Рамазан ертең табалдырықтан аттайды. Мұсылман жамағатының Жаратқанға құлшылық жасап, ғибадатпен өткiзетiн Ораза айы бұл.
Мұхаммед саллалаһу ғалейһи уассалам пайғамбарымыздың хадис- шәрифтерiнде: «Алла-тағала: «Адам баласының барлық амалы өзi үшiн, тек ораза мен үшiн. Оразаның есесiн өзiм беремiн», – деген деп атап көрсетедi. Кiм Рамазан айының оразасын шын иманмен және ықыласпен ұстаса, оның бұрын iстеген күнәлары кешiрiлетiнiн айтады.
Оразаның нығметтерiнде есеп жоқ. Ол адамның мiнез-құлқын кемелдендiредi, мейiрiмiн арттырады, сенiмiн нақтылайды. Ораза үнемi Алланы еске салып отырады, жауапкершiлiк сезiмiн күшейтедi, сабырлы болуға тәрбиелейдi. Мұсылман бауырлар ашығу арқылы нәпсiлерiн тежеп, жiберген қателiктерi мен кемшiлiктерiн осы қасиеттi күндерде түзеуге амал жасайды.
Ораза кезiнде шаһадатты көбiрек айту, истиғфар және зiкiр ету, жәннатқа кiру үшiн iзгi iстердi көп жасап, жәһаннам азабынан құтылу үшiн харам және макруһтен сақтану, мүмкiндiгiнше қайырымдылық iстер жасап, аурулардың көңiлiн көтерiп, батасын алу, аузын бекiткен кiсiлерге ауыз аштыру, т.б. амалдардың пайдасы зор.
Ораза кезiнде себепсiз ауыз ашу кешiрiлмес қателiк болады. Бұл туралы Мұхаммед саллалаһу ғалейһи уассалам пайғамбарымыздың: «Рамазан оразасының бiр күнiн себепсiз ұстамаған адам оның есесiн бiр жыл бойы ораза ұстаса да толтыра алмайды», – деп ескерткен. Ал себептi қаза болған күндердiң жөнi бөлек, әрине.
Бiр жыл бойы сағынып күткен қасиеттi – Рамазан айы да келiп жеттi. Қасиеттi айды қастерлеңiздер, оның сауабынан құр қалмаңыздар, мұсылман қауым!