Сонау жылдарда мәдени құндылықтарға немқұрайды қарап, ұлт руханиятының ошағын құрдымға кетірмегенімізде Нарынқол халық театры бүгінде өзінің 60 жылдық мерейтойын тойлап жатар ма еді… Не нәрсені болсын бұзғаннан, қиратқаннан оңайы жоқ, ал кез келген дүниені қайта қалпына келтіру өте қиын, ол табандылықты, үлкен күш-қайратты, мол қаржыны талап етеді.  Осы орайда өзінің ата-анасы еңбек еткен, өз сөзімен айтсақ, сол Нарынқол халық театрында дүниеге келіп, сахнасының шаңын жұтып өскен Асқар Наймантаевтың ұйытқы болуымен, 2018 жылы қайта ашылған Райымбек ауданында өнер шаңырағының да тағдыры сөз болып, игі шаруа қолға алынған болатын. Міне, араға 23 жыл салып «Хантәңірі» деген атпен қайта құрылып, халықтық атауын қорғауына орай Бикен Римова атындағы (Талдықорған қаласы) театрда ашылуы болды. «Хантәңірі» өз көрерменіне Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэтикалық-сазды драмасын ұсынды.

 

— Ауылына келіп құлағалы тұрған үйін қайта жаңадан салған жандай сезініп тұрмын өзімді. Әке-шешем істеген қара шаңырақ — Нарынқол халық театрында өстім. Сол театрымыздың қайта ашылғанына өздеріңіз куә болдыңыздар, — деді Асқар Наймантаев.

«Хантәңірінің» Халық театры атауын қайтарып, қойылымдары көптің көңілінен шығатынына зор сенім артамыз!

 

Бөлісу: