Астана жастары «Жастар Ресурстық орталығыНА» – 10 жыл

 

Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» Жастар Ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі («Астана жастары» ЖРО) қызметі 2014 жылы 7 ақпаннан бастап жұмыс істейді. Негізінен Астана қаласы әкімдігіне қарайтын ұйым «Астана жастары» ЖРО «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2015 жылғы 9 ақпандағы 285-V Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастармен жұмыс істейтін ұйым.

«Астана жастары» ЖРО жастар саясаты жастармен жұмысты бірнеше бағыттар бойынша жүзеге асырады:

  1. Еріктілер қозғалысын дамыту;
  2. NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу;
  3. Аула клубтарын дамыту;
  4. Жастардың жаңашыл бастамаларына қолдау көрсету;
  5. Талдау, мониторинг, ақпараттық-әдістемелік жұмыстар жүргізу;
  6. Құқықтық көмек көрсету және кадрлық жұмыс түрлері;

«Астана жастары» ЖРО құрылғаннан бастап, жастардың арасында өзара ауызбіршілікпен жұмыс істеп, олардың жұмысқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берген жұмыстарының бірі еріктілер – волонтерлік қызмет жүргізу. Бұл бағытта жастардың бойында әлеуметтік белсенділіктің мәдениеті дамып, белсенділігі артып, қалыптасуына бағыт береді.

«Астана жастары» ЖРО ұйымның еріктілер бөлімі 2014 жылдан бастап жастар арасында осы қозғалысты, қызметті дамыту және насихаттап, жастар арасында оларды жалдаумен және оқытумен, еріктілік ұйымдар мен қозғалыстарға әкімшілік, ресурстық көмек көрсетумен айналысады.

«Еріктілер мектебі» жобасы бұл оларды түрлі деңгейдегі іс-шараларды өткізуге дайындай отырып, «Еріктілер мектебі» жобасында 3 бағытта оқытып, тәжірибеден өткізеді:

  1. Әлеуметтік еріктілік
  2. ТЖ еріктілері;
  3. Халықаралық іс-шаралар;

Бұл дайындықтан екі мыңнан астам адам өтіп, білім алған екен.

Бұл бағытта жастардың, сондай-ақ еріктілердің республикалық және халықаралық іс-шараларға аудармашылар, ұйымдастырушылар, үйлестірушілер ретінде қатысып жүргенін БАҚ беттерінен көріп жүрміз.

Олар жыл сайын дзюдодан Азия чемпионаты, ЭКСПО-2017, Азиада, ЕҚЫҰ басқосуы, ШЫҰ басқосуы, Рим папасының сапары, «Eurasian Book Fair» және т.б. халықаралық және республикалық деңгейдегі 150-ге жуық іс-шараларға қатысқаны әлеуметтік желіде жазылды.

Жыл сайын «Астана жастары» ЖРО қала бойынша еріктілік бағыттарды кеңейтіп, оларға өз үлестерін қосуда.

«Қауіпсіз қала» жобасы аясында еріктілер тұрақты түрде халық санағы жайындамәліметтер мен Астана қаласын газдандыру мәселесі туралы халыққа хабарлау және жылыту маусымы мен өрттің алдын алу, көктемгі су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шаралары, жазғы шомылу маусымындағы ережелерді сақтау, тыйым салынған заттарды сату туралы жарнаманы бояу ережелері туралы тұрғындарға түсіндіру жұмыстарына тартылып, өз үлестерін қосқанын күнделікті адамдармен қарым-қатынас жасауы кезінде, көпшілік отырған көлікте тыңдап, қоғамдық ортада кездесіп, көріп жүрміз.

Сонымен қатар, «Астана жастары» ЖРО базасында еріктілік ұйымдар мен қозғалыстарды шоғырландыруды ұйымдастыру, ақпараттық және ресурстық көмек көрсету, қалада іс-шараларды есепке алу, күш-жігерді біріктіру, дербес қозғалыстар санын ұлғайту үшін Астана қалалық еріктілер штабы тұрақты жұмыс істейді. Бірнеше ондаған еріктілік ұйым мен бастамашыл топпен біріге отырып және мемлекеттік жастар саясатын іске асыру саласында, кәсіпорындар мен қала меценаттарымен ынтымақтастық және бірлескен қызмет жүргізу арқылы тұрақты жұмыс жүргізілетінін білдік. Штабта тіркелген белсенді еріктілер көптеген іс-шараларды өткізуде.

Сондай-ақ, «Астана жастары» ЖРО NEET санатындағы жастармен жүйелі түрде жұмыс істейді. Осы бағыт бойынша оқымайтын, жұмыс істемейтін және кәсіптік оқыту курстарына қатыспайтын NEET санатындағы жастардың санын азайту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Соңғы 10 жыл ішінде ЖРО 150 000-ға жуық жастар өкілдерін қамтитын 50-ге таяу бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізген.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде хабарлап, жастарға жұмыс іздеу бойынша жұмыстар атқарылуды. Ұйым құрылғаннан бері 450-ге жуық меморандумға қол қойылып, NEET жастарының санын азайту бойынша Жол картасы әзірленді.

Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған «JOLTAP» жобасы іске қосылды. Жоба аясында «Баршаға мүмкіндік» 10 модульдік пункті ашылды. Онда қала тұрғындары мен тілек білдірушілер мемлекеттік қолдау шаралары бойынша, тегін кеңес ала алып, жұмысшы мамандықтары бойынша оқудан өтіп, жұмыс табуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, жұмыссыздар санын азайту мақсатында   «Freelance Mumkindik» жобасы аясында 7 цифрлық мамандық бойынша (SMM, таргетолог, мобилограф, маркетплейс, бейнемонтаж, графикалық дизайнер, веб-дизайн, сайтты құру және әзірлеу) тегін негізде қысқа мерзімді оқыту курсы да өтеді.

Арнайы «JOLTAP» жобасы аясында жұмысшы мамандықтары  бойынша (тігінші, сәнгер-конструктор, сатушы-кассир, бармен/бариста, қоғамдық тамақтандырудың әмбебап қызметкері, наубайшы) қысқа мерзімді, тегін оқыту жүргізіледі.

Ал, «Үздік» жобасы бойынша қаланың базарлары мен сауда орталықтарын аралап, NEET санатындағы жастарды шоғырландыру және олармен әрі қарай жұмыс істеу мақсатында ақпараттық буклеттер таратылды.

Қазіргі таңда «Астана жастары» ЖРО-ның жетекшілігімен қала аумағында 20 аула клубының жұмыс істейтіні белгілі.  Жастарға арналған мәдени-спорттық орталықтарда  жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану мен ізгі іске бастайтын іс-шаралар өткізіліп,  оларға 7-35 жас аралығындағы балалар мен жастарды қосқанда 3500-ге жуық адам қатысады. Ондай клубтарда жұмыс істейтін жаттықтырушы-оқытушылар құрамының саны – 187 адамды құрайды.

Үйірмелер мен секциялар саны – 130, оның ішінде спорт секциялары – 74, ал шығармашылық бағыттағы үйірмелер – 56.

Аула клубтарының тәрбиеленушілері көптеген іс-шараларға белсенді қатысып, қалалық, республикалық, сондай-ақ халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған.

Дарынды жастарға қолдау көрсету мақсатында «Астана жастары» ЖРО олардың тиімді дамуына жағдай жасау үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Іс-шараларға мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін  хабарласып, көптеп қатысады. Мұндай іс-шаралар әлеуметтік, шығармашылық, спорттық және зияткерлік салаларды қамтиды.

Жастарға ұнаған «Jana Beles Fest» жобасы қала жастары арасында мәдениет пен өнерді дамытуға ықпал ететін 7 аталым бойынша жастар фестивалін өткізуге бағытталған.

Бұл бағытта көшбасшылық дағдыларды жетілдіру, қарым-қатынасты дамыту, студенттердің достық қарым-қатынас жасау үшін қолайлы жағдайлар туғызу, мәдени тәрбиені арттыру және талантты студенттерге жан-жақты қолдау көрсету кіреді.

«Jastar Jalyny Camp» – бұл Елорданың жоғары оқу орындарының студенттері мен қаланың белсенді жастары арасындағы байланысты нығайту мақсатында құрылған үш күндік қызықты бағдарлама болды. Бұл бағыттағы жүргізілетін іс-шаралар ашық алаң, бизнес, шешендік өнер, көшбасшылық және әлеуметтік медианы басқару саласында білім алуға мүмкіндік береді.

Қатысушылар интеллектуалды ойындарды, мастер-кластарды, мотивациялық сессияларды, сондай-ақ атқа міну мен велосипед тебуден бастап, ұлттық ойындар мен тақырыптық кештерге дейінгі әр түрлі спорттық және шығармашылық іс-шараларды тамашалай алады. Жыл сайын 300-ге дейін адам тартылатын лагерь жастарды өзара тәжірибе алмасып,  шабыттандыратын оқытудың бірегей алаңы болғанына қуанамыз.

2021 жылғы 20 маусым күні Астанада  үш күн қатарынан «Астана жастары» ЖРО NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу туралы өткізген тренингтің қызықты, әрі сәтті аяқталғаны туралы БАҚ құралдары арқылы көпшілікке жеткені де есімізде.

Семинарға осы санаттағы жастармен тікелей жұмыс істейтін қаладағы түрлі ұйым өкілдері үш күн бойы қатысып, «Астана жастары»  ЖРО ұйымының құрамына арнайы «NEET санатындағы жастармен жұмыс бөлімі» құрылғаны да көпшіліктің құптарлық ісі болды.

Түсіндіре кетсек, NEET санатындағы жастар дегеніміз – жұмыс істемейтін (жұмыссыздар және жұмыс күшінен тыс адамдар), білім алумен немесе кәсіптік оқытумен айналыспайтындар, білім беру жүйесі мен жұмыспен қамту саласынан тыс және жастардың еңбек нарығындағы әлеуетті көзі.

Сонымен, NEET санатындағы жастар дегеніміз кімдер?

Бүгінгі қоғамда NEET санатындағы жастар тобы туралы көпшілік біледі. Бұл ұғым кейінгі жылдары жиі айтылғанымен, ондай жастардың бұрыннан бар екені жасырын да емес. Сонымен, NEET жастар дегеніміз кімдер?

Ғылымда NEET термині ағылшын тіліндегі «Not in Empoloyment. Education or Trai­ning» ұғымының бас әріптерінен құралған. Қазақ тіліне аударғанда «не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыс­пайтын адам» дегенді білдіреді екен.

NEET жастар – XX ғасырдың соңына қарай пайда болған. Бұл мәселені Ұлыбритания елі алғаш көтерген екен. Осы кезде жастардың әлеуметтік әлсіз топтарына арналған мемлекеттік сараптаумен Бүкіләлемдік банктің айналыса бастауы – мұның әлемдік деңгейдегі күрделеніп кеткен мәселе екенін көрсетіп отыр.

Біздің еліміздегі есептеу бойынша, NEET санатындағы 237 мыңнан астам жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді екен. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап айтқан.

Сол кездегі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ОКҚ өткен брифингте: «NEET санаты деп аталатын жастарды қолдау жөніндегі шараларға ерекше назар аударғым келеді, онда біз жұмыспен қамтылмаған жастардың санын 5 %-ға дейін төмендетудің нақты міндетін қоямыз. Осылайша, 2025 жылға қарай жастардың мемлекеттік қолдау шараларына қанағаттану деңгейі 80 %-ға дейін артады. Бұл ұлттық жоба аясында жүргізіліп жатқан үлкен жұмыстың негізгі бағыттары ғана. Мен айтып өткендей, оны жүзеге асыру үшін үш министрліктің күші жұмылдырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізіледі», – деді А. Балаева.

Қазақстанда 2018 жылы үкіметте жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту жөніндегі жол картасының жобасы мақұлданып, көптеген жұмыстар атқарылды. Жол картасы бойынша үш түрлі жас мөлшерінде жастарды қамту жоспарланған: кіші жас тобы – 18-ден 22 жасқа дейін, орта жастағы кіші топ – 22-ден 24 жасқа дейін, ересек жастағы кіші топ – 25-тен 29 жасқа дейін. Жүзеге асырылған жобаларды атап өтсек, «Дипломмен ауылға», «Серпін» жобасы, «Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім беру» бағдарламасы, «Жас кәсіпкер», өңірдегі, ірі қалалардағы жастар ресурстық орталықтарының қызметін айтуға болады.

Аталған жобалар NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру ісінде маңызды рөл атқарғанын айтамыз.

ҚР Қоғамдық даму министрлігінің ұсынысы бойынша Қазақстандағы NEET жастар 7 санатқа бөлінді:

  1. Білімі, белгілі тәжірибелік дағдылары бар, бірақ оқуды және жұмыс істеуді жалғастыруды қаламайтын, біреудің асырауындағы адамдар;
  2. Жасөспірім балалары бар жас келіншектер және жалғыз басты аналар, оның ішінде ерте ана болған жас келіншектер;
  3. Еркін табыс табуды қалайтын, кездейсоқ жұмыстар арқылы ақша табатын фрилансерлер;
  4. Білімі нашар, біліктілігі және тәжірибесі жоқ, қосалқы шаруашылыққа жұмылдырылған ауыл жастары;
  5. Оқуды жалғастыруды қалайтын, бірақ мүмкіндігі жоқ, күнкөрісі төмен отбасынан шыққан мектеп түлектері, жетім балалар;
  6. Денсаулығының нашарлығынан жұмысқа орналасуда қиындықтары бар, мүмкіндігі шектеулі адамдар;
  7. Бас бостандығынан шектеу орындарынан босап шыққан, есірткілік және алкогольдік тәуелділігі бар, оңалтудан өткен жастардың бейәлеуметтік тобы;

Үкімет NEET жастардың пайда болу себебін объективті, субъективті және жеке тұлғалық тұрғыдан қарастырып, ең басты әсер ететін фактор –  өскен ортасы мен отбасы, қоғам, достар, туысқандар екенін әр түрлі дәлелдермен түсіндірді.

Астанада балалар мен жасөспірімдердің тұрғылықты жері бойынша бос уақытын тиімді пайдалануға бағытталған «Аула клубтары» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы хабарлайды.

«Жастар саясаты мәселелері басқармасына» қарасты «Астана жастары» жастар ресурстық орталығында «Аула клубтарын дамыту» атты арнайы бөлім жұмыс істейді. Бөлімінің жетекшілігінде отыздан астам аула клубтары бар. Олар Астана қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігіндегі және жеке меншіктегі үй-жайларда орналасқан. Жыл сайын аула клубтарының қабырғасында халықтың әлеуметтік осал топтарынан, аз қамтылған отбасылардан шыққан  балалар ақысыз негізде тәрбиеленеді. Аула клубтарына қалалық ішкі істер департаментінің ювеналдық полиция бөлімшесінде есепте тұрған және Астана қаласының әлеуметтік даму басқармасына бекітілген кәмелетке толмағандар да барады», – деді.

Астанадағы оқушылар баратын аула клубтарында үйірмелер мен секциялардың саны көп. Олардың ішінде түрлі спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелер (түрлі би үйірмелері, сурет салу, қолөнер, компьютерлік бағдарламалау, тіл оқыту және т.б.) жұмыс істейді.

Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ бірнеше бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Жәрмеңкеге Астананың 160-тан астам жұмыс беруші мекемесі мен 2400-ден астам жастар мен студенттер қатысты және 1800-ден астам бос жұмыс орны ұсынылып, барысында 250-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды. Осыдан-ақ шараның үлкен мүмкіндіктер туғызатын  іс екенін байқадық.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі өз сөзінде жастарды қолдау, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу қажет екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Өйткені елімізде жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жастар шығады. Олардың адаспай, орнын тауып, еліміздің дамуына өз үлесін қосып, еңбек нарығына сәтті еніп кетуінің маңызы зор. Сондықтан жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аударатын кез жетті. Соны меңзеген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде өскелең ұрпақтың өзін-өзі дамытуына жағдай жасалып жатыр. Бірақ нақты шараларға қарамастан, жастарды жұмыспен қамту мәселесі толық шешілмей келеді. Кейбір аймақта жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі еліміздегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Әсіресе Астана, Алматы қалалары, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары – соның қатарында. Үкімет және облыс әкімдері осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Жыл аяқталғанда тиісті қорытындысын шығарамыз. Бұл, әсіресе өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», – деген болатын.

Астана қаласында өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкесі осы бағыттағы нақты шара болды деп айта аламыз.

Жаңа Қазақстан үшін де жастар мәселесі – ең маңызды саясаттың бірі.

Қазақстанда жастар үшін атқарылып жатқан ірі жобалар мен  бағдарламалар – жарқын болашағымыз үшін жасалып жатқан игілікті істер деп қолдаймыз.

Мемлекет басшысы да халыққа арнаған Жолдауында: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деген болатын.

Жастар саясатын қалыптастырудың рухани факторлары бос уақытты дұрыс ұйымдастырумен байланысты. Жастар саясатының негізгі бағыттарының бipi – жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде жастарға тәрбие беру саласындағы мәселелерді шешу жолы.

Жастар – біздің келешегіміз!

Жалпы адам баласының алдындағы ұлы мұрат-міндеттердің ең негізгісі – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы, рухани дүниесі  бай және ақыл-парасаты тең түскен, мәдениетті, өресі озық азамат тәрбиелеу.

Бұл – бүгінгі қоғам алдындағы үлкен борышымыз. Жер бетіндегі елдер мен түрлі  халықтардың өзара тарихи байланысының дамуы, мәдениет пен ғылымның, экономиканың әлемдік деңгейге бет бұруы, ертеңгі күннің бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, жалпы адамзат қоғамын дамытатын күш – тек білім мен тәрбиеге байланысты екенін білеміз. Ізгі қасиет біздің жастарымыздың бойында ұштасса, болашағымыз да баянды болмақ!

Жастар – ұлт үмітін арқалаған елдің ертеңі, Тәуелсіз Қазақ елінің болашағы. Үміт пен сенімді ақтау – осы буынның парызы. Жастар қазіргі қоғамның жетекші күші, еліміздің дамуы үшін жауапты екенін әр азамат терең түсінуі керек.

Қазақ елінің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен жаңғыртылуы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты болмақ.

Асқақ арман мен үміт арқалаған,  бойында биік ар мен өр намысы бар жастарымызға сәттілік тілеймін!

 

 «Дәстүр»

 

Бөлісу: