Осы жылдың ақпан айында Серікбол Қондыбайдың шығармашылығына арналған «Мемориалдық музейде» ғалымның екі бірдей жаңа кітабының тұсаукесері өткізілді. Олар 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Серікбол Қондыбай мұраларындағы арғықазақ мифологиясы және Ұлы дала өркениеті» атты ІІ халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдар жинағы және 2020 жылы жарық көрген «Серікбол Қондыбай зерттеулерінің ғылыми-танымдық тұжырымдамасы» атты ғылыми жинағы. Шараға ғалымның тумалары, кітап авторлары, серікболтанушылар, өлкетанушылар қатысты.
Серікбол Қондыбай өлкемізден шыққан географ, өлкетанушы, тарихшы және тұңғыш мифолог. «Маңғыстау географиясы», «Гиперборея түс көрген заман шежіресі», «Есен қазақ», «Қазақ даласы және герман тәңірлері», «Арғықазақ мифологиясы» және т.б. еңбектердің авторы. Ең алғаш өткен ғасырдың тоқсаншы жылдарында Маңғыстау өлкесінің туризмін дамыту мәселесін көтеріп, оны әлемге таныстырудың желілерін ұсынған. Облыстың географиясын, жер бедерін, халық ауыз әдебиетін зерттеді. Ол Қазақстанда мифтік лингвистикалық мектептің негізін салушылардың бірі. Осы жолда мифтік деректер мен мифологиялық нышан-символдарды жүйелеудің әдістемесін және әдіснамасын қалыптастырды.
2015 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің қаулысымен Маңғыстау облысы, Шетпе ауылында Серікбол Қондыбай шығармашылығына арналған Мемориалдық музейі ашылды. Музей толықтай заманауи жабдықтармен жабдықталған. Бес жылда көптеген жетістіктер көрсетіп, ғалымның шығармаларын халықаралық дәрежедегі ғалымдардың танысуына мүмкіндік жасалды. Оның айғағы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында екі бірдей халықаралық конференция өткізіліп, шет елдер мен еліміздің ғалымдарын екі жылда Ақтау мен Нұр-Сұлтандай әсем қалалардағы үздік жоғарғы оқу орнында жинауымыз еді. 2018 жылы Ақтау қаласындағы Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде өткен «С.Қондыбай мұралары: «Әлемдік мифологияның дамуына жаңаша көзқарас» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция болды. Бұл конференцияда «Байырғықазақ дүниетанымының негіздері» атты энциклопедиялық жинақ және «Серікбол Қондыбай – рух жауынгері» деректі фильмі жарық көрді.
«Серікбол Қондыбай мұраларындағы арғықазақ мифологиясы және Ұлы дала өркениеті» атты ІІ халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдар жинағы кітабы 2019 жылғы Нұр-Сұлтан қаласы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен конференцияның мақалалар мен баяндамалар жинағы болып табылады.
Конференция жоғарғы деңгейде өткізілді. Қонақтар қатарында алыс жақын шетелдерден келген қатысушылар мен өзіміздің елдің ғалымдары, Маңғыстау облысынан Өмірзақ Озғанбай мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов бастаған делегация да болды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы конференцияның шымылдығын ашқан болатын.
Кітапқа кіріспе сөз ретінде сол кездегі облыс әкім Е. Тоғжановтың беташар сөзі және «Ардагерлер ұйымы» республикалық ҚБ Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаевтың «Ғылымда тыңнан түрен салған» атты баяндамалары терілді. Конференцияға қатысушы ғалымдардың барлығының мақалалары мен баяндамалары кітапқа жарияланды. Солардың ішінде ерекше айтқым келетіні Чуваш мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, әлемдік түркологтар ассоциясының төралқа мүшесі Николой Егоров, Ресей ғылым академиясының Уфа федералдық зерттеу орталығы тарих, тіл, әдебиет институттарының профессоры, филология ғылымдарының докторы Фирдоус Исамеддинова, «Еге» университетінің профессоры белгілі түрколог Мұстафа Өнер болып табылады. Кітап пленарлық мәжілісте тыңдалған баяндамалар, секция отырысында тыңдалған баяндамалар және орта арнаулы оқу орындары мен орта мектеп мұғалімдер секциясы атты үш тараудан тұрады. Кітаптың соңында «Серікбол Қондыбай мұраларындағы арғықазақ мифологиясы және Ұлы Дала өркениеті» атты ІІ халықаралық ғылыми-теориялық конференция қарары жазылды.
Міне осы конференция жинағы баспадан шыққаннан кейін әлемде орын алған пандемияға байланысты оқырман қауымға таныстыру мүмкіндігі болмады. 2020 жылдың аяғында жарық көрген «Серікбол Қондыбай зерттеулерінің ғылыми-танымдық тұжырымдамасы» атты ғылыми жинағымен бірге халыққа таныстыру мүмкіндігі туды.
Бұл ұжымдық монографиялық жинақта Серікбол Қондыбайдың соңына қалдырған зерттеулері мен ғылыми-танымдық мұраларының негізгі бағыттары бойынша жасалған ғылыми тұжырымдамалар жинақталған. Монографияға өзінің тұжырымдамаларын ұсынған авторлар өлкетанушы, таңбатанушы Мұрат Ақмырзаев; мәдениеттанушы, философия ғылымдарының кандидаты, аудармашы Зира Наурзбаева; ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, филология ғылымының кандидаты, доцент Балкенже Акбердыева; ҚР ҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Момынова Бағдан; педагог, ғалым, филология ғылымының кандидаты, доцент Жанбибі Дүйсенбаева; археолог, ғалым Айдын Жүнісханов; ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия университетінің доценті Оңайгүл Тұржан болып табылады.
Жинақ Серікбол Қондыбай зерттеулерінің жалпы теориялық аспектілері, Серікбол Қондыбай зерттеулеріндегі мифологиялық бейнелер мен сарындар, Серікбол Қондыбай зерттеулеріндегі тарихты реконструкциялау негізгі тарауларынан тұрады.
Қорытынды ретінде Дәрімбет Байдалының «Қазақ қоғамының жаңа дәуіріндегі айшықты құбылыс» атты тұжырымдамасы жазылды.
Бұл кітаптар ғылыми көпшілікке, оқырман қауымға және магистранттарға арналған.
Ұлықбек Саматұлы, экспозиция – көпшілік жұмыстары секторының меңгерушісі.