А. Мамин: 2025 жылға дейін ҚР АӨК-не 4 трлн теңгеден астам инвестиция тарту көзделген

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында АӨК дамытудың және инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі бағыттары қаралды, деп хабарлайды dasturkb.kz ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

АӨК дамытудың жаңа тәсілдері туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, өңірлерде ауыл шаруашылығын дамыту туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов баяндады.

«АӨК дамыту, оның ішінде ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыру – Үкіметтің стратегиялық міндеті. БҰҰ жанындағы Азық-түлік ұйымының болжамы бойынша, еліміздің әлемдік азық-түлік хабтарының біріне айналуға нақты мүмкіндігі бар», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында ауыл шаруашылығы өнімдерін (ет, сүт, астық, майлы дақылдар, жемістер, көкөністер мен қант) өндіру және қайта өңдеу, субсидиялау жүйесін реформалау, ауылда кооперацияны ынталандыру, сондай-ақ ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтер мен аграрлық ғылымды одан әрі дамыту бойынша 7 ірі экожүйені құру жөнінде міндеттер қойылғанын атап өтті.

Аталған шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай АӨК-те еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру және өнім экспортын екі есе ұлғайту жоспарланып отыр, оның 70%-ы қайта өңделуі тиіс. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1,3 есеге артады. Бұл ретте 2023 жылға қарай ішкі нарықты негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша отандық өніммен 100% толықтыру қамтамасыз етіледі.

«Әкімдер азық-түліктің негізгі түрлеріне бағаны тұрақтандыруға бақылауды күшейтіп, өңірлерде тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тәсілдерін қайта қарауы, азық-түлікті форвардтық сатып алу тетіктерін неғұрлым кеңінен пайдалануға назар аударуы қажет. Мәселен, мұндай жұмыстар Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қызылорда облыстарында жақсы жолға қойылған. Бұл өңірлерде бағалардың ең төменгі өсуі байқалады. Біздің негізгі мақсатымыз – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жалпы агроөнеркәсіптік кешеннің даму әлеуеті өте жоғары», — деді А. Мамин.

Алға қойылған ауқымды міндеттерді іске асыру үшін кезең-кезеңімен жалпы сомасы 4 трлн теңгеден асатын 400-ге жуық инвестициялық жобаны (жыл сайын 70-80 жоба) іске асыру жоспарланып отыр, бұл АӨК салаларындағы еңбек өнімділігін арттыруға және ауылда 500 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп аграрлық ғылым мен білімді дамыту бағдарламасын әзірлеу, аграрлық ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру, сондай-ақ АӨК субъектілерін білім беру жүйесімен қамту бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Бөлісу: