Алматы облысы Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев отставкаға кетті. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды «Дәстүр» сайты.
«Құрметті Текелі тұрғындары! Мен Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес, заң үстемдігін құрмет тұтатын азамат ретінде өз еркіммен отставкаға сұранып, өтініш жаздым. Және бүгін облыс әкімі – Амандық Ғаббасұлы отставкамды қабылдады. 2016-жылдың қараша айынан бастап өздеріңіздің қолдауларыңызбен осы уақытқа дейін азды-көпті қызмет атқардым», дейді өңір басшысы.
Бақтияр Өнербаевтың айтуынша, ол осы төрт жыл ішінде өңір жұртынан қолдау көріп, қаланы көркейтуге бірегей үлес қосқандығын алға тартты.
«Сіздерге деген алғысым шексіз! Текелі қаласы мен үшін өте ыстық мекен. Келешекте жиі келіп, қаланы көркейтуге өз үлесімді қосуға дайынмын. Текелі қаласы ең дамыған, туристік қаланың біріне айналатынына сенімім мол. Аман-сау болыңыздар! Текелі қаласының әрбір отбасында бақ-береке болсын!», дейді қала әкімі.
Айта кетер болсақ, Алматы облысы Текелі қаласы әкімінің аппарат басшысы 1,5 млн теңге парамен ұсталып, қылмысы дәлелденген еді. Осыған орай заң бойынша қоластындағы мемлекеттік қызметкер парамен ұсталса, оның басшысы қызметінен кетуі тиіс.