Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындарына есеп беру кездесуінде айтты.

«Құрылыс саласында қолжетімді баспана салу аса маңызды. Өткен жылы пандемияға қарамастан, елордада 3 млн шаршы метрден астам үй салынды, олардың 80% — жекеменшік инвестициялар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолжетімді баспана санын үш еса арттырдық. Мысалы, егер 2018 жылы 1 100 әлеуметтік пәтер салынса, 2019 жылы жеңілдікпен берілетін 2 900  пәтер, ал 2020 жылы 7 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салынды. Биыл жеңілдікпен берілетін пәтер саны 10 мыңға дейін артады», — деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ, 2021 жылы елордада Елбасының бастамасымен басталған «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы баспана» бағдарламасы жалғасады. Бағдарлама аясында жыл соңына дейін 1 мыңнан астам жас азамат үйлі болады.

Елорда әкімінің тапсырмасымен тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін артты, «Шаңырақ» (5-10-20) баспана сертификаттарын алушылар санатын кеңейту бастамасы көтерілді: егер бұрын тізімге халықтың әлеуметтік осал тобының 3 санаты ғана кірсе, енді барлық 9 санаты кіретін болды.

Бөлісу: