Ауыл адамдарының мейірімін-ай, туған жердің табиғаты-ай дегенді оп-оңай айтқанымызбен қаладағы үйдің жылы суына үйренген, асфальт жолда қарға адым жерге жаяу бармайтын адамның ауылда тұрып қызмет еткісі жоқ. Жай айта салғанымыз болмаса. Ал сөзі мен ісінің басын біріктіріп, жұмысына құлшына кіріскен, іле-шала нәтижесін “жетектеп” әкеп көзімізге “шұқытып” көрсеткен Асқар Наймантаев жайлы бұлай дей алмаймыз. “Қарадала” театры — Ұйғыр ауданының тарихында болмаған алғашқы өнер ордасы. Биылғы Абай жылына орай алғашқы қойылымын ұлы ақынның “Ескендір” поэмасы желісімен өте аз уақытта сахнаға алып шыққаны – сол қажырлы еңбектің арқасы (реж.Асқар Наймантаев). Өнерпаздардың жауапкершілікті сезіне алғаны, қобалжығаны бәрі көрерменге байқалып тұрды, жан-тәнімен беріле ойнаған қыз-жігіттерге риза болдық.
Сахна сыртындағы жұмыстың белгілі бір азабын маңдай терін төккендер біледі. Көрерменнің көретіні – бер жақтағы дайын дүниенің қызылды-жасылды тұсы. Шағын қойылым мен соңындағы төбе құйқаңды шымырлатып іштегі булыққан рухыңды оятқан әнді әркім әрқалай қабылдауы заңдылық қой. Ал кішкентай күнінде ауыл клубының еденінде отырып-ақ халық театрының өнерпаздары дайындаған қойылымдарды көріп өскендерге жып-жылы әсер қалдырғаны анық және ауыл мен аудандағы өз көрермені жылы қабылдай алады да. Өнер — мәңгілік, ал ұлттық өнер сол ұлттың ұл-қызын жақсылыққа ғана жетелейді. Дүниенің соңынан еріп, ешқашан тоймайтын көзің, қанағатсыз нәпсің рухани байлығыңды тонатады, ашкөзденбей ауылыңа мойныңды бұршы бір уақ, дүниеқұмар көзің тек топырақ жапқанда тоятынын қазір ұғуың керек дегенді шағын қойылым ұқтыра алды, ендігісі көрерменнің санасында сақталып, қазақтың көкіреккөзін ашуы қажет, яғни мәртебелі сахнаның иесі — жас өнерпаздар өзіне жүктелген міндетті орындап шықты. Ең бастысы, олардың көзінен от көрінді, өздерінде ертеңге деген сенім басым. Шағын қойылымның ап-ауыр салмағы өзіне артылғанын көрермен де сезінді, түсінді.
Танымал актер, одан да бұрын Асқардың ұстазы Тұңғышбай Жаманқұловтың ешкімді алаламай қойылымда ойнағандардың әрқайсысына “Мақтау қағазын” тапсырғаны, Бекжан Тұрыстың Ұйғыр ауданы халқының және өз ауылының атынан Асқарға ат мінгізгені Бақыт Беделханның рухты көтерген “Қара далам-ай” әнінен соң асқақтаған көңілді тіпті шарықтатты.
“Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның оюынан үйрендім» деген екен атақты суретші Әбілхан Қастеев. Қазақтың кез келген біртуар тұлғасы ауылдан шыққан, ата-әженің бауырында өсіп, тәрбие-тағылымын алған. Бүгінгі кез келген өнер саласында жүрген жас маманның – ол актер, әнші, зергер, суретші, шебер, ұста болсын тілі қасаң, ойы жұтаң, суреткерлік көзқарасы нашар, ұлттық ұстанымы әлсіз. Өйткені олардың көбі бұлақтың сылдырын, желдің уілін естімеген, кекілін самалға таратпаған, бетін күнге өпкізбеген, асқар таудың айбарын көрмеген, жаратылыстың тылсымын сезінбеген. Тамырынан ажырап қалған ағаш жапырақ жаймайды, сол сияқты табиғи болмысын жоғалтқан, ұлттық «бояуынан» айырылған адамнан шынайы өнер тумайды. Бәрінің жасанды көрінетіні, жұрттың оны қабылдай алмайтыны сондықтан. Ол өңірде ешқашан халық театры болып көрмегенімен Қарадала топырағынан бір емес, бірнеше өнер адамы шықты және олардың қай-қайсысы да бүгінде көрерменнің сүйіктісіне айналған. Өйткені олар – жоғарыда сөз еткен Әбілхан атамыз сияқты, бұлақтың сылдырын да өзінше ұғып, желдің уілінен де ән, әуен ести алғандар…
Ал осындай халық театрлары әлі талай жас дарынның, тума таланттың ел алдына жарқырап шығуына себеп болады. Себебі «ел іші – өнер кеніші», тек Асекең сияқты ұлттық өнерге жанашыр жандар ғана бұлақ көрсе, көзін ашуға ұмтылмақ…
Нравится
Комментировать