Гуманитарлық бағыттар бойынша әлемнің үздік университеттерінің 77 оқулығы қазақ тіліне аударылып, басылып шығарылды.
Бұл туралы ҚР БҒМ баспасөз қызметі хабарлайды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында оқулықтар еліміздің барлық жоғары оқу орындарына жеткізілді. Бүгінгі таңда аударылған тағы 23 оқулықты басып шығару және тарату бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
100 шетелдік оқулықты қазақ тіліне аудару «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде жүргізіліп жатыр. Аталған жобаның жұмысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2017 жылдан басталған.
Барлық оқулықтар жоғары оқу орындарындағы оқу процесінде, соның ішінде жұмыс бағдарламаларын әзірлеу, әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша дәрістер оқу, студенттер мен ПОҚ-тың ғылыми-зерттеу жұмысында пайдаланылатынын айта кеткен жөн.
Осылайша бұл жоба қазақстандық студенттерге үздік әлемдік үлгілер негізінде оқуға мүмкіндік береді. Яғни, студенттердің тарих және саясаттану, әлеуметтану және философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары саласындағы заманауи трендтерге сәйкес білім алуы үшін жағдай жасалған. Оқулықтар https://100kitap.kz/ru/books және https://openu.kz/kz/books сайттарында жарияланған. Сонымен қатар аударылған оқулықтар бойынша қазақ және орыс тілдеріндегі видеокурстар әзірленіп, www.OpenU.kz порталында орналастырылған.