Кіндік кесу – бала шыр етіп дүние есігін ашқанда өнегелі, ортасына сыйлы, көп балалы әйелдерге балтамен не пышақпен ырымдап кестіру.

 «Кіндік шеше». Баланың кіндігін кескен адам «кіндік шеше» деп аталады. Бұл аса жауапты әрі абыройлы іс. Туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң арасынан өзі ниет етіп, «кіндік шеше» болғысы келетінін бала дүниеге келместен бұрын айтады. Кейде сәби сүйе алмай жүрген әйел кісі әдейі ырымдап, «кіндік шеше» болаады. Кіндік шеше жас босанған әйелдің жағдайы жақсарғанша сол үйдің тірлігене көмектеседі.

Шілдехана – өмірге келген нәрестенің құрметіне жасалатын той. Әйел босанғаннан кейін үй іші ауыл-аймаққа «сүйінші» хабар айтады. Ұл бала болса «ат ұстар», қыз бала болса «кесте тігер» дүниеге келді деп қуанышты хабарды  жеткізген. Сүйінші сұрап келген кісіні құры қол қайтармаған. Туған-туыс жиналып,  шашу шашады. Шілдеханаға ауылдағы көрші-қолаң, туған-туыс жиналады

Балаға ат қою. Жаңа туған перзентке ат қою дәстүрінің маңызы өте жоғары. Үй иесі балаға ат қоюды көпті көрген ауыл ақсақалдарына, беделді, ақылды, сыйлы ауыл азаматтарына ырымдап тапсырады. Баланы қолына алып құлағына үш рет дауыстап «сенің атың…» деп, азан шақырады. Балаға ат қойған соң ауылдың ақсақалы ақ батасын береді.

Қалжа – жас босанған әйелге пісіріліп берілетін арнайы тағам.  Нәресте мен ананың денсаулығы мықты болсын деп отбасы арнайы қалжаға арнап қой сояды. Бабымен піскен ет пен ыстық сорпаны күніне жас анаға берсе,  ыстық терімен бүкіл ауруы шығып, босаған белі мен буыны тез бекиді.

Қырқынан шығару. Бала дүниеге келген соң қырық күн өткеннен кейін қырық бір қасық суға шомылдырып, қырқынан шығарады. Қырық күн аралығы қауіпті кезең болғандықтан, сол кезден аман өтіп «қара құлақтанды» деп қуанады. Қырық күннен асқан соң әйел кісілер қырық қасық су құйып шомылдырып, сүт тырнағы мен қарын шашын алады.

Бесікке салу. Бесік – қазақ халқының ежелден келе жатқан қасиетті мұрасы. Қазақ халқы баланы бесікке салудың өте көп пайдасы бар екенін жақсы білген. Бесікке салу жоралғысы үлкен салтанатпен атап өтіледі. Бесік тойға жиналған ауыл әйелдері балаға сыйлықтарын, киім-кешектерін әкеледі. Шашу шашады.

«Тышты ма, тышты ма?» Сәбиді бесікке салатын кезде бесіктің түбегі тұратын тесіктен құрт, ірімшік, бауырсақ, тәттілерге күміс теңгелерді араластырып астынан өткізеді де, «тышты ма, тышты ма» деп төгеді. «Тышты, тышты» деп ауыл әйелдері қуана жамырасып, бөліп алады. Балалардың барлығына үлестіріп береді. Бұл баланың болашақта несібесі мол, бай-қуатты болсын деген ниетпен жасалатын ырым.

Бесік жыры. Әуезді үнмен  «Әлди-әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат бөпем» деп бесік жыры айтылады.

Бауырынан табақ жүгірту. Туылғанына 5-6 ай болып, бауырын көтеріп, еңбектеуге талпынып жүрген сәбиді тез аяқтансын деген ниетпен «бауырынан табақ өткізу» ырымы жасалады. Еңбектеуге талпынып тұрған баланың буырын ыстық тамақтың лебі шалғанда жүйке клеткалары тітіркеніп, бойын тік ұстауға ұмтылады екен.

Тұсау кесу – бала тік тұрып, өздігінен жүруге ұмтылатын кзеңде жасалатын дәстүр. Аяғын нық басып, екі-үш қадам аттап жүрген баласының қадамына қуанған ата-ана ел-жұртты жинап, «тұсаукесер» рәсімін өткізеді. Баланың тұсауын ала жіппен, көп шөппен, майлы ішекпен кеседі.

Ала жіппен кесу – балам біреудің ала жібін аттамасын, адал жолда жүріп, басқаға зиян тигізбесін деген ниеті.

Шөппен кесу – ұрпағы шөптей көктеп, көбейсін дегені.

Майлы ішекпен кесуі – қадамы жайлы, қазаны майлы, үйінен қонағы үзілмейтін, бай, жомарт адам болсын деген тілеуі.

Байғазы – балалардың тай-құлынға мінген кезін, үстіне жаңа киген киімін көрген кезде үлкендердің беретін сыйлығы. Байғазыны көбіне әйелдер, жеңгелері береді. Қыз балаларға үкі, тана, маржан-моншақ сыйласа, ұлдарға қамшы, жүген, беріп, қой немесе  қозы атаған

Бауырына бала салу – ағайын-туыс арасында бала сүйе алмаған отбасының  бала асырап алуы. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген сөзді атам қазақ текке айтпаса керек. Отымды өшірмей, түтінімді тұтатып, атымды жоқтатпай отырсын деген ниетпен туысқандарынан бала асырап алады.

Тымаққа салу. Шала туған баланы тымаққа салып өсіретін ғұрып бар. Шала туған бала бесікке бөлеуге, қолға ұстауға жарамайтын болғандықтан, тымаққа салып өсіреді. Бала неше күн шала туылған болса, сонша күн тымаққа салып өсіреді.

Айдар қою, тұлым қою. Қазақ халқы ежелден ер балаға айдар, ал қыз балаға тұлым қояды. Кішкентай қыздардың шашын қырып алады да, екі шекесінен екі шөкімдей шаш қалдырады. Қазақта мұны – тұлым қою деп атайды Ұұлдар айдарымен айбарлы, қыздар тұлымымен сұлу да сымбатты  көрінеді дегені.

Сүндет той– ислам дінінде ер баланың жыныс мүшесіндегі артық  тері бөлшегін кесу арқылы жасалатын ғұрып. Баланы сүндеттеу – ата-ананың бір міндеті. 5-7 жас аралығында өткізілетін рәсімнің– тазалыққа, түрлі аурудың алдын алуға  жасалған  пайдасы көп салт.

Тілашар тойын ертеде баланың тілі былдырлап шыға бастағанда жасайтын үлкен той. Қариялардың бірі «баланың тілі тезірек шықсын» деген тілекпен қойдың піскен тілін, «айтқаныңды ұғып алар құйма құлақ болсын» деп құлағынан, «шешен болсын» деп таңдайынан ауыз тигізеді. Ал қазір тілашар салтын бала 7 жасқа толғанда мектепке баратын кезде жасайды. Оқу құралдарын дайындап,  жаңа киім кигізіп, оқу-білімге ұмтылған алғашқы қадамына құтты болсын айтып келген  жұрт «ғалым бол», «ақын бол», «білімді бол» деп тілек айтып, батасын береді.

Ашамайға мінгізу. Алғаш рет аттың жалын тартып мінген бала үшін бұл үлкен жауапкершілікті іс. Намысқа тырысып, аттан жығылмауға барын салып, өз бетімен жүруге талпынады. Бұл баланың мерейін өсіріп, басқа адамдар алдындағы жауапкершілік сезімін тудырады.

Ата-тегін үйрету. Балаға ақыл кіріп, ес білген жастан бастап, ағайын-туысты таныстыру, ата-тегін, руын, ел-жұртын танып-білуі  міндетті болған. Сол себептен 7-9 жас аралыңында балаға «Жеті атасын білуі» заң еді. «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар» деп ата-бабасының шыққан тегін үйретіп, тарихына назар аударған.

Бөлісу: