Қош, қайран Қабдеш аға! Қазақ бүгін Қабдешінен айырылып қалды. Қатепті қаранардай кешегі Күдері бидің немересі, қазақтың классик жазушысы Қабдеш Жұмаділов ағамыз арамыздан кетіп барады.

Бірге жүрген күндер, сапарлар есіме түсіп отыр. Аға-іні болып риясыз сыйласып едік. Ол кісі ағалық жолдан, мен інілік ізеттен ауытқыған кезіміз болған жоқ. Мұстафа Шоқайдың Өскемендегі соты тұсында айқай салып, мені қолдап еді. Ағамыздың мен оқымаған дүниесі кем. «Тағдырдағы» Дәмежанның тағдырына ағыл-тегіл жылаған едім. «Көкейкестідегі» Жәнібек көп жылдар есімнен шықпай қойған. Қайсыбірін айтайын. «Абылайдың ақырғы батыры» шыққан тұста Шымкентке арнайы екеуміз ғана екі аптаға барып демалған едік.

«Қасымжан-ау, поездбен ары-бері өткенім болмаса, сенің Шымкентіңе жолым түспепті» – деген. Мен қалайша деп таңқалғам. Содан жан досым, марқұм Әлішер Толыбаевқа хабарластым. «Шанышқылы Бердіқожа батырды жазған Қабекемді ертіп барам, өзің арнайы бағдарлама жасап, күтіп ал»- деп.

Қабекеңе айттым: «Аға, Бердіқожа батырдың ұрпақтарына, қалың Шанышқылының ортасына алып барам, жүріңіз»- деп. Келіскен уақытта ұшақпен ұшып барып, керемет күндеріміз бірге өткен еді. Оның бәрі бүгін естелік қана болып қалды. Бұл амандық болса алдағы күндері жазылар дүниелер ғой. Әлішер досымның артынан бүгін Қабекем де кетіп бара жатыр.

2016 жылы М. Әуезов театрында өткен ұлы жазушының 80 жылдық мерейтойына арнап жазған мынау толғауымды оқыңыздар. Осы өлеңіме өзі қатты риза болып құшақтап алғысын айтқан еді.
Осы сәуірдің 24 жұлдызында Қабекем 85 жасқа толатын еді. Күн санап жүргем. Жеткізбеді. Біз ағамыз екеуіміз ол бақытты күнге жете алмадық..
Жаныңыз жәннатта болсын, жан Аға!

Көкжал

Көрінген көз ұшында Тарбағатай,
Шіркіннің сол қанаты-ай, оң қанаты-ай!
Бойында шекараның шер төгісіп,
Түсіндім тағдырыңды енді, ағатай?
Кеңшілік Мырзабеков

Жағалай қонған қаз-үйрек,
Күдері бидің ежелгі ата қонысы – қайран да, қайран Ақирек,
Сібітінің даласын,
Үрімжінің қаласын,
Абдыраның аңғарын,
Құлжаның ақ таңдарын.
Малдыбайдың бұлағындағы моланың
Қайсыбірін айтайын, көкірегі тола мұң.

Сағым көшкен жосылып,
Қайтқан қазбен қосылып,
Елге қарай тағы ұшқан,
Қағысқанмен қағысқан,
Достарымен мәңгілікке табысқан.
Талай ерді тірілткен,
бастарынан бағы ұшқан,
Сегіз белден асып кеп
Ортамызда міне, отыр Қабдеш ағам-данышпан.

Құлын-тайы тебісіп, қоралы қой айдаған,
Барқытбел мен Барлықтың екі ортасын жайлаған.
Құлыстайдай атамекен өлкенің,
Тортуылдың перзентінің тарихын
сыр ғып бүгін шертемін,
Қазақтардың қатал, қиын тағдыры
Қаршадайдан дерт боп сіңіп, өртедің.

Соңғы көштің тартқанда елге қарай бұйдасын,
Қалдырған ол амалсыз, сыйласы мен қимасын.
Сезді ме екен сол сәтте
қиялының Қазақстанға сыймасын!

Армансыз таңы атпаған,
Ұрпақтарға сақтаған.
Кейіпкері қаптаған,
бірі батыр, ал бірі
Бақытсыз бір сормаңдай.
Жан-жүрегі шер-шеменге толғандай,
Ойлары оның ормандай.
Кітаптарын оқысаң
Көкірекке тоқысаң,
есіңе қайта салғандай
Қара Ертістің ағысын,
Бөрте аттың шабысын.
Тарбағатайдың тағысын
Шымырлатып өн-бойды
шерпе күйді кешегі
Уәли Бекен қағысын,
Туған екен Қабекем қазағымның бағы үшін!

Қалай, немен толтырар қуғын-сүргін есесін,
Түсінде әлі көреді Шәуешектің көшесін.

Қанша таңды қарсы алды түні бойы көз ілмей,
Қара қылды қақ жарған Күдері бидің көзіндей,
Сөз бар ма екен жалғанда Қабекеңнің сөзіндей,
Қайсарлығы кешегі Қажығұмардың өзіндей.

Іштен оқып туғандай түгел сөздің түбірін,
Жапырақтардың сыбыры мен күбірін.
Пәтерінде аңсаған Сәйгүліктердің аламандарда шапқан дүбірін.
Дараланған Дарабозым дарынды
Әдебиетке ап келді ұмытылған
ежелгі ескі сарынды,
Алаулаған жалынды.

Қиялында баяғы қашып өткен құз жатқан,
Ар жақтағы қайран ел сай-сүйегін сыздатқан.
Жазуменен басатын сағыныш пен күйігін,
Ойлай-ойлай жүреді ол Берікқара биігін.

Шығармасы жанардағы ыстық жасты іркіген,
Саналарды сілкіген.

Аталары мыңды айдаған мыңғыртып,
Шындықты айтқан шыңғыртып.

Оза шапқан жүйрікке ғайбат сөздер таңылмақ,
Ұлы билердің көкірегінде дамылдап,
Көрігінде шыңдалған
Аман өткен Қабекем морт кететін сындардан
Қайта өмірге әкелген ұлы дала бытырларын, хандарын,
Екі келмес жалғанға, аман жүргей Алатаудай заңғарым.

Қош, қайран Қабдеш аға!

Бөлісу: