40 Санының қасиеті

11713

Әлі есімде, бір жолы анамнан:

– Қазақтар неге қырық санын қастерлейді? – деп сұрадым. Білгім келгенді жауапсыз қадырмайтын әдетімен ол кісі:

– Қырық күн, қырық саны адам жаратылысымен тікелей байланысты болғандықтан қасиеттейді. Бойға бала бітерде ештеңені артық-кем жаратпаған Алла Тағаланың құдіретімен бір тамшы ұрық суы қырық күнде қанға айналады, қаннан қырық күнде етке айналады. Тағы қырық күнде еттен сүйек пайда болады, одан қырық күн өткен соң ет пен сүйекке жан бітеді және қырық күн өткенде жан алған ет пен сүйек адам пішініне енеді. Содан кейін шақалаққа сезім жүйесінің пайда болуына қырық күн кетеді. Тағы қырық күнде бала толысады. Сөйтіп, 280 күн – қырық аптада, анығын айтқанда, тоғыз ай, 9-10 күнде нәресте өмірге келеді. Баланы қырқынан шығару – жоғарыдағы қырықтардың соңғы жалғасы. Ғылым-білімнің не дейтінін білмеймін, онда шаруам жоқ. Білетінім, бабалардан қалған осы қисынды ақиқатқа сенемін. Сен де ұмытпа, – деп еді жарықтық. Мен ұмытқам жоқ, ата-бабалардың бай өмір тәжірибесі мен ой-өресінің ғылыммен ұштасып жатқанын кейін түсіндім.

…Біздің қазақта «өзің білме, білгеннің тілін алма» дейтін ауыр сөз бар. Әншейін ауыр сөз емес, қарғыстың ең жаманы. Құдайым мұндай сөзді ешкімге естіртпей-ақ қойсын дейсің. Әйтсе де, өмірде не болмайды, менің Атамқұл нағашым айтқандай, жер бетінде жүрген соң аяқ не баспайды. Сонда да әр нәрсенің орыны бар, шегі мен сұрауы бар емес пе. Бұлай дегенім, кейінгі жылдары қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрып, жол-жобасына қол сұғып, бұра тартып бұрмалау белең алды. Дәстүр-салттың негізгі мән-мағынасынан әліпті таяқ деп білмесе де, оны өздерінше өзгертіп бүлдіретіндер жетіп жатыр. Оның бәрін жіпке тізіп әңгімені сын мақалаға айналдырғым келмейді, одан да нақты мысал келтірейін. Бір бейтаныс келіншек хабарласып жағдайын айтты.

– Апай, тұңғыш балама босанғаныма он сегіз күн болды. Өзім Талдықорған жақтың қызымын, келін боп түскен жерім – Оңтүстік өңірі. Кеше Шымкенттен енем келіп, немересін екі күннен кейін қырқынан шығармақшы. Мен әже қолында өскенмін, ес білгелі бері баланы жиырма күнде қырқынан шығаруды көрген де, естіген де емеспін. Осыны енеме айтсам, ол кісі: «Бұл – қазақтың бұрыннан бар салты. Күн мен түнді қосып санап кіші шілдесінен шығарса, бала тез ширайды», – дейді. Анам сырқаттанып ауруханада жатқандықтан, батылым жетіп сізге хабарласып тұрмын. Мүмкін мен бір нәрсені білмейтін шығармын, бір жағынан, сәбиіме кесірі тие ме деп қорқамын. Қырық күннің жай-жапсарын түсіндіріп беріңізші, – деді.

Салт-дәстүрді сыйлайтын, есі дұрыс адамды есеңгірететін «жаңалықты» естігенде таңғалғанымды айтпаңыз! Атам заманнан арнасы бар, «қырқынан шығару» деп айдай анық атауына мазмұны сай салтты қай кезде шолтитып жиырма күнге түсірген? Бабалар аруағынан именбей, ғасырлардан аман өткен халықтың дәстүріне қиянат жасаған қандай «білгіш» екен? Енді оны анықтау мүмкін емес, біреу бастады, басқалар: «Е-е, бұлай да жарай береді екен ғой», – деп көргенін ойсыз қайталайтын жыртақай маймыл әдетпен ары қарай әкете берген сыңайлы. Жұқпалы індеттің тез таралатыны секілді бұл да жайылып, кез келгенге елпілдеп еліктейтіндердің ермегіне айналыпты. «Есалаңның өзінен гөрі оған ілесушілер қауіпті», – деуші еді менің дәрігер әкем…

Өз басым әлгі келіншекке өте риза болдым. Әже тәрбиесін көргендіктен ұлттық салтты құрметтеп әрі қырық күннің кемдігі бір күні болмаса, бір күні перзентіне кесірін тигізе ме деп, жас та болса, ойлана білгеніне көңілім толды. Мен оған білгенімді ықыласпен түсіндірдім, бірақ ол енесіне сөзін өткізе алды ма, алмады ма, одан бейхабармын. Әйтеуір қайда жүрсе де аман болсын деп тіледім.

(Зейнеп Ахметованың «КҮРЕТАМЫР»  кітабынан алынды).

 

Бөлісу: