55 талдықорғандық баспаналы болды

Жетісудың жерұйық мекендерінің бірі Талдықорғанның тарихы әріден тамыр тартады. Ал кеше талдықорғандықтар қала күнінде
шаһардың соңғы рет облыс орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл толуына маңыз берді. Бұл күні көптеген игі шаралар өтті, жаңа нысандар пайдалануға берілді.

Алматы облысының орталығы жылдан-жылға қанатын жайып, өсіп-өркендеп келеді. Жаңа шағынаудандар жарыса бой түзеп жатыр. Қала күнінде «Болашақ» шағынауданында тағы бір жаңа көппәтерлі үй тұрғындарына есік ашты. Олар «Шаңырақ» тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспаналы болып отыр. 55 пәтері бар тұрғын үйдің жалпы ауданы 5 мың шаршы метрден асады.

Жаңа қоныс иелерін мерекемен құттықтап, пәтер кілтін табыстаған өңір басшысы Амандық Баталов:
«Талдықорғанда соңғы 20 жылда аймақтағы барлық салалар бойынша өсу қарқыны орын алды. Қала жан-жақты дамыды. Жаңадан шағын аудандар ашылып, түрлі әлеуметтік нысандар бой көтерді. Бұның барлығын жасау үшін, қазынаға түсетін салықтың көлемі де артуы керек. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 860 млрд. теңгені құрап отыр. Осының арқасында бүгінгі деңгейге жетіп отырмыз. Елбасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауы да қазіргі нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отырғанын атап өткен жөн»,– деді.

 

Эко-автобустар Талдықорғанда

Жасыл қала Талдықорғанда шаһардың шырайы мен тазалығына ерекше мән беріліп келеді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және облыс орталығының соңғы рет Талдықорғанға қоныс аударуының 20 жылдығына орай жаңа эко-автобустар қолдануға берілді. Автобус паркінің мүмкіндігі кеңейіп, енді қала ішінде жолаушылар қиындықсыз қатынайтын болды.
«Жетісу» ӘКК арқылы жалпы сомасы 2,3 млрд.теңгеден асатын газбен жүретін 55 экологиялық автобус сатып алынып, олар тасымалдаушыларға 7 жылға лизингке беріледі. Оның «Ютонг» маркалы 32-сін облыс әкімі Амандық Баталов қала күнінде табыстап:

«Бірнеше күн бойы жаңа автобустар қалалық бағыттар бойынша сыналды. Жалпы, олар барлық заманауи талаптарға жауап береді. Олардың кейбіреулері 10 метр, басқалары 8,5 метр, жолаушылар сыйымдылығы 55-тен 67 орынға дейін қарастырылған. Онда бейнебақылау, кондиционерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды отырғызу-түсіру үшін қайырмалы платформалар көзделген. Сондай-ақ, электронды билеттеу жүйесі орнатылған. Жалпы алғанда, автобустар бұрынғыға қарағанда әлдеқайда кең, оларда мүгедектер арбасына арналған орындар да бар. Алғашқы автобустар жолаушылар ағыны ең көп маршруттарға жіберіледі. Ал олардың қаншалықты жайлы және ыңғайлы екенін сіздер, құрметті талдықорғандықтар, өз беттеріңізбен бағалай аласыздар», – деді.

Қалған 23 жаңа автобус жыл соңына дейін жолаушыларға қызмет көрсететін болады.
Сатып алынған автобустарға жанармай құю үшін қалада автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясы салынып, іске қосылды. Жаңа автобустарда жүру тарифі өзгеріссіз қалатыны тұрғындарды марқайтты.

«Аяулы алақан» аллеясы

Талдықорғанның соңғы рет облыс орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл толу мерейтойында жаңа аллея ашылды. Жетісудың бас қаласындағы «Шығыс» шағынауданында, модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының жанына ақ халатты абзал жандарға риясыз алғыс ретінде «Аяулы алақан» ескерткіш мүсіні орнатылды.
Қоладан жасалған мүсіннің биіктігі 1,2 м, ұзындығы 3,8 м, ені 2,8 метр. Жоба авторы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың өзі екен.
Мүсінде адамзаттың қос алақаны бейнеленген. Ал екі уыстың арасында жапырағы жайқалған жас ағаш өсіп тұр. Бұл жан жылуының әр тіршілік иесіне өмір сыйлай алатынын бейнелеп тұрған ерекше сәулет өнері.

Облыс басшысы А. Баталов:
«Пандемияның алғашқы күндерінен-ақ Елбасы үндеуімен еліміз бірігіп, індетті жеңуге жұмылды. Қиын жағдайда алдыңғы қатарда күрескен медицина қызметкерлері болды. Бүгінгі ашылған «Аяулы алақан» ескерткіші аса қауіпті індетпен бетпе-бет келген медицина саласы қызметкерлерінің құрметіне арналады. Бұл – жаһандық дертке қарсы күрескен ақ халатты жандарға деген ел құрметінің белгісі. Сондай-ақ, халықтың адал перзенттеріне ыстық ықыласының көрінісі. Ескерткіш ел басына қиындық туған сәтте қаһармандық көрсеткен жандардың рухына тағзым ету орнына айналады», – деді.

Пандемия Жетісу өңіріндегі ақ халаттыларға да бірнеше еселенген жауапкершілік жүктеді. Деректерге сүйенсек, облыс көлемінде індетпен күреске жұмылдырылған 31 медициналық ұйымның 4-і Талдықорғанда орналасқан. Амбулаториялық және стационарлық деңгейде үш жарым мыңға жуық (3455) медицина қызметкері, оның ішінде 851 дәрігер және 2604 кіші және орта буын дәрігерлері тартылды. Пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен барлығы 13,8 млрд. теңге бөлінді, медициналық жабдықтармен жарақтандыру 79-дан 90 пайызға дейін өсті. Қала күнінде өздеріне көрсетілген құрметке дәрігерлер қауымы шынайы ризашылықтарын айтты.

Аялы алақан

Дәстүр

Бөлісу: