Ералы Тоғжанов Жер реформасы жөніндегі комиссияның нақты міндетін атады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Жер реформасы жөніндегі комиссияның нақты міндетін атады, деп хабарлайды Дәстүр ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

  «Бүгінгі кеңесіміздің ұлтымыз үшін қасиетті күндерімен тұспа-тұс келуде де тегін емес деп ойлаймыз. Халқымыз үшін жер — кәсіптің көзі. Сондықтан да ол ерекше бағалы ұғым. «Жер – ырыстың кіндігі, еңбек – ырыстың қазығы, бірлік – ырыстың тізгіні» деп бабаларымыз тегін айтпаған. Осында айтылған ойдың бұл да бір бүгін нақты дәлелі деп айтуға толықтай негіз бар», – деді комиссияның бірінші отырысын ашқан ҚР Премьер-Министрдің орынбасары.

Сонымен қатар ол 2016 жылы ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жекеменшікке, шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жалға беруге мораторий енгізілгенін атап өтті.

«25 ақпандта өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толықтай тыйым салу туралы саяси шешімін жариялады. Бұл бойынша заң жобасы 12 наурызда Парламентке енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жер заңнамаларын жетілдіру мақсатында Премьер-Министрдің өкімімен жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды», – деді ол.

Үкімет басшысының айтуынша, комиссия құрамына ауыл шаруашылығы саласындағы қауымдастықтар мен бірлестіктердің өкілдері, агробизнестегі беделді азаматтар, сонымен қатар ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, «Атамекен» ҰКП өкілдері, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, журналистер еніп отыр. Комиссия 80 адамнан тұрады. Оның 60 пайызы азаматтық оғам өкілдері және тәуелсіз сарапшылар.

«Комиссияның алдында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қатынастары саласын дамыту мәселесі бойынша ұсынымды әзірлеу міндеті тұр. Сондықтан ел басшылығы, бүкіл еліміз, әсіресе кәсібі жермен тікелей байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер күтіп отырғанын ескеріп, ақылдасып, нақты шешім қабылдайтындығымызға күмін жоқ», – деді Ералы Тоғжанов.

 

Бөлісу: