Әрбір  халықтың  ұлттық  тұрмыс-тіршілігінде  тарихи  даму  барысында  ғасырлар  бойы  қалыптасқан  салт-дәстүрлер,  әдет-ғұрып-тар  ерекше  роль  атқарады.  Өмір  салтына  халықтың  әлеуметтік-экономикалық дамуымен бірге географиялық ортасы, содан туындайтын шаруашылық кәсібі, сыртқы дүниемен қарым-қатынасы, дүниетаны-мы – бәрі-бәрі әсер етеді. Еуразияның қақ ортасында ұшы-қиыры жоқ кең сахарада арман қуып өмір сүрген қазақ халқының да ұлт болып ұйысуына, қауым болып қалыптасуына сахара өмірінің өзіндік тыныс-тіршілігі, мал шаруашылығымен айналысып, көбіне көшпелі тіршілік кешуі тікелей ықпал жасады. Нәтижесінде ешбір халыққа ұқсамайтын қазақ ұлты тарих сахнасына шығып, әлемде теңдесі жоқ көшпелілер мәдениетін өмірге әкелді.

Көшпелілер мәдениеті – жазу-сызуы кештеу дамыған елдің мәдени дамуда артта қалғандығының белгісі емес, керісінше, тарихи даму барысында кездесе бермейтін ерекше бір құбылыс. Қазақтың көшпелі-лер мәдениеті әлемдік әдебиетте теңдесі жоқ ауыз әдебиетін жасады. Асыл  сөздің  астарын,  қыр-сырын  барынша  меңгерген  сөз  өнерінің майталмандары – айтыс ақындарының суырыпсалмалық өнеріне Еуропа күні бүгінге дейін таң қалумен келеді.

Көшпелілер мәдениетінде қазақтың сөз өнері барынша шарықтап, шырқау  шыңға  шықты.  Қазақтың  бүкіл  өмірі  көркем  сөзбен  көмкерілді. Абай айтпақшы, адам шыр етіп өмірге келген күннен бастап, оның өміріндегі әрбір елеулі оқиға өнермен өрнектеліп отырды. Театры, киносы жоқ халықтың бүкіл тіршілігі қазақтың кең даласын түгелдей өнер сахнасына айналдырып жібергендей еді. Әрбір оқиғаның, сол жақсы оқиғалардың қайталануы барысында қалыптасқан әдет-ғұрыптардың негізгі бөліктерін өнер элементтері құрады.

  •         Сөз өнері, саз өнері, актёрлық өнер, би өнері – бәрі-бәрі бірігіп кетіп, тұтас бір дала өнерін – теңдесі жоқ тарихи құбылыс қазақ мәдениетін тарих сахнасына  шығарды.  Қазақ  тұрмысында  сөз  өнерінің  жан-жақты  дамуы үшін ерекше бір қолайлы жағдайлар туды да, ақындық, жыршылық, жыраулық, сал-серілік дәстүр барынша дамып, қоғамның негізгі рухани қажеттілігін өтеп отырды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақтың әрбір әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі  сұлу  сөздің,  сырлы  саздың,  әсем  қимылдың  шебер  үйлесуінен, тұтастық  тауып  орындалуынан  тұрады.  Осылардың  ішінде,  әсіресе, сөз өнері жетекші рольге ие болды. Сөз өнерінің жалпыхалықтық сипат алғандығы соншалық, кең даланың төсінде ат үстінде келе жатқан жолаушы да, мыңғырған мал баққан бақташы да ән шырқап бара жататын…

Ұлт болып қалыптасу үшін алдымен, ұлттық сана-сезім пайда болу керек.  Қазақтың  ұлттық  сана-сезімін  қалыптастырған  –  оның  әдет-ғұрыптары,  салт-жоралары,  соларда  шырқалған,  айтылған  өміршең ойларға  толы  өлең-жырлар.  Қазақтың  салт-дәстүрлерін  көп  көрген, өзі де қатысып, басынан өткерген адамды онда айтылған небір ойлар ойландырмай,  қызықтырмай,  бүкіл  жан-дүниесін  шымырлатып  өзіне тартпай қоймайды. Соңында ол қазақтың халықтық дәстүрлерін жақсы білетін, ұлттық мұраттары бойына сіңіп, ұлттық сана-сезімі әбден қалыптасқан, өмірге ұлттық көзбен қарайтын саналы азамат болып шығады. Демек, жас ұрпақты ұлттық дәстүрлер негізінде тәрбиелеу, сол арқылы оның бойына халқымыздың ғасырлар бойғы даму барысында жинақталған  асыл  қасиеттерін  сіңдіру,  ұлттық  мұраттар  бағытында өмір сүруді үйрету – бүгінгі таңдағы аса маңызды міндеттердің бірі.

Сонымен, белгілі бір халық ұлт болып өмір сүруі үшін оның мін-детті түрде әдет-ғұрып, салт-сана түріндегі ұлттық дәстүрлері болуы керек. Ұлттық дәстүрлердің кеми бастауы – ұлттың да жойыла бас-тауының белгісі. Сондықтан да ұлт болып өмір сүремін деген халық алдымен, тілін сақтайды, сол тілде қалыптасқан ұлттық дәстүрлерін жаңғырта  жалғастырып  отырады.  Ұлттық  дәстүрлері  мықты  сақталынған халықтың ұлттық болмысы оқшаулана көз тартып, ұлттық сана-сезімі де, ұлттық рухы да жоғары тұрады.

Рухы  жоғары  халық  өміршең  келеді,  жеңілмейді.  Сондықтан  да отаршылдар бір халықты бодан қылу үшін алдымен, оның тілін, ұлттық дәстүрлерін әлсірету арқылы барып бағындыру әдістерін қолданып  отырған.  Кеңестік  кезеңде  жүзеге  асырыла  бастаған  «советтік өмір  салты»,  «жалпыхалықтық  тіл»  сияқты  жалған  теориялардың түпкі  мақсаты  орыстан  басқа  ұлттарды  жойып,  олардың  барлығын «совет халқына» айналдыру, яғни орыстандыру болатын. Қазіргі таңда әлемдік ауқымда жүргізіліп жатқан жаһандану саясаты да халықтарды ұлттық тілінен, ұлттық дәстүрлерінен айырып, олардың тілін, ұлттық  болмысын  жою  арқылы  барып,  үстемдік  орнатуды  көздейді. Осындай қауіпті сезінген көптеген мемлекеттер қазір өздерінің ұлттық тілін, ұлттық дәстүрлерін сақтап қалуға барынша кірісіп жатыр.

Үш  ғасырға  жуық  отаршылдықтың  бұғауында  болып,  енді  ғана тәуелсіздіктің  туын  тігіп  отырған  қазақ  халқының  алдында  да  егемендігімізді баянды етіп, жасай беруі үшін ұлтының ұлттық асыл қасиеттерін сақтап қалу жолында қыруар міндеттер тұр. Ол жұмыстар түптеп  келгенде,  тілді,  ұлттық  дәстүрлерді  сақтауға  келіп  тіреледі.

Бабалар салып кеткен даңғыл жол – ата салтымен өмір сүру – ұлттығымыздың басты  шарты.  Ұлттық  дәстүр негізінде өмір сүру,  замана талабына сай оның кейбір тұстарын жаңғырта, бейімдей, жаңашылдықпен ұштастыра қолдану – өміршеңдік белгісі. Сондықтан да жас ұрпақты ата салты рухында тәрбиелеу, бабаларымыз болашақ үшін білектің күшімен, найзаның ұшымен салған даңғыл жолмен жүріп, өмір сүру – әрбір қазақтың ұлт алдындағы азаматтық борышы.

Ана тілінде сөйлеп, ұлттық құндылықтармен өмір сүру – ұлттығымызға сын. Қазақ болып өмірге келген адамға қазақ болып өмір сүруден басқа жол жоқ. Басқа жолдың бәрі құрдымға апарады. Сондықтан да адамның бүкіл ғұмырын сұлу сөзбен, сырлы сазбен өрнектеп, адам өміріне сән беретін, нәр беретін, оның ұлттық сана-сезімінің қалыптасып, бақытты өмір сүруіне көмектесетін тұрмыс-салт жырларының маңызы зор.

      Ұлт  дегеніміз –  тіл,  белгілі  бір  тілде  сөйлейтін,  белгілі  бір  салт-дәстүрмен өмір сүретін халық. Тіл мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер – ұлттың ұлт болып, халық болып өмір сүруінің басты шарты, негізгі ережелері,  басқаша  айтқанда,  ата-баба  салты  кейінгі  ұрпақ  үшін  – Ата жол. Ал ұлттық дәстүрлерге негізделген ата салтымен өмір сүру –  әрбір  азаматтың  мына  қым-қиғаш  заманда  адаспай,  тура  жолмен жүріп, бақытты ғұмыр кешуінің бірден-бір кепілі; сонымен бірге өз бақытын ұлт болашағымен байланыстырған әрбір адамның қоғам алдындағы азаматтық парызы.
  •       Тілдің  өзгеруі,  ұлттық  дәстүрлердің  әлсіреуі  ұлттық  болмыстың әлсіреуіне, ол түптің түбінде ұлттың жойылуына алып келеді. Мәңгүрттік, көзқамандық құбылыстар – ұлттық болмыстың бұзылуының басы. Бұл – оның бойында қазақылық мінезден гөрі маргиналдық қасиеттер көбейіп, ұлтсыздана бастады деген сөз. Ұлттық тілінен ажырап,  басқаша  қалыппен  өмір  сүріп,  рухани  азықты  басқадан  алған адамның  ұлттық  сана-сезімі,  ұлттық  рухы  жойылып,  басқаға  көзсіз еліктеушілікке ұшырайды. Ал рух азғындаса, адам азғындайды, адаммен бірге қоғам бұзылады. Сондықтан да адамды адам ретінде сақтап қалатын – ұлттық орта, ұлттық дәстүрлер, ұлттық мәдениет, ұлттық руханият. Ұлттық өмір салтынан басқаша өмір сүру – ұлтсыздыққа, яғни азғындыққа апарар күмәнді жол.

Ұлттың негізі – ұлттық руханият, ұлттық сана-сезім. Бұлар ұлттық дәстүрлер негізінде қалыптасады. Рухани жағынан бай, ұлттық сана-сезімі жоғары, жан-жақты жетілген, жеке басының ғана қамын ойлайтын пендешіліктен гөрі ұлттық, халықтық мүддені жоғары қоя білетін азаматтарды тәрбиелеу – әрбір қоғамның басты міндеті.

Рухсыз адам – пенде. Пенделік көбейген жерде қылмыс көбейіп, азғындық өріс алады, ұлтты ішінен ірітеді. Батыста адамгершілік нормаларына қайшы түрлі қылмыстардың көбейіп жатқандығының басты себебі – олардың ұлттық құндылықтарын жоғалтып алуында. Бұл – ақыр соңында олардың ұлттық қасиеттерін жойып, ұлттың жоғалуына апарып соқтыратын, адамзаттың болашағы үшін аса апатты құбылыс.

Адамзат  дамуында  экономикалық  даму  мен  рухани  жетілудің  қатар жүріп отыруы шарт болса, осы үдерісте руханияттың артта қалуы, немесе дағдарысқа ұшырауы – адамзат дамуын құрдымға бастар қатерлі жол. Демек, ұлтсыздануды мақсат тұтатын жаһандануды адамзаттың адам  болып,  қоғам  болып  өмір  сүруіне  көмектесетін  адамгершілік қасиеттерден, ұлттық рухани құндылықтардан жұрдай қылатын, қоғамды апатқа апарар аса қауіпті жол деп қарау керек.

Ұлттық дамуда ұлт бірлігі – аса маңызды. Әдетте, адамдар өмірде бір-бірімен туысқан, жегжат, нағашы, жиен, құда, бөле, бажа, дос болып  дегендей,  қарым-қатынасып  жатады.  Осылай  келгенде,  қазақта бөтен адам жоқ; бәрі бір-бірімен байланыста. Осы туысқандық байланыстар түрлі салт-жоралар түрінде ұлттық дәстүрлерге айналып, ұлт бірлігін, ұлт тұтастығын қорғайтын ата салтқа айналған; ұлттық дәстүрлерде алдыңғы қатарға шығады.

Ал ұлттық мүдденің негізі – ұлттық руханият. Ұлттық руханият ұлттық сана-сезімді қалыптастырады да ол өз кезегінде ұлттық қоғамдық даму жолында дұрыс бағытта болуының темірқазығына айналады.

Ұлттық  әдет-ғұрыптар,  салт-дәстүрлер  әрбір  адамның  жеке  индивид ретіндегі ғұмырынан бастап, ұлттық мүддеге қызмет ететін азамат болып  қалыптасуына,  сол  адамдардан  тұратын  халықтың  ұлт  ретінде ұйысып, қоғамдық өмір сүруіне барлық жағдайлар жасайды. Яғни жеке адам мен қоғамның арасындағы қайшылықтарды, түрлі алауыздықтарды жойып, халықтың біртұтас ұлт болып жасай беруін қамтамасыз етеді; адамдарды туысқандық жағынан ғана емес (қан бірлігі), рух жағынан біріктіріп, ұлттың іргетасын бекіте түседі. Сондықтан да тіл бірлігіне, дін бірлігіне, осы негізде қалыптасқан діл (менталитет) бірлігіне  бастайтын  ұлттық  дәстүрлерді  ұстану,  сол  арқылы  халқымыздың  ғасырлар  бойы  жасаған  мәдени  қазынасын  жоғалтпай,  төкпей-шашпай  бүгінгі,  келешек  ұрпақтың  рухани  азығына  айналдыру – ертеңін ойлаған елдің барлық уақытта да есте ұстар басты міндеті.

Ұлттың  ұлылығы  оның  ұлттық  дәстүрлерінен,  ұлттық  табиғатынан көрінеді. Нағыз қазақ – бәрін біліп, орысша, ағылшынша сайрап тұрған,  сонымен  бірге  ана  сүтімен  ауызданып,  ұлтының  бар  жақсы қасиеттерін  бойына  сіңірген,  халқының  дәстүрлерін,  тарихын,  әдебиетін,  өнерін  жетік  білетін,  әлемдік  руханияттың  озық  үлгілері  де жат емес азамат. Қазақты әлемге таныту дегенде, қазақтығымыздың басты белгісі ұлттық мәдениетімізбен, ұлттық дәстүрлерімізбен, тұрмыс-салтымызбен танылу барлық уақытта есте болғаны жөн.

Біздің батыстан басты айырмашылығымыз да, басты артықшылығымыз да –  адамгершілік  принциптеріне  негізделген  ұлттық  дәстүрлеріміздің, ұлттық мәдениетіміздің, ұлттық рухымыздың сақталуында. Алматының апорты Жетісуда ғана жақсы өсіп, мол өнім бере ала-тындығы анық болса қазақтың әр баласы да қазақша сөйлеп, ұлттық дәстүрлермен өмір сүрсе, ол әрбір қазақтың бойында тұқым қуалаушылық  бойынша  қалыптасқан  негізде  физиологиялық,  рухани  дамудың шырқау шыңына шыға алады. Ұлттың даму болашағы да сол сияқты. Демек, ұлттық орта – қоғамдық дамудың құнарлы топырағы.

Ұлттың басты белгісі – ұлттық руханияттың, ұлттың сана-сезімінің болуы.  Ал  ұлттық  руханияттың  өмірдегі  көрінісі  –  әдет-ғұрыптар, салт-жоралар.  Әдет-ғұрыптар,  салт-жоралар  –  ұлттық  руханияттың өмір сүру формасы да, тұрмыс-салт жырлары – оның ұлттық мазмұны. Екеуі бір-бірімен тығыз байланысты; бірінсіз-бірі жоқ. Халықтың ұлттық болмысы, ерекшеліктері, арман-аңсары тұрмыс-салт жырларында өнер тілімен шынайы өрнектеліп, рухани өмірдің өзегін құрайды.

Сонымен,  ұлт  дегеніміз  –  тіл,  сол  тілмен  өрнектелген  адамдар арасындағы  әлеуметтік  қарым-қатынастардың  дамуы  барысында  заманалар  бойы  қалыптасқан  әдет-ғұрыптардың,  салт-жоралардың, бір  сөзбен  айтқанда,  ата  дәстүрдің  негізіндегі  ұлттық  болмыс.  Ұлттық болмысты ұлттық сана-сезім құрайды. Ұлттық сана-сезімі, рухы жетілмеген, немесе әлсіреген халықтың болашағы күңгірт. Сондықтан да ұлттық сана-сезімі, ұлттық рухы жоғары ұрпақты ата-баба жолымен  тәрбиелеу,  сол  үшін  ұлттық  дәстүрлерді  жаңашылдықпен  жалғастыра  түсу  –  қай  заманда  болмасын,  аса  маңызды  мәселе,  ұлттық дамудың бірден-бір шарты.

Тілін,  ата  салтын  білмеген  ұлтының  қадір-қасиетін  білмей,  өгей ұлдай күй кешеді. Туған тілінен, халқының жақсы дәстүрлерінен ада адам ұлтын сүйе алмайды; халқына адал қызмет ете алмайды. Онда туған жерді сүю, отаншылдық сезімдері жоқ; халқының басына қиын жағдай  туғанда,  Отанды  қорғаудың  орнына  бас  қамының  жағдайын жасап, жайына кетеді. Ал халыққа ұлттық намысты, туған жерді қасық  қаны  қалғанша  қорғауға  дайын  ұлтшыл  патриоттар  керек…

Ал ұлтын,  Отанын  сүйетін  азаматтар  ұлттық  топырақта  ана  тілінде  жасалынған ұлттық руханияттан уызында жарып, халықтық дәстүрлер негізінде тәрбиеленгенде ғана шығады. Ұлттық рухтың қайнап жатқан қара қазаны – ұлттық дәстүрлер де, оның қайнар көздерінің бірі – тұрмыс-салт жырлары.

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,  филология ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу: