Ұрпақ жаңарған сайын ұлтымыздың ғасырдан ғасыр асып келе жатқан салт-дәстүрі, әдеп ибасы кейінгі жас буынға көмескі тарта бастағаны хақ. Қайран ата-бабамыз салт-дәстүрге өте бай. Ұрпағының аман-сау өсіп жетілуіне сай әртүрлі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарға барады. Бала тәрбиесіне терең мән беріп, оның сәтті қағидалары мен ережелерін жасағандардың бірі – қазақ халқы.
Ел арасында «шала туып тымаққа салып өсірген екен» деген сөздер жиі естіледі. Бала туатын уақытына жетпей, қандай да бір себеппен ерте туады. Егер бала күні жетпей туылса «шала туылған» деп тымаққа салып көре бермейтін жерге қояды. Ондай әлжуаз, кішкене болып уақытынан бұрын дүниеге келген балаларды қазақ дәстүрінде «шала туған бала», «шала», «жылбысқы» деп атайды. Ондай балалардың атын Шалабек, Шалабай деп қоятын дәстүрлері бар. Бала туылатын уақытына неше күн жетпей туылса, сонша күн шала туған сәбиді тымаққа салып, әрбір кереге басына сонша күн іліп қоятын ырым бар. Қазақтар баланы көп жасаған, даңсалы қария, киелі адамдардың тымағына салады. Тымақтан кейін басқа кимей сақтап қояды. Қазақ балаға тәрбиені тереңнен ұғындырған. Тымаққа жатқан сәбиге жыраулардың өнегелі сөздерін сіңдірген.
Шала туылған сәбидің тез жетілуі үшін оның анасына да ерекше күтім жасап, қырық күн бойы күткен. Дүниеге сәби әкелген ананың өн бойы балбырап, буындары босап, он екі мүшесінде өзгеріс болады, сондықтан оған суық тигізбей, жылы ұстаған.
Сәби тез өсіп жетілуі үшін күш қуаты мол нәрлі тағамдар берілген. Буыны бекіп, белін тез көтерсін деп атала немесе быламық пісіріп беріп отырған. Ана сүті арқылы бала тез ет жинап, салмақ қосып, тез жетілетіндіктен анасының саулығына көп көңіл бөлген. Мерзімінен бұрын дүниеге келген баланы тымаққа салып өсірсе, ал, қазіргі таңда шала туылған баланы өлшеп, кіндігін кесіп болғаннан кейін баланың жалпы жағдайы мен салмағына байланысты кувез немесе термокеруетке салады.
Осы ата-бабаларымыздың өткен тарихы олар жасап кеткен тарихы күні бүгінге дейін маңызын жоймай, қазіргі таңда Қызылорда облысында жоғалып кеткен дәстүріміз қайта қолға алынып, жаңғыруда. Қызылорда облыстық «Ана мен бала» орталығының мәліметіне сүйенсек, аймақта өткен жылы дүниеге келген 350 нәрестенің 37-сі шала туылған.
Жөргекте жетілуге тиісті бөпенің бабын табу оңай шаруа емес. Қазіргі таңда «28 ілмек» клубы ашылып, шала туылған нәрестелерге қажетті тоқыма бұйымдарын әзірлейді.
Ата-әжелеріміз бұл проблеманың түйінін өткен ғасырларда-ақ шешкен. Он құрсақ көтеріп, оларды өсіріп-жетілдірген батыр ана Ұлжан әжей шала туылған немересін «тымаққа салып» өсіріпті.
Әдет –ғұрып және салт дәстүр орталығында көне дәуірлерді қайта жаңғырту мақсатында «Қазақстан- Шымкент» телеарнасымен бірлескен «Сарқылмас қазына» телевизиялық жобаның «Тымаққа салу» салтының кезекті түсірілімі жасалды. Тымаққа салу кәдесінде тымақ иесін шақырып балаға ат қойғызады, және бата бергізеді де, қарияға шапан кигізіп, тымағын ырымдап алып қалады. Қырық күн кем болса керегенің қырқыншы басынан кейін бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған баланың бесікке салу рәсімі жасала бастайды. Орталық қызметкерлері Майлыбаева Күміскүл, Төлепова Талиға аналарымыз нәрестеге ақ бата тілектерін білдіріп, отауына жатқызады.
Жұдырықтай Бөпешім,
Бисимилла-рахмани рахим
Алпамыстай айбында
Қажмұхандай қайратты
Жамбылдай жасың ұзақ болып,
Абайдай ақылды болып өс – деп батасын беріп, бесікке бөлейді.
Әлжуаз баланы баптауда ата-бабалар амал-әрекетін қазіргі медицина да мойындады. Тоқыма киімдердің шала туған балалардың өсіп-жетілуіне пайдасы орасан екенін ақ халаттылар медициналық тұрғыда дәлелденгенін айтады.
Райхан АЛТЫБАЕВА,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр
орталығының ғылыми қызметкері