Әжемнің асыл бейнесі көз ­алдымда… Әжем жаратылысынан ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбеті өзара үйлесім тапқан, жүзі шырайлы, бітімі келісті, бойшаң, кеудесін тік ұстайтын, зерек ойлы, талғамы жоғары, зиялы жан еді. Күнде таңғы елең-алаңда ерте тұрып, ­Алладан бала-шағасының амандығын тілеп, жайылған дастарқанға ыстық ықыласын білдіріп отыратын. Иә, асыл әжем Бөшенқажы келіні Зіния Ахметқызы 1910 жылы Алматы ­облысы Кеген ауданы Алғабас өңірі «Суықтоғай» ауылында дүниеге ­келген. 2004 жылы 94 жасында ­Алматы қаласында өмірден өтті.

Бүгінгі күні әжем туралы ­жазуыма бала кездегі естеліктерім түрткі болды. Ес білген шағымнан бастап әжемнің ­бауырында тәрбиеленіп өстім. Екеуміздің арамыздағы ерекше байланысымыз, бір-бірімізге деген жақындығымыз айрықша нәзік әрі берік болды. Әжемнің тәрбиесі арқылы бойыма көргенділік, талғампаздық, имандылық қасиеттерден ибалы мінез қалыптастырдым. Үй ­шаруасына да бейімделіп, елгезек, тілалғыш болып өстім.

Иә, менің алғашқы ұстазым, ол – әжем еді. Әжемнің айтқан әңгімелерінен ұлт тарихын құрметтеуді, ана тілін терең меңгеріп, сүюді үйрендім! Қасында жүріп туған табиғаттың сұлулығын көрдім, сезіндім. Әрбір іс-әрекетінен табиғат пен адамның арасындағы өзара байланысын түсініп, қоршаған ­ортаны қорғауда «обал мен сауап» ­деген ұғымдарға ой түйіп өстім. Қазақ халқының басынан кешкен зұлмат жылдардағы қиыншылықтары туралы да алғаш әжемнің айтқан естеліктерінен естіп, аяушылық сезімін басымнан өткерген едім. Арасында көзіне жас алып, еске түскен жақындарын жіпке тізіп, олардың еңбектеріне құрметпен қарап, керемет күйде әңгімелейтін. Әжемнің айтқан естеліктерін тыңдап отырып, неше түрлі әділетсіздіктерге, қиыншылықтарға қабырғам қайысатын. Зұлмат жылдарында әжемнің туған- туыс, жақындары көп азап шеккен екен. Әжемнің бауырлары Жетісу аймағында Кеңес үкіметінің орнауына үлес қосқан, білімді, қазақтың алғашқы оқыған ­азаматтары болған.

Үлкен ағасы 1886 жылы «Жалаңаш» ауылында өмірге келген Әубәкір Жүнісов атамыз он төрт жасында Жаркент қаласындағы ауылшаруашылық орыс мектебіне оқуға түсіп, 1904 жылдан жергілікті билікте, сотта ­аудармашы ­болып қызмет атқарыпты. Әубәкір Жүнісов атамызға қатысты тың деректер Алматы облыстық және ҚР мемлекеттік мұрағатында сақталған. 1916 жылы 25 маусымда шыққан патша жарлығына сәйкес, ұлт-азаттық көтеріліске қатысып, Жетісу, Жаркент уезі көтерілісшілерін басқарған Т.Бокин, Т.Рысқұлов, ­С.Мең­дешов­тармен мүдделес болып, патша үкіміне қарсы шыққан саяси көзқарасы үшін сотталып, Ресейге жер аударылыпты. Тек, патша билігі тақтан құлаған соң ғана елге оралып, Жаркентте қалалық атқару комитетінде тілмаш, кейіннен тергеуші болған. 1920 жылы атаман Дутовтың көзін жою шарасы кезінде Жаркент милициясы бастығының орынбасары қызметін атқарған екен. «Атаманның ақыры» атты фильмдегі осы бейненің суретші Әубәкір Ысмайылов сомдаған прототипі кім? Ол сол кездегі Жаркент милиция­сы бастығының орынбасары Әубәкір Жүнісов еді (архив материалдарынан). Атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі операцияда ЧК-ның қызметкерлері Ә.Жүнісовке жауапты тапсырманы орындаушы топтың мүшелерін Қытай жеріне аман-есен өткізуді, ынтымақтастық жағдайын туғызып, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету міндетін жүктеген екен (Бұл да архив материалдарында расталып отыр). Мемлекеттік мәні зор оқиға сәтті аяқталған соң, еңбегі бағаланып, ВЧК басшылығы тарапынан Түркістан аумағындағы уәкілетті өкілі ВЦИК мүшесі Я.Петерске ұсыныс хат жазылған. «Тов. Жунусову от 134 КА.1927.1/04. За принятия участия над атаманом Дутовым» деген жазуы бар күміс сағат пен үш желілі винтовканы сыйлапты (архив материалдары растайды). Орысша таза сөйлеп, сауатты жазатын Ә.Жүнісов үнемі өзінің қандастарын сотта қорғап, басқа ұлттардың ­басынуына жол бермеген екен. Кеңес үкіметін нығайту мен ақтарға қарсы күрестегі еңбектері ескерілместен 1938 жылы ­репрессия құрбаны болып, ату жазасына кесіліпті. Уақыт өте келе Әубәкір атамыз ақталған соң, оның жесірі Бопыхан әжемізге мемлекеттік дербес зейнетақы тағайындалып, ­Алматы қаласынан пәтер берілді. Бопыхан әжеміз бойын күткен, әр ісінен ізгіліктің ізі көрінетін, мәдениетті еді. Менің мұғалімдік оқуда оқитыныма қуанып, жақсы пікірін айтып отыратын. Әубәкір Жүнісовтың туып-өскен «Алғабас» ауылы бұл күнде «Әубәкір Жүнісов атындағы» шаруашылық деп аталып, ауыл ортасына еңселі ескерткіші орнатылған. Ер есімі, ел есінде дегендей, есімі ешқашан ұмытылмайды!

Әжемнің екінші ағасы Мұстафа Жүнісов Жалаңаш өңіріндегі алғашқы мұғалімдердің бірі болып, аудандық білім саласының білікті басшысы қызметін атқарған. Әубәкір ағасынан кейін іле-шала ұсталып, репрессияға ұшырап, Сібірге айдалған. Мұстафа ата 1958 жылы ақталып, елге келген соң ұстаздық қызметін жалғастырып, аудандық оқу бөлімін басқарған. Ұзақ жылғы ең­бегінің нәтижесінде дербес зейнетақы тағайындалып, 1968 жылы Алматы қала­сындағы «Көктем» шағынауданынан пәтер берілді. Оқушы кезімде үйіне жиі барып тұратынмын. Абай атындағы опера және балет театрында 1969 жылы «Қыз Жібек» операсының 100-шы қойылымы өтті. Театрға Мұстафа атам мен Шархан әжемен бірге барып, атақты әртістерді көріп қайтқаным әлі есімде. Бүгінде тарихи деректі хроникалық түсірілімнен көріп қаламын. Менің қазақша таза сөйлеп, ойымды дұрыс жеткізетініме қызығып, сұрақтар қойып, екеуіміз көп әңгімелесетінбіз. Әдебиет пен тарихқа бейімділігімді байқаған атам: «Өскенде мұғалім бол!» деп батасын берген еді. Бүгінде Мұстафа атамыздың қызы Әнел тәтемізден ұрпақтары өсіп-өнген.

Ниязбеков Әужан атамыз туралы айтсам, ол кісі де Әубәкір ағасының жол көрсетуімен Жаркенттегі төрт жылдық орыс мектебін бітірген соң Ғани Мұратбаевтың көмегімен Алматыда ашылған Қазақ Ағарту институтына түсіпті. Жасынан Қазақ Кеңестер Одағы Халық Ағарту Комиссариаты мектептер басқармасының бастығы болып, Сара Есова, Темірбек Жүргеновтермен қатар еңбек еткен. Сол кездерде екі ағасының репрессияға ұшырап, жаламен ұсталып кеткеніне қиналып жүргенін байқаған Т.Жүргеновтың өзі ұсталар алдында Әужан атамызға өз еркімен өтініш жазып, жұмыстан кетуіне кеңес берген екен. ­Содан қуғын-сүргіннен аман қалған Әужан атамыз жауапты қызметінен кетіп, туған жері Саты мен Таушелекке келіп, өмірін ауыл мектебінің көркейіп, өсуі мен ұстаздыққа, бала тәрбиесіне арнапты. «Қазақ Кеңес Одағының еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атағын иеленіп, еңбегі ақталған ардагер ұстазға одақ дәрежесіндегі зейнетақы тағайындалып, 1974 жылы Алматы қаласынан ұстаздық еңбегінің сый-құрметіне пәтер алыпты. Бұл күнде Әужан атамыздың ұлы Болат ағамыздың ұрпақтары өсіп-өнген үлкен әулетке айналып отыр. Әужан атамыздың педагогика саласындағы еңбегі еленіп, өзі ұстаздық еткен мектебі бүгінде» Әужан Ниязбеков атындағы негізгі мектеп» деп аталады.

Әжемнің келін болып аттаған киелі босағасы Шонжы өңіріндегі «Жеті қажы» әулеті. Үлкен шаңыраққа түскен әжем жасынан имандылыққа бет бұрып, бес уақыт намазын қаза етпей, тақуалықпен өтті өмірден. Жетісуға аты мәлім, қара қылды қақ жарған сөзге шешен, әділ би атанған Бөшенби қажының немересі, нағашы атам Біләл Бөшенов жоғары білімді, Кеген ауданы Жалаңаш өңірінде алғашқы банк қызметкері болған. Жоғары білімді маманға бронь берілгенімен, майданға өзі сұранып барып, 1945 жылы 14 қаңтар күні Польша жерін азат ету кезінде ерлікпен қаза тапқан.

Ел басына күн туған қиын кезеңде белін бекем буып, колхоз жұмыстарына белсене араласып, соғысқа кеткен ер-аза­маттардың орнын жоқтатпаған әйел­дермен бірге менің әжем де еңбек етіп, жеңіс туының желбіреуіне үлес қосты. 30 жасында жесір қалған жас келіншек балаларын, менің анам Күлән мен ағамыз Болатты, Күлпара тәтемізді қатарынан қалдырмай өсіріп, жақсылыққа тәрбиелеп, оқып, білім алуларына мүмкіндік туғызған парасатты ана болды.

Жасында оқып, латын тілін мең­герген, жоғары білімді ағаларының тәр­биесін көрген, заманға қарай өмір сүру қағидасын меңгерген, зиялы, жүрегінен имандылық, жүзінен мейірім төгілген менің әжем отбасының ғана емес, бүкіл әулеттің ұйытқысы бола білді. Әже тәрбиесі арқылы жақсы мен ­жаманды ажыратып, үлкен-кішіні танып, құрметтеуді көптеп үйрендім. Көре­генділік – тәрбиенің ең жоғарғы формасы.

Жасымнан ауыл-аймақтағы еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдерін ­танып, өстім. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің үлгісін әжемнің ­бойынан көріп, үлгі алдым. Бойынан қазақылығы төгіліп тұратын асыл әжем қайындары мен абысындары арасындағы сыйластық, көршілермен тату қарым-қатынас жасау арқылы көпке үлгі еді. Бала кезімнен моральдық-этикалық нормалармен танысып, адами тұлғам қалыптасты. Дәстүрлі ырым-тыйым жүйесі қағидаттарын ­бойыма сіңірдім.

Бұл күнде өзім де педагогика ­саласында еңбек еткен ұстазбын. ­Содан байқағаным, мектеп оқушыларына арнайы бағдарлама арқылы түсіндіріп жүрген сабақтар мен тақырыптарды біздің әжелеріміз күнделікті өмірден алған екен-ау… «Жер-судың аты – тарихтың хаты» дегендей, туған жер мен өз ауылымыздың жер-су атауларын бала кезімізден жадымызға сақтап өстік. Торайғыр тауының етегіне қозы-лақ қайырып, қой бағу кезегіне шыққан кезімізде тау баурайындағы «Батыр бұлақтан» шөлімізді басып, жағасында ойнаймыз. Бұлақтың аталу себебін сұрағанда әжем асықпай әңгімесін ­бастайтын. Жаугершілік заманда ­Райымбек батырдың әскерін жоңғарлар жан-жағынан қоршап, адамдары мен ­аттары шөлден қиналғанда батыр ­бабамыз жер жағдайын шолып, ойпаңдау жерге найзасын сұғып алғанда бұлақ көзі ашылған екен. Себебі ­Райымбек бабамыз сол жерде тамырын тереңге бойлатқан өсімдікті байқаған екен. Ол өсімдік сусыз жерде өспейтін көрінеді. Ал Торайғыр тауының жоталарының бірінде тастан қаланған биік мұнара ­Райымбек батырдың әскерлерінің ­нысанасы екен, Жалаңаштың етегіндегі «Ағанас» жазығында Райымбек батыр жекпе-жекте қалмақ батыры Ағанастың басын алғаны туралы айтатын еді. Он бес жасар Райымбек батыр қалмақ батыры Кегенді де жепе-жекте жеңген ғой. Тау беткейі мен жоталарда үйілген тастар мен қорымдар өте көп, жергілікті тұрғындар «қалмақтың моласы» деп атап кет­кен­діктен ойнап жүргенде басып кетуден қорқушы едік. Бүгінде ойлап отырсам, әжем туған жердің тарихын зердеме құйып, әдебиетке, көркем сөйлеуге, сөздің қасиеті мен қадірін ұға білуге бау­лыған екен. Табиғатты сүю мен қор­ғау­дың негізін көкейіме құйып берген екен.

Әжем жаз кезінде дәрілік өсімдіктерді жинап, кептіріп, киелі өсімдік-адырас­панмен үйді аластайтын. Туған жерім ­Жа­лаңаштың тауынан жаз кезінде рауғаш, таңқурай, құлпынай теретінбіз. Тау бөктерінен қарағайдың сағызын (шайырын) жинағанда да бұтақтарын сындырмай, сақтықпен алатынбыз. Табиғаттан керегіңді алғанда сұлу көркемдігін сақтай отырып, қорғау керектігін үйретіп, тәрбиелеген де әжем.
«Әжеміз көп ертегі біледі, таусылмайды» деген сөзімізді естіп, күнде кеш­­кісін айтатын ертегісін жаңалап, кейіпкерлерінен «өзімізді» танып, біліп, «қыңыр-қисық» бейнеміз бен іс-әрекеттерімізді түзеуге тырысатынбыз. Немерелеріне ерекше көңіл бөліп, ойнаған ойынымызға да мән беретін еді. Қыз баланың тәрбиесіне, әсіресе маған, өзінің сүйікті немересіне ерекше қарады. Имандылыққа баулып, келешегіме дұрыс бағыт берді. Шашымды күтіп, баптап, өсірді. «Қыз баланың көркі – шаш» деген ұғымды жасымнан бойыма сіңіріп өскендіктен шашымды қимадым. Әжемнің айтқан тілегімен қызым Салтанатымның бұрымын баптап, бүгінде немерелерім Ақмаржан мен Айсәуленің шаштарын күтудемін.

Әже мейіріміне қанып, тәрбиесін көріп өскен ұрпақтың бірі болғаныма бақыттымын. Ұлттық тәрбиенің өзегін жасымнан бойыма сіңіріп, қазақтың білімді қызы, ұлағатты ұстаз, мейірімді ана атануыма асыл әжемнің тәрбиесі арқылы жеттім. Бүгінгі күні 40 жыл педагогика саласында үздіксіз еңбек еткен ұстазбын. Еліміздің келешегі – жас жеткіншектерге сапалы білім мен тәрбиелеу жолындағы темірқазығым – ұлттық педагогика ­саласы. ­Алматы, Астана қалаларында еңбек еткен мектептерімде «Қызғалдақ» қыздар ­клубы мен «Әжелер» мектебін құрдым. Арнайы іс-жоспары бекітіліп жұмыс жасаймыз. Кештер, дөңгелек үстел, кездесулер өткіземіз.

Роза ЕСЕНБАЕВА,
ҚР Білім беру ісінің
Құрметті қызметкері
НҰР-СҰЛТАН

anatili.kazgazeta.kz

Бөлісу: