Қазақ халқының тек өзіне тән, ешбір қайталанбайтын, бірегей салт-дәстүрлері бар. Соның бірі – «құрсақ шашу» тойы. Аяғы ауыр әйелге қатысты орындалатын дәстүрдің басты мәні – қуанышты атап өтумен қатар болашақ ананың денсаулығына ерекше мән беру болмақ. Бүгін Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Құрсақ шашу» тағылымдық шарасы өтті. Мақсаты — ұлт құндылығының бүгінде ұмытылған бірегей дәстүрінің бірі, ұрпақтың өсіп-өнуінің айшықты үлгісі «Құрсақ шашу» дәстүрін қазіргі қоғамға кеңінен насихаттау.
Құрсақ шашу кішігірім той-думан ретінде әйелдер арасында аталып өтеді. Дәстүрдің жалпы сипаты-қуанышты атап өту және жүкті әйелдің күтіміне баса назар аудару, көз тиюден, шошынудан сақтау.


«Келінді атамыздың аруағы қолдап жүрсін» деп ауылдағы үлкен үйдің оң керегесіне ақ орамал таңады, осы «керегеге орамал таңу» ырымнан кейін келіннің жүкті екенін бүкіл ауыл білетін болған. Мұның мағынасы «осы үйдің төңірегінен ақырын өтіңдер, атпен өтетін жолаушылар қатты шауып өтпесін, ал ауылдың кішкентай балалары алысқа ойнасын» деген мағынаны білдіреді екен. Өйткені жүкті әйел кез келген дыбыстан, басқа бір тосын әрекеттерден тез шошынғыш келетіні анық. Жаңалықты естіп, құрсақ шашуға келдік деп әйелдер жамырасып қоржындарына келіннің сүйген асын салып, ізгі тілектерімен ұсынған. Ал әйелдерді шақырудағы тағы бір себеп – келіннің жерік асын табу екен. Келінінің жерік асын табу да ененің басты міндеттеріне жатады. Тәжірибелі енелер алдын-ала түсікті болдырмас үшін келіннің етегін бүріп, шошып қалмасын деген ниетпен келіннің көйлегінің етегін тастармен бүрген. Құрсақ шашу дастарқанына келген қонақтарды шығарып салып, Ергенекке ақтық байлау салты жасалатын болған, оның мәні – үйге мал не ит кіріп кетпеуі үшін келіннің шошынып қалмауы үшін жасалатын ырым. (Ергенек –киіз үй есігінің алдына қойылатын тосқауыл есік бастырғыш). Рәсім соңында жастар жағы алтыбақан теуіп, ән шырқап тарқасатын болған.

Бөлісу: