Ең алғаш орамал күні туралы бастаманы 2011 жылы америкалық Назма Кхан көтерді. Ол 11-жасында ата-анасымен Бангладештен Америкаға көшіп келген. Орамалына байланысты мектепте де, университетте де талай құқайды көрген қыз өзі секілді әпке-сіңлілеріне рухани көмек көрсету мақсатында әлеуметтік желілер арқылы барша әлем қыз-келіншектеріне бір күн басына орамал тартып жүру туралы үндеу тастады. Қызығы сол, алғашқы жылы-ақ Назманың бастамасын 67 елдің нәзік жандылары қолдай кетті. 2013 жылдан бастап бұл мейрамды әлемнің 100-ден астам елі тойлайды. Қазақстанда Орамалдар мерекесі үш жылдан бері аталып келеді.
Анаға құрмет музейі осы мейрамға орай, «Анамнан қалған ақ жаулық» атты көне орамалдар мен кимешек көрмесін өткізді. Негізі кимешекті қазақ, қырғыз және қарақалпақ ұлттары ғана киетіндіктен, көрмеге Қырғыз елінен ұлттық өнерді насихаттаушы Топчугул Омирзакова қырғыз елінің ұлттық киімі мен елечегін яғни кимешегін киіп келсе, Қарақалпақстанда туып өсіп, бүгінгі күнде еліміздегі белгілі кәсіби биші, актриса – Гүлшарат Жұбаева қарақалпақ ұлтының ұлттық киімінің ерекшеліктерімен таныстырды.
Халықаралық орамал күні мерекесінде музейге келген қонақтарға қазақ аналары киген бас киімдерімен таныстырып, шеберлік сабағын өткізген Анаға құрмет музейінің ғылыми қызметкері Тілек Сұлтанмен сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Шеберлік сабақта қазақ қыздары еш уақытта басына оранып, орамал тақпаған дедіңіз, мұсылман елінде қыз балалар басын жауып жүруі парыз деген….
– Қазақ елі мұсылман болғанымен, өзіндік ерекшелігі бар ұлт. Бұрынғы қазақ ағайын-туыс болып, жеке-жеке ауылды қоныс еткен. Сондықтан қыз бала ағалары мен інілерінің ортасында жүргендіктен, емін-еркін өскен. Тек ұзатылып, басқа елге барғанда ғана желек жамылып бүркеніп жүрген. Оның өзіне де тұңғышын босанғанша жамылып жүрген. Желекті де біреу үшін емес, жас келінге көз өтпесін, сұқ қадалмасын деген ниетпен жапқан. Ал бірінші баласын босанғасын ана болдың деп енесі арнайы тіккен кимешекті кигізген.
– Энциклопедияда қазақ әйелдерінің ұлттық бас киімі – кимешек деп жазылған екен. Бірақ бүгінде кимешек туралы көп айтыс-тартыс жүріп жатқан сияқты, жалпы этнограф ретінде, кимешекті ұзақ уақыттан бері зерттеп тігіп жүрген маман ретінде бұған не айтасыз?
– Кимешектің тарихына тоқталсақ, оның шығу тарихы туралы екі-үш түрлі пікір бар. Біріншісі, ислам дінін қабылдағаннан кейін кимешекті сол кездегі аналарымыз ислам дінінің шариғат үкімдеріне қарай тігіп, дайындаған десе, екінші пікірде ислам діні кірмей тұрып түркі халқында кимешек бар-тұғын дейді. Өйткені бұрынғы көне суреттерде Қытайдың бұрынғы тарихи деректерінде және «Құпия шежіреде» Шыңғысханның жары Бөрте ханымның суретінде кимешек киіп турған суреттері бар екен. Соған қарағанда, аналарымыз ислам дінінің енуіне дейін де кимешек киген.
– Кимешек сонау түркі заманнан бар дейсіз ғой қазақта?
– Иә, діннен бұрын әр ұлттың өзінің жеке салт-дәстүрі, киім үлгісі дамыған. Ислам діні кейін қазақ халқының ұстанымына жат болмағасын қабылданған хақ дін десек, кимешек те діннің ұстанымына жат болмаған. Керісінше, қазақ ұлтының салтына сай дін дамып, ұштасып отырған.
– Қазақ дәстүрі діннен алыс кетпеген болып тұр ғой онда, бірақ өзіңіз білесіз, арабтар қара түсті хиджап киеді деп, қазақтың қыздары да қара түске оранып алды….
– Иә, жалпы қазақ әйелдері ежелде де, қазірде де қара түсті орамал тақпаған. Өйткені қара бұл аза тұтудың, қаралы болудың белгісі. Тіптен жалпы қара орамал салынды жолдасы қайтқан кезде, аза тұтқан кезде деп айтылады, соның өзінде көп өңірлерде қара орамал салмаған екен, шынайы аза тұтудың өзінде де….
Қаралы болды деген сөз тек символдық жағынан айтылатын сөз, әйтпесе қара салдырмаған. Қара орамал, қара мата қазақ халқының түсінігінде жақсы емес. Яғни басы қаралы, жүрегі жаралы, аза тұтқанын білдіргенде жақ салмаған ақ кимешек киген екен. Оны «ақ жақ болды» деп атаған. Осыған қарап-ақ әйелдерді басындағы кимешегінен жесір, басы бос, қарасы түсірілмеген жағдайын өзгелер айтқызбай білген.
– Әр ру өзіне тән кимешек киген дедіңіз, олардың пішілуінде, ою-өрнегіндегі айырмашылықтарға тоқталсаңыз?
– Жалпы, кимешектің 16 түрі белгілі, оның 12 түрі Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық музей қорында сақталған. Анаға құрмет музейінде де кимешектің бірнеше түрлері бар. Негізі үш жүздің өзіне тән кимешектері болған. Яғни әр рудың өзіндік ерекшелігі болған. Ең әдемі жақ кестесі түрлі-түсті жіппен оюланған, моншақ-күміспен сәнделген кимешекті жас келіндер киген. Ал балалары есейіп, келін түсірген аналарымыз кимешектің жақ кестесіне сары түсті зер қосып, «сар жақ» болады. Қазақ ұлтының данышпандығы сонда, әр жастың өзіне тән стилі болған. Жалпы үй шаруасында жүрген кезде негізі кимешектің өзін ғана киіп, үстінен кішігірім орамалдар тартқан. Ал енді салтанаттарда сәндік үшін күндік ораған дейді.
– Қазір жастар ғана емес, үлкен кісілердің өзінде кимешекті қарт әжелер ғана киеді деген түсінік қалыптасқан. Бұл қайдан шыққан ұғым?
– Рас, музейге келген адамдардың барлығына кимешекті ананың бас киімі деп түсіндіреміз. Өйткені, сіз айтқандай, кимешекті қарт әжелер, егде жастағы әйелдер киеді деген қате түсінік қоғамда әбден қалыптасып алған. Оның себебі Кеңес Одағы орнағаннан кейін кимешек кию жалпы салт-дәстүрімізден шыға бастады. Себебі қазақ әйелдерін жаппай қара жұмысқа жұмылдырылды. Одан қалса, қолына қару алып, соғысқа да барды, кейін трактор, комбайн да жүргізді, зауыт-фабриканың барлығында дерлік әйелдер жұмыс істеді. Соның салдарынан ақ кимешекті кір жұқтырмай, жас келіншектердің киіп жүруге мүмкіншілігі де, жағдайы да болмады. Кимешекті киюге қызыл белсенділер шектеу де қойып, көненің сарқыншағы деп, тіпті бүкіл ауылдың әйелдерін жинап алып, кимешектерін күшпен шештіріп, сол жерде өртеп, бір-бір шаршы орамалды бастарына байлап берген деген де ақпарат бар. Яғни жұмысқа жарамды қыз-келіншектерге орамал тақтырғанда үйде отырған үлкен кісілерге тиіспеген. Содан Кеңес дәуірінде өскен қазіргі буын кимешекті үлкен кісілер ғана киеді деген түсінікпен өскен.
– Рас, кимешек десе ойымызға қарқарадай күндік оранған әжелеріміз ғана түседі, күндікті сәндік үшін таққан ба….
– Иә, бірақ күндіктің ұзындығы жиырма алты метрге дейін жеткен. Неге сонша ұзын матаны басына орап жүрген дегенде оның да өз пайдасы бар екен. Жалпы жылулық үшін де, күннен күнқағар деген атаулары да бар және де көшпелі болғаннан кейін мата қолжетімді бола бермеген. Сондықтан күндікті жолда келін босанып қалса, күндікті жөргектің орнына пайдаланса, адам қайтыс болған жағдайда осы күндікті кебін ретінде пайдаланған деген де нұсқалар бар. Негізі қазақ барлық нәрсені ақылға қонымды, сол кездерде көшпелі халықтың тұрмыс жағдайына байланысты пайдаланған.
– Киімнің пірі – кимешек деп бекер айтылмаған болды-ау….
– Иә, кимешек – қазақ анасының киелі бас киімі. Тұңғышын босанғаннан бастап киетін кимешекке қарап, әйелдердің шырайын, жас мөлшерін, тұрмыс-жайын, тіпті жүріс-тұрысына дейін анық ажыратып алуға болады екен. Сондықтан аналарымыз ақ кимешегін кір шалдырмай қадірлеген. Сондықтан аналарымыз бастарына хиджап орағанша, дәстүрімізге сай кимешек киіп жүрсе деген тілегіміз бар.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Жанар Жанапиянова, журналист