Түркістан жайлы маңызды деректер

Түркістан – Орта Азия мен Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі. Бұл туралы алғашқы деректер араб жазбаларында ІV-ІХ ғасырлардан бастап Шавғар деген атпен кездесе бастайды. Араб тарихшы-географы Әл-Истахри ибн Кордаубех ат-Танрази өз жазбаларында: «Көне Шавғар ХІ ғасырға дейін өмір сүрген де, ХІ ғасырдан бастап қала орталығы Яссыға көшті», – дейді. Бұл деректерді қазіргі біздің археолог ғалымдар да растайды. Бүгін көне қала Түркістан туралы айтуды жөн көрдік.

ХІV ғасырда, яғни А.Ясауи кесенесі салынғаннан кейін, Түркістан бүкіл түркітілдес халықтардың діни орталығына айналып, «Хазреті Түркістан» немесе «Кіші Мекке» атанды. Бұл болжамды Шығыс зерттеушісі, академик В.В.Бартольд да қолдайды.

ХV ғасырда Түркістан Сырдария өңірінің саяси және экономикалық орталығына айналып, 1598 жылы ол біржолата Қазақ хандығының орталығы болып бекітіледі.

Түркістан қаласы орта ғасырлардың өзінде ірі білім орталығы ретінде кеңінен танылды. Оның мәдени өмірінде дәруіш ақындар мен ислам дінін уағыздаушылардың да шығармалары үлкен орын алады. Олардың қатарына Ахмет Ясауиден бастап, оның шәкірті Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Жүгнеки, Жүсіп Баласағұндар жатады.

 Мың жарым жылдан аса тарихы бар Түркістан – алып шаһар. Орта ғасырлардағы Сыр бойындағы Сығанақ, Сунақ, Сауран сияқты үлкен шаһарлардан біздің ғасырға жеткені де осы қала.

ХVІІ ғасырдың басынан Түркістан Қазақ ханды­ғының, яғни Қазақ мемлекетінің астанасы болды. Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын реттеу үшін Түркістаннан Ресейге, Ресейден Түркістанға елшіліктер жүріп отырған.

Түркістанның бүкіл қазақ халқының байтақ астанасы болғандығын дәлелдеу үшін Шығай, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай, Қазыбек, Әйтеке секілді қазақ халқының ұлдары мен Қанжығалы Бөгенбай, Тобықты, Мамай, Қоңырат Сырғақ, Нияз, Дулат сияқты батырларының құлыптастарының А.Ясауи сағанасында орналасқанын айтудың өзі жеткілікті.

1991 жылы Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің негізі қаланып, қазіргі кезде еліміздегі жетекші білім беру ордасына айналды.

ЮНЕСКО шешімімен 2000 жылы Түркістан кала­сының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтті.

Абай «Жиырма жеті жасында…» деген өлеңінде сүйікті ұлы Әбдірахманның ғылым іздеп, білімін жетілдіру барысында Түркістан өлкесімен таныс болғандығы жөнінде айтады.

2018 жылы 19 маусымда Президент «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңының тоғызыншы бабына сәйкес, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін берді және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.

Қарагөз Амантай

Қазақ әдебиеті

Бөлісу: