Әрбір ұлттың тарихи дамуында ерте заманнан қалыптасып, келе жатқан рухани мәдени мұраларымыздың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар. Әдет-ғұрып, салт-дәстүр арқылы халықтың күн көрісі, тұрмыс-салты, мінез-құлқы ерекшеліктері мен дүниетанымының сыр сипаты айқын көрінеді. Ата-бабаларымыз өздері тіршілік етіп отырған ортасымен, табиғатын, ел-жұрт арасындағы қарым-қатынасын, жақсы-жаман кезеңдерді ой елегінен өткізіп, әр кез өмірге деген көзқарасын білдіріп отырған. Халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі жеткіншек ұрпақты адалдыққа, адамгершілікке, жақсылыққа үндеп, олардың сана-сезімін, дүниетанымдық қабілетін дамытуды көздейді. Халқымыздың ғасырлар бойы жасасып, бізге жеткен асыл мұралардың бірі-тыйым сөздер. Оларды халқымыздың әдет-ғұрпы, наным-сенімдер ғана біліп қоймай, бойымызға тәлім-тәрбие беруші. Тыйым сөздер мазмұны мен мақсатына қарай тұрмыстық-шаруашылық, еңбек, мәдени-гигиена, экологиялық тәрбие, әдеп мәдениетіне тәрбиелейді.
Өзге халықтарды қайдам, біздің халықта тыйым сөздер өте көп. Өзіміздің ұлтымызға қатысты наным-сенім, ырым-тыйымдарымыз қаншама! Оның барлығын тізбелеп жазып шығу мүмкін емес. Мұндай наным-сенімдердің кейбіреулері халық санасынан мүлдем жойылып кетпей, анда-санда бой көрсетіп қалады.
Ырым-тыйым арқылы бала тәрбиелеу, жат әдеттерден тыю, туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді ескерту және т.б. нәрселер ұлтымыздың рухани кеңістігінде әлі күнге дейін сақталып келе жатқан тарихи, этномәдени, әлеуметтік мәні терең дүние. Кейбір ырым-тыйымдар бағзы замандардағы шамандық, тәңірлік наным-сенімдердің сипаты, белгісі ретінде де көрініс беріп жатады. Қалай дегенмен, ырым-тыйымдарды халқымыздың ұлттық болмысынан бөле-жара қарауға болмайды. Осы жөнінде ХІХ ғасырда қазақтың салт-дәстүрін зерттеген Семенов-Тянь-Шанский «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім» деп бекер айтпаған.
Сондықтан өте жиі қолданылатын наным сенімдерге тоқтала кетсек, қазақ дүниетанымында есіктің және оның құрамдас бөліктерінің, соның ішінде табалдырықтың орны ерекше. Ол іш пен сыртты, өзі және өзгені бөліп тұратын немесе жалғап тұратын шекара іспетті қызмет атқарады деп санайды.
Халық «табалдырықтан биік тау жоқ» дейді. Осыған сай үйге кірген адам көтеріліңкі етіліп жасалған. Табалдырықты баспай, аттап өтуі тиіс болған. Ал үйге кіретін адамның табалдырықты баспай, оң аяғымен аттап өтуі оның ата-баба салтын сыйлауы, үй ішіне құрмет көрсетуінің көрінісі болған. Ал жауласуға, дауласуға келген адам үйге кірместен табалдырықты аттамастан сыртта тұрып немесе аяғымен табалдырықты басып екі қолымен есік босағасын керіп тұрып дауын айтқан. Қазақ арасында табалдырық басу мен босаға керу күні бүгінге дейін жаман ырым болып саналады. Өйткені, жын-шайтандар есік пен табалдырықтың маңына көп жиналады. Егер адам табалдырыққа отыратын болса, ол не сал ауруына тап болады, немесе есінен ауысады, себебі жынның үстіне отыруы әбден мүмкін деген ырымдар халық арасында кездесіп жатады. Киіз үйдің есігіне байланысты айтылатын қанатты сөздер тіпті көп. Әркім өз үйін «алтын босағам» деп дәріптейді. «Есік көрген» деген «қайтып келген әйел» дегенді білдіреді. Күйеуді алғаш келуін «есік көре келді» дейді. Оның «босаға аттар» деген ырымы және бар.
«Табалдырық аттады» деген өте жақсы сөз, яғни «келін болып түсті» дегенді сыпайылап, құрметтегені. «Босағаны керме», «табалдырықты баспа» деген тиымдар әдептілікке шақырады. Бөтен үй деудің орнына «жат босаға» деген сөзді қолданады. Ұзатылған қыздар оң жақтан аттанарда «алтын да менің босағам, аттап та шығам деп пе едім» деп қоштасады.
Осындай мәніне байланысты табалдырықты халық наным-сенімінде ерекше орын алатындықтан сәби тоңқайып, екі аяғының астынан қараса қонақ келеді деп, табалдырықтың екі жағында тұрып қол алыспайды, кішкене балаларға табалдырықты баспа, табалдырыққа шыққан баланың бойы өспей қалады деген сияқты ырым-тыйым сөздер арқылы тәрбие беріп отыратын болған. Үйге кіріп келе жатқан бала табалдырыққа сүрініп жығылса, оны жақсы ырым деп жориды.
Үйге кіріп келе жатқан бала есік алдында құлап қалса, үйге береке, ырыс, байлық келеді деп қуанады. Оны төрге апарып үш рет аунататын болған.
Сондай –ақ қазақтың табалдырыққа деген құрметін жаңа түскен келіннің оң аяғымен табалдырықты аттауы, әйел босанғанда «ер бала көп болсын»деген ырыммен «бала жолдасына асықты орап табалдырықтың астына көмуі, малдан алынған алғашқы маймен үйдің маңдайшасын, босағасын, табалдырығын майлауы, құда-құдағилардың құда табалдырығын аттарда табалдырықаттар кәдесін алуы, қайтыс болған адамды жерлеу жөн-жоралғыларында, мәйітті үйден шығарып бара жатып табалдырыққа үш рет тигізіп дамылдатуы сияқты шаралардан көруге болады.
Ұлттық салт-дәстүріміз ғасырлар бойына қалыптасқан құндылық болғандықтан бірден емес бірте-бірте жоғалуда. Осы күндері ұлтымыздың бай дәстүрлерін қолымыздан келгенше ұстанып келудеміз. Салт-дәстүрімізді айтпағанымыздың өзінде қазақтың әрбір нұсқалы сөзінің астарында түсінген адам үшін терең мағына, мән, бағыт-бағдар бар қазақтың ырымдары мен тиымдарының өзі тәлім-тәрбие.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Қасиманов С. «Қазақ халқының қолөнері» Алматы: Қазақстан 1995 жыл
- Кейкин К. «Қазақы атаулар мен байламдар» Алматы: Өлке 2000 жыл
- Қазақ энциклопедиясы, 2010 жыл
М.Ә.Ахмет, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының этнография ғылыми-зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері