Өнер гүлін жинаған Гүлжихан

Гүлжихан Ғалиева (Гүлжахан Қалиқызы) Актриса, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш көркем сөз шебері Қазақстанның Халық әртісі, «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иесі. 1917 жылы 11 қарашада Верный қаласында дүниеге келген. 1934 жылы Алматыдағы онжылдық орыс мектебін үздік бітіріп, Ленинградтағы Заң институтына оқуға түседі

1917 жылы 11 қарашада дүниеге келген Гүлжихан Ғалиева Жетісу өңіріне аты әйгілі Қали Ордабаев деген байдың жалғыз қызы еді. Сұңғыла, кемел ойлы әкесі жалғыз қызына мұғалім алдыртып еуропаша оқытып, сауат аштырады. Сондай ақ, жеке күтушіні сонау Германиядан алдыртып, жалдайды.

Әкесі  Қали Ордабаев кедей-кепшік, жоқ-жітікке әрдайым қолұшын беретін рақымы мол ғазиз жан болған еді. Өз заманының атымтай жомарты атанған Қали байдың қаржысына сол кездері, Алматыда ең алғаш күмбезді мешіт бой көтерді, ағаштан жер үйлер салынды. Қазіргі Мәдениет министрлігінің ескі ғимараты тұрғызылды, Баум бағының көшеттері отырғызылды, Орталық демалыс саябағының іргесі қаланды, сол маңнан оның қолымен аққулары қиқулаған айдын шалқар көл жасалған.

Ұлттық сахна өнеріміздің дарынды да, майталман шеберлердің бірі болған, Гүлжихан Ғалиева Ленинградта заң институтында оқып жүрген кезінде әкесі Қали мен ағасы Рамазанға «халық жауы» деп нақақтан нақақ жала жабылып, айдалып кете барады. Гүлжиханның ағасы Рамазан кезінде Орман шаруашылығы министрі, Нарынқол ауданының басшысы болған еді. Әкесі мен ағасы айдалып кеткен соң оқудан шығып қалған Гүлжиханға Мәскеуде ағасының айнымас досы болған Тұрар Рысқұловтың көп көмегі тиеді. Оның ақыл-кеңесімен, жол сілтеуімен тегін өзгертіп, 1938 жылы Мәскеу қаласындағы А.В. Луначарский атындағы театр өнері институтының жанындағы қазақ студиясындағы оқуын ойдағыдай тәмамдап, қазақ қыздары арасынан Мәскеудегі ГИТИС-ті бітірген тұңғыш көркемсөз оқудың кәсіби маманы атанады.

Жас маман алдымен Ташкентте бір-екі жыл жұмыс істеп, кейін 1941 жылы Алматыдағы Қазақ драма театрында актриса болып қызмет істейді. Актриса ретінде, бұл жылдары «Мысыққа күнде той бола бермес», «Маяк оты», «Қозы Көрпеш-баян сұлу» және тағы басқа спектакльдерге қатысып, аяғын нық басып, өзінің актерлік шеберлігін шыңдай түседі. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәскеуден көшірілген Орталықтандырылған киностудия бірлестігінің актерлар бөлімін басқарды.

1941-1946 жылдары Орталық біріккен киностудияда актриса, одан әрі 1946 -1965 жылдары аралығында, Қазақ филармониясында конферансье, Қазақ драма театрына қызмет етіп жүргенінде ол қазақтың бұлбұлы Күләш Байсейітова мен би падишасы Шара Жиенқұловалардың да жеке концертін жүргізіп, ел аралап өнер көрсетеді. Әндей қалықтаған әуезді үні бар, екі тілді жетік білетін сөзге шешен, сұлу да сымбатты Гүлжихан Ғалиқызы актриса ретінде Орталық біріккен киностудияда және Қазақтың Жамбыл атындағы филармониясында конференсье болып, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев сынды атақты ақын-жазушылардың шығармаларын шебер орындап жүреді.

Айтулы көркем сөз шебері, өзі оқыған шығармадағы кейіпкерлердің жан сезіміне кіре, әрбір сөздің мағынасын айқындап, насихаттай білді. Сондай-ақ, Қазақ радиосының балаларға арналған бағдарламасында да, Шығыс халықтарының ертегілерін нақышына келтіре оқып, кішкене бүлдіршіндердің жүрегіне жол тапты.

Ұлтын шын сүйген, өнерін ұлықтаған жайсаң жан Гүлжихан Ғалиева Алматыда «Қазақконцерттің» жанынан, алғаш рет 1965 жылы Республикалық эстрада-цирк студиясын ашты. Оның тарихы да тереңде жатыр еді. Гүлжихан Ғалиқызы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен сыйлас болды. Гүлжиханның әкесі Қали, Дінмұхамед Ахметұлының әкесі Ахмет, Шара Жиенқұлованың әкесі Баймолда Жетісу өңірінің көпестері болғандықтан, ертеден сауда-саттық жөнінде байланыста болса, бертін келе ол кісілердің балалары да бір-бірімен сыйлас жандар бола білді.

Гүлжихан Ғалиқызы Димаш Ахметұлымен ақылдасып, 1965 жылы сол кісінің қолдауымен Республикалық эстрада-цирк студиясын ашты. Қаржы жағын Мәскеуге барып қаржы министрі арқылы шешті. Жер-жерден өнерлі жастарды ертіп әкеліп, студияға оқуға түсірді. Қазір ол студия Жүсіпбек Елебеков атындағы «Республикалық эстрада-цирк колледжі» деп аталады.

Гүлжихан Ғалиева сол өзі іргетасын қалаған (қазіргі Республикалық эстрада-цирк өнері қолледжі) директоры қызметінде жиырма жылдай басшылық жасады.  Осы бір өнер ордасында, дүбәраланып бара жатқан қазақ тілінің жайы да Гүлжиханды бейжай қалдырмады, әр қазақтың үнінен қазақи әуезділік жоғалып бара жатыр, күмбірлеп емес, «міңгірлеп» сөйлейтіндер қатары көбеюде деп,

 

«Көркем сөз» деген бөлім ашып, «Көркем сөйлеудің техникасы» атты пәнді енгізді, соның нәтижесінде көркем сөздің көрігі қыза түсті, қоңыр үнді қазақ тілі, әсем қазақ әуені биік мінберлер мен мәртебелі сахналардың төрінен орын алды.

Өнер деп өмірден өткен қазақтың қайсар қызы Гүлжихан Ғалиқызының болашаққа аманаттап кеткен ұйыған ұжымына қазіргі кезде, белгілі әнші, сазгер Жеңіс Сейдоллаұлы басшылық жасап келеді. Өнер деп өмірден өткен қазақтың қайсар қызы Гүлжихан Ғалиқызының болашаққа аманаттап кеткен ұжымы Ж. Елебеков атындағы Республикалық Эстрада және цирк колледжі еліміздегі өнер жұлдыздары қанат қаққан құтты мекеннің бірі де бірегейі.

Сондай ақ, Қазақстанның халық әртісі, қазақ эстрадасының өркендеуіне атсалысқан өнер иесі Гүлжиһан Ғалиева, 1969 жылы аты аңызға айналған «Гүлдер» республикалық мемлекеттік эстрадалық жастар ансамблінің уығын шаншып, шаңырағын көтерді. «Гүлдер»-республикалық мемлекеттік эстрадалық жастар ансамблі. Сол жылы 26 қазанда режиссер С. Елеусізов қойған «Дала әуені» атты концерттік бағдарламамен тұңғыш рет шымылдығын ашты. 1970-72 жылдары ансамбль ұжымы гастрольдік сапармен Қазақстанның барлық облыстарында, сондай ақ Мәскеуде, Ленинградта

(Санкт-Петербург), Минскіде, Ригада, Таллинде, Ташкентте және Германияда (1975, 1979), Бельгияда, Пәкістанда (1974), Малайзияда (1977), Португалия мен Грекияда( 1978) өнер көрсетті. Ал 1976 жылы Гаваннада (Куба) өткен жастар мен студенттердің ІІ- дүниежүзілік фестивалінің лауреаты атанды. Сол кездегі, Бүкілодақтық эстрада конкурсының лауреаты С.Жұмағалиев және т.б. «Гүлдердің» түлектері еді. Ансамбль репертуары, негізінен қазақ әндері мен күйлерінен, билерінен, отандық және шет ел композиторлары шығармаларынан, күрделі концерттік бағдарламаларынан тұрды.

Одан іле-шала, 1970 жылы тұңғыш Қазақ циркінің іргетасын қалады. Қанда бар өнерді дамытып, Қазақ циркін құру жоспарын ойластырған, көркемсөз шебері Гүлжихан Ғалиева Мәдениет министрі Ілияс Омаровтың қолдауымен, Димаш Ахметұлының қаржылай көмегінің арқасында Мәскеудегі «Владимир» жылқы зауытына барып, нағыз цирк үшін жаралған он бес сәйгүлікті жем-шөбін дайындап, өзі мінген поездың жүк вагонына тиеп, Алматыға әкеледі. Кавказдан аң үйрететін Жора деген жігітті отбасымен алғызады.

Атақты Перкун мен Дубинскийдіңрежиссерлік қойылымымен сахнаға бағдарлама дайындайды. Жаңа бағдарламада «Көкпар», «Қыз қуу», «Теңге алу» секілді ұлттық ойындарды енгізеді. Маңғыстаудың түйесін, қырдың қызыл түлкісін, Алтайдың ақиығын алдырады. 1970 жылы 24 маусымда Қазақ цирк ұжымы рәсімделіп тіркеледі. Оның алғашқы директоры Қанат Саудабаев болатын. 1972-1978 жылдары қазақ циркі ұлттық бояуы қанық «Жылқышылар», «Қыз қуу», «Ат ойыны», «Жер жәннаты», «Байқоңыр», «Атамекен», «Космос симфониясы» атты бағдарламалар дайындады. Димаш Ахметұлының қамқорлығымен Қазақ циркіның ғимараты бой көтереді. 1980 жылы қазақ циркі ұжымына цирк өнерінің дамуына қосқан еңбегі үшін «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ұжымы» атағы берілді. Гүлжихан апамыздың төл перзентіндей болған осы үш өнер ордасының әрқайсысы бүгінде қазақтың маңдайына біткен киелі қарашаңыраққа айналды. Қазақ циркінің шығармашылық өрлеуі мен жетістіктеріне мәдениет жанашыры Гүлжахан Ғалиеваның қосқан үлесі қомақты.

ХХ ғасырдың 60-70 жылдары қазақ өнері дамуының алтын ғасыры десек, бұған  бүкіл  өмірі мен қажырлы еңбегін арнаған Гүлжихан Ғалиқызы сынды шебер ұйымдастырушы, жанашыр жандардың зор үлес қосқанын бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. Айналдырған 5-6 жыл мерзім ішінде осынау өнер ошақтарын құру Гүлжихан Ғалиқызының ерен еңбегінің жемісі, тағдырдың сыйы, күллі қазақтың бағы еді.

Сонымен қатар, қазақ қыздары арасынан  кезінде суырылып шығып, қоғамда кездесер түрлі қиындықтарды  жеңе отырып, сахна төрінде, өзінің саф өнерімен жасын ойнатқан Гүлжихан Ғалиева туралы, газеттер Ғалиеваның көркем сөз оқу шеберлігін Ленинградтағы көркем сөз шебері «Разумовскаямен» теңеуге болады деп жазды. «Қазақ әдебиеті  мен искусствасының» 1958 жылы Москва қаласында өткен онкүндігінде творчестволық шеберлік көрсеткен Гүлжихан Ғалиеваға «Қазақ ССР-не еңбек сіңірген артист» деген атақ беріліп, «Құрмет белгісі» орденімен наградталады.

Әрине, шығармашылық өмір оңай емес. Оның сан-мың машақаттары толып жатыр. Гүлжихан Ғалиева болса, бертінгі уақыт, жаңа дәуірдің  тынысын жауапкершілікпен сезініп, халық мұқтажын өтеуге әркез дайын тұрған алдыңғы қатарлы қоғам, мемлекет қайраткері бола білді.

Сондай ақ, салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай бағып жүріп, көптің көкейіне үміт отын жағып жүрген Гүлжихан Ғалиева көркем сөз оқудың, концерттік бағдарламалар жүргізудің шебері ретінде де халық жадында мәңгі қалды. Оның репертуарында Жамбыл, М.Әуезов, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев, Ж.Молдағалиев, т.б.шығармалары болды. Гүлжихан Ғалиқызының Едіге, Аэлита деген ұл-қызы мен Едігенің ұлдары Аббас пен Шыңғыс ерте дүние салады. Бір тұқымнан жалғыз қалған Едігенің қызы Ләйлә Алматы қаласында тұрады. Оның анасының ұлты — орыс. 1982 жылы 4 тамызда Гүлжихан Ғалиева дүниеден озды.

Бойына ана сүтімен сіңген өнер деген қасиетті ұғымды сезіне алатын, түйсіне алған көркем сөз шебері, актриса Гүлжихан Ғалиеваның соңғы жылдары тұрған үйге Алматы қалалық Советі атқару комитетінің 1984 жылғы 26 шілдедегі шешімімен (Алматы қаласы, Достық даңғылы, 44) мемориалдық тақта орнатылды. Сондай ақ, оның құрметіне Алатау ауданы, Алматы қаласы

«Шаңырақ-6» ықшам ауданында атына көше берілген. Гүлжихан Ғалиқызының өмірдеректі құжаттары Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы. Гүлжихан Ғалиева Алматы қаласы Мемлекеттік архивінің №367 қор құрушысы.

Сөз соңында, Сахна өнерінің қиын да сиқырлы сырларын Санкт-петербургта оқып үйренген нағыз хас шебердің өнерпаздығы жайында соңғы елу жылдың бедерінде сансыз жылы лебіздер айтылып, қаншама мақала, кітаптар жазылды. Ия, алдағы уақытта да айтыла да жазыла да бермек.

Өйткені, халықтың ортақ игілігіне арналған еңбек ешуақытта ескірмиді. Ал баға дегеніміз шығармашылық биіке апарар баспалдақ іспетті. Сондай баспалдақтың талайынан Гүлжихан да жүріп өтті. Ұлттық сахна өнеріміздің дарынды да, майталман шеберлердің бірі болған, талантты, сөз шеберінің еңбектерін жұртшылық тегіс біледі деген ойдамыз.

 Б.Ахметова, Құжаттарды ғылыми пайдалану және жариялау  бөлімінің архивисі

Бөлісу: