Тәрбиелі қыз – ұлттың айнасы

Бүгінгі әлеуметтік желіде жиі талқыға түсіп жататын тақырыптардың бірі – қыз тәрбиесіне байланысты екенін жиі байқаймыз. Қыз баланың киген киімінен бастап, сөйлеу мәнері, әдебі, жүріс-тұрысы, істеп жүрген жұмысы мен атқарған қызметтері жайында айтылып жатады.
Себебі, қыз тәрбиесі – қоғамның тәрбиесі.

Халқымыз ертеден қыз – болашақ ана, шаңырақтың ұйытқысы мен берекесі деп тәрбиесіне ерекше мән берген.

Қыз – өз үйінде аз күнгі қонақ! Сондықтан бойжетіп, келін болып түскен жерінде өзін тәрбиелеген ата-анасына сөз келтірмей, әдептілігімен барған шаңырағына қуаныш сыйлауы керек.
«Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» дегендей, қазақ халқы қызын еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген, бетімен жібермеген.
«Анасын көріп, қызын ал, аяғын көріп, асын іш!» деген сөз тегін айтылмаса керек! Тәрбиелі қыздан өз анасының әдемі «бейнесін» анық көруге болады! Сондықтан қыз баланың тәрбиесі мен өмірге көзқарасының қалыптасуы тікелей анасының парасаттылығына байланысты. Қашанда қадірлі әке – қыз тәрбиесінің іргетасы саналмақ! Ал, ақылды ананың әкесін сыйлаған тәрбиесін көрген қыз бала келешекте күйеуін сыйлап, атасын құрметтейді, ана атаулыны қадірлейді.
Жақсы әйелді «Ұлттың анасындай екен!» деп сүйсінеміз! Негізінен ана тәрбиесі арқылы ұлттық болмыс қалыптасып, қанатын жаяды!
Жақсы мен жаманның жөнін біліп, өрескелдікті сүймейтін, әдепті қыз — әрқашан АНАСЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ болмақ! Тәрбиелі қыздан өнегелі келін қалыптасады.
Педагогика саласында 40 жыл үздіксіз еңбек еткен мұғалім ретінде айтарым, ұлттың ұлт болып қалыптасып, қоғамның алға қарай дамуы мен тәуелсіз еліміздің өркендеуі де — әйелге, қоғамдағы қыз баланың тәрбиесіне байланысты болмақ.
Есімді білгеннен әжемнің бауырында тәрбиелендім. Әже тәрбиесі арқылы бойыма көргенділік, талғампаздық, имандылық қасиеттерден ибалы мінез қалыптастырдым. Әжемнің әңгімелерінен ұлт тарихын құрметтеуді, ана тілін терең меңгеріп, салт — дәстүрді сыйлауды үйрендім!
Әрбір іс-әрекетінен табиғат пен адамның арасындағы өзара байланысын түсініп, «обал мен сауап» деген ұғымдарға ой түйіп өстім.
Жасымнан бұрымымды баптап өсірген әжемнің тәрбиесі арқылы әр ісіме тиянақтылықпен қарап, бойыма сыпайы мінез қалыптасқан екен.
Әже тәрбиесінің арқасында қыз балаға тән ұяңдықпен бала кезімнен бірге ойнаған, сыныптас, ауылдас ұлдарға құрметпен қарап, туыстық көзқараспен өстім. Бойжеткен кезімде де сол «қазақи» әдебім мен сыпайылығым арқасында «қалыптан» шықпай, тәрбиелі бойжеткен атандым. Қызығы мол студенттік жылдары арман — тілегіміз қатар, замандас — жігіттерге деген  достық, сыйластық көзқарасымның арқасында өзіме деген құрмет артпаса кеміген жоқ.
Бүгінде мектепте жұмыс істейтін ер мұғалімдердің саны аз, азаматтарды сыйлаймыз, құрметтейміз! Өз басым ешқашан ер азаматтың жолын кесіп, сөзін бөлмеймін! Тіптен сабақ кезінде, үзіліс уақытында жоғары қабатқа ер мұғалім (жас болса да) көтеріліп бара жатса жол беріп, соңынан шығамын.
Қазақтың әйелі ерін құрметтеп, азаматын сыйлаған! «Тәрбие тамыры тереңде» дегендей, қыздарымызға жасынан ұлт тәрбиесін бойына сіңіре білейік, замандастарым!
Өзіне деген сенімін берік қалыптастыра отырып, қоғамнан белгілі орнын таба алатын, білімді, білікті қазақ қыздарын көргенде қуанамын!
Тәрбиелі, білімді қыз — қоғамның баға жетпес байлығы!

Роза Есенбаева, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Бөлісу: