…Алқа-қотан киінген жастар. Көңілдері шат, жүздері жарқын. Кілемшелер үстімен екі жас топты жарып келеді. Басқан жерлері жұмсақ, мінездері халыққа жәйлі болсын деген ниетпен жеңгелері, құрбылары бұлғынның, түлкінің, тағы басқа аң терілерін төсеп жатыр. Имене басқан екі жастың өңдері бал-бұл жанады. Алдарынан шығып қарсы алған қыз анасы жанып тұрған оттың жанына алып барды. Қыз жеңгесі әкелген шыны ыдыстағы майды отқа тамызды да, «От-Ана, тәу-тәу, өзіңе тапсырдым, Жер-Ана, тәу-тәу өзіңе тапсырдым» деп түтін иіскетіп, алауымен жастарды аластады. Шымылдыққа алып барып, «Ақ төсек, тәу-тәу, өзіңе тапсырдым, Зәр белбеу, тәу-тәу өзіңе тапсырдым» деп ата-баба ырымын жасады…

Ұлттық әдет-ғұрпымызға, салт-дәстүрімізге бай «Қыз Жібек» фильмінен көрініс бұл. Көзіқарақты оқырман байқап та отырған болар. Жібек қыз екі көзі бірдей таңылып тұрып-ақ, жебесін жазбай таныған Төлегенімен тағдыры тоғысып, анасының екі жасты бәле-жаладан қорғап жүрсін деп, от пен жерге тапсырып жатқан сәті.

…Алматыдағы үлкен мейрамханалардың бірінде үйлену тойы дүркіреп өтіп жатты. Жігіт те, қалыңдық та кешегі дәурені өткен кеңестік үлгіде киініпті. Қалыңдықтың көйлегінің түсі ақ демесе, қазақтың бүрмелі, кең етегіне ұқсамайды да. Басындағысы сәукеле емес, фата (ақ матадан тігілген). Жігіттің үстіндегі ақ көйлек, қара костюм-шалбар. Мойнында екі ұшы бүрілген мойынтақ (бабочка). Бұл да еуропаның үлгісі. Той екі тілде, орысшасы басымдау өтіп жатыр. Бір кезде көпшіліктің қол соғуымен екі жас ортаға шақырылды. Алдарына үлкен торт әкелініп қойылды. Бетіне жас жұбайлардың есімдері мен оларды заңды некелерімен құттықтаған сөздер жазылыпты. Айнала шетінде балауыз шырақтар жанып тұр. Оттары самаладай жарқырайды. Ортаға жасы  елулерді еңсерген әйел шықты. Шолтиып қырқылып, сары түске боялған шашы мен келте етегіне қарағанда орыс тілді екені аңғарылып тұр. Шырақтарды үрлеп өшірді де, тортты бірнешеге бөліп жас отау иелеріне, күйеу жолдас пен қыз жолдасқа үлестірді. Жақын- жуық отырғандар да ауыз тиді. Үлкен торт әп-сәтте ғайып болды. Ырымдап сөмкелеріне салып алған жеңгейлер де болды. Міне, қазақтың үйлену тойының бүгінгі көрінісі осындай. «Тозығы жеткен» дәстүрлерден арылып, әлемдік «озық» ғұрыптармен «байытылған» түрі. Бұлай демеуге шамамыз жоқ. Арғы-бергі тарихымызда үйленген жастарға шырақ жанған торт ұсыну, шырағын өшіріп, тортын жегізу болып па еді? Бұл өзі қайдан келген дәстүр!?

От – тіршілік көзі. Онсыз өмір жоқ. Сонымен қатар от  жылылықтың белгісі. «Отан – оттан басталады» дегенде бабаларымыз мәңгілік маздаған тіршіліктің қайнар көзі – отты құрметтеуге, отбасын қастерлеуге, шаңырақты ардақтауға үндеп тұрған жоқ па? Қазақ отты кие тұтқан, қасиет санаған. Оттың өшуі мен шырақтың сөнуін өмірдің бітуі, тіршіліктің түгесілуі деп түсінген. «Ошағының оты өшпесін», «Шырағың сөнбесін» деген тәмсілдер осындай түсініктің тұжырымы.

Жаңа шаңырақ көтерген жас жұбайларды отпен аластаған («Қыз Жібек» фильміндегі көріністі есіңізге түсіріңіз). Бойжеткен ұзатылғанда түтін иіскеткен. Келін түскенде отқа май құйғызған. Туған, өскен шаңырағының түтіні қанында, оты жадында жүрсін дегені болар. Жоғарыда сөз еткен кинода Жібектің  Төлегенін тосып Жайықтың ерке толқындарымен сырласып, көне зираттармен мұңдасып жүретін кезі бар.

«Айша бибі, асықтардың аруағы,

Мен кеше бір түс көрдім.

Түсімде жаман іс көрдім.

Төлеген мінген ақбоз ат,

Ер-тоқымсыз бос көрдім.

Ел жайлаған Ақ Жайық,

Жағалай біткен бидайық,

Алдымда жанған шырағым

Біреу үрлеп өшіріп

Көзімнен болды сол ғайып…» – дейді тебіреніп.

Ата-баба дәстүрін негізге алған бұл көріністен шырақ сөнудің қайғы-қасіреттің белгісі екеніне көз жеткіземіз.

Тағы да фильмге жүгінейік. Бекежанның жебесінен ажал құшқан Төлегеннің қазасын естірту сәтін көз алдымызға елестетіп көрейік. Бір рудың ханы Сырлыбай (Жібектің әкесі) өз шаңырағынан қара түсті туды сыртқа шығарады. Бұл елінің қаралы болғанын білдірсе, сырылып тігілген оқалы қара шалғыны мойнына салғаны,  қайғының тікелей өзіне қатысты екенін аңғартады. Жанып тұрған шырақтарды сөндіру арқылы Жібекке Төлегеннің қайтыс болғанын сездіреді. Бірінен соң бірі өшіп жатқан шырақтарды көрген сезімтал Жібек Төлегенінің мерт болғанын ұғына қояды. Жібектің «өлгені Төлегеннің рас болса, құдайым Қыз Жібекті неге алмайды?» деп егілетін тұсы осы. От пен шырақтың өшуі, орны толмас өкініштің, қазаның белгісі екеніне бұл да дәлел.

Той – халықтық қазына әрі сахна. Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, ақын Сара, әнші Әміре, тағы да басқа толып жатқан өнер дүлділдері тойларда танылған. Бүкіл болмысы, кісілік келбеті ән-жыр мен сауық-сайранға, бір сөзбен айтқанда тойға бейім халық екенімізді несіне жасырамыз. Қолымызда бір күлшеміз болса өзгелермен (ұлтына, руына, нәсіліне қарамастан) бөлісуге әзір екеніміз де шындық. Ойшыл ақынымыз Қадыр Мырза Әлінің:

«Қазақ осы құда бол деп қинайтын,

Құдаларын құдайындай сыйлайтын.

Қазақ осы дүние мен малыңды

Оңды-солды шашу үшін жинайтын»,  – деуі дәл берілген баға. Бұдан артық қазақтың мінез-құлқын, бет-бейнесін және мақсат-мүддесін айнытпай беру мүмкін бе?

Той – қыз ұзату, келін түсіру, құда күту, қонақтарға табақ тарту, сыбаға беру, тағы да басқа көптеген әдет-ғұрыптарымыз көрініс табатын салтанат. Халқымыздың салиқалы салты мен даңғайыр дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа той арқылы жалғасып отырған. Әр қазақтың көңілінде бір тойы бар. Бірі ұлын ұлықтап үйлендірсем дейді. Бірі қызын құрметтеп ұзатсам дейді. Тағы бірі мерейтойын ұлан-асыр етіп өткізгісі келеді. Асабалар мен ойын-сауық отауларының әртістері айтып жүргендей, қазақтың жүрегі қашанда «той, той…» деп соғады.

«Бір тойым болатыны сөзсіз менің,

Дәл қай күні екенін айта алмаймын.

Бірақ, бірақ…

Билетпей ешкімді де қайтармаймын.

Онда ортаға тасталар ұран сондай –

Қайта алмайды қартың да бір ән салмай…» – деп ақберен ақын Төлеген Айбергенов  жырлағандай, қазақтың тойсыз, тойдың қазақсыз сәні жоқ. Алайда қазақтың тойының бәрі қазақтікіндей болып өтіп жатыр ма? Ұлттық бояуы, халықтық нақыштары бар ма? Ұйғырдың, орыстың, тағы да басқа ұлттардың тойларын ән-жырынан ажыратуға болады. Қазақтікін бұлайша ажырата алмайсың. Тіпті, той иесі қазақ болғанмен де ұстанған үрдісі, салты бөтен болса, оны қалай қазақтың тойы дерсің. Қазақтың қай тойынан да қазақтың иісі бұрқырап тұру керек қой. Өзге халықтарда, түбі бір деп жүрген түркілерде де көп ұшыраса бермейтін отқа май құю, түтін иіскету, алаумен аластау сияқты игі дәстүрлеріміз неге жарасымды жалғасын таппай отыр? Оған кім кінәлі, не кедергі? Ғұн дәуірінен келе жатқан құнды ғұрыптарымыздың ғұмыры ұзақ болу үшін неге әрекет жасамаймыз? Халықтық қалпымыз бен ұлттық салтымызды танытатын, еңсемізді биіктететін, абыройымызды асқақтататын үлгілі үрдістерімізді неге дәріптемейміз? Осыны ойлайтын уақыт жеткен сияқты.

 

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

 

 

Бөлісу: