«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы жауапты басқармаға жолдағы ақаулар бойынша 6 хат жолдап, тиісті жауап ала алмай отыр, деп хабарлайды «Дәстүр» журналы.
Мәселен, «ИПЦ Альянс» ЖШС-і орташа жөндеудегі көшелерді күтіп ұстауды мойнына алады. Алайда тексере келгенде филиал тарапынан жалпы 49 сәйкессіздік анықталды. Сапа орталығы дереу сәулет құрылыс басқармасына хат жолдады.
Сөйтсе, «ИПЦ Альянс» ЖШС-і шағын кәсіпкерлік субъектісіне жатады екен, яғни табылған ақаулар бойынша тексеріс жүргізу мүмкін болмайтыны хабарланды. Сол сияқты Целиноград ауданы, Жаңа-Жайнақ ауылындағы елді мекеннің автомобиль жолдарын күрделі жөндеу кезінде ақаулар анықталды.
Атап айтсақ алынған жамылғының төменгі қабатының 11 қиынының барлығы тығыздық коэффициенті бойынша, 4 қиынды қабатының қалындығы бойынша сәйкес келмейді. Келген жауап, «Нұрәлем Құрылыс» ЖШС ескертпелерді техникалық қадағалаудың атына нақты емес және негізсіз деп санайды, өйткені техникалық қадағалаудың сарапшысы асфальтбетонның сапасын көзбен анықтай алмайды.
Баяндалғанның негізінде, «Нұрәлем Құрылыс» ЖШС техникалық қадағалауға қатысты шаралар қабылдау мүмкін емес. Ал шын мәнінде сапа орталығы материалды көзбен емес, жылжымалы зертханамен тексерген. Оған нақты дәлел де бар. Сайып келгенде жергілікті әкімдіктер сапа орталығымен қоян қолтық жұмыс істеуге асығар емес. Бәлкім сапасыз жолды жылда жөндету бәз біреулерге тиімді болар?!
Дәулет Жексенбайұлы