Халқымыздың киімі құнды қасиетке толы. Киім – тұтыныс бұйымы, оның негізгі атқаратын қызметі – біріншіден, адамды қоршаған табиғи ортаның әсерінен қорғау болса, екіншіден, ұлттық киім-кешек «ажырату» қызметін де атқарады: адамның жынысы мен жасы, әлеуметтік мәртебесі және тегін анықтауға болады. Тас дәуірінде тігіссіз байланатын лыпа киімдерді пайдаланса, кейіннен мал жүнінен, аң терілерінен киім тігіп киген. Олар өздері баққан мал өнімдерін көбірек пайдаланған. Төрт түлік малдың жүні қазақ халқының өмір тіршілігінде үлкен рөл атқарған және оны қолдануды мыңдаған жылдар бұрын білген. Мал жүнінен әртүрлі жеңіл де, жылы киімдер тігілген, тоқылған. Қазақтар сырт киімді, аяқ және бас киімдерді жасау кезінде қолдан жасалған шикізат – теріні, былғарыны, киізді, шұғаны, пайдаланатын еді. Киім адамның дене мүшелеріне сәйкес баскиім, иықтық киім, белдік киім, аяқкиім деп жіктеледі. Пайдалану ерекшеліктеріне байланысты: күнделікті, сәндік, жыл мезгілдеріне қарай қыстық , жаздық және маусым аралық киімдер деп бөлінеді. Мақта, мата, жібек және жүн маталарды Шығыс Қазақстан қазақтары орыстардан, қытайлардан және ортаазиялық көпестерден сатып алды, бұл ұлттық киімнің көбеюіне мүмкіндік жасады.
Ер адамның дәстүрлі киімі көйлек пен шалбар болды. Сыртқы шалбарды мақта матадан, иленген теріден, жүн матадан тікті. Қысқы шалбарды ешкінің терісінен тікті. Байлар мұндай шалбарды жібекпен кестелеп, әдемі етіп жасататын.
Қазақтың киімінің тәуірін ежелден қыз-келіншектер киген, әшекейдің де ең асылын солар таққан. Жас қыздар ашық түсті бүрмелі көйлек, бешпент, камзол, қынама бел киімдер, бастарына үкі кепеш, аяқтарына мәсі, оюлы кебістер киген. Бойжеткен қыздар бастарына кәмшат бөрік, сәндеп өрнектеген ақ шыт орамал тартқан. Әйелдер басына жаулық тартып, кимешек киді, күлгін немесе қою түсті көйлек, камзол бешпент киген.
Шығыс Қазақстан сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының қорында көйлектің он бір, камзол жиырма жеті, шапан он екі, бас киімнен тымақтың он алты, тақия қырық бес, кимешек-жаулықтың қырық үш түрі жинақталған. Осы жәдігерлердің ішінде мына нөмірмен тіркелген көйлекті атап өтейін КП 11-18676 көйлек түрі ашық жасыл, кең тігілген, бүрмелі, жеңі ұзын, алдында түймелері бар, тік жағалы қытайдың жібегінен тігілген.
Көйлек иесі Қожаева Күлсін 1918 жылғы Зайсан ауданының тұрғыны, көйлекті анасы Күлсінге 13-14 жасында тіккен. Жібек матаны қытайдан сатып алған.
КП 11-18378,18379,18380 нөмірлері бойынша тіркелген сәукеле, жеңсіз камзол, көйлекті Өскемен қаласының тұрғыны Тлеубаев Батых 1947 жылғы, Таврия ауданының Ленин-туы ауылында дүниеге келген, апайының тұрмысқа шыққанда киген киімдерін сақтап өткізген. Үйлену тойына арнайы әжелері Семей облысының Шұбартау ауылынан арнайы тігіп әкелген. Сәукеле паршадан, камзол қапсырмалы жасыл плүштен, «қос етек» көйлек ақ жібектен, яғни киім бағалы матадан әсемдеп тігілген. Киімдердің пішілу үлгісі мен әшекейленуі — әр халықтың тарихын, мәдениетін білдіретін бірден-бір рухани байлық көзі.
Алмагул Кенжина, Шығыс Қазақстан сәулет – этнографиялық және
табиғи-ландшафтық музей-қорығының ғылыми қызметкер.
Қолданылған әдебиеттер:
- Захарова И.В., Ходжаева Р.Д. «Казахская национальная одежда» ХІХ нач. ХХ вв. Алма-Ата. 1964
- Шахонов М. «Казахская национальная одежда» Алма – Ата. 1976
- «Қазақ мақал-мәтелдері» Алматы. 1993
- Козыбаев М. К., Аргынбаев Х. А., Муканов М. С. Казахи. / Под ред. Г. Е. Тайжановой. — Алматы: Казахстан, 1995.
- Бегманов Қ. Этнографпен әңгіме. 2010
- Әбдіғапбарова Ұ. М.. Қазақтың ұлттық ою-өрнектері. – Алматы: Өнер, 1999.