(Жолбарыс бидің 350 жылдығына орай даярланды)
XVIII ғасыр – қазақ елі үшін ерекше сынақ жылдары болды: солтүстік пен батыстан – Ресей мемлекетінің, шығыстан – жоңғарлардың, оңтүстіктен Хиуа хандықтарынан қысым көрді. Жаугершілік заманда батырлардың ерен ерліктері ақын-жыраулардың шығармашылығына арқау болды. Өкінішке қарай заман арнасында болып өткен бұл құбылыс дер шағында хатқа түспегендіктен, түрлі тарихи оқиғалар ауыздан-ауызға аңыз әңгіме түрінде жетті. Сондықтан ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген тарихи тұлғалардың қызметі халықтың жадынан алыстап, көмескі тарта бастады. Аталған ғасырда болып өткен тарихи оқиғалардың аңызы мен шынайылығының ара жігін аршып, ғылымның қазіргі әдістемелік құралдарымен бір ізге түсірудің маңызы зор.
Отан тарихының ХVІІІ ғасырдағы батырлардың заманы бойынша деректік қорлардың тапшылығына қарамастан, ғылымның қазіргі құралдары негізінен тарихи кезеңді айшықтап көрсетуге мүмкіндік бар.
Әлемдік ғылымда қабылданған талап, ол – тарихи фактілік материалдарға, ғылымның әдістемелік құралдарына жүгіну болмақ. Тарихи факт – уақыт және кеңістік шеңберімен, объективтілігімен қатар баяндалатын шынайы оқиғаның бұлтартпас дәлелі. Тарихи уақыт: жыл, мыңжылдық, дәуір, кезең және әрекеттер (үйлесімділік, салыстыру, ұзақтығы мен дәйектілігін анықтау, синхронды/асинхронды ілеспе үйлесімділік) сияқты санаттармен сипатталады. Ал тарихи кеңістік белгілі бір аумақта өтетін табиғи-географиялық, саяси, қоғамдық-мәдени үрдістердің жиынтығымен анықталады. Сондықтан ғылыми-зерттеу жұмысымыз үшін қажет осындай ұстанымдарға басшылыққа ала отырып және тарихи деректерге сүйеніп, Қосай-Күшік еліндегі Жолбарыс би заманын қайта құру көзделді. Соның негізінде, халықтың жадынан көмескі тартқан ел өмірінің айқын көрінісі жаңаша реңкте көрініс тапты.
Шағын тарихи зерттеу әдісінің ерекшелігі ел өмірінің тынысы мен тіршілігін жақыннан көруге көмектеседі. Қарапайым адамдардың өмірлік тәжірибесі арқылы тарихты тану – бүгінде «мен кіммін?» дейтін сұрақ төңірегінде ой қорытуға жол ашпақ.
Жолбарыс Жылқыайдарұлы елі жүріп өткен жол – тұтас қазақ елі тарихының бұлтартпас бөлшегі. Жер үшін күрескен арыстардың бірі Жолбарыс Жылқыайдарұлының жоңғарлар шапқыншылығы тұсындағы көрсеткен ерлігі халықтың жадынан өшкен емес. Халық ең елеулі тарихи оқиғалар мен оның тұлғаларының іс-әрекетін есте сақтайды. Оны дәріптейді. Соған сәйкес, Жолбарыс Жылқыайдарұлы бүгінде өз халқымен бірге аталып келеді. Жоңғар шапқыншылығы кезеңі аталатын батырлар заманы елді сақтап, аман алып шықты. Алайда қазақ еліні алда ұзаққа созылған орыс патшалығымен күрес кезеңі күтіп тұрған-ды…
Қазақстан Республикасының орталық архивтің Жетісу облыстық басқармасы деп аталатын №44 қоры XIX ғасырдағы елдің өмірі жөніндегі тарихи құжаттарға ерекше бай. Ол 37 томды құрайды. Міне, аталған қор материалдары XVIII ғасырдағы қазақ тарихының үзілісті кезеңін жалғай алады. Яғни, жазба дереккөздерінің көмегімен Жолбарыстың кіндігінен тараған ұрпақтарын табуға, олардың өмірін ғылыми тұрғыдан тануға жол ашады. Ал халықтың жад мұрағаты ғылыми ізденіске ерекше серпін берді. Әулеттік тарихты жазудың ерекшелігі тарихи үрдістің қатар баяндалуында болмақ. Мысалы, жұмыста біз мүмкін болғанынша архивтік дереккөздерінде кездескен Жолбарыс би Жылқыайдарұлы елі азаматтарының есімдерін шежіремен салыстыра отырып, деректік тұрғыдан бекітуге күш салдық. Бұл есімдерді, әсіресе, Қосай-Күшік елінде өткен 1873-1876; 1876-1879; 1888-1890; 1882-1884; 1901-1903; 1916-1918 және Таз еліндегі 1901-1903; 1907-1909; 1901-1912 жалпы саны 9 үшжылдық сайлау материалдарынан алдық. Нәтижесінде халықтың жадынан шығып, көлеңкеде қалған азаматтардың еңбегі, халықтың өмірінде орын алған түрлі кезеңдер, өзгерістер талдауға алынды. Алайда өрісі кеңге жайылған аталмыш ел тарихын бір ғана мақаламен қамту мүмкін емес. Шежірені архивтік құжаттарында көрсетілген жаңа есімдермен әлі де толықтыра беруге болады. Сондықтан, бұл еңбек – Жолбарыс би заманына арналған еңбектің алғашқы қадамы ғана болмақ. Еңбекте Жолбарыс бидің әулеттік тарихы баяндалады.
Сонымен, ХҮІІІ ғасырда ғұмыр кешкен Жолбарыс би жөніндегі архивтік дереккөздері жоқтың қасында. Алайда, келесі ХІХ ғасырда бидің ұрпағы ретінде оның аты-жөнімен (Жолбарысов болып) құжатқа түскен тұлғаларды кездестіруге болады.
Осы ретте, біз Рахметолла Толқынбекұлы даярлаған «Жалайыр. Он екі ата. Шежіре» кітабында берілген Жолбарыс Жылқыайдарұлының әулеттік және Қосайдан тараған біртұтас ру шежіресін негізге ала отырып, архивтік құжаттарында оның, яғни, ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен ұрпақтарының есімдерін іздестірдік. Бір ғажабы, архив материалдары мен шежіредегі кісі есімдері, дәлме-дәл келіп, бірін-бірі толықтыра түсті. Бұл жағдай зерттеушінің дұрыс жолмен келе жатқанына сенім беретін бағдаршам есебінде еді. Ал кейде шежіреде есімдері ұмыт қалған кісілердің орындары байқалды, мүмкін болғанынша, олардың орындары архивтен табылған дәйекті деректермен толықтырылды.
Сонымен, шежіренің көрсетуінше Жолбарыс бидің 15 ұлы болған [1, 371] делінген. Олар: 1.Бекбаулы, 2. Бастыбай, 3. Салауат, 4. Аймас, 5. Таймас, 6. Шағыр, 7. Қораз, 8. Доржан, 9. Балмақ, 10. Қыдырбай, 11. Сыдырбай, 12. Аманжол, 13. Досбол, 14. Қошқарбай, 15. Серкебай[1].
№ 1-сурет. Жолбарыс бидің кіндігінен таралған ұрпақтар архив құжатында.
ҚР ОМА. 44-қ. 1-т. 32007-іс. 428-п.
№2-сурет. Жолбарыс бидің кіндігінен таралған ұрпақтар архив құжатында.
ҚР ОМА. 44-қ. 1-т. 32007-іс. 428-п.
1873 жылы Күшік болыстығы құрылған соң, бұл елді мекен тұрғындарының тізімі жасалған [2]. Құжатта Қапал уезінің Күшік болысының №7 ауыл тұрғындарының тізімінен Жолбарыс тегімен көрсетілген және одан кейінгі буын ұрпақтарының есімдері шықты. Мысалы, Қыдырбай Жолбарыс, Аманжол Жолбарыс, Сыдырбай Жолбарыс, Қошқарбай Жолбарыс. Сонымен қатар, осы ауыл тізімінен Дәденбай Жолбарыс деген бұрын-соңды шежірелерде кездеспеген Жолбарыстың тағы бір ұлының есімі аталады. Соған қарағанда, Жолбарыс бидің Дәденбай деген де ұлының болғандығы байқалады.
№2-сурет. Жолбарыс бидің кіндігінен таралған ұрпақтар архив құжатында.
ҚР ОМА. 44-қ. 1-т. 32007-іс. 428-п.
Сонымен, дереккөздерінде Жолбарыс бидің оныншы, он бірінші, он екінші және он төртінші ұлдарының есімдері көрсетілген, ал Даденбай шежіреде берілмегендіктен, оның нешінші ұл екенін анықтау мүмкін болмады.
Олай болса, Жолбарыс бидің бүгінгі таңда көпшілікке белгілі туылған жылы мен өмірден өткен мерзімі (1671 – 1761 ж.ж.) бірден күмән тудырады. Егер тізімдегі 10. Қыдырбай Жолбарыс, 11. Сыдырбай Жолбарыс, 12. Аманжол Жолбарыс, 14. Қошқарбай Жолбарыс және Дәденбай Жолбарыс шамамен бұл уақытта (тізім жасалған 1873 жылы) 80-90 жастағы кісілер болуы мүмкін дегеннің өзінде, олардың туылған жылы ХVIII ғасырдың соңы болып шығады, ал әкесі Жолбарыс Жылқыайдарұлы ұлдарынан ширек ғасыр үлкен болған шығар дегеннің өзінде, ол XVIII ғасырдың бірінші ширегінде дүниеге келген болып шығады. Сондықтан, Жолбарыс би деректердің көрсетуіне қарағанда, XVIII ғасырдың бірінші ширегі – XIX ғасырдың басында ғұмыр кешкен адам деп айтуға келетін сияқты.
Қосай-Күшік елінің шежіресінде кейбір орындардан толық бір буын өкілдерінің есімдері енгізілмей, үзіліп қалғанын байқаймыз. Мысалы, №7 ауыл тұрғындарының тізіміне назар аударар болсақ, шежіреде кездеспейтін Жолбарыс бидің кіндігінен тарайтын Қыдырбай Жолбарыстың Көшербай Қыдырбай, Нұралы Қыдырбай атты ұлдарының есімдері кездеседі. Тізімдегі Қыдырбай Жолбарыстан кейін артынша Көшербай мен Нұралы есімдерінің көрсетілуі нақ Жолбарыс бидің Қыдырбайының ұлдары екенін байқатып тұр. Рахметолла Толқымбекұлының шежіресінен бұл есімдер (Көшербай, Нұралы) түсіп қалған. П.П.Румянцев басшылық еткен 1910 жылғы Қапал экспедициясы арқылы халық санағы қайта жүргізіліп, оның материалдары 1913 жылы кітап түрінде жарық көрді [3]. Міне, осы кітаптағы ауыл адамдарының тізімінен Нұралы Қыдырбайұлынан тарайтын Болтай Нұралы есімін оқыдық [3, 196]. Күшік елінің тізімі рубасы (әулеттің үлкендерінің) есімдерімен топтастыру тәртібімен көрсетілген, мысалы, рубасы «Орақты», рубасы «Тоғай», рубасы «Өтебай», рубасы «Елшібек», рубасы «Байтоқ»… т.с.с. Сонда, біз қараған бұл тізім Жылқыайдардың әкесі Байтоқ рубасы ретінде көрсетіліп, одан таралған ұрпақтар тізімі топтастырылған. Міне, осындай деректерді негізге ала отырып, Рахметолла Толқымбекұлының шежіресінде көрсетілгеніндей, Болтай Қыдырбайұлы емес, Болтай Нұралыұлы деп сенімді айтуға болады. Сондықтан, шежіредегі сабақтастықты мынадай сызбада көрсетуге мүмкіндік бар:
Шежіредегі нұсқа
Жолбарыс
4.Аймас | 5.Таймас | 6.Шағыр | 7.Қораз | 10.Қыдырбай | |||||||
Иманқұл | Досты | Есалы | Жомартбай | Байжомарт | Өмірбек | Болтай | Дүйсенбай | Асылбай | Молдабай | ||
Жүнісбек | Былас | Бейсек | Бейсембай | Нұрбатыр | Елемес | Мырзахмет | Құмай | Өте | Тоқай | Төле | Әлдибек |
Жексембай | Жанәділ | Күмісбай | Кемал | ||||||||
Қизат | Бақыт | Қасым-Жомарт | |||||||||
Шыңғыс | Тимур |
Жазба дереккөздеріндегі деректермен негіздеу және толықтырулардан кейінгі генеалогиялық сызба
Жолбарыс
4.Аймас | 5.Таймас
Шежіре[2] 373; Рум[3] 196. |
6.Шағыр | 7.Қораз | Қыдырбай ҚР ОМА. 44-қ. 1-т. 32007-іс. 428-п. | |||||
Досты
Рум. 196. |
Есалы
Рум. 196. |
Көшербай
ҚР ОМА. 44-қ. 1-т. 32007-іс. 428-п. |
Нұралы
ҚР ОМА. 44-қ. 1-т. 32007-іс. 428-п. |
||||||
Кшай Нұралы
Рум.196. |
Джилангуз Нуралы
Рум.196. |
Болтай
Нұралы Рум. 196, Шеж.373. |
Дүйсенбай Шеж.373. | Асылбай
Шеж. 373. |
Молдабай
Шеж.373. |
||||
Мырзахмет | Құмай | Өте | Тоқай | Төле | Әлдибек | ||||
Кемел | |||||||||
Бақыт | Қасым-Жомарт | ||||||||
Шыңғыс | Тимур |
Сонымен, Жолбарыс бидің кіндігінен таралған бірінші буын ұрпақтарының шежіресінде буындық сабақтастықта үзілістердің бар екеніне көз жеткізуге болады. Архив деректеріндегі кісі есімдері шежіредегі нұсқада дәл келгенімен, кейбір атаулардың орыстың сөйлеу заңдылығымен берілуі, жұмысты жүргізуде едәуір қиындық тудырды. Осы тұста айта кеткеніміз жөн, қашан да болсын, қазақ сөздерінің дыбысталуы мейлі жер атаулары болсын, мейлі кісі есімдері болсын, құжаттарда есепке алынбаған. Тілге байланысты өктемдік, басымдылық тіпті кісі есімдерін беруде осылайша дөрекі түрде өзге реңкке айналып кете берген. Мысалы, П.П. Румянцевтің жазбаларында Дасты Таймас (Досты Таймас), Сазобай Доспал (Сазанбай Досбол) ж.с.с. дыбысталудағы қателіктер жан-жақты тексеруді қажет етті. Тіпті кейде, мысалы, Тарақ Құлболдыұлының есімі Тарак Кулбулдин делініп, мүлдем өзгеріске ұшырап кеткен. Қалай десек те, мұндай жазба дереккөздерінің елдің жадынан ұмыт қалып бара жатқан бабалар есімдерін қайта оралтуда құндылығы зор.
Төменде Жолбарыс бидің 11. Сыдырбай, 12. Аманжол, 13.Досбол атты ұлдарының генеалогиялық сызбасына назар аударайық.
Шежіредегі нұсқа
Жолбарыс
11.Сыдырбай | 12.Аманжол | 13.Досбол | |||||
Байсейіт | Дүйсек | Бекшойын | Ақсақал | Байсақал | Сазанбай | ||
Әбілхан | Әрін | Мейізбай | Бектембай | Шақыт | Бұлдыбек | Қасымбек
Асылбек Дүбек Шүкірбай |
|
Тұйғынбай | Сейілхан | Жеңіс | Ахмет | Мәкен |
Архив дереккөздеріндегі деректермен негіздеу және толықтырулардан кейінгі сызба
Жолбарыс
11.Сыдырбай
ҚР ОМА.Ф.44.Оп.1.Д.32007 Л.428. |
12.Аманжол
ҚР ОМА.Ф.44.Оп.1.Д.32007 Л.428. |
13.Досбол
Рум.196.; Шеж. 373. |
|||||||
Байсейіт
Рум.196. Шеж.373. |
Жансейіт
Рум.196., ҚР ОМА. 44-қ. 1-т. 32007-іс. 428-п. |
Жантеле
Рум.196. |
Дүйсек | Бекшойын | Қойшыман Аманжолов
ҚР ОМА. 44-қ. 1-т. 32007-іс. 428-п. |
Мырзабек Аманжолов
ҚР ОМА. 44-қ. 1-т. 29808-іс. 209-п. №7 ауыл |
Байсақал | Нұрбай
Рум.196.
|
Сазанбай
Рум.196. Шеж.373. |
Әбілхан | Рүстем Жансейітов
ҚР ОМА. 44-қ. 1-т. 29808-іс. 209-п. № 7 ауыл |
Құлдар
ҚР ОМА. 44-қ. 1-т. 3200-іс. 428-п. №7 ауыл |
Мейізбай | Бектембай |
|
Ақсақал Мырзабеков
Рум.196. ҚР ОМА. 44-қ. 1-т. 22080-іс. 140-п. |
Бұлдыбек | Қасымбек
Асылбек Дүбек Шүкірбай |
|
Әрін | |||||||||
Тұйғымбай | Сейілхан | Жеңіс | Ахмет |
Бұл ссызбада Жолбарыс бидің Сыдырбай ұлының әулетіне жаңа есімдер енгізілді. Бұған дейін шежіреде тек Байсейіт, Дүйсек, Бекшойын атты азаматтар белгілі болса, жазба дереккөздерінің негізінде Жансейіт Сыдырбайұлы мен оның ұрпағы Рүстем Жансейітұлы қосылды. П.Румянцев беретін мәліметтерде, шежіредегі Байсейіт есімімен қатар көрсетілетін Жансейіт пен Жантеле сөзсіз Сыдырбайдың ұлдары, ал Жантеленің Құлдары [2, 428-п.] Сыдырбайдың немересі болып табылады. Егер Байтоқ ұрпағының басым көпшілігі Күшіктер болыстығының №7 ауылында тұрғанын еске алатын болсақ, онда Рүстем Жансейітов расында Жансейіттің баласы екендігі әбден ықтимал.
Сондай-ақ, Жолбарыс бидің кіндігінен таралатын Аманжол әулетінен Мырзабек және Қойшыман атты азаматтардың есімдері шежіреге жаңадан енгізіліп отыр. Қойшыман Аманжолов болыстың №8 ауыл отау иелерінің толық көрсетілген тізімінен орын алған, ал Мырзабек Аманжолов 1873-1876 жылдарға арналған үшжылдық №7 ауылға би сайлаушыларының тізімінен кездеседі. Сондай-ақ, Нұрбай Аманжолов Румянцевтың экспедициясы кезіндегі жасалған санақтың тізіміне енген. Қандас бауырларының есімдері көрсетілген бұл ауыл тұрғындарының ішінен табылуы, Нұрбайдың да, Қойшыманның да есімдері аңыз Жолбарыс бидің немерелері болып табылатынын байқатады.
Аманжол әулетіне енгізілген тағы бір жаңалық, ол – Ақсақал есімді кісінің Ақсақал Аманжолұлы емес, Ақсақал Мырзабекұлы екендігін айғақтайтын деректің табылуы. Жоғарыдағы архив құжатымен бекітілген кестеге назар аударсаңыз, оған оңай көз жеткізуге болады.
Сазанбай Досбол Рахметолла қарияның даярлаған шежіресінде берілген, біз тек оны ғылыми тұрғыдан негіздеп, жазба деректерде есімі аталатынын айғақтайтын деректермен бекіттік. Осы тұста деректерден Сазанбай есімінің Жолбарысовтар көрсетілген тізімнен шыққанын да айтқымыз келеді. Алайда, тізімде Сазанбай әке тегімен де, ата тегімен де көрсетілмей, жеке есімі аталады, ал бірақ тізімде Қошқарбай Жолбарысовтың ізінше тұрғандықтан, мүмкін Сазанбай екі түрлі фамилиямен жүрген де болар деген болжаммен шектелеміз.
Архив дереккөзідеріне сүйенсек, №7 ауыл тізімінен Таймас Бекбаулы [2, 427-п.] атты кісі есімін көре аламыз. Бүгінде Таймас – Жолбарыс бидің бесінші ұлы ретінде аталып жүр. Алайда, бұл осы уақытқа дейін алып тұлға иесі Жолбарыс шежіресі тақырыбында арнайы ғылыми-ізденіс жүргізілмегендіктен, кісі есімдері мен олардың орындары жадта көмескі тартып, шатасуға әкелген болуы мүмкін. Нәтижесінде буынаралық сабақтастықта қателіктер орын ала берген сияқты. Сондықтан, Жолбарыс би ұрпағының генеалогиялық сызбасына түзету енгізіп, Таймасты Жолбарыстың бірінші ұлы – Бекбаулының ұлы деп көрсетуді жөн көрдік. Өйткені жоғарыда жазғанымыздай, Таймастың Достысы [3, 196] Байтоқ әулеті тізімдерінің ішінен табылды, демек, Бекбаулы – Таймас – Досты буынаралық сабақтастықта нақ Жолбарыстан бастау алатын әулет деуге негіз бар.
Сонымен қатар, аталған тізімнен Шағыр Бекбаулы [3, 196] кісі есімін де көреміз. Яғни, Таймас пен Шағыр Жолбарыстың емес, Бекбаулының ұлдары, ал Жолбарыстың немерелері болып табылмақ.
Шағыр Бекбаулының Жошыбай атты ұлының есімі П.Румянцевтің тізімдерінен кездеседі [3, 198].
Егер шежіреге сүйенсек, Бекбаулының Аман атты ұлы болған. Міне осы Аманнан туған Әден 1873 жылы [2, 428] тарихи құжаттағы тізімнен көрініс тапса, Әденнің Қозыбай [1, 372], Шағылбай атты ұлдарының есімдері Румянцевтің тізімінен орын алған. Шағылбай шежіреде – Әденнің бауырының ұлы ретінде көрсетілсе, тарихи құжатта ол Әденнің баласы ретінде беріледі. Сондықтан, біз бұл жерде, қазақ дәстүріндегі бауырластардың арасында өзара бала асырап алу дәстүрінің бар екенін ескерер болсақ, кесіп-жарып шежіре қате, жазба дерек дұрыс деген сияқты тұжырым жасай алмаған болар едік. Қалай болғанда, Шағылбай Аманның әулетінен екені белгілі болып тұр. Сондықтан Жолбарыс әулетінің тағы бір бұтағы – Қозыбай Әден, Шағылбай Әден жазба деректермен негізделіп көрсетілді дегіміз келеді.
Сондай-ақ, Досты Таймаспен қатар, яғни тізімде, оның ізінше қатар тұрған Естібай Айбас [3, 196] туралы мәлімет кездесті. ХХ ғасырдың басында жасалған П.Румянцевтің тізімінде Жолбарыстың есімі мүлдем аталмағанын байқаймыз, бұл уақыттағы буын оның ұлдары немере-шөберелерінің есімдерімен аталатынын байқау қиын емес, әрине бұл заңды да еді. Өйткені біріншіден, елде санақ жасалғанда орыстық тәртіп бойынша, фамилия әке тегімен көрсетіледі (алайда фамилия көп жағдайда әкесінің тегімен берілгенімен, ішінара аталарының тегімен көрсететін кісілер де табылады), екіншіден, аталған кезеңде, яғни Румянцев тізім жасаған ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығы – Жолбарыс заманынан 40 жыл өткеннен кейінгі кезең еді…
Сонымен, бұдан Аймас аталатын Жолбарыстың төртінші ұлы, мүмкін Естібайдың әкесі Айбас болуы мүмкін деген болжам жасауға болады. Алайда Айбасты жазба деректердегі тізімнен Айбас Жолбарысов делінетін текпен кездестіре алмауымыз, бұл ойымызға соңғы нүкте қоюға мүмкіндік бермей отыр. Бізден кейінгі зерттеушілер, мүмкін бұл ойды жалғастырып, табылған жағдайда деректермен негіздесе, әрине, нұр үстіне нұр болар еді. Біз бұл жерде қолда бар деректерді мүмкін болғанынша, сенімді түрде нақтылауға, жадта көмескілене түскен мәліметтерді бір ізге түсіруге тырыстық.
Доржан. №7 ауылдағы Жолбарыстар әулетінің есімдері көрсетілген тізімнен, Катурчи Дарджи, Тасчирек Дардже [2, 428] атты кісі есімдері кездесті, егер де Жолбарыстың бір ұлының есімі Доржан екенін атап өтсек, онда бұл адамдар Жолбарыстың немерелері болып шығатынға ұқсайды. Алайда, Дардже Жолбарыс деген есімнің шықпауына байланысты біз бұл ойды да тек, болжам ретінде айтуды жөн көреміз.
Жылқыайдардың бауыры Төлебайдан таралатын ұрпақтар жөнінде.
2-Байтоқ буыны бойынша деректер. Сондай-ақ, ҚР ОМА № 44 Жетісу облыстық Басқармасы қорының материалдарымен жұмыс істеу барысында ғылыми айналымға Жолбарыс бидің бауырларының әулетінен де көптеген жаңа есімдерді табуға болатынына көз жеткіздік. Мысалы, ХІХ ғасырдың 70-жылдарында құрылған № 7 ауылдың тізімінен және осы жылдарда өткен болыс-би сайлауына қатысқан адамдардың тізімінен Жақып Байтоқ [4, 205], ал 44-қордың 32007-іс [5, 166] құжаты бойынша, №7 ауыл құжаттарынан Жауғаш Байтоқ (Джаугач Байтыков) есімдерін кездестірдік. Бұл есімдер Р. Толқынбекұлы кітабының 375-бетінде көрсетілген, алайда Жылқыайдардан туған Төлебайдың баласы ретінде көрсетіледі. Екі кісінің бір фамилиямен көрсетілуінен біз шежіредегі туыстық ретпен көрсетілген ағайынды кісілер екеніне көз жеткіземіз. Демек, Жауғаш пен Жақыптың арғы атасы немесе қараңыз: Күшік – Сомбақ – Сүйіндік – Байтоқ – Жылқыайдар – Төлебай, сосын одан Жақып пен Жауғаш келеді, яғни Байтоқ есімі осы жерде қайталанып келген, бірақ 2-Байтоқ буыны шежіреде түсіп қалған. Байтоқтың №7 ауыл тізімінен Жанат Байтоқ, Нүсіп Байтоқ, Жақып Байтоқ [2, 427] деген ұлдарының есімі көрсетілген. Соған қарағанда, жоғарыда айтылғандай, Байтоқ есімінің шежіреде екінші рет қайталанып келуі әбден ықтимал.
Бегайдар буынынан Есбота Тұрысбеков есімді азаматты атай аламыз, ол 1876-1870 жж. аралығында № 7 ауылдың биі сайланған [5, 208].
Сонымен, қорытар болсақ, есімі аңызға айналған Жолбарыс бидің заманы XVIII – XIX ғасыр аумағындағы тарихи шеңберде жүріп өткені байқалады. Соның дәлелі ретінде, оның жоғарыда аталған ұрпақтарының ізі қалған XIX ғасырдың құжаттарын көрсете аламыз. Жазба деректерінде кездескендей Жолбарыстың өз кіндігінен таралған Бекбаулы, Қыдырбай, Сыдырбай (жазба деректерде Садырбай – М.З.), Аманжол, Қошқарбай деректік тұрғыдан, бұл кісілердің расында өмірде болған және Жолбарыстың ұлдары екендігін дәлелдейтін мысалдармен негізделді. Сонымен қатар, шежіреде орын алған ұрпақаралық сабақтастықтағы кейбір үзілістерге толықтырулар жасалды. Жолбарыстың немерелер буынына деректік негізде жаңа есімдер енгізілді.
Пайдаланылған деректер тізімі:
- Толқынбекұлы Р. Жалайыр: Он екі ата. Шежіре – Алматы: «Дәуір», – 736 б.
- ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 32007-іс., 427-432 пп.
- Материалы по обследованию туземного и русского старожильческого хозяйства и землепользования в Семиреченской области. Т. ІІ. Капальский уезд. – СПб., 1913.
- ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 29808-іс.
5.ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 282-іс.
[1] Қою сиямен белгіленген есімдерді құжаттар растады.
[2] Шежіре (Толқымбекұлы Р. Жалайыр: Он екі ата. Шежіре – Алматы. «Дәуір», 2000. 736 б.) – бұдан былай: Шеж.
[3] Румянцев П.П. Материалы по обследованию туземного и русского старожильческого хозяйства и землепользования в Семиреченской области. Т.ІІ. Копальский уезд. Спб 1913. Бұдан былай: Рум.
Зәбира Мырзатаева, тарих ғылымдарының кандидаты