Екі күннен бері Түркиядағы жер сілкінісінен жеткен жантүршігерлік мәліметтермен танысудамыз. Бұл апат біздің де қабырғамызды қайыстырды. Кеше Президентіміз бауырлас елге қолдау көрсетілетінін айтқан еді.
Қазақстан тарапы көмекті алғашқылардың бірі болып бастап та кетті. Бүгін Түркістан облысынан 9 дәрігер апат орнына аттанды. Мұнан бөлек жан-жақты көмектер ұйымдастырылады, деп хабарлады Бейсен Тәжібаев фб парақшасында.
Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 70-тей түркиялық оқытушы дәріс берсе, 200-ге жуық студент білім алуда. Апат азаматтарды уайымға салып отыр. Бүгін облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы университеттегі түрік бауырларға арнайы барып, көңіл айтты. Жиында зілзаладан қаза тапқандардың рухына құран бағышталды.
Бейнебайланыс арқылы Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Али Рыза Ақынжы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова қосылып, жағдайды баяндады. Ректор өкілі Пеями Баттал әрдайым тілеулес болып, қамқорлыққа асығатын қос елдің достықты тағы да дәлелдеп отырғанын жеткізді.
Өкілдердің айтуынша, Түркиядағы қазақстандық студенттер мен ұстаздарға қауіп төнбеген. Қазіргі таңда елге оралуға ниеттілерге жағдай жасалуда. Жанар Амангелдіқызы қол ұшын созуға ұсыныс білдіріп жатқан дәрігерлермен де байланыс орнататынын хабарлады.
Қайғы мен сынақты жеңілдетуге атсалысу арқылы түрік бауырларымызға медеу бола аламыз.