Ұлттық киімдер ішінде ерекше көзге түсетіні – бас киімдер.
ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың ұлттық киімдеріне зерттеу жүргізген И.В.Захарова мен Р.Р.Ходжаева ер адамдардың бас киімдерін алты топқа бөледі. Олар мынандай:
- Дөңгелек, жеңіл, өзін сырып, кестелеп матадан тіккен және қалпақ, тымақ астынан киетін кішігірім бас киім – тақия.
- Матадан тігілген кішкентай, етегі терімен көмкерілген бас киім – төбетей.
- Киізден тігілген бас киім – қалпақ.
- Қалың матадан тігілген – башлық (күләпара).
- Тері қапталған жылы бас киім – бөрік.
- Аң терісінен жасалып, суықта киетін баскиім – тымақ.
Плотников 1859 – 1862 жылдары тымақтың 15 түрі туралы жазған. Олардың бізге жеткен кейбір түрлері мынандай: жаба салма тымақ; қайырма тымақ; дөңгелек төбелі тымақ; шошақ төбе тымақ; жекей тымақ. Шығыс Қазақстан сәулет – этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының қорында ер адамның бас киімдерінің саны алпыс екіге жетті.
Бас киімге қатысты тыйымдар.
Бас киімді іліп қояды, кез-келген жерге тастай салмайды, астыға басып отырмайды. Олай жасаса, бастан бақ таяды.
Ер адам әйелдің жаулығын басына салмайды. Олай жасаса, еркектіктен айырылады.
Қыз бала басына ақ, қара орамал тартпауға тиісті. Ақ – жаулықтың, қара – қайғының белгісі.
Жалаңбас отырып бала емізбейді, ас-су әзірлемейді.
Бас киімнің төбесін басып кимейді, оны айырбастамайды, ешкімге сыйламайды, сатпайды. Тек сыйлыққа киілмеген, жаңа баскиім алып беруге болады.
Тымақ. Ол қасиетті бас киім саналады. Оны айырбастамайды, аяқ тигізбейді. Қазақта шала туған баланы тымаққа салып асырайтын дәстүр бар. Біреуге бас ұрғанда да аяғына тымағын тастайды. Тымақ тастап кешірім сұрау бітімге шақырудың ең үлкен белгісі.
Әйелдердің бас киімдері: Қазақ әйелдері жасы мен отбасы жағдайына байланысты өзіндік ерекшелігі бар баскиімдер киген. Олардың жазғы, қысқы түрлері болады.
Әйелдердің негізгі баскиімдері: бергек, бөрік, жаулық, желек, жырға, кимешек (Сур. 3), күндік, орамал, қарқара, сәукеле (сур.4), тақия (Сур.5), шәлі (жібек, шілтер, оюлы ж.т.б.).
Жас қыздардың бас киімі – тақия. Оны қымбат матадан тіккен. Бұл ерлер тақиясынан басты ерекшелігі. Қыздардың тақиясы міндетті түрде үстіндегі қамзолға, бешпентке сәйкес келуге тиісті. Етегі, жоғары бөлігі алтын немесе күміс паршамен оюланып, сәнді жіптермен тақияға зер төгіледі. Қазақтың «үкідей үлбіреген», «тотыдай таранған» деп қыздарды әспеттеуі содан шыққан тәрізді.
Сәукеле қалыңдықтың ұзатылу тойында киетін сәнді бас киімі. Сәукеленің негізгі бөліктері — тәж, төбе, құлақбау және артқы бойы. Сәукеленің төбесі қиық конус тәрізді болып келеді. Оның төбесінде «Тәж» деп аталатын жартылай дөңгелек айдары болады. Оны асыл тас, алтын, күміс, меруерт, маржанмен өрнектеп, алтын жіппен әшекейлейді.
Қазақтың салт-дәстүріне сәйкес жас келіншек балалы болғаннан кейін кимешек киюге тиіс. Кимешек жас келіншектерден бастап егде әйелдерге дейін киетін дәстүрлі ұлттық бас киім. Ақ матадан, жібек матадан тігіледі. Төменгі бөлігі – кимешек, жоғарғы бөлігіне жаулық оралады. Кимешек кеудені, иықты, жонды жауып тұрады, бет-әлпеті көрінетін жері ойық келеді. Кимешектердің әшекейленуі де жасқа байланысты. Алғашқы кимешек тұрмысқа шығатын қыздың үйінде тігіліп, оған қыздың жас кезіндегі әшекейлерінің бәрі қолданған. Кимешектің екі жағын бірнеше түрлі-түсті тігіспен әсемдеп кестелеп, ақ және ұсақ моншақтармен әшекейлейді. әсемдеп тігілген кимешекті 3-4 бала туғанша киеді. Жасы келе (40-45-ке ) кимешектерін жәй ғана сырып немесе кимешектің жақтарына түрлі-түсті жіптерді шалу арқылы жиек жасайды. Жиек, біріншіден, сәндік үшін жасалса, екіншіден, жақтың созылып кетпеуі үшін қажет. Оның екі жағына төртбұрыш жақтаулар бекітілген.
Шылауыш немесе жаулық.
Жаулық. Оған қатысты арнайы заң жолы, салт бар. «Жеті жарғы» бойынша қыл мыстық, бұзақылық істе ол үшін кімге, кімнің құн төленетінінің орнына «сары жаулық» жүрген. Бұл жаулық құн төлеуге келіскендікті білдіреді. Күйеуі өлген әйел өзінің қаралы екендігін таныту үшін бір жыл бойы сары жаулықты тағып жүретін болған.
Ақ түсті матадан немесе жібектен тігілген жаулықты егде әйелдер басына орап киеді. Жаулық әр руға байланысты әрқилы аталады. Шығыс Қазақстанда матаның көлеміне қарай оны шаршы атап, аналарды «ақ жаулықты аналар» деп ардақтайды. Күйеуі қайтыс болған әйелдер кимешегін күйеуінің жылдық асын бергенше теріс киіп, содан кейін оң киетін салт болыпты. Егер де мұндай әйелдер төсек жаңғыртатын болса, ол кісінің кимешегі қайтадан кестеленеді екен. Қазақ рулары мен тайпаларының өзгеше болуына байланысты, кимешектердің әртүрлі үлгілері болыпты. Шығыс Қазақстандағы найман руларының кимешектері негізінен қысқалау пішіліп, тік бұрышының тек жоғарғы бұрыштары көлбеулеу келіп, оның екі жағына шаршы тәрізді арқа бөлігі тігіледі. Біздің облыстық этнографиялық мұражай- қорықтың қорында отыздан астам кимешек бар. Олардың бір-бірімен ұқсастықтарымен қоса пішілу үлгілерінде, әшекейлерінде де өзіндік ерекшеліктері бар. Суретте мұражай-қорықта сақталған Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Қойтас ауылының тумасы Сақыбаева Бижамал 1903 жылғы кимешек шылауышын ұсынып отырмыз. Бижамал апаның кимешек шылауышын мұражайға сыйға тартқан еді. Ол кісі кестелеу, тоқу, тігу өнерін өзінінің қызы, немерелеріне үйреткен. Бижамал апа жолын қуған немерелері Динара және Индира көрмелерде тоқу, тігу өнерінен жүлделі орындарға ие болған. Кейінгі жылдары ұлттық киімдерімізді ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінде, тойларда, сахна төрлерінде жиі кездестіріп жүрміз. Енді осы игілікті іс алға басып, ақ жаулықты аналар қатары көбейіп, біртіндеп күнделікті киімімізге айналса екен демекпіз.
Кенжина Алмагул Муслимкановна, Шығыс Қазақстан сәулет-этнографиялық және
табиғи-ландшафтық музей-қорығының ғылыми қызметкер.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Захарова И.В., Ходжаева Р.Д. «Казахская национальная одежда» ХІХ нач. ХХ вв. Алма-Ата. 1964
- Шахонов М. «Казахская национальная одежда» Алма – Ата. 1976
- «Қазақ мақал-мәтелдері» Алматы. 1993
- Козыбаев М. К., Аргынбаев Х. А., Муканов М. С. Казахи. / Под ред. Г. Е. Тайжановой. — Алматы: Казахстан, 1995.
- Бегманов Қ. Этнографпен әңгіме. 2010
- Әбдіғапбарова Ұ. М.. Қазақтың ұлттық ою-өрнектері. – Алматы: Өнер, 1999.