(эссе орнына)                                       

«Ди-да-ди-да-ди-ра-раааа,

Ди-да-ди-да-ди- ра-раааа,

Ди-да-ди-да- ди-рааа-ра-ра,

Ди-да-ри-ра-раааа».

Шәмшінің «Сыган серенадасы» – ғарыштан жеткен әуен ыспатты;                                тіл қатуы мұң бойыңды алады. Орысшаласақ «Божественная музыка». Шопенгауер музыка құдіретін «мылқау жанның дүғасы» деп айқындапты.

***

…Баяғы жаһандық соғыста Власов әскері құрамында аржаққа өтіп кетіп, бір тобын Италия жерінде қайта жасақтап, КСРО-ға қарсы  салатын мезет үш қазақ қашпақ болады. Уағдаласқан тұсқа екі серігі келе алмай – Тұйғынбек күте-күте сарсылып, әрмен қарай жалғыз тартады. Қаншама күн бейтаныс өңірдің тау-тасы, орман-суын жалдап – әл-дәрмені құрыған шақ малшыға кезігеді. Ол үркектеп  үйіне қондырмаса да шөмеле астын меңзеп,алдына дәмін қояды. Ыммен түсінісіп, әсте-әсте жылы қатнас орнайды, малшы ну тоғайдағы жергілікті  партизандарға жолықтырады; кейінше таяудағы шағын қалашық Торчентоға қатынай жүріп, өзінен екі жас кіші – он жетідегі қыз Мартамен танысып, олар алғашқы ыстық махаббат сезімін бастан кешеді… «Құйрығын сүйретіп» «қырық бесінші жыл» жетіп-соғыс бітеді,ел тынышталады. Қайсыбірде қыздың ата-анасы, үй-іші жиылып: «Тони?Сен еліңді сағынып,түні бойына аһылап-уһілейсің. Ата-анаңның көз жасы көл шығар,барып қуант; өлдіге санап та қоюы ықтимал. Аман болсаң келерсің?!» дейді.

Мәскеуде Тұйғынбек Жапатұлын тырп еткізбей жылға жуық тексерген.Шынын жасырғасын ба (әлде басқа), әйтеуір аты-жөнін еш құжаттан ұшыратпай амалсыздан елге қайтарады. Түркістаннан пойыздан түсіп,кәрі Қаратаудың бауырайы- Шоқтастағы үйлеріне келеді.Хабар-ошарсыз  баласын көргендегі ата- ананың  қуанышын елестете беріңіз. Әңгімесіне қаныққан  әкесі: «Италия-Питалияны айтпа, тұтқында болғаның білінсе сотталасың!» деп  Үрсұлу атты ай мен күндей сұлу қызға үйлендіреді. Сол уақта әкесі қырғыннан аман келген  талай қазақ немересінің атын Аман  қойғаны белгілі, Жапат та  сүйткен.                                                                                                             Аман екіге толғанда Тұйғынбек Сырдарияға тақау Шошқакөл жағасынан қамыс орған қалқозшыға басшы еді. Қай күні тапа-талтүсте, салт аттағы, жүрісі сезікті біреу қисиып келіп, бұны алыстан көзінің астымен барлап, жұмыскерден әлдене сұрап тұрады. «Мені ұстауға келмесін? Мәскеудің бұйрығы ма? Әлде ауылдағы әнеу- апаммен ұрсып қалған бұзық әйел жеткізді?»   деп  апшысы қуырылады. Түнде ел жата  шайла есігін тықылдатады. Қараса сол адам. «Киін,Жүр». Еріп жүре береді.

Жаман хабардан әке-шешесі мен жанары жасқа толы Үрсұлу Аманын көтеріп, Түркістандағы абақтыға күнара келіпті. Жарына: «Жиырма бес жылға сотталып барамын.Мен үшін жас өміріңді қор етпе,баланы қалдыр,өзіңе ұлықсат» дейді.

***

Айға жуық салдыраған пойыздың көне вагонында жапан Сібірден өтіп, әрмен қарай көк теңізбен жүзіп, жердің түбі – Верхоянск аймағы – Колымадан бір-ақ шығады.Соғыс шыңдаған тарамыс жігіт жол машақатына мойымаса да,  жанын мұрнының ұшына  әкелген тосын азап оны өсжерде күтіп тұр еді. Жалғыз мұсылманның баласын ұйысқан топ жабыла соққыға жығып-тамағын тартып жеп, тәуір  киімін сыпырып алып – бас-аяғы жарты айда құр сүлдері қалады. «Ойпырмай, өстіп те адам  өледі екен-ау?!» деп торығады. Италия-Марта, Түркістан – әке-шеше, Аманы елестейді; Үрсұлуды «байға тиіп кетер» деп тұжырады.Жаны ашыған кейбіреудің  қалған-құтқанын талғажау етіп: «Шыдаймын! Шыдаймын! Е Алла, күш-қайрат бере гөр?»деп  сиынады.

Саяси тұтқындардан әудемжерде ұры-қары, рецедевист-ауыр  қылмыскерлердің қос барағы көрінетін. Асханалары ортақ. Олар тамақтанып саппен кетіп бара жатқанда, бұлар келе жатады.Қайсыбірде кілең сарбастың арасынан жалғыз «қараны» көзі шалады. Тас лақтырымнан тап басып айыру қиын,бірақ зайыр- қазақ, қырғыз,өзбек, түрікпен, әзербайжанның біріне ұқсатады. Күн сайын ертеңгі таңның атуын  асыға күтеді,алайда  жолығудың орайын тапсашы?! Ақыры  қарасы көріне: «Елім-ай? Елім-ай?» деп аңырап қоя береді. Желкесінен түйіп жіберсе де іркілмейді. Ертеңіне тағы солай.Сол түні біреу түртеді, оянса, қарауытып үшеу төніп тұр дейді. Талай құқайды бастан кешкен жігіт саспаған;әлігінің ортасынан баяғы «қараны» танып,жүрегі атқақтап соғады. «Ты пел Елимай?». «Я». «Идем с нами?». Сонда абақты күзетшілері түк көрмегенсіп,қабырғаға жабысып, теріс қарап тұрыпты.Үшеу мұны асханаға апарып тойдырады. Өнебойы инемен салған сурет- әлігі «қара» әлденуақ  қазақшалап: «Мен де қазақпын» демей ме?! Манадан жалтақ қаққан Тұйғынбек: «Қазақ?!Қазақ екен? Бауырым?Бауырым?» деп  құшақтай алып,еңкілдей толғасын кеп. Көзінде шүпірлеген жас; сәлден кейін  «Қай жерденсің?»деп сұрайды. «Түркістаннан». «Түркістаннан? Ойбай-ойбай?!Мүндай да болады екен?!» деп   тағы бассалады. Бір кесе шай ішіп: «Нел боласың?» дейді. «Саңғылмын». «Саңғыл?Ойбай-ай, шының ба?Шының ба?»деп  жабысады. Біраздасын: «Кімнің баласы боласың?» дейді. «Тоқтасынның». «Тоқтасынның? Тоқтасын көкемнің? Қоныс деген сен бе едің? Қой-қой, мүмкін емес?! Мұндай да болады екен?Құдай бар! Құдай бар!Біз- екі мұңлық?!Екі мұңлық?!» деп  алпамса жігітті ырғап, бірауық босатпайды. Қоныс «Оның не?» деп жмиып тұрыпты. (Туған ағаммен  Тұйғынбек соноу Колымада өстіп кездеседі.Саяси тұтқындар босайтын- 1956 жылға дейін оған зорлық- зомбылық көрсеткен топты «сындырып»,  Тұйғынбекке қызмет еткізіпті. Ағамыз үш жыл кейін келген.Т.Е.).

***

Хабар тиіп,Түркістанның вогзалында қарсы алған туыстары тура соғыстан оралғандағыша қуанады.Өзінен айнымайтын, тоғызға толған, қыр мұрынды, сұлу баласы Аманын отыз шақырымдағы Шоқтасқа жеткенше құшағынан босатпайды. Жары Үрсұлуды үш жылдасын шешесі әкетіп, байға беріп жібергенін ауылда естиді. Ел аз-маз тойынып, мамырайхан заман еніпті; қызықшылық көбейіпті,бірлі-жарым ішкілік араласыпты. Соңыра меймандықта қызып қалып: «Үрсұлуды қайтып аламын!» деп салғанын естіген әкесі қалыңдық іздейді.Жайсыз хабар жақын Кентаудағы  Үрсұлудың отбасына жетіп,олар таудан асып, теріскейге көшіп кетеді. Он алтыға жаңа толып, құлпырып өсіп келе жатқан  қыз- Сайлаукүлді Жапат жарықтық келін етіп түсіреді.

…Содан Тұйғынбек отыз жылдан аса Кентаудағы бір ғана мекеме-госстрахта-абыройлы еңбек етіп – Сайлаукүл екеуі он бала-төрт ұл,алты қыз көріп – зейнеткерлікке шығып, қаланың №67 ауданы тұрғындарының абыройлы қариясы-биі болып,ағайынға көшбасшы  болып…

***

Құрметті оқырман, 1992 жылдың маусым айының 5 жұлдызында шыққан  қалалық «Кентау» газетіндегі  «Фиоренчита Тони Жапатова» деген  шап-шағын орысша жазылған мақала соңындағы хатты  оқыңыз:

        «Аяулы Тони!
         Сенен хат алғанда қуаныштан есімнен айырыла жаздадым.Осынша жылдар неге тіл қатпадың?Неге?Неге?
         Орысшаны білмегесін хатыңды оқи алмай көкірегіме басып,көшеге атқып шығып,сені көрген, естіген көзі тірі таныстарыма қарай жүгірейін. Барлығының үйіне кірдім,маған сен,олар да  шаттанып,айрықша таңданыста құшақтап,қосыла көзіне жас алды.
         Мадоннадағы біздің үй мен шіркеу 1976 жылы жер сілкінгенде  қираған.Қазір барлығы басқаша.Соғыстан кейін мен Венесуэлада он бір жыл, Туринде он бес жыл тұрдым. 1977 жылы ғана Торчентоға  оралдым. Қазір күйеуміз екеуміз салған үйде тұрып жатырмыз. Мен де зейнеткермін. Сіңлім,інілерім Делио, Пиетро,Диего да аман-есен. Олардың саған деген ыстық сәлемін қабыл ал.Бәрі сен жайлы көп білуге өте-мөте құмартады. Джованна Австралияда. Сау-саламат. Сенің хабарыңды жеткізуге асығамын.Өңге жаңалықтарды келесі хатымда жазамын.Тони, сен өмірбойына жадымда болдың. Мына хатыңда не жазылғанын білуге университететегі орыс тілінен аудармашы  студент танысыма қазір   апара жатырмын.
         Қайталаймын,ыстық сезім бойымды алады,сенің жүзің елестейді.
         Тони, баяғы достарымызбен түскен сурет  сенде сақталды ма?
         Қатты-қатты құшақтап сүйемін! 
                                                                             Марта».   

…Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылы өстіп Кентауға Италиядан хат қардай жауған.Тұйғынбек Торчентоға,Торченто Кентауға жиналған. Төкең зейнеткерлікке шығарда мекеме сыйлаған жеңіл көлігін сатып,жол қамына кіріскен.

Аса құрметті оқушым,өмір –жазушының көркем шығармасы емес, көбіне жақсылық пен өкініш кезектесіп ұрады: ойда-жоқта нендей көрегеннің көзі жетпеген оқиға килігіп-алып империя КСРО тарқап,біздің жақ абдырап қалады.Оған өркениетті ел италиялықтар алаңдамай дереу жолға шығады,алайда Мәскеу бермен өткізбей, жігері құм болып,оншақты күнесін қайтып кетеді.

Арада біраз өткенде Тұйғынбекпен жолығып,сұхбат алуға Мәскеуден үш адам келіпті. Біреуі  белгілі тележүргізуші Наталья Стриженова екен…

***

…Тұйғынбек Жапатұлы 1995 жылы кенеттен  қайтыс болды. Жарықтық –  жаз айлары тек қана ақ көстем-шалбар,ақ кепкі,ақ топли киетін, қалтасынан суырғанда алтындай жарқырайтын портсигарынан әрдайым «Казбек» попиросын шығарып тартатын, езуінде күлкі, артық еті жоқ,пышақтай қыр мұрынды, бойы ортадан биік, әлем аралатып тамашалатуға лайық сұлу қазақ еді…Ол сүйген,оған ғашық болып тиген әйелдері де бүгінде марқұм.

***

Тіліміздің ұшында тұрған маңызды  жәйтті айту міндет: Төкең ілгері оқта-текте Үрсұлудан туған баласы Аманға ғана жайлап: «Италияда сенің апаң,әпкең бар» дейді екен. Қалалық газеттегі мақала тек  қана  оның Мартамен қалай танысқаны,махаббаты жайында; бір қызы барлығы  айтылады. (Оны жазған тілші қыз өтпелі кезең Израйлге қоныс аударыпты.Біз кейіпкердің туған-туысы, балалары, туған қарындасы,таныстарынан тіртінектеп жиған және өзімізге аян деректерге сүйеніп жазамыз.Т.Е.). Қызы жайлы Марта ауыз ашпағанымен хаттың өнебойынан айрықша  сезім лаулап, бой баурайды;  көп балалы отбасына зияным тимесін деп ескертпеуі  мүмкін ғой…

Төкеңнің Италияда бастан кешкен өміріне- махаббат хикаясы,партизандық күресі жайлы Алла Тағаланың шарапатымен Торчентоға жол түссе, иә   Мәскеу мәліметі  (иә бейнетаспа)  табылса, әжептеуір қанығар едік.  Ерінің шабадан толы қағаз-хаттарын да ол қайтыс болғаннан кейін жары Сайлаукүл бишара  өртеп жіберіпті.   Әттең-әттең?!…

Әзірге осы.

Айтпақшы…

Қазір- екі мың он тоғызыншы жылдың қазан айы-жаның жаннатта болғыр Тұйғынбек Жапатұлының бүгінде жетпістен асқан зейнеткер ұлы Аманға орайы келгенде бір  сұрақ қойып едім…

Ол кез Аман оқу тауысқан. Үйленген. Құрылыста мастер. Кентауда бес қабатты үйде тұрады. Қайсыбірде  егде тарқан бейтаныс әйел жұмыс басы бұған жалтақтап қарап,ары-бері өте беріпті. Үйі маңынан да екі-үш мәрте кездестіреді. Ұзамай апта соңында пәтердің қоңырауын басып, екі әйел кіреді.Біреуі әнеукүнгі әйел. Аң-таң келіншегі дастарқанын жайып жатып, бұған қарап қояды. Шайдан ұрттай бере төрдегі әйел: «Әй, Аман шырағым?» дегенде қасындағы баяғы әйел қорс етіп жылап жібереді. «Аман шырағым? Бұлар кім деп отырған шығарсың, мына кісі сенің туған шешең – Үрсұлу болады».

Кемпір-шалдың қолында өскені бар, құрылыста «Жоспар! Жоспар!» деген айқай-шу көп заман – жұмыстан болдырыңқырап келген жігіт атылып барып анасын құшақтай алды десек өтірік болады (өзін туған әжесі емес басқа адам – анасы барын ол бұрынырақ естіген-тін), жаутаңдап тымырайып қалады…

Үрсұлудың үйі таяуда Кентауға қайта көшіп келіпті, тұрмыста екі қызы бар екен…

Содан кейін Аман туыстарын, анасы Үрсұлуды қыздарымен  үйіне шақырады, содан былай араласып кетеді.

***

…Әр адамның тағдыры  әртүрлі мағына-маңыздағы сиқыр музыка.

ЕСҚАРА   ТОҚТАСЫНҰЛЫ

Бөлісу: