Жаһандану дендеген қазіргі таңда ұлттық құндылықтарға айрықша басымдықтар берілуде. Ұлттың ұлт болып сақталуы да ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің қаншалықты сақталуына байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық еңбегінде: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деуі де сондықтан.
Осы тұрғыдан көрнекті этнограф Жағда Бабалықұлының 100 жылдығына арнап «Дәстүр» баспасы шығарып отырған «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдық уақыт сұранысына жауап беретін энциклопедиялық деңгейдегі ауқымды еңбек. Ендеше бұл әлемдегі барша қазақтың тағдыр-талайынан, олардың қастерлі құндылықтарынан сыр шертер бірегей төрт томдық екендігін ауыз толтырып айтуға әбден болады. Сыр-сұхбатқа негізделген төрт томдықтың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зерттеуші, ақын Қасымхан Бегманов.
Кітаптың бірінші томында Мекемтас Мырзахметұлы, Уақап Қыдырханұлы, Өмірзақ Айтбайұлы, Құбығұл Жарықбаев, Сұлтан Сартаев, Сәбит Оразбай, Совет-Хан Ғаббасов, Әбсаттар Дербісәлі, Сатыбалды Нарымбетов, Шөптібай Байділдин, Ұлықпан Сыдықов, Оразалы Сәбден, Жарқын Шәкәрім, Ержан қажы Малғажыұлы, Сабыргүл Асанова, Дәнеш Ахметұлы, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Ғалия Қайдауылқызы, Күләш Меңғалиева, Шәкен Бөкетайұлы, Болат Бопайұлы сынды ғылым-білім, дін, мәдениет және өнер қайраткерлерімен болған толымды да, толайым сұхбаттар топтастырылған. Бұл сұхбаттарда қазақ энографиясы мен тарихы, оқу-білім, мәдениет және өнер, ұлттық қадір-қасиеттер мен тәлім-тәрбие, ар-намыс, дін, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғылар, ырымдар мен тыйымдар туралы кең көлемде әңгіме болып, нақты талдаулар жасалып, жан-жақты сараланады. Аттары аталған дара тұлғалар өз саласы бойынша жүйелі сөз, келелі әңгіме қозғап, жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктер жайында өз ойларын ортаға салады. Шешімін күткен көкейкесті мәселелер мен түйінді проблемалар туралы да сөз етіліп, оларды шешу жолдарына да тоқталып, дұрыс бағыт-бағдар сілтеді.
Екінші томға қазақ этнография ғылымына алғаш түрен салған ірі ғалым – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Гуманитарлық және Ұлттық Академияларының академигі, Қазақстан мен Қарақалпақстан Республикаларына еңбек сіңірген ғылым қайраткері Уахит Хамзаұлы Шәлекенов, қазақтың негізгі шығу тегін, басқа халықтармен қан құрамы, бас, тіл құрылыстары, алақан таңбалары және көз, шаш, тері түстері арқылы салыстырып зерттеп жүрген қазақтың тұңғыш антропологы, Қазақ Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Оразақ Смағұлов, халық фольклорын түбегейлі зерттеуді өзінің өмірлік мұратына айналдырған Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сейіт Қасқабасов, халық этнографиясының ірі өкілі Жағда Бабалықұлының мұраларын көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан тарихшы-ғалым Әлімғазы Дәулетханмен және сонау жылдардан бері салт-дәстүрді бүгінгі той-томалақтарда қалай дамытуымыз керек деген өзекті тақырыпты терең зерттеп-зерделеп жүрген ерлі-зайыпты қаламгер-журналистер – Марат Тоқашбаев және Раушан Каршаловамен жүргізілген сыр-сұхбаттар берілген.
Кітаптың үшінші томында қазақ этнографиясы, халқымыздың мұсылмандыққа дейінгі және одан кейінгі салт-дәстүрлері, қазақ шежіресі, әліпбиі және бүгінгі отбасылық мәселелер, дәстүрлі ас-тағам мәдениетіміз бен табиғи тағамдардың шипалық һәм дәрумендік қасиеті, көне түркі дәуірінің этномәдениеті, ұлттық мұражайдың тарихы, қалыптасу кезеңі және ондағы құндылықтар жөнінде, қазақтың зергерлік әрі ұсталық өнері, әшекей бұйымдардың қадір-қасиеті мен ер қаруы – бес қару туралы жан-жақты әңгіме қозғалып, салиқалы ойлар сарапқа салынып, салмақты пікірлер айтылады. Бұл тақырыптардағы сұрақтарға Серік Әжіғали, Жамбыл Артықбаев, Әлімхан Жүнісбек, Шайзада Тоқтабаева, Дандай Ысқақұлы, Қалиолла Ахметжан, Ахмет Тоқтабаев, Әбдеш Төлеубаев, Аманжол Қалыш, Бибизия Қалшабаева, Нұрсан Әлімбай, Мақсат Алпысбес, Досымбек Қатыран, Омар Жәлел, Нәпіл Базылхан, Өнерхан Сансызбай сынды атақты ғалымдар мен өз салаларының білгір мамандарымен сұхбаттасу арқылы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыздың ұстану жолы, күнделікті өмірімізге ену тарихы мен мән-маңызы және бүгінгі күнгі жай-жапсары туралы кеңінен толғап, оқырманның көңілін күпті еткен түйткілді сауалдарға толыққанды жауап берілген.
Төрт томдық кітаптың төртінші томына автордың Қарағанды, Маңғыстау, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Атырау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Моңғолия, Өзбекстан, Қарақалпақстан сапарлары негізінде жазылған жолжазбалары, көзбен көріп, көңілге түйгендері, музейлер мен архивтер туралы деректері, өңірлердегі өлкетанушылар, ғалымдар, тарихшылар, ақын-жазушылар, этнографтармен сұхбаттары енген. Сонымен қатар, еліміздегі емшілер, суретшілер, қолөнершілер одақтарының басшыларымен, ұлттық күрес, ұлттық туризм саласының мамандарымен, көп жылдардан бері бүркітшілікті дамытуға өз үлесін қосып келе жатқан «Қыран» Федерациясының директорымен жүргізілген сыр-сұхбаттар топтастырылған. Бұл еңбекте еліміздің барлық өңірлеріндегі этнографтар жергілікті салт-дәстүр ерекшеліктерін айшықтап, салт-дәстүрге қатысы бар одақтар мен ұйым басшылары, қолөнер шеберлері, яғни негізінен әр саланың өз мамандары сөз алып, ой-пікірлерін ашық білдірген. Осы төрт томдықтың тұсаукесері Алматыда Ұлттық кітапханада болып өтті. Рәсімге көрнекті тарихшылар мен әдебиетшілер, дін, мәдениет һәм өнер қайраткерлері, этнограф-ғалымдар, ақын-жазушылар мен журналистер және жалпы оқырман қауым қатысты. Ұлттық кітапхананың жүз адамға арналған залында ине шаншар жер болмады.
Жиынның модераторы – «Президент және Халық» газетінің бас редакторы, «Салт-дәстүр және әдет-ғұрып Академиясының» президенті, жазушы-жуналист Марат Тоқашбаев болды. Марат Тоқашбаев, қаламгер-журналистер: –»Дәстүр» журналының бас редакторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері соңғы жылдары «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» деп аталатын жобаны қолға алған болатын. Бұл аяқ астынан туған дүние емес. Қасымханың Мұстафа Шоқай туралы еңбектерін былай қойғанда, қазақтың көрнекті ұлы, этнографтарының бірі Жағда Бабалықұлымен «Этнографпен сұхбат» деп аталатын үлкен бестселлерге айналған кітабы жарық көргенін білесіздер. Ол бірнеше рет басылып шықты.
Алдарыңыздағы «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» деп аталатын жоба Қасымханның осы бағыттағы ұлтымыздың этнографиялық, рухани жағынан дамуын жан-жақты қамтыған, оның ішінде тарихы, мәдениеті мен әдебиеті де бар, үлкен зерттеуді алдына мақсат етіп қойған жобасы. Осы кітаптың таныстырылымына өздеріңіздей қазақтың зиялы қауымының басын қосып, сіздердің де кітап сөрелеріңізде тұратын рухани байлыққа айналсын деп бастарыңызды жинап отырмыз. Қасымхан бүгінде қазақтың мүйізі қарағайдай ақындарының бірі. Өзінің сүйсіне айналысатын ісі ол – этнография.
Бұл «Дәстүр» журналынан бастау алып, содан бірте-бірте ары қарай қанат жайып келе жатыр. Төрт томдық кітапты Қасымхан Жағда Бабалықұлының туғанына 100 жыл толуына арнап шығарып отыр. Қасымханның бұл кейінгі буынға арнап жасаған, өзінің ұлтына, үлкендеріне деген құрметінің белгісі. Қасымханның Жағда қариямен кездесуі тек Қасымханның өзіне емес, бүкіл қазақтың ғылым-біліміне, әсіресе қазақтың этнография ғылымына үлкен үлес қосқан айтулы қадам деп бағалауға болады. Кітапта ғылым-білімге, тарихқа, мәдениетке, ғылым-білімге, әсіресе ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрге, этнографияға қатысты айтылмаған дүние қалмады деп есептеймін. Шындығында бұл төрт томдық экциклопедия іспетті. Кітапты қолыңызға алып оқып бастағанда бұл сөзіме көздеріңіз жетеді. Төрт томдықтың ішінде Мекемтас Мырзахметұлы, Уахит Шәлекенов, Уахаб Қыдырханұлы,Өмірзақ Айтбайұлы, Құбығұл Жарықбаев сынды ағаларымыз отыр. Бас мүфти Ерлан қыажы Малғажыұлы, Болат Бопайұлы, Әлімғазы Дәулетхан, Жамбыл Артықбаев, Ахмет Тоқтабай, Нұрсан Әлімбай, Досымбек Қатыран секілді елге белгілі ұлттық этнография, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді зерттеуді өмірінің бір мұраты еткен зерттеушілердің, ғалымдардың ой-пікірлері жинақталып отыр. Кітаптан өте қызықты дүниелерді, тың деректерді кездестіруге болады. Мысалы «Қынаменде» деген дәстүр бар. Оны Абайдың өлеңінде келтірген. «Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл. Қыз таныстыр, қызыққа жұрт жанашыл. Қынаменде, жар-жар мен беташар бар, Өлеңсіз, солар қызық бола ма күн» дейді Абай. Сондағы «қынаменде» деп отырғаны не нәрсе? Осы сұрақтарға Мекемтас аға керемет жауап береді. «Қынаменде» деген – ұлы ер жеткен адам, баласына болашақ жар, өіне келін іздеп, ауыл-ауылды аралап, ұнаған отауға қамшысын алып тастап кетеді екен. Бұл таяу күнде жаушы, құдалық келеді дегенді білдірген екен. Бұл кітаптың ішіндегі мен үшін тағы бір қызықты жағдай: А. С. Пушкин мен Махамбет Өтемісұлының кездесуі. Қаншама әдеби кітап оқып жүріп, мен осы оқиғаны кездестірмедім. Бұл жайында Уақит Шәлекеновпен сұхбаттан оқуға болады. Оралға Е. Пугачевтың көтерілісі туралы кітап жазам деп Пушкин келгенде В. Даль «қырғыздардың ішінде Махамбет Өтемісұлы деген керемет ақын бар. Сонымен жолықтырайын»-деген екен.
Екеуінің кездесуін сипаттаған осындай сәттер бар екен. Қазақтардың осыдан бірнеше ғасыр бұрын құрғақ сүт пайдаланғанын біз қазір енді ғана біліп жатырмыз. Біз көрген құрғақ сүтті басқа халық ойлап тапқан деп жүрсек, біздің ата-бабаларымыз оны әлдеқашан пайдаланғаны көп нәрсені аңғартады. Дін ұғымға байланысты қаншама шатасып жүрген, біз білмейтін дүниелерді нақтылап түсіндіріп айтып берген. Жалпы өмірдің қай саласына байланысты болсын, құнды ақпараттың барлығы осы төрт томдықта жинақталған. Тарих ғылымдарының докторы, ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан, Қарақалпақстан республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер Уахит Хамзаұлы Шәлекенов ағамызға сөз береміз. Уахит Шәлекенов, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасы ҰҒА құрметті академигі, Гуманитарлық Академияның академигі, Қазақстан, Қарақалпақстан Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Соғыс және еңбек ардагері:
–Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, сүбегейлі шығармаларымен халқының құрметіне боөленген жазушы, «Дәстүр» ұлттық-этнография журналы мен баспасының ұйымдастыруымен және жетекші қазақ этнрологиясының шынайы жанашыры Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» деп аталатын кітабының тұсаукесеріне куә болып отырмыз. Сіздердің назарларыңызды аударып отырған құнды, күрделі еңбек «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде жарық көрген автордың қажырлы еңбектерінің бірі. Бұдан да бұрын оқырмандар арасында кең тараған шығармалары баршлық. Олардың кейбіреуін атап өтсем, «Бастау,», «Қарашық», «Бесіктен бейтке дейін», «»Сағыныш «, «»Менің Түркістаным», «Күреңбел», т.б көптеген еңбектерін жариялаған. Бегмановтың рухани мұралары оның үздіксіз қажырлы еңбек етіп, халқының құрметіне бөленіп келе жатқан еліміздің елеулі, халқымыздың қалаулы азаматы екені бәрімізге мәлім. Мұндай төрт томдықты жазып шығару оңай шаруа емес. Мұндай жемісті еңбек ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы еңбекті жазуда автор 96 саладағы мамандармен, ғалымдармен, ұстаздармен кездесіп, олармен сұхбаттасып, осы құнды еңбекті дүниеге әкелген. Олардың арасында гуманитарлық ғылымдардың ірі өкілдері, кандидаттар, докторлар, профессорлар, академиктер, жазушылар, т.б ғалымдар бар. Қазақ халының ғасырлар бойы құрастырған, кешенді дәстүрлі салт салалары әдет-ғұрыптары туралы құнды еңбектерді жинаған. «Көп түкірсе – көл» демекші, көпшілік бірігіп, бүгінгі күнгі салт-дәстүр мәселелерін көтере отырып, ата-бабаларымыздың дүниеге әкелген өте бай құндылықтарын қайтадан жаңғыртқан. Олардың арасында ұмытылып кеткен, ұмытылуға жақын дәстүрлер қайда жаңғырған. Төрт томдық еңбекке қатысқан зиялылар ата-бабалармыздың бізге қалдырған құндылықтарын қайта жаңғырта отырып, оның қажетті жағын өскелең ұрпақты тәрбиелеуге пайдалану –міндетіміз. Қасымханның еңбегі – рухни этнологялық құдылықты қайтадан жаңғырту туралы іске асып, бағасының өте жоғары. Бұл еңбекті келешекте мемлекеттік сыйлыққа ұсынсақ деген ой бар. Бұл тек бастамасы. Оың келешегі әлі алда. Сұлтан Сартаев, заң ғылымдарының докторы, профессор.
Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі: –Біз өмір бойы халықтың ең үлкен балықтарының бірі – дәстүрімізді ары қарай ұрпаққа жетізуге, соны гүлдендіруге, халыққа барынша уағыздауға бет бұруымыз керек деп ойлаймын. Олай болмайынша, дәстүр де, елдің жолы да алға қарай баспайды. Біздің халқымыз өмірден алған жеке ойларын дамытып, жаңғыртып келеді. Әсіресе ауыз әдебиетін зерттеп жүрген адамдар өте көп. Халық арасында небір тарихқа, мәдениетке, әдебиетке баланысты сөздер бар. Солардың бәрін жинау, сақтау біздің міндетіміз. Жастарымыздың санасына ұлттық құндылықтарды дарыту үшін біз тынбай еңбек етуіміз керек. Дәстүр деген үлкен ұғым. Бұл ұғымды түсіну үшін алдымен осындай еңбектерді оқиық, көңілге тоқиық. Сосын оны халыққа жеткізуді, түсіндіруді өзіміздің міндетіміз де түсінейік. Әрбір мемлекеттің тарихы өзінің дәстүрін алға итереді. Біз қазір өзіміздің тәуелсіз мемлекетімізді құрып отырмыз. Бұл деген, халықтың санасын ары қарай көтеру, жетілдіру деген сөз.
Мекемтас Мырзахметұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және Түрік еліне қызмет сыйлығының лауреты: –Дәстүр – халқымызды мықтап ұстайтын цементі іспетті. Дәстүрімізді дәріптеуді ешқашан тоқтатуға болмайды. Қасымхан бауырым осы істі қолға алдың, енді дәстүр туралы ұлттық энциклопедия жасайық. Сонда дәстүрімізді сақтай аламыз. Бір Абайдың еңбегінен қаншама біз білмейтін дәстүрге қатысты сөздер бар. Қытайлар бізді зерттей келгенде айтқан екен: «Қазақтарды жаулап алуға болады, бірақ оның дәстүрінен еш уақытта бас тартқыза алмайсың»-деп, Алайда кезіндегі кеңестік заман дәстүрімізден бізді алшақтатуға тырысты. Сол кезде адасып қалған менің замандастарым өзінің ұлттық санасына қайта оралды. Құдайға шүкір, халықтың 20-жылдарға қарай біздің халықтың үлесі 90 пайыз болады. Сол кезде мемлекеттік тіл де өз тұғырына келеді.
Сәбит Оразбай, Қазақ КСР халық артисі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері: –Адам баласының алдында бір сұрақ бар: Қайткенде адам адам болып қалады? -деген. Ал мына Қасымханның көтерген еңбегі: «Қайткенде қазақ қалады қазақ болып?»- деген маңызы жоғары сұрақ қойып отыр. Сол сұраққа жауап беріп отыр. Біздің театрда дәстүр қандай қойылымдар болмасын, «Қозы Көрпеш- Баян сұлудың», «Абайдың», «Махамбеттің» заманындағы киімдер қандай? Соның бәрін бір салаға салып алып кетіп бара жатқан жағдаймыз бар. Қазақтың пейілі қандай кең болса, дәстүрі де сондай сан салалы. Бұл кітаптар білген адамға баға жетпес үлкен қазына. Бұл – қандай сыйлық берсе де жарасатын зор еңбек.
Әбсаттар қажы Дербісәлі, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор: –Қасымхан Бегманов бауырымызды тек этнограф-ғалым емес, ақын, журналист, жазушы ретінде де жақсы білеміз. Қасымханның талай өлеңдеріне әндер жазылып, орындалып жүр. Бүгін мені таңғалдырып отырған Қасымханның жаңа бір қыры. Бұл – этнографияға байланысты жаңа бір дүние жазуып шығуы. Белгілі ғалымдарды, ақын-жазушыларды шақырып, төрт томдықтың тұсауын кескелі отыр. Бұл еңбекті жазу үшін әуелі көп уақыт керек. Қасымхан қарап жүрмей біздің ұлттық дәстүрімізді, мәдениетімізді, әдебиетімізді, тарихымызды насихаттау үшін «Дәстүр» деген журнал шығарып келе жатыр. Бұнда дәстүр мен дінге байланысты қакншама материал жариялап келеді. Біз қазақ халқы – мұсылманбыз. Араб та, түрік те емеспіз. Біз – өзінің дәстүрі бар, мәдениеті бар, тарихы, тілі бар халықпыз. Қасымхан жаңа кітабың құтты болсын! Еліміздің игілігіне жарасын!
Құбығұл Жарықбаев, педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор: –Ақындардың да ішінде ақын бар. Қасымхан бауырым өте талантты жігіт. Жағда Бабалықұлы туралы кітап та жариялау екі адамның бірінің қолынан келмес еді. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, ерінбей ізденіп, дәстүрге қатысты ақпарат жинады. Мұстафа Шоқайдың ізімен сонау Еуропағы аралап, ізімен жүріп, зерттеу жасағанын өз басым ерлікке балаймын. Қазақтың атын шығарып жүрген қазаққа мың да бір рахмет! «Ташкентпен қоштасу» деген поэмаңды көзге жас алмай, тебіренбей оқмау мүмкін емес. Жасыратыны жоқ,өз бағамызды ала алмай жүрген заманда, мына еңбек сол бағамызды асырады деп сенемін.
Сатыбалды Нарымбетов, кинорежиссер, жазушы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты: –Поэзия кеңістігінде өзінің орны бар Қасымханды бұрын ақын ретінде танысам, қазір дәстүрдің дәріптеушісі деп білемін. Бір кездері шетел асып, Шоқайды зерттеді. Қасымхан жаңа еңбектер жазған сайын бізді таңғалдырумен келеді. Мынандай еңбекті жазуы, әсіресе ақыннан, күтпеген құбылыс болды. Өзімен-өзі сырласып жүретін ақын кенеттен ұлттың ішіне үңіле бастады. Жағда Бабалықұлымен сұхбаты қандай! Бұл ертеңгі өсіп келе жатқан ұрпаққа қажет рухани азық. Шаң басып қалған «автопортретімізді» қайтадан алып, «проекторға» салып отырмыз. Сен халыққа үлкен дүние алып келдің! Құтты болсын!
Уақап Қыдырханұлы жазушы, публицист, Қазақстан Республикасы Еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ журналистикасының қайраткері: –Қасымханды ұлттық дәстүрге, ұлттық мұратқа әбден ие ғып жаратқан екен. Бұл Хақтың ақындықтан бөлек, жүрегіне құйған ең ұлы рахымы деп есептеймін. Жағданы қазақтың дипломсыз академигі, этнографы десе болады. Осындай қарттың қазынасы ішінде кетпесін, болашақ ұрпақтарға жетсін деп жазған еңбегі өлшеусіз. Бұл төрт томдық келешекте оқулыққа айналса деймін. Халқымыз ұлттық мұратынан, рухынан айырылмасын.
Совет-Хан Ғаббасов, жазушы-дәрігер, фантаст, драматург, Медицина жне Педагогика ғылымдврының докторы, профессор, Халықаралық Нострадамус атындағы академияның толық мүшесі – академик: –Адамда, әрбір ұлтта төрт құбыла бар. Бұл – жері, тілі, дәстүрі, діні. Осы төрт құбыланың төртеуі де бізде әлсіз. Халықтың өзінің психологиясы ауысып бара жатыр. Халықтың тәртібі мен тәрбиесі бұзылуынан өңі бұзылып барады. Өйткені рух бетке шығады, көзден көрінеді. Қаншама жылғы бодандықтан тілімізді де, рухымызды да өз қалпына келтіре алмаған шығармыз. Енді рухани жаңғыру арқылы бос сөзді тастап, іске көшу керек. Істің кіндігі – ұрпақта. Ұлт тағдыры да – ұрпақ тәрбиесінде. Дәстүрдің өзін дұрыс ұғыну керек. Дәстүр деген – Ата Заң. Біз келешекті ойлауымыз керек. Халықты халық етіп қалдыратын бір-ақ нәрсе – ұрпақ тәрбиесі. Бүгінгі жарыққа шығып отырған мына кітап – ерекше құбылыс. Мұны халық оқып, өз бағаларыңызды беріп, алғыстарыңызды айтасыздар.
Әбдеш Төлеубаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор: –Қасымханмен араласқаныма көп болмаса да, бұл ақынның еңбекқор, ізденімпаз, білімді азамат екеніне көзім жетіп отыр. Бұл еңбек сұхбат жанрында жазылған. Дәстүр – ауқымды дүние. Оны бір адамның ғана айналысуы қиын. Автор дәстүрді зерттеп жүрген ғалымдарымызды да осы еңбекке тартып, дәстүрдің өткеніне, бүгініне, ертеңіне тоқталып, халыққа көкейінде жүрген сұраққа жауап беруге тырысқан. Бұл еңбек үлкен бір ғылыми институттың жасаған еңбегіне пара-пар.
Серік Әжіғали, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынының Этнология және антропология бөлімінің меңгерушісі.: –Қазақ этнографиясына қатысты жинақы еңбектер көп жарияланбайды. Шыққан күннің өзі кейбір этнографтар өзінің өмірінен жазады. Бұл кітап көпшілік қауымға арналған. Біз – этнографтар Қасымханға көп рахмет айтуымыз керек. Қазақстанда этнографияның жағдайы дұрыс жолда деп айта алмаймын. Себебі, Қазақстанда ғылым-зерттеу этнография институты жоқ. Бұл этнографияның дамуына үлкен кедергі болып жатыр. Төрт томдықтың шығуы еліміздің этнография саласының дамуына қосылған үлкен үлес деп білемін.
Нұрсан Әлімбай Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты: –Қасымхан Бегманов этнография ғылымы саласында бір жанр қалыптастырып отыр деп айта аламын. Бақилық болған Жағда Бабалықұлын керемет сыйлаймын. Өте білгір адам еді. Сол кісіден алған сұхбаты ғылымға, біздің мәдениетімізге қосылған сүбелі үлес деп есептеймін. Менің үстелімнен бұл кітап ешқашан түскен емес. Поэзия әлемінен өзінің орнын алған адамды мен бүгінде этнография саласындағы жанрдың негізін салушы деп есептеймін.
Бексұлтан Нұржекеев жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері: –Әрбір ұлттың дәстүрі кез келген заңның төрінде тұруы керек. Ұлттық дәстүрді сыйламаған адам заңды бұзушы болып саналуы керек. Бізде осы жоқ. Ұлттық дәстүрді заңмен сыйламасақ, өзімізде сыйлау қиын болып келе жатыр. Дін мен дәстүрді қарсы қойып жатқандар да жоқ емес. Екеуі бір-бірін қолдап, толықтырып тұруы керек емес пе? Ең бірінші тәрбие – әке-шешенің тәрбиесі. Ұлттың да, ұрпақтың да жауапкершілігі – әке-шешенің мойнында болуы тиіс. Соны қалыптастыру керек. Сол жолда жасап жатқан еңбектеріңе сәттілік тілемін.
Ерден Қажыбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры: –Этнография – біздің тілімізді де, дінімізді де, салт-дстүрімізді де түгел қамтитын үлкен сала. Алдымыздағы төрт томдық кітаппен біздің тілімізге, тәуелсіз мемлекетіміздің рухани құндылықтарына үлкен бетбұрыс әкелген Қасымхан бауырымызға алғыс. Өз салтымызға, мәдениетімізге, рухымызға, тілімізге оралуымыз керек. Осындай еңбектерді жарыққа шығарған азаматты өз ішімізде жүрген нағыз қаһарман деп атауға болады.
Болат Бопайұлы, Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі: –Алдымызға дайындап, ой қазанында қайнатып, төңіректің төрт бұрышнан жинап, ғалымдардың басын қосып, айтқандарын қағазға түсіріп, оны кітап етіп шығарған Қасекеңнің еңбегі зор. Бұл – бүтін қазақ мақтанатын еңбек. «Күннің де көзінде дақ бар», «Біткен іске – сыншы көп» демекші, кем-кетіксіз дүние болмайды. Жаһандану дәуірінде, ұлттың тағдырына қатысты дүниелер жойылып, жоғалуға шақ тұрған кезде, ғылым-техниканың ұшқан құстай жылдам еніп жатқан заманда ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын үлкен көлемді осында кітап шығару деген қажырлы еңбекті қажет етеді. Салттан айырылған халық – санадан айырылады, санадан айырылған халық – сападан айырылады, сападан айырылған халық – бағынан айырылады, бағынан айырылса – бәрінен айырылады. Бәрінен айырылған соң ұлт болып өмір сүруден қалады. «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» деген атпен жарияланған кітап бес қат санаға байланысты. Ол дегеніміз, ертеңгілік сана,аңыздық сана, салт-дәстүрік сана, діндік сана, ғылыми сана. Қасекең логикалық, фантастикалық, метафизикалық, физикалық, психологиялық, яғни бес түрлі ойлау формасымен кітап шығарып отыр. Бас қат сананың кілті – қолыңыздағы кітап. Адамдар түрлі шеңберде өмір сүреді. Соның ішінде бір адам ұлттық шеңберде жасайды. Күллі еткен еңбегі ұлттық дүниетанымдағы ұлттық рухани қазынасы болады дейді. Міне Қасекең сол ұлттық шеңберде өзінің ұлты үшін үлкен дүние жасап шығарды. Бұл салт-дәстүрге қатысты еңбектің бір тамшысы деп есептейік. Әлі атқарар шаруа алда. Төрт томдық салт-дәстүрің шамшырағы болсын!
Әлібек Асқаров, жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері: –Қазақтың жаһандану заманында өзімізді-өзіміз сақтап қалатын негізгі күш– салт-дәстүр, мәдениетіміз. Бұл кешке осынша көп адамның жиналуы, жиналған қауымның ортаға белсене ой тастап, пікір айтуы салт-дәстүрімізге деген шынайы жанашырлық. Қасымхан шалдарды көрсе, жанына барып бірдеңелерді сұрап жатады. Сөйтсем, қазыналы қарттарымыздан болашаққа қалар бірдеңе алып қалғысы келеді екен ғой. Ақын ретінде өзі салған сара жолмен жүре беруіне де болар еді, бірақ ол өзінің азаматтық позициясын көрсетіп, салт-дәстүрді жинақтап жүр. Осы жолыңнан тайма! Сен ақын ретінде, азамат ретінде үлкен ерлікке барған жансың.
Сабыркүл Асанова Техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ҰИА академигі, «Сымбат» сән Академиясының президенті: –»Сымбат» сән академиясы биыл 70 жылдығын тойлады. Республикадағы түрлі компанияларға «Биылғы жылы мерейтойымыз болғалы жатыр. Сіздер де біздің ұлттық киімдерімізді киіңіздер» деп хат жаздым. Соңында барлық хаттардан сыпайы түрде «бюджетте қаралмаған» деген бас тартқан жауап алдым. Қасымхан маған көмек береді деген ойымда жоқ, бір күні журналист қыз келіп, «Сізге демеуші боламыз» дейді. Ішімнен «Журнал маған қандай көмек береді дейсің?» деп ойлап қоям. Сонда 8 мемлекеттен келген 147 мамандар қатысып, бірнеше номинация бойынша 6 Гран-при беруіміз керек болатын. Соның екі Гран-приін Қасымхан берді. Ол тек қана материал жинап, дәстүрлі кездесу жасап қана қоймай, ұйымдастырушылығы, қыз балаға жанашырлығы қатты қуантты.
Темірхан Медетбек ақын Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері: –Этнографтардың саған деген ниеті, көзқарасы өте дұрыс. Бұл бізді қуантты. Дәстүр мен тіл – этнографиядан тамыр алып, бүршік жарып келеді. Мәдениет жоқ ел ешқашан мемлекет болмайды. Біз о бастан ұлттық менталитетті құруымыз керек. Адамды тәрбиелейтін, жаңа қалыптағы, жаңа замандағы, жаңа кейіптегі адам қалыптасу үшін өзінің ең алдымен дәстүрін білу керек, бойына, қанына сіңіру керек. Санасына мықтап бекітуі керек. Сен сол жолда үлкен қызмет істеп жатырсың. Еңбегін жасын! Рафаэль Ниязбек, ақын: «Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз, Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз». Мына дүниені ұстап тұрған – ізгіліктен жаралған адамдар. Дүниенің беті – айна секілді. Беті жылтырап тұрады. Оны елдің бәрі жазады. Ал Қасымханның бір ерекшелігі – дүниенің арғы жағын, ащы жағын жазады. Кем-кетікті толтырып жазады. Жағда Бабалықұлы қандай еді! Кез келген сұрақтан жауап алуға болатын. Ал қазіргі біздің қариялардың кейбірі бір ауыз батаны жөнді білмейді. Елеусіз ғана жүріп, көп нәрсе жасады. Ал кеуде соғып жүргендер түк бітірмейді. Ал Қасымхан Жағданы биікке көтерді. Ұлттық салт-санамызды, дәстүрімізді қайта жандандырып отыр. Сәбит айтпақшы, мен де оы кітапты мемлекеттік сыйлыққа ұсынғанды құптар едім. Біз еңбекті бағалау арқылы өсеміз.
Заида Жұманова, ақын: –Айналайын, Қасымхан! «Менің жаным екі ақынның рухынан туды» деп дүниеден ерте озған ағаларыңның Төлеген мен Жұматайды қатты құрметтедің. Жұматай ағаңның ең жақын інісі болдың. Қасымхан осы ағалары секілді ұлы рухани ақын болғандықтан қазақтың дәстүрін тірілтіп, жанын салып, осындай еңбекті шығарып жатырсың. Ақынға мұндай еңбек жазу өте қиын. Өзінің ақындық жүрегімен, махаббатымен орап, халқына ұсынды. Саған ризамын! Сен қазақтың классик ақынысың! «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Халқыңның алақанында еркелеп жүре бер.
Темірхан Тебегенов, филолгия ғылымдарының докторы, зерттеуші: –Бұл кітап Жағда Бабалықұлы, Зейнолла Сәнік бастаған қазақ этнографтарының, басқа да ғылым салаларының зиялылыраның еңбегін біртұтас етіп, біріктірген көлемді құнды мұра болып тұр. Жоғары оқу орындарында, мектеп те осындай кітаптарды оқыту керек. Бұл – біздің айна. Ендігі міндетіміз – жас ұрпақты отаншылдыққа, ұлтын сүюге баулып өсіруіміз керек.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ (Суреттерді түсірген автор)