Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздік, ең алдымен, қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да, біз үшін тәуелсіздік күші — ең қадірлі күш! Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Бүгін Қазақстан — әлем таныған үлкен үміт күттіретін, жері, халқы бай ел.
Осыған орай, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Елімнің бақытын тербеткен –Тәуелсіздік!» атты тарихи — танымдық кеш өтті. Тарихи — танымдық кеш бүгінгі жастарға Тәуелсіздігіміздің тарихын білуге, Желтоқсан оқиғасында ел қамын жеген ерлерді үлгі тұту, патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.
Тағылымды мерекеге арналған кеш Мемлекеттік Әнұранмен ашылды.
Желтоқсан желімен көтерілген осы көтерілістің маңыздылығын жастарымызға өлкетанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Нұртаза Ақишанұлы Абдуллаев кеңінен әңгімелеп берді.
Кештің жүргізушісі Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Талғат Бұрханұлы Тілеулесов жиналған оқырмандарға өз туындысынан Тәуелсіздікке арнаған өлеңін тарту етті.
Аталмыш шарада қаламыздағы гуманитарлық колледж студенттері: Қалисина Аружанның «Қабірден хат!» (авторы: Б.Исаев), Қайрошова Әсемнің «Талай азап, өтті бастан!» тақырыбындағы бейнесюжеттері көрсетілді. Сонымен бірге, ақын Қ.Сариннің «Тәуелсіздік» өлеңін Ақжарбай Дана мәнерлеп оқып берді. «Азаттықтың ақ таңы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, слайд көрсетілді.
Шараға «Елмұра» клубының мүшелері, АГУ «Тарлан» және гуманитарлық колледжінің студенттері, кітапхана қызметкерлері қатынасты.
Егемен ел болып, көкке қос қанатын еркін жайған азат еліміздің ұлттық мерекесіне арналған кеште өңірімізден шыққан Құрметті азаматтарымен жүздесіп, төл тарихымыздың қыры мен сырын таныдық. Тәуелсіздігіміздің кемел келбеті мен тұғырлы тұлғасы тағы да бір мәрте биіктей түсті деп есептейміз.
Гүлзада БЕЙСОВА,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері