Ата-бабамыз қыз баласының тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. От басында ерке өскен бойжеткенді бәлиғат жасқа толып, оң солын таныған шағында ата-анасы дәстүр бойынша оң босағаға отырғызып, ересек санаған. Ондағы мақсат: өсімтал ұрпаққа ұлттық тәлім тәрбиені бойына сіңіріп, тәрбие беру.
Әжесі бауырына басып, еркелетіп өсірген немересінің шашын өріп, шашбау тағады. Шашбауды негізінен жас қыздардың шашына бауымен қоса өріп тағатын болған.Халық тәжірибесінде қазақ, шашбау таққан қыздардың басы ауырмайды, шашы ұзын әрі сұлу, берік болып өседі, ерте түспейді деп жорамалдаған. Шашбау таққан қыздар мезгілсіз жүріп, ерсі қылықтар жасамаған. Өйткені күміс сыңғыры «айтып» қояды деп саналған. Әр нәрсеге мән бере қараған ойлы халқымыз шаштың көркі шаш бау, шаштеңге, шолпы деп есептеген. Сол себепті әрбір өсімтал қызды жаман әдеттен аулақ болып, инабаттылық пен сыпайылыққа баулыған. Қос бұрымы төгілте өрілген кәмелетке толған қызын оң босағаға отырғызу әр отбасының парызы болып есептелген.
- Қыздың ата-анасы үйінің он босағасынан орын беріп өзіне тиесілі киім-кешек, көрпе жастығы мен жатын орнына шымылдық құрып көлегейлеп, бөлектеп тәрбиелеген. Бұл «қызды оң босағаға отырғызу» деп аталған. Ал оны бүркеп, көлегейлеп тұрған үлкен перде «шымылдық», ал шымылдық ішіндегі қыздың орны «көсеге» делінген. Қыз бойжетіп ұзатылғанда, көсегесін жасауымен бірге алып кетеді. Халықтық бата-тілектерде айтылатын «көсегең көгерсін» деген сөз осыдан шыққаны анық.
Қыз әуелде ана бауырында отбасы тәрбиесінде болады. Оған ұлдан өзгеше тәрбие берген. Киімі де, ойнайтын ойыны да, сөйлеген сөзі де одан өзгеше болады. Қыз бала қуыршақ ойнай жүріп, ине-жіппен кесте тігу, шілтер тоқуға үйір болады және дастарқан жаю сияқты жеңіл-желпі жұмыстарға араласып, үй шаруасына қажетті дағдылары мен икемділігін арттыра береді. Дегенмен халықтық тәрбиеде қызды еш уақытта кешке дейін шарауға салып қоймаған.
-
Байырғы қазақ қоғамында қыз бала бір ғана шаңырақтың қызы ғана емес, туыстығы өте жақын бірнеше әулеттің, ауылдың қызы болып өседі. Осыған байланысты қыз тәрбиесі бір ғана шаңырақ тәрбиесі шеңберінде емес, әулеттің, ауылдың тәрбиесін көріп өседі. Ұлға қарағанда қызды аялап, мәпелеп ұстайды. Өсе келе бойжеткен өзіне жақын тартқан қадірлі жеңгесімен сырласта болып кетеді. Сырлас болған жеңгесі қызды құрметтей отырып, әдеп жолдарын үйретеді. Отбасы мүшелері бойжеткенге қонақ деп қарап, оны жарасты киіндіріп күйеуге ұзатылғанша төрге отырғызып орын берген. Ауыл арасындағы той-жиынға бара қалса, жеңгелері бойжеткенді көзден таса қылмаған.
-
Қыз баланың белін жеті жасқа келгенде белбеумен буып қойған. Ал он екіге жеткенде аналары қызының төсегіне жауырын тұсының астынан арқан керіп, соған ұйықтатқан. Қазақ қыздарының бұраң бел, аршын төс, сымбатты болып өсуінің сыры осында.
Халқымыз қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. «Қызға қырық үйден тыйым, одан қалса қара құлдан тыйым» деген сөз содан қалған. «Шешесіне қарап қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген де бар. Ибалы, инабатты қыздарды «жүзінен иманы төгіліп тұр екен» деп ерекше бағалаған. Қыз баласы ер адамдар отырған үйге бей берекет кірмей, үлкеннің алдын кесіп өтпеген. Тіпті бөтен ер адамның жүзіне тіке қарамаған. Міне, осылай қыз баласын жат-жұртқа тастай батып, судай сіңу үшін оң босағаға отырғызғаннан-ақ тәрбиелеген. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дей отырып, үлкен кісілерді, ата-енені сыйлау, қонақ күту, ас қамдау, бала тәрбиелеу, ағайын-туыстың көңілін табу сынды қыруар міндетті қызының құлағына құйып отырған.
- Бұл дәстүрдің ғылыми тұрғыдан негізі бар. Ол қыздардың дербес өмір сүру қабілетін шыңдайды. Болашақ отауды қалай ұстап, қалай басқаруды, шаруашылық істерін қалай реттеп, жөнге салуды үйретеді. Еңбекшілдікке, іскерлікке тәрбиелеп, болашақ ана, отау иесі болуға бейімдейді. Сондай-ақ болашақ отбасы мен ұрпағы адындағы жауапкершілік сезімін арттырады.
Г. Жақанқызы, «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығының қызыметкері.