Ағымдағы жылдың сегіз айында Атырау облысындағы өнеркәсiп өнiмiнің көлемi – 3,38 триллион теңгені құрады. Бұл туралы Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды,-деп хабарлайды «Дәстүр» сайты Атырау облыстық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Жиында Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атырау – еліміздің өндірістік аймағының бірі саналатынына тоқталып, өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан өндіріс орындарындағы жұмыс тоқтамауы керектігін баса айтты.
«Қазіргідей пандемия жағдайында бірінші кезекте халықтың денсаулығына, олардың қауіпсіз жұмысқа араласуына мән беруіміз қажет. Бүгінгі таңда короновирус инфекциясын жұқтыру қауіпі тұрғындар арасында сиреді. Мұның бәрі санитариялық талаптарды қатаң сақтаумен тікелей байланысты болып отыр. Ендігі кезекте біздің алға қойған мақсатымыз – жұмысшылардың еңбегінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, экологияны сақтау, экономикалық өсу бағытында бірлесіп қызмет ету», -деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.