Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі

Тәуелсіздік - 30 жыл

Тәуелсіз Қазақстан!  Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Тәуелсіздік – арман! Сол арманға біздің қазақ халқы жетті.

                         Кең далалы,кең пейілді қазақпыз,

                                                                  Құл емеспіз,еркін жанбыз,азатпыз.

                                                                  Қос тағдырдың қиқаңына көнбейміз,

                                                                  Ер намысын ешбір жауға бермейміз.

Қ.Аманжолов

Тәуелсіздігімізді алғанымызға 30 жыл толғалы отыр. Күні ертең біз өз Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын атағалы отырмыз. Отыз жылдық тарихи бар тәуелсіздіктің тереңіне зер салып, ой жіберіп отырмын. Бұдан отыз жыл бұрын түскен жолымыз даңғыл болды, Тәуелсіздік даңғыл жолымен келе жатырмыз. Тәуелсіздіктін даңғыл жолы бізге оңай жолмен келді ме? Әрине, жоқ. Ер жүрек батыр бабаларымыздың арқасында бүгінгі жарқын болашаққа жетіп отырмыз.

Сан ғасырлар көкрегінен мұң кетпеген, иығынан қасірет қайғы түспеген қазақ еліне тәуелсіздік оңай жолмен келген жоқ. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы  Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сынды батырларымыз елдің тыныштығы мен бірлігі, халқымыздың тәуелсіздігі үшін зұлмат заманды бастан кешірді. Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Кенесары Қасымұлы, Махамбет Өтемісұлы. Амангелді Иманұлы, Бекболат Әшекейұлы сынды батырлар халық көтерілістерін бастады. Зеңбіректі әскерге найзамен қарсы ерлік жасады. Шоқан, Ыбырай, Абай халықты озық елдер қатарынан қалыспауға, білімге шақырса, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабай сияқты халық ұлдары ұлт санасын оятты, «елім» деп еңіреп, «халқым» деп қайысты.

«Армансыз адам – қанатсыз құс» демекші, бабаларымның асау арманы, жанын жаныған намысы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп жатты. Ежелден ата-бабамыз аңсаған еркіндікке әлі қол жеткізбегенімізді байқаған жастарымыз Желтоқсан қозғалысын бастады. «Ұлтым, жұртым» дегенде оттай маздаған, намыстары  жүректерін шоқтай күйдіріп, толассыз тартыс пен күрес жүргізіп, қараңғыдан мәңгілік жараққа ұмтылуды көздеген Қайрат, Ләззат, Ербол сынды аға-апаларымыз ұлты үшін өлімге басын тікті.

«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген терең мағыналы сөз ой тастап тұр. Өткені тәуелсіздігін жариялап, өзге елмен терезесі тең түсер дәрежеге жеткен Қазақстанның бүгінгі күнде әрбір азаматының бойында үлкен күш-жігер бар. Қазақ халқының тәуелсіздігін жырлап, мұңдап өткен бабаларымыздың ісін алға апарған жауқазын жастардың есімін тарих парағында алтын әріппен қалдырды.

Иә, Тәуелсіздік туы көтерілгелі өшкеніміз жанып, өлгеніміз қайта тірілді. Еліміз егемен Қазақстан атанып, көк байрағымыз көгілдір, тәуелсіз қазақ аспанында желбірегеніне отыз жыл толғалы тұр. Елдің елдігін танытқан Елтаңба,аспан түстес көк байрақ, рухты оятар әнұранымыз қабылданды. Ата заң өмірге келді. Елбасымыз сайланды.

Елбасы – Н.Назарбаев білімімен де, табиғат сыйлаған дарынымен де халықтың қалаулысы болып, бір ауыздан сайлаған алғашқы президенті. Елім елдігін көрсетті, ерлігін танытты. Ұлттық теңгеміз өмірге келді. Әрбір теңгеде қазақтың ұлы адамдарының келбеті кескінделген. Бұл ел есінде ұмытылмай қалғанын көрсетті.

Алғашқы қазақ ғарышкері, Кеңес Одағының батыры Т.Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшырылды. Қандас бауырларымыз өз еліне, Отанына оралды. Семей ядролық полигоны жабылды. Мемлекеттік шекарамыз бекемделді. Елдің абыройын, ұлан-байтақ жеріміздің тұтастығын қорғайтын құжаттар мен шартқа қол қойылды. Дүние жүзімен саяси-экономикалық байланысымыз күшейді. Еліміздің болашақтағы мақсат-мүддесі айқындалды. Қазақстанды өркениетті елдер қатарына жеткізуді мақсат етті. Халықаралық ұйымдарға мүше болдық. БҰҰ мен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық қоғамы сияқты халықаралық қауымдастықтарға мүше болып, дүниежүзі елдерімен тығыз байланыс орнатты.

Елбасының 2030 жылға дейінгі стратегиялық ұзақ мерзімді бағдарламасы – халықтың өркениетті елдер қатарына бастар ақ жолы. Туған еліміздің келбеті де өзгерді.Ел қызығарлық байлықтары да жетерлік. Білім саласында жаңа типті мектептер, лицейлер, гимназиялар, колледждер, университеттер ашылды.

Елордамыз Алатау баурайындағы әсем ару Алматыдан Арқа төсіндегі жаңа ақорда Нұр-Сұлтанға келіп орнықты. Астанамыз көз алдымызда сәулетті де, сәнді шаһарға айналды. Рухани орталықтармен де көркейіп отыр, бұған дәлел-елдік пен ерліктің үлгісіндей болып Күлтегін бабамыздың ескертішінің елордадан орын алуы. Кенесары бабамыздың қасық қаны қалғанша жаумен арпалысты. Бүгінде елорда төрінде, Есіл өзені жағасында бой көтерген Кенесары ескерткішін ұлы ханның ерлігіне ұрпағының тағзымы деп қабылдаймыз.

Еліміздің мәдени мұра құндылықтарын жаңғырту мақсатында  «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Тарих құндылықтары да назарға алынып, жоғары деңгейде тойланып келеді. Үлкен жүректі, ұлы сезімді, шалқар шабытты ақын Мұқағали жырына арқау болған, біздің атамекеніміз, қазақ даласы – бабалардың ұрпағына қалдырып кеткен асыл мұрасы. Елім менің!

Әдет-ғұрпымызды жандандырып, экономикамыздың түзеп, ел іргесінің тыныштығын сақтап келеміз. Тарихтың әр парағы ел есінде, тарих елегінде болуы шарт! Тарих-халықтың неше мың ғасырлар бойы сүрген өмірдің айнасы. Қазақстанның келер күнге қосар үміті, алар үлесі мол деген о» әркімнің-ақ санасына берік орнаған дегенді ашық айта аламыз. Ата-баба ерлігі-халық мұрасы, оның тарихы, оның мақтанышы. Ата-баба жолы-тәуелсіздік жолы, халық перзенттерінің ақ жолы.

«Тәуелсіздіктің тура жолы-білімде» деген қара сөзді көкейіме түйіп, терең біліммен қаруланған, ғылым мен техниканың сан қырлы тетігін меңгерген, бүкіл әлемдік құндылықтарды бойына сіңіре алған ұрпақтың өркендеп-өсуіне бар күш-жігерімді аямаймын. Қазақстанның жарқын болашағы жолында еңбек етіп, сенімді қадаммен алға басып келемін.

Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі.

Бибігүл   Ташмағанбетова, Нұр-Сұлтан қаласындағы Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының география пәнінің мұғалімі.

Бөлісу: