен бұл Мазафан болып аман,

Тыныштық ұялатқан болсын заман!

Арғын Шор Әсет ақын қол қоюшы,

Болмаса көңіл баяу, жүріс шабан.

 

Шылбы  Әлімақұнның Әсетке жазғаны

Аллаға сансыз һамду зікір айтам,

Сөзімде айып етпе болса қатам.

Алыстан келген аңсап кер құландай

Өзіңе сәлем жазып, жауап қатам.

Алашқа атың шыққан шын жүйріксің,

Сөзіңде бұралқы жоқ бөтен-сатан.

Ғайыптан мынау сәлем қолға келіп,

Қойып тұр зор талапты маған қатаң.

Қызайға мейман болып келіп қапсың,

Іздеген кісі емессің ат пен шапан.

Сөзіңнің сыры терең, бағасы зор,

Алтынды мыс пен жезге неге сатам?!

Үш жүздің ұрпақтары қайда кетті,

Жер ауып, ел бұзылып мала-матаң?3

Қайран ел, қайран жұрттың сәні кетті,

Кәдімгі қаптағандай апат, топан.

 

Қызайды келіп қапсың паналауға,

Ашықсың Ілехуды4 аралауға.

Қонаққа мен шақырып сәлем жаздым,

Әсеке, әдейі кел, денің сауда.

 

Ассалаумағалейкум, Әсет ақын,

Жарасқан тірлігіңе салтанатың!

Бір Алла көрісуді нәсіп етсін,

Болғанмен ауыл алыс, көңіл жақын.

Жазыпсың аят-хадис дәлелдерін,

Мирас қып хақ Расулдың шариғатын.

Байқасам, шыға-салма көрінесің,

Ән мен күй таңдайыңнан бал таматын.

Бұлбұл құс ғашық болып қызыл гүлге,

Құбылтып тоқсан түрлі ән салатын.

 

Сол гүлге сен де ғашық, мен де ғашық,

Танымас сөз кестесін ділі пасық.

Қызайда қаздай қалқып жүрсем-дағы,

Кей кезде надандардан қалам жасып.

Сағынам ақ жүзіңді бір көруге,

Жаратқан жалғыз алла қылсын нәсіп.

Бір күні тірлік болса көрісерміз,

Қалмаса тағдыр жетіп, топырақ басып.

 

Мен келдім Күнес-Қызай арасына,

Бір мың үш жүз қырық бір санасында.

Ұқтырып шариғаттан жол көрсеттім,

Ғылымның Алла берген панасында.

Жазыпсың маған сәлем, қайран Әсет,

Терең ой, өткір тілдің шамасында.

Сағынып бір көруге қағаз жаздым,

Арғын Шор-қаракесек баласына.

 

Мен-дағы туған жерді аңсап тұрмын,

Дін білмес надандардан шаршап жүрмін.

Хұбуыл уәтән минал иман демеп пе еді,

Жүруге Көкқамырға жол сап тұрмын.

Әйтсе де, тағдыр оларға дидарласуды жазбапты. «Әне-міне» деп жүргенде ай айналып, жыл жылжып өтіп кетеді. 1923 ж. жаз жайлауда қайран Әсет дүниеден өтеді. Қаралы хабар Күнестегі Шылбы  Ағлам ахұнға жеткенде, шер көңіл абыз ақын былайша зарлана толғап жолға шығады.

Дидарыңды көруге

Алла нәсіп қылмады.

Аз ғана берген өмірге,

Бұл фәни қарап тұрмады.

 

Дәм тартпады баруға,

Жібермей Күнес шырмады.

Болмайды жалған сенуге,

Тоқтамай өмір зырлады.

 

Топырағың торқа, иманың –

Қойныңда болсын, ашығым.

Көрсем деп аңсап жүргенде,

Көре алмай сені жасыдым.

 

Опасы жоқ сұм жалған,

Өмір сенің қонағың.

Алдамшы жалған! Амал жоқ,

Ұқтым өмір шолағын.

Бағыштап құран оқыдым,

Алланың халыс жолында:

Халуйнна Лиллаһи,

Кәләм-шәріп қолымда…

Назарларыңызға ұсынылған осы өлең-хаттардағы ел ағаларының, өнер жампоздарының Хақ жолында аянбай еңбек етуге деген құлшыныстарын анық байқауға болады. Болашақ Әсеттанушылардың оның шығармашылығына қызыққан талапкерлердің жадында болар бір іс – ақынның Қытайдағы қазақтар арасында сақталған шығармаларын жинауға және зерттеуге жедел кіріссе, әлі де талай көмбеге кезігері сөзсіз.

Ә.Н. сан қырлы, сан салалы өнер тарланы ретінде өмірінің соңғы (1916-1923 ж.) жеті жылын Тарбағатай, Іле қазақтары арасында өткізіп, халқының жүрегінен орын тепкендіктен болар, 1987 ж. Іле аймағын мекендеген «Төрт қызай, төрт сама мен албан, суандардың талап-тілегімен облыстық мәдениет басқарма басшылары арманда кеткен Ә.Н. есімін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді перзенттік парыз санап, Құлжа қаласының солтүстігіндегі Көкқамыр жайлауында жатқан Әсет ақынның басына зәулім ескерткіш орнатып, мыңдаған халық арқылы  ұлы сазгердің ән мұрасын үш күн шырқап, ән-жыр мерекесіне айналдырған еді.

Кейбір сөздер мен атауларға түсініктемелер

  1. «Төрт Қызай – төрт Сама» Қытайдағы қазақтар шежіресінде әбден қалыптасқан тарихи тіркес. Мұндағы төрт Қызай – Қызай ананың Шағыр бабамыздан туған екі ұлы Итемген, Меңіс пен әмеңгері Тоқтардан туған Бегімбет, Дербіс дегенді білдіреді. Бұл күндері 450 мыңдай жан саны бар Қызай елі сол жұпар кіндік төрт атадан өсіп-өнген ұрпақ болатын. Ал, «төрт Сама» – 1793 ж. Қызайдың Қосет би бастаған әйгілі ел ағалары Абылайханның баласы Әділ Сұлтанның 12 жасар ұлы Саманы Қызайлардың төресі ету үшін қалап сұрай барып көшіріп апарғаннан соң, одан Ерасыл, Нұрасыл, Әбілпейіз және Қуат атты төрт ұл туады. Төрт Қызайды билеген Саманың төрт ұлының құрметіне «төрт Қызай – төрт Сама» ұран болып, күні кешеге дейін құрметтеліп келді.
  2. халыбы – жүрегі.
  3. мала-матаң – босқын.
  4. Ілеху – Іле өзені.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Жазушылар одағының мүшесі..

 

 

Бөлісу: