100 жылдан астам тарихы бар кісе белдік пен тәспихтың тарихы…

Есімі тарихта қалып, «Ағайынды бес қажы»атанған түп нағашыларым – Ұлы бабаларым туралы айтсам…

Албан, оның ішінде Қоңырбөрік Өтей, Тама руларын асқақтатып, ұрпағына үлгілі ісін қалдырған «ағайынды бес қажының» жүріп өткен тарихи жолы-көпке өнеге!

Ұлы бабамыз – Тама ұрпағынан бес бірдей азаматтың мұсылманның қасиетті бес парызының бірі – Қажылық сапарға аттануы туралы айтсам деймін. Ағайындылар – Жәутік, Бөшен, Мергембі, Қонақбай, Құдабай, оның сыртында атқосшы және аспаз екі ұйғыры бар, барлығы жеті адам, Жетісу өлкесі – Тәңіртаудың етегінен, қазіргі Алматы облысы, Ұйғыр және Кеген ауданы маңайынан 1896 жылдары шалғайдағы Меккеге жеткен. Өкінішке орай, ағайынды бесеуі де сол сапардан оралмаған екен.

Кезінде сол маңайды, ауылды ұлт тарихын құрметтеп, әсерлі әңгімелерді естіп өскен ұрпақтары мен ауылдастары ерекше дәріптеп, «Бес әжінің ауылы» деп атаған екен.

Біз, осы мақаланың авторы, Біләлов Мұрат Болатұлы (марқұм) екеуіміз «Ағайынды бес қажының» бірі – Бөшен атамның төртінші ұрпағымыз.

Өз заманында әділетті би атанып, болыс болған Бөшен атамыз алдына келгендердің дауын қара қылды қақ жарып шешетін, əділ би болған екен. Дене тұрқы ірі, палуандығы да бар азамат сапарлап келгендерді өз ауылының жігіттерімен күрестіріп, бәйге ұйымдастырады екен.

Аймақтағы жасы үлкен қарттардың айтуы бойынша Бөшен атамыз  серілігі басым, жомарт кісі болыпты.

Бірде асыл тұқымды жылқыға көзі түсіп, соны жүз жылқы беріп сатып алғандығын кейінгі ұрпақ аңыз етіп айтады.

Шонжы ауылының маңында кезінде өзі бас болып қаздырып, елге ауыз су шығарған «Бөшен Қажы бұлағы»аталатын бұлақтар көненің көзіндей болып, осы күнге дейін ауыл маңында «Бізді ұмытпаңдар, ұрпақтарым!» дегендей сылдырап ағып жатыр. Біздер, ұрпақтары тәу етіп, осы бұлақтардан су ішіп, құран бағыштап қайтқанбыз.

Қазақ даласында «ағайынды бес қажы» атанған бесеуі Тама бабаның Сейітқазы ұлынан, Балық, Ақымбек ұрпақтарынан тарайды.

Бес ағайынды қажылық сапарға кетіп бара жатқанда атақты ақын Бөлтірік Атыханұлы айтқан:

«Ау, Бөшен би! Бөшенім, ақылшым едің, шешенім.

Кімге сеніп қалдырдың, артыңда қалды-ау, мына елің!» – деген бір шумақ өлеңнен біраз мән-жайды аңғаруға болады.

Осылайша Жәутік, Бөшен, Мергембі, Қонақбай, Құдабай аталарымыз келмес сапарға белдерін бекем буып, жаназаларын шығартып, елімен мәңгіге қош айтысып, адал ниетпен 1896 жылдары Меккеге қарай бет алады. Көп уақыт жаяулатып, ат үстінде жол жүріп, жер шалғайы – Меккеге жетіп, қасиетті Қағбаға зиярат етіп, Алланың қалауымен өздерінің тілеулері қабыл болып, қасиетті Меккенің топырағы бұйырады.

Қайран, рухы биік аталарымыз-ай!

Қасиетті Меккеден мәңгілік тыныштық тапқан қажы аталарымыздың аруақтары разы болсын!

Ұлы сапарға аттанарда Бөшен атамыз ақылы көркіне сай, өжет, парасатты Салтанат атты бәйбішесіне: «Балалар өскенше, әулеттің тізгіні өз қолыңда, сенің ақылмен айтқаныңды орындайды, аман келсек осы дүниеде, оралмасақ о дүниеде сұраймын» – деп қайратты Салтанат әжемізге үлкен аманат айтып, әулеттің амандығын табыстап кеткен екен.

Бұл сапардан аман келген аталарымыздың жолда ас-суын дайындап, атқосшысы болған Шауыш атты ұйғыр көмекшісі бабамыздың аманаттап беріп жіберген таспиғын елге келген соң, Бөшен атамыздың бәйбішесі Салтанат әжемізге табыс етеді. Уақыт өте келіп,  Салтанат әжеміздің қолына тиген жәдігер өзінің немере келіні, жасынан намаз оқып, бойын таза ұстаған Зіниә әжемізге аманатталады.

Зіниә әжеміз 2004 жылы, 94 жасында дүниеден өтерінде Бөшен қажы атамыздың құнды дүниелерін сол қалпында сақтап, мойынға таққан тұмардай етіп, өз  келіні Күләш шешемізге табыстады.

100 жылдан астам тарихы бар, енеден келінге табыс етілген, көненің көзі – тәспихтың тарихы осындай!

Бүгінгі күнге дейін таза тастары жарқырап, тізген бауы үзілмеген құнды жәдігер – отбасымыздың киелі дүниесі!

Бүгінде, Алматыда Күләш шешеміз осы аманаттарын көзінің қарашығындай сақтап, дәріптеп, Болат әкеміздің кіші ұлы Қайраттың үйінде бес уақыт намазын оқып, тәспиғын тартып, күміс белдікке бас иіп, сәлем жасап отыр.

Бабаларымыздың  қажылық сапарға «алаңсыз» аттануының өзінде Салтанаттай парасатты, сұңғыла қазақ әйелінің бейнесі көрінеді.

Артында қалған текті ұрпақты жақсылыққа жеткізіп, әр азаматтың аманатын адал орындаған қазақтың қайраткер аналарының рухы қолдасын!

Бала кезімізден Зіниә әжеміздің сандығында  сақталған, арғы бабамыз – Бөшен қажының кісе белдігі мен Салтанат әжеміздің күміспен қапталып, алтынмен апталған, ақық таспен көмкерілген белдігін әжеміз аялап, сыйпап, біздерді маңайына шақырып, әр немересінің иығына салып, маңдайымызды тигізіп, тәу етуші едік.

Ал, тәспихтың күнделікті әжемнің қолынан түспегені бәріміздің есімізде!

Нағашы әжем Зіниәның бауырында өсіп, тәрбиесін көргеніме бақыттымын! Мен – Әжемнің қызы болдым!

Ұлт тарихына байланысты айтқандарын қызығып тыңдап, ойыма түйдім, қазақи тәрбиесін бойыма сіңірдім.

Тұрмысқа шығып, өмірге келген қызыма ақылды, парасатты болсын деген оймен «САЛТАНАТ» есімін беріп, Ұлы Әжемнің рухына тағзым еттім!

Ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін!

Роза Есенбаева, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Мұрат Біләлов, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, суретші-қоюшы (художник постановщик) (марқұм)  

Бөлісу: