Бүгінгі таңда халықтың тіршілігін қамтамасыз етудің жалпы мемлекеттік шаруашылық міндеттерінің тұжырымдамалық шешімдерімен қатар, қазақ елінің тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау (қорғау, сақтау), қалпына келтіру және пайдалану аса маңызды міндет болып табылады. Бұл ғылыми-қолданбалы бағыттың түзде шоғырланған археология және мемориалдық (күмбезді кесене және т. б.) ескерткіштерінің тағдырын шешуі үшін аса маңызды ғылыми-тәжірибелік бағыт болып табылатын «Қазақ ескерткіштану» институттандырудың нақты және тиімді іс-шараларын іске асыруға міндеттіміз. Қазіргі уақытта ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру жөніндегі ғылыми үйлестіру орталығын құрудың өзектілігі туралы бұл келелі мәселелер осыдан он жыл бұрын көтеріліп, әлі де күн тәртібінен түспей келеді [1, с. 7–10].
Мысалға, ежелгі Египетте перғауын IV Тутмостың билігі тұсында оның бұйрығымен Ұлы Сфинксті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген деседі. Тіпті аты шулы француз Наполеон Мысырды жаулап алған кезінде, оның сарбаздары құм басып қалған Ұлы Сфинкс мүсінін тазартып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді деген дерек те бар. Сонымен қатар француздар Ежелгі Рим ескерткіштерін қалпына келтіру жұмыстарын жаcаған. Францияның жаңғыртушы – реставраторлары көптеген ескерткіштерді сақтап қалу жұмыстары барысында асқан шеберлік пен тиянақтылық танытқан деп жазған ескерткіштерді зерттеу саласындағы француз мамандары [2, с. 26].
Тәуелсіз мемлекетіміздің рухани мәдениетінің ұлттық құндылығы болып табылатын ата-бабамыздың мұралары болып саналатын көне ескерткіштерге қамқорлық жасаудың жаңа нақты ұстанымдарын қалыптастыру қажеттілігін туғызады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 37-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарихи пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті» деп айтылған [3, статья 37].
Айтарлық, Қазақ КСР-інің кезінде қазақ тарихи және мәдени ескерткіштері жайында жүргізген шаралары туралы айтатын болсақ, онда тұңғыш рет 1948 жылы 14 қазанда Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің «Ескерткіштерді қорғау және сақтау шаралары туралы» қаулысы шықты. Қазақ КСР-і сәулет және археология ескерткіштерін сақтау» туралы заңы қабылданды. Оған дейін Кеңес Одағы бойынша қабылданған қаулылар тек Ресейге қатысты болған, яки бұл қаулылар автономиялық немесе одақтық республикаларға қатысы болмады. Сондықтан болар, сол кезден бастап қазақтың құрылыс мәдениеті ескерткіштері, құдайы жоқ «атеистерге» тегін «кірпіш зауыты» болып, жапан түзде бой көтеріп тұрған кесенелерді бұзып қиратқан еді, ал көне құрылыс материалдары «социалистік» тұрмыстық қажеттіліктерге пайдаланылды.
Кеңес Одағы кезеңінде, қазақ тарихы және мәдениетінің жылжымайтын және жылжымалы ескерткіштері одақтық, республикалық және жергілікті құндылықтар болып үш санатқа бөлінетін болатын. Одақтас Республика билігінің өз пікірі болған жоқ хәм болуы да мүмкін емес еді! Бұл шешімдердің барлығы билеуші Метрополияның нұсқауларына сәйкес орындалатын. Материалдық және материалдық емес тарихи және мәдени ескерткіштер мемлекет құраушы этностың құндылықтарына қай кезде бөлінгенін де түсінуге болады. Өкінішке орай, социалистік өнеркәсіп пен халық шаруашылығының қарқынды құрылысы көптеген халықтардың тарихы мен мәдениетінің көне ескерткіштерінің тез арада жойылуына қызмет етті. Коммунистердің аты шулы идеологиялық доктринасы – «Өнердің пішіні – түрі ұлттық, мазмұны – социалистік болуы керек» деген ілімі шын мәнінде қасаңдық – догма болатын.
Мәдени мұра ескерткіштері негізінен исламға дейінгі кезеңдегі мемориалдық және ғұрыптық ғибадатханалар мен басқа да тас құрылыстармен, ислам сәулеті – мешіттер, медреселер, азаматтық сәулет өнері – ортағасырлық моншалар (хаммам), тұрғын үйлер, тұрғын үй-коммуналдық кешендер, әртүрлі гидротехникалық құрылыстармен (кәріз, сардоба, түрлі арық арналары және т.б.) ұсынылған еді, әртүрлі діни нанымдардың діни ғимараттары, тарихи оқиғалардың есте қалатын орындары, сондай-ақ табиғаттың көрікті жерлері де бар [4, 15–19-бб.].
Қазақ елінің көптеген мәдени мұра ескерткіштерін қалпына келтіру, сақтау және абаттандыру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеді. Бұл кешенді түрде жүргізілетін лайықты зерттеулердің, ғылыми және әдістемелік құрылымның жоқтығынан туындап отыр. Отандық ескерткіштану саласында жан-жақты сауатты және тәжірибесі бар орталық ұжымы іргелі мәселелермен айналысуы қажет дейді қазақ ғалымдары.
Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін зерттеу, қорғау, сақтау және пайдалану мәселелеріне жіті көңіл бөлу қажеттігі бұрын-соңды болмаған және қазіргі уақытта барлық деңгейде – үкіметте, парламентте, жергілікті басқару жүйелерінде, қоғамда және тарихи-мәдени мұралардың тағдырына алаңдайтын жеке тұлғалардың да шұғыл араласуын қажет етеді. Осы орайда, ата-бабаларымыз қайтыс болған туыстарының зират басына тұрғызған ескерткіштері күні бүгінге дейін кең байтақ қазақ даласындағы жолаушыларға бағдаршам болып табылатын көптеген мемориалдық архитектураға назар аудару қажет.
Қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне барынша қатысы бар кейінгі (XVIII, XIX, XX ғ.ғ. басы) ескерткіштерді (мемориалдық-культтік, қоныстық, эпиграфиялық және т.б.) зерттеу мен сақтаудың өзекті мәселелерін шешу қажет, өйткені олар қазір қарқынды түрде жойылу үстінде. Ерте көшпелілердің қорғанды «пирамидалары», орта ғасырлардағы көптеген сәулет құрылыстары және Ұлы даланың құрылыс мәдениетінің тікелей тарихы, ата-бабаларымыздың мұрасы болып табылатын қазақ халық сәулет өнерінің өзі, сонымен қатар, олардың саны күн өткен сайын азайып барады. Қазақстанның көптеген тарихи және мәдени ескерткіштерін қалпына келтіру және сақтап қалу үрдісінде ғылыми-зерттеу және ғылыми көзқарас мәселесі бойынша нақты шаралардың өзектілігі пісіп, уақыты жетті.
Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштеріне келетін болсақ, оларды келесі санаттарға бөлу керек:
1) Мәдени-жерлеу және ғұрыптық-мемориалдық құрылымдар мегалиттік ғимараттар (меңгірлер – «алыптас», «дәутас», «бағаната», «сымтас», «қорғантас», «қанаттас», «қотантас», «бесіктас», т.б.), тас қорымдар, тас қорғандар, тас ғибадаханалар (мұнара және киіз үй тәрізді) «дың», «үйтас», т.б.
2) Ерте тұрғын жайлар – үңгірлер, жасанды тұрғын үйлер; уақытша, жиналмалы (жылжымалы) және тұрақты баспаналар.
3) Исламның діни сәулеті – мешіттер, мұнарлар, әулиелер мазарлары, кесене, сағанатам, қоршаулар және басқа да мемориалдық құрылыстар.
4) Азаматтық сәулеті – кәріз, сардоба, монша (хаммам), махалла (тар көшелері бар дәстүрлі қалалық кварталдар) т.б.
Құрылыс мәдениеті ескерткіштерінің өте аз зерттелгенін, атап айтқанда, қазақтың дәстүрлі егіншілік мәдениетінде ұзақ уақыт бойы қолданылған ежелгі гидротехникалық құрылыстардың тиісті назардан тыс қалғанын айта кету керек. Негізінен оңтүстік өңірлердегі диқандар салған сардобалар, кәріздер, арықтар мен каналдар сияқты және басқа да егін суару жүйелері [5, с. 5–12].
Осы саладағы түрлі мәселелермен ұзақ уақыт айналысып келе жатқан мамандар ретінде тарихи және мәдени ескерткіштерін зерттеу, жариялау, қорғау және қалпына келтіру жұмыстарының қолайсыз жағдайда екенін, мәдени мұра ескерткіштер тағдырының өзі жайсыз екенін айтуға мәжбүрміз.
Қазіргі уақытта сақтау, қалпына келтіру және басқа да шараларды жүзеге асырудың ғылыми-әдістемелік негіздері жеткіліксіз. Атап айтқанда, қалпына келтіруді немесе сақтауды қажет ететін археологиялық жәдігерлер, ең маңызды дербес ғылым саласы. Негізгі жұмыс жаратылыстану ғылымдарының мамандарын – химиктерді, физиктерді, биологтарды және т.б. тікелей тарта отырып, жүзеге асырылатын жерлерде осындай мәдениет ескерткіштерін зерттеудің, сақтаудың, қалпына келтірудің және сақтаудың заманауи ғылыми әдістері мен қағидаттарын өздері алуан түрлі материалдардан әзірлеуі тиіс [6, с. 88–92].
Ұлттық мәдениеттің құндылығы болып табылатын ескерткіштер өзінше тұлғаның туып-өскен және өмір сүрген, оның байырғы ата-бабалары туып-өскен және өмір сүрген елдің нышанының белгілі бір бейнелік қызметін атқарады, әсіресе, ескерткіш халықтың мұрасы болса, ата-бабалары және халық тарихы мен әкесінің есімі бойынша шежірелік мәліметтерді жеткізуші деуге болады. Айтарлық, ортағасырлық сәулетінің бірегей ескерткіші болып есептелетін Әзірет Сұлтан кешені оның зәулімділігі есімді тұлғаны ұлық тұту мәнін одан да жоғарылатады, сопылық ақын Қожа Ахмет Яассауи, көшпелі ортада ислам дінін уағыздаушы, ол «яссауия» сопылық қауымының негізін қалаған. Шейх Ахмет Яссауидің «Хикмет» кітабында Алланың есімі түркілердің құдайы – Тәңір атауымен ауыстырылған [7, с. 112].
Түркі елдерінің мұсылмандары өте қатты қастерлеген, әулиелік дәрежесіне көтерілген оның қабірінің басына «мазар» (XII ғ.) тұрғызады. Кейін Әмір Темір келіп, сол мазардың орнына ислам сәулетінде теңдесі жоқ бірегей құрылыс салғызады. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кешені (XIV ғ.), Қазақстан мұсылмандары үшін ислам дінінің нышаны болып табылатын қазақ елі сәулетінің інжу-маржаны, екінші Меккеге айналады. Бұл бірегей ескерткіш қазақ хандарының резиденциясы, бүкіл Орталық Азия мұсылмандарының рухани орталығы, тіпті дүниеден озған тарихи тұлғалар мен қазақ тектілерінің пантеонына айналғаны да, Түркістан қаласының өсуіне әсер етті дейді зерттеп жүрген ғалымдар [8, с. 59–71]. ЮНЕСКО-да тіркелген және Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген ескерткіш және Түркістан қаласының өзі, облыс орталығы ретінде (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) әкімшілік орталығы мәртебесінде ғана емес, бүкіл түркі әлемінің мәдени орталығы дәрежесіне жетті. Мұндайды ұғыну қазақ халқының осындай тарихи-мәдени ескерткіштерінің әлеуметтік мәнін көрсететін ең құнды ерекшеліктерінің бірі болып табылады. XII ғасырда өмір сүрген сопы, түркі дәстүрлері бар жұмбақ – мистика мектебі – «йассауия» және бүкіл түркі сопыларының тегі атанған кемеңгер Ахмад әл-Яссауидің қабірінің үстіне бірегей сәулет кешенін тұрғызған Әмір Темірдің (Темірлан) дәл осындай мақсатты ұстанғаны анық деген еуропалық зерттеушілер [9, с. 25]. Мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі ЮНЕСКО қабылдаған ұсынымдар мен шарттар (конвенциялар), мәдени және табиғи мұра ескерткіштері өз жерінде орналасқан әрбір мемлекет оларды сақтауға және болашақ ұрпаққа жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті екенін анық білдіреді деп айтылған [10, с. 21].
Біздің еліміз, яғни Қазақстан Республикасы, ЮНЕСКО-ның мүшесі бола отырып, жай ғана ескерткіштерді сақтау шараларын қабылдауға міндетті, осыған байланысты ол ескерткіштің өзінде де, оның қорғалатын аумағында да кез келген қоғамдық және жеке жұмыстардың жүргізілуін қатаң бақылауға алуы керек. Атап айтқанда, бұл ата-баба мұрасының інжу-маржаны Қожа Ахмет Яссауидің кешені ЮНЕСКО-да тіркеліп, Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген.
Біздің ойымызша, «реставрация» (латынша – restauratio, қазақша – қалпына келтіру) деген ұғымның өзі археологиялық және мұражайлық жәдігерлерді, халық қолданбалы және бейнелеу өнері туындыларын, қазақтың сәулет өнері ескерткіштерін және т.б. түпнұсқасын қалпына келтіру екенін ұмытпау керек.
Қазақстанның материалдық мәдениет ескерткіштерін сақтау мәселелерін тиімді шешуге үндеу болу. Атап өткендей, ғылыми қалпына келтіру теориясының негізгі қағидаларының ішінде әрбір маман үшін қатаң басым болуы қажет: «… Болжам басталған жерде, қалпына келтіру тоқталуы тиіс…» [11, с. 16].
Әртүрлі саладағы бірқатар ғылыми мамандарды тарта отырып, «қазақтың ескерткіштану» ғылыми-әдістемелік және үйлестіру орталығын құрудың өзектілігі осыдан көп жылдар бұрын ҚР Мәдениет министрлігінің ҚазМӨҒЗИ қызметі кезінде туындаған еді. Айта кету керек, бұл Орталықтың атқаратын негізгі қызметтері: ғылыми-зерттеу (ең алдымен ескерткіштерді зерттеу, анықтау және жариялау саласында), ғылыми-әдістемелік, үйлестіру (мәжілістер, конференциялар, ғылыми-әдістемелік кеңестер), кураторлық, ғылыми және басып шығару (оның ішінде Республиканың ескерткіштер кодексін дайындау және басып шығару) [12, с. 19–23].
Ежелгі көшпелі өркениеттің мұрагері ретінде Қазақстанның тарихи-мәдени ерекшеліктерін барынша толық көрсететін, қазіргі кезде қарқынды түрде жойылып бара жатқан бірегей ескерткіштерді жан-жақты зерттеу, қорғау, қалпына келтіру, сақтау және одан әрі пайдалануды ескеру мемлекеттік маңызы бар міндет [13, с. 337–339]. Қазақтың құрылыс мәдениетінде негізінен қол жетімді табиғи материалдар (шым, сазбалшық, тас, ағаш, қамыс, т.б.) пайдаланылған тұрақты тұрғын үй құрылысы ерекше орын алады. Саздан шикі кірпіш (саман) құйылып, үйлер тұрғызылған, ал сыртқы қабырғалары күйдірілген кірпішпен қапталған. Торғайда ХІХ ғасырдың аяғында ұста Айтмағамбет тұрғызған құрылыстардың бірнеше үлгілері сақталған.
Мысалға, күрделі тұрғын үй күйдірілген қызыл кірпіштен тұрғызылған, ол бұрыштық бағандармен және сәндік фризбен безендірілген соң «Қызыл үй» деп аталып кеткен. Бұл үйдің иесі дәулетті қазақ Мұхамеджан Бүркітов болған. Кезінде, осы үйде жиналған игі жақсылардың ықыласымен, 1916 жылғы көтерілісті басқарған Амангелді Иманов Ресей патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы шыққан көтерілісшілер жасақтарының бас қолбасшысы – сардар болып сайланған. Айтмағамбет ұста салған «Сарыбас қажы» мешіті, ұлт-азаттық қозғалыстық басқару орталығы болған және оның тұсында қару-жарақ соққан ұстахана болған. Қазақ сәулет өнерінің мұндай бірегей үлгілері Қазақстан Республикасының тарих және мәдениет ескерткіштері болып табылады және өкінішке қарай, қазіргі уақытта бұл ескерткіштер тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізілімінен алынып тасталған [14, с. 225; 15, с. 389–392].
Бір айта кететін жайт, ол ХVІІІ–ХХ ғасырлардың басы, «отарлық архитектурасы» іргелі көзқарасты қажет етеді. Ресей патшалығының Қазақстандағы отарлау саясатын жүзеге асыру барысында, Орынбор – Ташкент бағытында Трансқазақстандық темір жолдың салынуы. Сонымен қатар, қорғаныс құрылыстарын, бекеттерді, әкімдік, оқу-ағарту және тұрғын үйлердің салынуын, ғалымдар «отарлық сәулет» ретінде белгіледі [16, с. 51].
«Қазақ ескерткіштану» ғылыми орталығының міндеттерін орындаудың тиімді шараларына келсек, ең алдымен тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мәселелерін пысықтау қажет. Түздегі ескерткіштер болсын, тарихи кешендерді және осы нысандардың айналасындағы табиғи ландшафтты қорғау жүйесін әзірлеу. Еліміздің шалғай өңірлерінде орын тепкен тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау және пайдалану мәселелерін зерттеу. Бұл ретте, құзыретсіз жергілікті билік, ескерткіштер қандай жағдайда болса да, оған қатысты шала шараларды да қолданбайтыны ақиқат.
Қалпына келтіру ісін одан әрі дамыту және жетілдіру үшін жан-жақты көмек көрсету, қалпына келтіру жұмыстарының ғылыми әдістемесінің қолданылуын үйлестіру және бақылау және олардың тиімділігі мен сапасын арттыру. Ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін, ескерткіштерді қалпына келтіруде жоғары сапалы материалдарды кеңінен қолдану мен пайдаланудың қажеттігіне, қалпына келтіру жұмыстарының соңғы әдістері мен технологияларын енгізуге мұқият назар аударулары қажет.
Тарихи және мәдени ескерткіштерідің санатына жатқызылатын, Қазақстан халықтарының өміріндегі тарихи оқиғаларға байланысты барлық сирек кездесетін заттар, мемориалдық орындар, құрылыс құрылымдары, кем дегенде белгілі бір тарихи-мәдени немесе өзге де құндылықты білдіретін, мемлекеттік тіркеуге жарайтын және олар жіктелуі мүмкін екенін ескеру қажет. Республикалық маңызы бар бiрыңғай мемлекеттiк тiзiм бекiтiлуі қажет. Өкінішке қарай, көптеген елеулі, бірегей көне ескерткіштері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тізіміне қосылмай қалған. Бұрынғы мемлекеттік тізбедегі «жергілікті маңызы бар ескерткіштер» санаты жойылуы қажет. Мұндай «жарлық» жапсырылған ескерткіштер жиі назардан тыс қалып, олардың тұтастығына үміттенетіндіктен, айтарлықтай проблемалық болады. Тарихи және мәдени ескерткіштер туралы мәліметтерді жариялай отырып, журнал көлемінде және мерзімді баспасөзде тарихи және мәдени ескерткіштер кодексін басып шығаруды жүзеге асырумыз керек [17, с. 74; 18, с. 184–187].
Әдебиеттер
Ажигали С.Е. О 1-м Симпозиуме по «Казахскому памятниковедению» (вместо предисловия) // Материалы 1-го и 2-го Симпозиумов по казахскому памятниковедению. Алматы–Атырау, 2012.
- Консервация и реставрация памятников и исторических зданий / Авт.: П. Гаццола, Х. Дайфуку, Э.А. Коннели и др. / Пер. с франц. М., 1978.
- Конституция РК (принята на республиканском референдуме 30 августа 1995 года), (с изменениями и дополнениями по состоянию на 19. 09. 2022 г.).
- Әжіғали С.Е. Қазақстанда мәдениет саласындағы аса маңызды ғылыми-тәжірибелік бағыт ретінде «ескерткіштануды» дамыту қажеттігі туралы // Қазақ ескерткіштану мәселелерінің 1 және 2 Симпозиум материалдары. Алматы–Атырау, 2012.
- Шайкен Ж. Некоторые аспекты изучения средневековых гидротехнических сооружений – сардоба (традиционная рациональность и преемственность) // «Нежинська старовина» Збірник регіональноï історіï та памʼяткознавства. Ніжин, 2016. Вип. 22 (25).
- Самашев З., Ахметкалиев Р., Алтынбеков К. Консервация и реставрация деградированной древесины берельского кургана № 11. Алматы, 2004.
- История Казахской ССР. С древнейших времен до наших дней. В 5-ти томах. Алма-Ата, 1979. Т. 2.
- Ерзакович Л.Б., Нурмуханбетов Б., Ордабаев А. Подземное погребальное сооружение в Туркестане // Археологические исследования в Отраре. Алма-Ата, 1977.
- Тримингэм Дж.С. Суфийские ордены в исламе. М., 1989.
- Богуславский М.М. Международная охрана культурных ценностей. М., 1979.
- Михайловский Е.В. Реставрация памятников архитектуры // Восстановление памятников культуры: (Проблемы реставрации) / Предисл. и общ. ред. Д.С. Лихачева. М., 1981.
- Ажигали С.Е. О необходимости развития в Казахстане «памятниковедения» – как важнейшего научно-практического направления в сфере культуры // Материалы 1-го и 2-го Симпозиумов по казахскому памятниковедению. Алматы–Атырау, 2012.
- Ажигали С.Е. «Казахское памятниковедение» как важнейшее научно-практическое направление в сфере культуры // Материалы ІІ Международной научной конференции «Арало-Каспийский регион в истории и культуре Евразии». Алматы–Актобе, 2011.
- Джанибеков У.Д. Эхо… По следам дегенды о золотой домбре. Алма-Ата, 1990.
- Шайкен Ж.А. К проблеме охраны, консервации и реставрации памятников истории и культуры // Материалы ІІ Международной научной конференции «Арало-Каспийский регион в истории и культуре Евразии». Алматы–Актобе, 2011.
- Шайкен Ж.А. Памятник национальной истории // Отау. Обществнно-патриотический иллюстрированный журнал. 1999. № 1.
- Государственный список памятников истории и культуры Казахской ССР. Республиканского и местного значения. Сборник документов. Алма-Ата, 1983.
- Семби М.К. Нужны ли памятники культуры для Министерства культуры? // Материалы 1-го и 2-го Симпозиумов по казахскому памятниковедению. Алматы–Атырау, 2012.
Жәлеледин Шәйкен,Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты