Қоғамның көрінісін ақын-жазушылар көркем шығармаларында бейнелесе, күйші-домбырашылар да өз туындыларында заман бейнесін ашып көрсетуге тырысады. Музыканттар қай дәуірде де өз заманына үн қатпай қалмаған. Сол дәстүрді жалғастырушылардың бірі, күйші, композитор, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің домбырашысы Бауыржан Бекмұханбет бүгінде өнерімен ел құрметіне бөленіп жүр. Біз күйшімен шығармашылығы, өнер жолы, қазақ күйшілік өнерінің бүгіні тынысы туралы әңгімелескен едік.
– Бауке, Сіз жұртшылыққа «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің домбырашысы ретінде танымалсыз. Жалпы, күйшілік, домбырашылық өнерге қалай келдіңіз?
– Өз аталарым да, әкем Дүйсеннің нағашылары да шебер күйші болған. Арғы атамыз Қожбанбет – әрі би, әрі батыр болған адам. Одан тараған ұрпақтардың ішінде Ердене би болса, Ердене бидің баласы Мергенбай күйші болған. Мергенбайдың балалары Нұрмұханбет, Бекмұханбет, Омархан, Аятхан, Ыбырайымхан деген аталарымыз да домбыраны шебер меңгерген өнерпаздар екен. Атамыз Нұрмұханбет Мергенбайұлы қырғыз күйшісімен күй тартысқанда домбыраны ұстараның жүзімен тартып, шеберлігін танытса, кәрі нағашы атамыз Нұрқожа Ақбайұлы да домбыраны пышақтың жүзімен тарта алатын сұңғыла күйші болыпты. Бізге өнердің қонуы сол аталарымыздан келген деп ойлаймын.
– Сіз бүгінде орындаушылық өнермен қатар, композиторлықпен де айналысып келесіз. Шығарған күйлеріңізді домбырашылар ғана емес, жетігеншілер де орындап жүр. Сазгерлік қырыңыз туралы сөз қозғасақ…
– 2003-2004 жылдары П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінде ұстазымыз Бағлан Бәбіжан этносольфеджио пәнінен сабақ беретін еді. Бізге тапсырмаға белгілі бір күйдің бас жағынан үзінді беріп, оның негізгі, аяқ буынын жалғастырып келуді тапсыратын. Күйдің жалғасын қалай шығару туралы ережелерді өзі түсіндіреді. Жетісу, Арқа, Шығыс, Қаратау күйшілік дәстүрінің күйлерін береді. Күйді сіңіру үшін магнитофоннан көп қайталап тыңдаушы едім. Күй шығаруға, композиторлық қабілетімнің оянуына ұстазымыздың осылай бағыт беруінің септігі тиді деп ойлаймын. Күйді көп тыңдау, көп білу қанмен келген импровизациялық қабілетті дамытуға әсер етеді екен.
Сол кездері тұңғыш шығарған күйім «Әй, достарым» деп аталды. Бұл күй колледжде бірге оқып жүрген өте жақын достарым Айдос, Марат, Абзал, Жандос деген жігіттерге арналған еді. Сол кездері Айдос деген досым сырқаттанып ауырып қалды. Сонда «достарым ауырмаса екен, күліп-ойнап арамызда жүрсе екен» деген тілектен осындай күй дүниеге келді. Бұл шығармама Секен Тұрысбек күйлерінің де әсері болды. Жастар аға буын өнерпаздарға еліктейді ғой, біз Секен Тұрысбекке еліктеп өстік. Секен ағаның күйлеріндей күй шығарсам, өзімнің стилімді қалыптастырсам деп талпынушы едік. Десек те, кейінгі шығарған күйлерім өзінің жеке стилін тапты деген ойдамын. Тыңдарман өз бағасын бере жатар. Тұңғыш шығарған күйлерімнің бірі – «Райымбек» деген күйім. Бұл күйді нотаға түсіріп қойғаныммен, кемшін тұстарын толықтыруды ойлап, сол кездері жарияламадым. Күйді алғаш шығарып жүрген кездерде сондай кем-кетігі де болады екен, алдағы уақытта өңдеп, пісіріп жарыққа шығарамын деген ойдамын.
– Оқырмандарға түсінікті болу үшін күйлеріңізді қай күйшілік дәстүрдің негізінде шығаратыныңызды айта кетсеңіз.
– Нәр алған күйшілік дәстүрім Жетісу болған соң бұл аймақта шертпе күй дәстүрімен қатар, төкпе күй дәстүрі де кездеседі. Домбырашылық өнердің өзінде Жетісу аймағының өзі шығыс, батыс және оңтүстік сияқты бірнеше өңірлерге жіктеледі. Домбырашылықты төкпе күйден бастадым да, негізгі табиғатымды кейінірек білдім. Қазақтың орындаушылық дәстүрін ғылыми тұрғыда жіктегенімізбен, бүгінде күйшілердің шығармашылығында, домбырашылардың репертуарында әртүрлі дәстүрге тән күйлер араласып жүре береді. Мысалы, Батыс Қазақстан күйшілік өнерін дамытуға зор үлес қосқан күйші Қаршыға Ахмедяровтың шығарған кейбір күйлерін Жетісу күйшілік дәстүріне жатқызуға болады. Өзім Жетісу күйшілік мектебінің жалғастырушысы болғандықтан қазіргі таңда осы өңірдің күйшілік дәстүрін зерттеп, зерделеп жүрмін.
– Иә, зерттеумен айналысып жүргеніңізден хабардармыз, сонымен қатар, шығармашылығыңызға арқау болған негізгі тақырыптар туралы да сұрағым келіп отыр.
– Базаралы Мүптекеев «Жетісудың оңтүстік-шығысындағы күйшілік дәстүр» атты кандидаттық диссертация жазып, қорғады. Мұнда аталған өңірдегі күйшілердің өмірі мен шығармашығы нақты жүйеленіп, ғылыми негізделген. Десек те, аталған өңірде зерттеушілердің назарынан тыс қалған күйлер де баршылық екенін аңғардық. Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасында кездесетін Кенжеқара, Тойтан деген күйшілер бар. Қазір сол аталған күйшілер туралы деректер табылып отыр. Байсерке күйші, албан руынан шыққан Қожеке, Қосдәулет, Сыбанқұл, Егінбай деген күйшілердің өміріне, шығармашығына қатысты да тың деректер анықталды. Мәселен, Егінбайдың бүгінге отыз шақты күйі жетсе, біз де сол Егінбайдың бұрын-соңды жарияланбаған екі күйін және Боздақ күйшінің «Бозторғай» күйін жазып алдық. Ел ішінде көне мұраларды білумен қатар, өз жанынан шығарған көптеген күйлері бар өнерпаздар да баршылық. Мысалы, Әлмерек ауылында тұратын Бақытхан Жұмақадырұлы деген күйшіні Алматыға арнайы шақырып, одан 55 күй жазып алдық. Оның ішінде Жетісу және Шығыс Түркістан қазақтарының күйлерімен қатар, өзі шығарған күйлері де бар. Оның шығармашылығын жүйелеп, нотаға түсіріп, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, тарихшы Аман Күнекеев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, өнертану ғылымы бойынша Phd доктор Ержан Жәменкеев үшеуіміз 2020 жылы «Көркем мекен» атты жинағын шығардық.
Ал күйлерімнің тақырыбы туралы айтар болсақ, «Әй, достарым», «Райымбек», «Сағыныш», «Мәңгілік жастық», «Жетісуым», «Шәлкөде», «Мұқағали толғауы», «Өмір толғауы», «Шалқыма», «Алтыныма», «Батыр баба – Мергенбай», «Қожекем», «Бәдік», «Ұстазға тағзым» т.б. күйлерім бар. Бұл күйлердің атауынан көрініп тұрғандай, тарихи, философиялық және лирикалық тақырыптар шығармашылығымның арқауы болып отыр. Күй – адамның жан күйі, тебіренісі, ішкі толғанысы. Ол қандай да бір әсерден туындайды және оның ішінде мән-мағына болуы керек. Қазіргі таңда күйдің мағынасын ұғатын тыңдаушының қатары сиреп бара жатқан сияқты. Біз тыңдарманға ой салатын, эстетикалық тәрбие беретін мәнді, мағыналы, сапалы күйлерді шығаруымыз, орындауымыз қажет.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Күнқожа ҚАЙРУЛЛА