Еріктілік және қазақтың қайырымдылық дәстүрі

2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Қазақстан Республикасының Үкіметі Еріктілер жылын өткізуге қажетті шараларды қабылдасын. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін» деген болатын өз Жарлығында. Жастар жылын оңтайлы жалғастырған Президентіміздің бастамасын ел жастары да қостап, қолдау білдірді. Газетіміздің 2020 жылғы алғашқы санында біз де сіздерге осынау «еріктілер» ұғымы жайында кеңірек мәлімет бергенді жөн көрдік.

Латын тілінен аударғанда «voluntarius» сөзі өз еркімен деген мағынаны білдіреді. Аталмыш ұғымның шығуын тарихшы ғалымдар 1792 жылғы Ұлы француз төңкерісіне дейін құрамын жалдамалы әскерлер құраған француздық жасақтардың жойылуымен байланыстырады. Уақыт өте келе Францияның шекарасына Австрия әскерінің жақындап, сыртқы қауіп-қатердің арта түсуінен өз отандарын қорғауға ниетті француздар пайда болды. Осы тұста олар өз еріктерімен майдан қатарына алынған шаруалар мен жұмысшылар өздерін волонтерлер – еріктілер деп атай бастаған. Бір қызығы, бұл әскерлер, яғни еріктілер өздеріне жетекшілік ететін әскери қолбасшыны өздері таңдап алған. Қолбасшыларының жұмысы көңіл көншітпеген жағдайда, оны қызметінен қуып отырған. Әскерлерді өз еріктерімен жасақтау әдісі кейіннен Испания, Италия, Ұлыбритания, Австрия және Венгрия мемлекеттерінде де жалғасын табады. Осылай халық арасынан ерікті әскер жасақтау Ұлыбританияда Бірінші Дүниежүзілік соғысқа дейін орын алған. Кейіннен «еріктілер» ұғымы әскери термин қатарынан жылыстай түседі.

«Ерікті әскер» мағынасын жойған бұл ұғым қазіргі таңда көпшілікке «Өз еркімен түрлі қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысушы, қиындықта қол ұшын созушы» мәнінде жете таныс. Еріктілер ұғымы қазаққа батыстық өркениетпен келді десек оңбай қателескен болар едік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көппен көрген ұлы той», «Торқалы той, топырақты өлім», «Жас келсе іске, кәрі келсе асқа», «Үмеге келген үндемей қалмайды», «У ішсең де, руыңмен іш» деген секілді мақал-мәтелдер әрбір қазаққа таныс екені ақиқат. Осынау тағылымды сөздермен жастайынан сусындап өскен қай қазақ баласы болсын, жаялығы құрғап, есін білген жасқа келгеннен бастап-ақ жан-жағына жанашырлықпен қарап үйренген. Жақсылықтан құр алақан емес қазақ баласы қашаннан да қолында барын қайырымдылыққа жұмсап, көмекке мұқтаж жандарға жақсылық жасауға тырысқан.

Еріктіліктің шығу тарихы XVI ғасырда Батыс елдерінде орын алған саяси өзгерістерге байланысты ғана қалыптасты деу үлкен қателік болар еді. Себебі, еріктілік алғашқы болып, сонау көшпенділер дәуіріндегі далалық мәдениетте тамырын жайған. Бұл сөзімізге негіз де жоқ емес.

Бұған қазақ халқында бағзыдан келе жатқан «Асар», «Жылу жинау» дәстүрлері нақты мысал бола алады. Иә, қазіргі таңда ел ішінде бұл дәстүрлерді жиі құлағымыз шала бермейтіні белгілі. Соған қарамастан, тарих қойнауында қалып қоймай, бүгінге дейін мән-мағынасынан айрылмай жеткен осынау қос дәстүріміз туралы сіз не білесіз? Білмесеңіз, оқи һәм көңілге тоқи отырыңыз. «Асар» дәстүрі – ауыл арасында ағайын-туыс немесе көрші-қолаңға үй-жай, қора-қопсы салып, егін науқанына дайындалып жатқан жанға ауылдастарының қол ұшын созуы. Өзінің жұмысы үшін ештеңе талап етпей-ақ атқарылатын бұл дәстүр ауыл шаңырақтарының мызғымас бірлігін, айрандай ұйыған ауызбіршілігін, ыстық ықыласы мен ынтамағын білдіретін болған.

«Асар» дәстүріне ұқсас келесі дәстүрдің бірі – «Жылу жинау». Көмек беруге бағытталған бұл дәстүр түрінде де ауыл адамдары отбасысы қайғылы қазаға ұшырап, айтпай келген тілсіз жаудың, табиғат апаттары мен зілзалалардың  құрбаны болған ауылдастарына заттай, қаржылай немесе мал беру арқылы көмек көрсетеді. Осылай қалың жұрт қолында барымен бөлісіп, ауылдас бауырының жоғын бүтіндеп, жыртығын жамауға атсалысатын болған. Міне, соған сай бұл дәстүр де «Жылу жинау» деген атқа ие болған. «Тәңір ісі» саналған аталған дәстүр Тәуке ханның «Жеті жарғысында» да арнайы айтылған. «Әртүрлі табиғи апат (жұт, өрт, т.б.) салдарынан мал мен дүниесінен айырылып, күнкөруі қиындап кеткен адамдар қазақ баласынан жылу жинауға хақылы. Жылуды ел болып та, жеке адам болып та жинайды, қандай түрі болсын, жылу жинау туралы шешімде ел басшылары мен билердің келісімін алады. Егер апат бір адамға, бір ата баласына ғана келген болса, рулы ел өз бетімен-ақ көмектесіп, жұтаған адамдарға қарайласады. Ал жоқшылық тұтас руға келсе, онда амалдың жоқтығынан өзге елдерге де барып, өтініш жасауға тура келеді. Ел билері көрші, алыс-жақын елдердің басшыларынан жылу жинау үшін келісімін алады. Кей жағдайда сыйласуларына қарай (құда-жегжат т.б.) көрші, рулар өз бетімен көмек көрсетеді. Жылуды кез келген дәулетті қазақтан сұрау айып емес (егер шын жұтап отырса). Жағдайы келіп отырған адамның нашарға жылу беруі – Тәңірі алдындағы іс. Егер жылу жинаушы (адам немесе ру) өзінің берекесіздігінен, жағымсыздығынан немесе өз дәулетсіздігінен ағайыннан көмек ала алмай, өзге елде жүрсе, айыпталады. “Өз ағасын ағаламаған, өзгенің ағасын жағалайды», – деп атап көрсетіледі Заң жинағында.

Еріктіліктің түп негізі көмекке зәру адамға қол ұшын созумен, ақ пейіл, арда көңіл, ізгі ниетпен тікелей байланысты. Көмек көрсетуді жақсылықты жан азығы еткен асыл дініміз ислам діні де қолдайды. Құран кітабындағы «Бақара» сүресінің 148-аятында «Жақсылық жасауда өзара жарысыңдар» десе, «Фатыр» сүресінің 32-аятында «Олардың арасында Алланың қалауымен қайырлы істерде алдына жан салмайтын ізгі жандар да бар. Міне, (Алланың) ең үлкен шарапаты осы» делінуі осының айғағындай. Ал әйгілі ислам ғұламасы Ахмет ибн Ханбалдан жеткен хадисте: «Жақындармен байланысты нығайту, жақсы көршілік (көршілермен жақсы болу) және көркем мінез, мемлекетті жақсартып, өмірді берекелендіреді» деуі де кең жүректі жан екі дүниеде де биік мінберден көрінеді деген сенімнен туса керек-ті.

Қазіргі таңда әлімнің түпкір-түпкірінде мыңдаған волонтерлік бірлестіктер бар. Олардың ішінде Бургундиядағы орта ғасырлық ұсталық кәсіпті үйрететін «Guédelon», қытай мәдениетін кеңінен дәріптейтін «Zinong», африкалық балаларды оқыту үшін құрылған «Projects Abroad», Франциядағы жүзім шарабын жасаушыларға жүзім жинап көмектесетін «World Wide Opportunities on Organic Farms» жан-жануарларға көмек көрсетуге арналған «WWF», Коста-Рикалық әйелдерге көмек көрсетуге арналған «GVI» еріктілік бірлестіктері әлемдік деңгейде асқан танымалдыққа ие. Және бұл бірлестіктерге мүше болуға ниеттілердің саны да күн санап арту үстінде.

Еріктілік біздің елімізде де қарқынды түрде дамып келеді. Өзге десе екі өкпесін қолына алып, барын беруге даяр тұратын қазақ халқы үшін еріктіліктің  таңсық еместігі анық. Осыған дейін де қазақстандық еріктілер әр жылдары талай игі істердің ұйтқысына айнала білді. Мысалы, Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жаңаталап ауылының тұрғындары асарлатып, Бейсенкүл есімді жалғызбасты анаға үй салып берді. Бұл іс Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында да сәтті жалғасын тауып, «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер ұйымы жергілікті тұрғындармен бірлесіп, жалғызбасты ана, екінші топтағы мүгедек Анаргүл Беласароваға да баспана сыйлады. Мұндай мысалдар еліміздің әр өңірінде жетерлік. «ЭКСПО-2017» көрмесінің жоғары деңгейде өтуі де тікелей еріктілердің еңбегімен тығыз байланысты. Әлем жұртшылығының назарын аударған көрмеге 500-ден астам қазақ, орыс және ағылшын тіліне жетік еріктілер қатысып, төрткіл дүниеден келген қонақтарға қолғанат болды. Мұндай оқиғалардың саны жыл сайын артып келеді. Қазақстандықтардың біртұтас бекем мемлекет екендігін дәлелдеген кезеңі – Арыстағы жарылыс оқиғасы. Көптеген жанның өмірін жалмап, қала тұрғындарын баспанасыз қалдырған осы оқиғадан кейін қазақстандық еріктілер мен қарапайым халық бірлесіп, 7 млрд теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен. Еріктілердің көмегімен 7500-ге жуық тұрғын үй салынды.

Қай бір жылы Алматыда болған ұшақ апаты кезінде құтқарушыларға ас-су тасып, ауруханада жатқандарға қан тапсыру үшін кезекке тұрған алматылықтардың әрекеті де – еріктілердің жарқын мысалы.

Еріктілер ұйымдары біздің қаламызда да бар. Жезқазғандық еріктілердің  басын біріктіріп, түрлі қоғамдық іс-шараларға белсенді түрде қатыстырып жүрген азамат Ыдырыс Қозайдаров қала бойынша «Жылдың үздік еріктісі» атағына ие болды. Қазіргі таңда ол ұйымдастырған еріктілік ұйымға жүзге тарта жезқазғандық мүше болды. Олардың қатарында 15 жастан зейнет жасына дейінгі еріктілер бар. Былтыр еріктілер жылында жасақталған бұл ұйымның мүшелер саны бұдан да әрі арта берері сөзсіз. Қазіргі таңда Президенттің тапсырмасына сәйкес, «Qazvolunteer.kz» бірлескен тұғырнамасы-платформасы құрылып, еріктілікке ниетті жандарды жинақтауда. Аталмыш тұғырнамаға кез келген жан кіріп, өзі туралы толыққанды мағлұматтар жүйесін сақтауға мүмкіндік алып отыр.

Иә, «Көп түкірсе – көл» деген дана халқымыз қашанда бітпес бірлігі мен жарасымды ынтымағы арқылы тек биіктерден көрінген. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір мақсат, бір мүдде жолында аянбай еңбек етсек қана Ұлы Дала төрінде Мәңгілік Елді қалыптастырарымыз хақ.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

Бөлісу: