Адамзат мекен еткен алып жер шарын ғарыштық қашықтықтан бақыласаңыз, тозаңның қылауынан да елеусіз бір нүктені көрген болар едіңіз… Сол мекенде ғұмыр кешетін Адам деген тіршілік иелерінің жүрек көзі ғарышты еркін шарлап, махаббатпен әлемді таниды. Он сегіз мың ғаламның сезімнен нәр алған бөлшегінің тулаған көңілінің тұрағы – жүрегі болса, жүрегі соққан әр пенденің тәні мен жанының тұрағы – туған Отаны. Адамзатқа ғана тән кереметтің бірі – кіндік қаны тамған туған жерін қадір тұту сезімі емес пе?! Жер ана мен туған Анасының арасындағы рухтың байланысын да пендесі тек жүрек сырымен сезеді, солай мәңгілікке табысады. Қаннан ұйып, жан бітіп, туылып, туған жерге табаны тиіп, ақыл мен жүрегін иегере бастаған адам баласы бар құндылығын бойына қанмен сіңіріп, Ұлы өмір жорығына аттанады. Өмір, туған жер, отан осылай тағдырлас, тамырлас… Зиялы жұрттың мойынында ұрпақ алдында бір міндеті болады. Ол міндет – өзінен кейінгі буынға рухани құндылық қалдыру. Өткен замандағы сан түрлі тарихи оқиғалардың себебінен, соғыстардың кесірінен жоғалып, ұмыт қалған жәдігерлерді жұртымен қайта қауыштыру. Өзін-өзі таныған халық ғана өзін өзгеге мойындата алады. Өзін танытқан халықтың мерейі қашанда үстем. Осы түйсіктің негізінде қазақ даласында да белгілі бір дәстүрлер мен ережелер желісі қалыптасып, тамыр жайғаны анық.
Кешегі Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы рухани өміріміздің осы құндылықтарын айғақтайтын жаңа белесі. Осы уақытқа дейінгі мемлекетіміздің жасап келген стратегиялық жоспарларының уақыт пен кеңістік аясында қайта бағалануы. Жаһандану заманы тек озық технологиялармен ғана емес, сол технологияларды жасайтын жасампаз рухпен өлшенетінін дәлелдеуде. Ал рух – ол өткен тарихымыздың қойнауларындағы бабаларымыздың өз заманынының озығы бола алғанынымен өлшенеді. Қазір Елбасымыз біздің барлық жақтан рухты да мықты, сапалы да саналы болумыз үшін ең озық тетіктерді жолға қоюда. Кез-келген дамушы мемлекеттер тәжірибесіне қарасақ, өздерінің ұлттық жауһарларын әлемге паш ету арқылы, тарихын тереңінен танытуға ұмтылады. Ұлттық ерекшеліктері арқылы ұлт ретінде даралануға тырысады. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облысында жүзеге асырылған кешенді шаралар бағдарламаның алты басымдығын (бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы) негізге алып, алты арнайы жоба (Туған жер, Киелі жерлер географиясы, Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет, 100 жаңа есім, Жаңа гуманитарлық білім, Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру) шеңберінде атқарылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты жүйелі мақаласында аса көрегендікпен халықты тарихқа құрметпен қарауға және зерделеуге, өткеннен сабақ үйренуге шақырады.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы екі бөлімнен тұрады. Алғашқысы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деп аталады. Мақаланың аты айтып тұрғандай, негізгі бөлім Ұлы даланың жеті қырын айқындап береді. Оның ішінде жеті қазынамыздың бірі жылқыға ерекше мән беріліп отыр. Ұлы дала халқыметалл өндіру мен терең тарихымен мақтана алады. Сондай- ақ, Түркі әлемінің бесігі болып, Еуропа мен Азияны жалғаған Қазақстан Ұлы Жібек жолын жаңғыртуды да көздеп отыр. Қазақ даласының сулы, нулы табиғаты да елеусіз қалмады. Ал, мақаланың екінші бөлімі алдағы уақытқа бағыт-бағдар береді. Елбасы төл тарихымызды бағалап, жаңғыртуға арналған нақты алты тапсырма жүктеді. Оның ішінде «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау, Түркологтардың дүниежүзілік конгресін ұйымдастыру, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу сынды тарихи әрі маңызды міндеттер бар. Осы орайда, «Түркістан облысы – рухани істердің көшбасшысы» деп айтуға боларлық атқарылған істер соның айғағы іспетті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста тұрақты түрде өткізіліп отыратын кешенді шаралар жүйесі қолға алынды, атап айтқанда: Елбасы Н. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақы танымда Жеті қазынаның бірі саналатын жылқыға ерекше тоқталады. Осыған орай, жыл басында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен ұлттық құндылықтар мен туризмді дамытуға арналған шаралар жоспарының бірі ретінде «Салбурын мереке ғой саятшыға» деген атаумен Жабағылы ауылында өткізілді. Шараның негізгі мақсаты — түп-тамырымызға үңіліп, сана түкпіріндегі ұлттық рухты ояту.
Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ кітапханасында орналасқан «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шығарылған он кітаптың таныстырылымы өтті. Оған өңіріміздің белгілі жазушылары мен ақындары қатысты. Бұл кітаптар облыс әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жарық көрген. Кітаптардың авторлары – елге белгілі қаламгерлер. Атап айтсақ, Мархабат Байғұттың «Аршакие», Ханбибі Есенқарқызының «Жібек», Нармахан Бегалыұлының «Жаз-жалбыз», Иса Омардың «Адамдық қағидасы», Момбек Әбдіәкімұлының «Зобалаң», Есқара Тоқтасынұлының «Беласқан», Захардин Қыстаубайдың «Жүректің сөзі», Нұрғали Қыдырбаевтың «Шығыстың Сұлтанбегі», Сәрсенбек Сахаббаттың «Қырғауыл қонған жидетал» сынды кітаптары оқырманға жол тартты. Сонымен бірге Дәурен Айманбетов, Мұқағали Кенжетай, Әлімжан Әлішер, Батырхан Сәрсенхан, Нүркен Нұрғазы, Сүндет Сейітов, Мақпал Төребек, Арайлым Мұратәлиева, Ақбота Бейбітбек және Гүлшырын Жұмабай сынды жас ақындардың шығармалары «Түркістан түлектері» деген кітапқа топтастырылған.
Түркістан қаласында «Ордабасы – бірліктің туы» анимациялық фильмінің таныстырылымы өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, өңір қаламгерлері мен жастар қатысты. Ұлы даланы мекен еткен ұлы тұлғалар мен даналардың ерлігі мен адалдық, данышпандық қасиеттерін баяндайтын анимациялық фильмді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша «Сақ» киностудиясы түсірген.
Хан Тәңірінің мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ кітапханасының жанынан құрылған «Руханият» жалынды жастар ұйымының ұйымдастыруымен «Есіңе мені алғайсың…» атты әдеби-сазды кеш қаншама жанның рухын шыңдады. Түркістан облысында 2019 жылғы наурыз айында «Ұлттық қолөнер – Ұлымұра» қолөнер шеберлерінің фестивалі өзгеше екпін. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында ұйымдастырылған ісшараға қатысушылар «Ұлы даланың мұрасы» атты қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін тамашалады. Көрменің басты мақсаты – ұлттық қолөнерді дамыту, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау, жас әрі дарынды қолөнершілерді анықтау. Сонымен қатар аймақта туризмді дамытуға ықпал ету. Бабадан қалған қолөнерді ұрпақ санасына сіңіріп, кәсіп ретінде дамыту.